Ақпанның 7-де қазақ елін туғаным деп санаған, қазақ тілін ана тілінен артық меңгерген, қара сөздің қайығы, қазақтың «сары» шалы Герольд Бельгердің арамыздан кеткеніне жыл толды. Бақиға аттанған қазақтың томардай ғана сары шалының соңғы сұхбаттарын ақтарып отырып, оның рухани толғамдары мен қазақтың рухты тілі туралы ойларының қандай терең болғандығына көзіңіз жете түседі.
Герольд Бельгер бұ дүниемен қоштасқанда көптеген ақпарат құралы мен зиялы қауым өкілдері «қазақтың рухы мен дүниетанымын терең меңгерген қазақ дүниеден өтті» деп жазған еді. Жазғаны жазғандай-ақ, Герағаң қазақ өмірін терең түсінетіндігін, жеті жасынан қазақ арасында өскендігін, қазақы діл мен пайымның жетесіне дейін жеткендігін тәптіштеп жазады және ол сол замандағы қазақтың рухани пайымы мен қазіргі қазақтың рухани пайымының мүлдем өзгергендігін, қазақ дүние танымының деградацияға ұшырағанын, құндылықтардың өзгергендігін ашына тәптіштейді. Өзінің 81 жылдық ғұмырында 90-ға жуық кітап жазған, мыңдаған мақаланың авторы Герағаң бір сұхбатында тағдырының Гетенің тағдырымен ұқсас болғандығын қалайтындығын айтқан: «Ол «Фаусты» аяқтауды қатты қалады. Сөйтіп оны 82 жасында бітіріп: «Құдайға шүкір, мен бәрін орындадым, мен бәрін жасадым. Өмірінің қалған уақыты – маған берілген сыйлық» деген екен. Осыдан кейін алты айдан соң, о дүниеге аттаныпты» дейді ол өмірінің соңғы күндерінің бірінде берген сұхбатында. Иә, «Тағдырын бер, тағдырын құралайдың» деген Мұқағали секілді ол да Гетенің тағдырын сұраған екен Тәңірден. Дегені болды да. Герағаң ойына алған шаруасын тындырып, өмірінің соңында күнделік жазумен айналысты. Күнделігін қазақтың өміріне, дүние танымына, әлеуметтік және рухани танымына арнады.
Төменде Герағаңның әр кезеңде берген сұхбаттарынан үзінділер ұсынуды жөн көріп отырмыз:
***
«Тәуелсіздік идеясын мен қуана құптаймын, бұл мен үшін бостандық! Бірінші кезекте, рух еркіндігі, биік адамгершілік еркіндігі. Біз бұған әлі қол жеткізе алмай отырмыз. Бізде бірінші кезекке жанның емес, тәннің қалауын шығардық. Тым есепшіл болып кеттік. Бұл қауіпті»
***
«Билік дегеніміз – әртүрлі жолмен бірдеңеге қол жеткізген кешегі ауыл қазағы. Бірақ қазір олар өз тамырларынан ажырап, жырақ кетіп барады. Олар өздерін ауыл қазағына қарама-қайшы қояды. Олардың өмірі басқа, олардың қолында байлық бар. Жеке басының қамы алға шықты».
***
«Мен өз басым ауылда өстім. Ауылдық қазақпын. Мен үшін ол өте қымбат. Ал элитаның ауылдан қол үзгені соншалық, олардың ойында тек шетелде сарай салдырып, жақсы вилла мен яхта сатып алып, шамасы жеткенше құлқынын толтырып, бұл жақтан тезірек қарасын батыруды ойлайды. Сол үшін де олардың қарапайым, кедей адамдарға деген қарым-қатынасы сондай. Бізде кедейлер өте көп. Меніңше, қазақтар адамгершілік және моральдық тұрғыдан көп дүниесінен айрылды».
(«Из казаха немец не выйдет, пусть он остаётся казахом», «Радиоточка», 10.02.2015)
***
«Қазақстаныма мен тек жақсылық тілеймін. Әрі Абайдың көзқарасын басшылыққа аламын. Абайдан артық қазақты сынаған ешкім жоқ. Абайдан артық ащы да, өзекжарды пікірді ешкім айтқан жоқ. Ресей туралы ащы сөзді Достоевскийден, Лермонтов пен Салтыков-Щедриннен өзге ешкім айтқан жоқ. Олар бұны отанына деген ұлы махаббат жетегінде жасаған еді».
***
«Мен Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек деп ойлаймын. Мен бұл маңызды мәселені талқылауға қатыстым әрі осы идеяның алғашқы авторларының бірімін. Ақыры сен Қазақстанда тұрасың ба, оның мәдениетін мойындауың керек және оны бар жан-тәніңмен қабылдай білуге тиіссің».
(«Я хотел бы, чтобы у меня судьба была как у Гёте», 27 қаңтар, 2015 жыл, www.zakon.kz )
***
Ақсақалдар кетті. Адамгершілік кодын тасымалдаушылар. Олармен бірге біздің көп ғасырлық Азаматтың адамгершілік кодексі де кетті. Олардың орнын соңғы жиырма жылда адамгершілік абыройдан жұрдай жасы жеткен шалдар басты.
(«Что нам завещал Герольд Бельгер», 16 марта 2015, www.forbes.kz )
***
«Мен неміс ауылдары бір-бірімен өте жақын орналасқан Волга жағалауында өстім. Сонда Волга жағалауы немістерінің өзара байланысы өте нашар еді. Бұл мені қатты алаңдататын. Олардың тілдік, діни және ментальдік айырмашылықтары күшті болатын. Қазақтардың мынау алып елінде, алып кеңістікте кейбір мәселелерде бірлік деңгейі өте жоғары. Батыста туған мен үшін бұл мені қайран қалдыратын. Бұл өзіндік құбылыс еді».
***
«1986 жылғы қайғылы Желтоқсан оқиғасынан кейін мұнда СОКП ОК аппаратынан бір шенеунік келеді. Оған Қарағандыдан бір білгіш қазақ тілі мал шаруашылығына арналған небәрі 500 сөзден тұратындығын айтады. Сонда не қазақ тілі – өзбек тілінің мал шаруашылығына арналған нұсқасы ма(?!) Мені сонда осы шенеунікке әңгімелесуге шақырғанда, мен қазақ тілі бес жүз емес бес миллион бірліктен тұратындығын айттым. Ол сол жерден әңгімені тыйды да, мені қуып шықты. Бірақ шындығында солай ғой. Алайда қазіргі қазақтар бұл жайында аз біледі».
***
«Біздің әртістермен бірге шетелде болған кезім болды. Біздің қазақтар қазақша ән айта бастаса, шетелдіктердің көзі бақырайып кетеді. Бұл оларға қызық. Ал біздің қазақтар не істейді? Олар операдан ариялар орындап, бар күштерімен скрипканы сабалайды. Бірақ бұнымен ешқандай еуропалықты таңқалдыра алмайсың. Бұл ешкімге қажет емес. Егер өз тіліңде ән салып, ұлттық ерекшелігіңді таныта білсең, сонда ғана саған жұрт қызығады және сенің беделің артады. Сол үшін қазақтардың ең басты кемшілігінің бірі – еліктегіштігі. Бұл жағынан олар алдына ешкімді салмайды».
***
«Мені тағы бір мәселе ашындырады. Ауылдан келген жас қыздар бірден орыс тіліне көше қояды. Тіпті өзара қарым-қатынаста да. Олар бірде бір бесік жырын білмейді. Ал олардың бәрі болашақ ана ғой. Егер, әйел-ана басқа тілге, басқа мәдениетке көшсе, меніңше, бұл ұлттың жойылуы. Әйел бәрін сақтауы керек: ошағын, тілін, ұлттық, аналық тегін, әйтпесе, бәрінен айрыласың».
***
«Рухани дағдарыс, мәдени дағдарыс, қалай десеңіз де, ол экономикалық емес. Оның Қазақстанда болуы мүмкін де емес. Соның ішінде бәрінен бұрын қазақтар кедейлене түсуде. Барлық жерде қазақтар басқарады, барлық жерде қазақтар басымдыққа ие, сөйте тұра, төмендегі қазақтардың халі мүшкіл! Оның себебі неде? Өйткені, барлық жерде ұрлық!»
( «И ада, и шала, и таза – для меня единые казахи», 4 мая 2012, «Central Asia Monitor»)
P.S. Герағаң өте еңбекқор, опырып жұмыс істейтін. Өзін қазақтың бір бөлшегі санағанымен, бәрібір менталитетінде неміс ұлтына тән қасиеттердің басымдыққа ие екендігін қайталаудан жалықпайтын. Тіпті Қазақстандық ұлт туралы идея көтерілгенде де оған ынты-шынтымен қарсы болып, «мен – неміс, сен – қазақсың» деп шегелеген еді. Ол үш тілді еркін меңгерді, үш тілде жазды, үш ұлттың өкілі бола білді. Абай мен Гетені салыстыра отырып, екі ұлт ойшылының ортақ, қабысатын сәттерін аса ұтымды жеткізе білген, қазақ тілінің мәйегін, мәнерін білетін аса бір құрметті ақсақалымыз еді. Өкініштісі сол, ұлттың ұлы «менін» түсінген, оған бір кісідей жаны ашыған Герағаңдай ақсақалдарымыздың сиреп кеткені. Күн өткен сайын ұлттың сөзін сөйлейтін зиялыларымыздың орны ойсырап, олардың орнын басатын адамдардың азайып бара жатқаны қынжылтады. Гераға, жатқан жеріңіз жайлы болсын! Сіздің орныңыз қазақ үшін қашан да бөлек! Оның кемшілігін бетіне шыжғырып басатын, жақсылығына шынайы сүйінетін, ертеңіне шын мәнісінде алаңдайтын жандардың қатары сиреп кеткені шындық. Сол үшін де сіздің қалдырған рухани мұраңыз біз үшін баға жетпес байлық болары айқын!
Дайындаған
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
www.turkystan.kz
Қазақ бағасына жете алмай жүрген бір адам осы
Жете алмай-ақ кетті ғой!
Осы кісіні неміс деп шеттемей бағалап, құрметтеу керек еді. Қазақ болайын деп тұрған адамды сіңіре алмадық.
Оңдасын сен не айтып отырсың, қазақ неміс түгіл өз қазағын, оралимандарды сіңіре алмай жатыр емес пе.
Армандапсыңдар!