///

Асқар Жұмаділдаев, академик: Малайзияда математиканы ағылшынша оқытады, бірақ

957 рет қаралды

Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз…
Физика, химия, информатика, математика сабақтарының тек қана ағылшын тілінде оқытылуы маған ұнамайды, бұл маған үлкен қауіп көрінеді. Мен ағылшын тіліне қарсы емеспін, оны білу керек. Бірақ, менің қарсы болатыным, «тек қана» дейтін сөз. Советтік кезеңде Қазақстанда математика, физика ғылымдары дамыды. Жақсы оқу жүйесі қалыптасты. Жаман ба, жақсы ма, оқулықтарымыз бар. Оның сапасы нашар болуы мүмкін, бірақ, иншалла бар. Дүниеде елдің неше түрлісі бар. Мысалы, Малайзияда математиканы ағылшын тілінде оқытады. Бірақ Малайзияның математиктері біздің қазақтың математиктеріндей емес. Біздің математиктер олардан анағұрлым алда. Бар болғаны бір-ақ миллион Эстония деген халық бар. Бірақ, барлық сабақтарын эстон тілінде оқытады. Ал тіл деген – байланыс құралы. Тек әдебиет, өнермен жұрттың бәрін таңғалдырамыз деу бос сөз. Сондықтан, біз басқадан озатын болсақ, тек қана жаңа технологиямен озуымыз керек. Жаңа дүние жасауымыз керек, онсыз болмайды. Әйтпесе көштің соңында қалып қоямыз. Ал қазақтың тілі тіл болу үшін – ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болу керек. Олай болу үшін жаңағы ғылымдардың барлығы қазақ тілінде де оқытылуы керек. Егер өйтпейтін болсақ, онсыз да көлеңкеде тұрған тіліміз бірден құриды. Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз. Өйткені, сіз домбыра тартасыз, ол – маған керек, саған керек, басқа ешкімге керегі жоқ. Тарихыңызды айтасыз, Абылай ханды айтасыз, ол қазаққа ғана керек, басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, қазақ бәйгеден озамын десе технократтық елге айналу керек. Технократтық жүйені рухани байлықпен ұштастырудың жолы бар, ол қиын емес. Оның жарқын мысалы – Жапония. Өзінің ойлау жүйесін қалдырып, оны ғылымның жаңа технологиясымен ұштастырған. Біздің қазақтарға да келетіні осы. Біздің өлеңімізді, әнімізді, ойлау жүйемізді, психологиямызды, менталитетімізді технологиямен ұштастыру керек. Сонда ғана өркендейміз, әйтпесе құримыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар