////

«Өгей өкімет» жерімізді сатып жатқанда қазақ неге үнсіз отыр?

1275 рет қаралды
4

Untitled1

Мәсімов мырза тізгінін ұстап отырған Үкіметтің Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жақында Астанада брифинг өткізді. Онда министр мырза 2016 жылдың 1-шілдесінен бастап еліміздегі шаруалардың Үкіметтен 49 жылға жалға алып отырған жерлерін аукцион арқылы 50 пайыз ақысына сатып жіберетіндігін айтты.

Жергілікті атқарушы органдар арқылы 2 миллионға жуық гектар жер сатылымға шығарылмақ.

Бұл Президент Назарбаевтың «100 нақты қадам» реформасының  35-қадамы екен.  Мұның ресми атауы – «Жерлерді тиімді пайдалану үшін ауыл шаруашылығы жерлерін нарықтық қатынасқа көшіру» деп аталады-мыс.

Досаевтың деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда 454 жериеленушілер немесе 108,2 мың гектар жердің иелері аукционға қатысуға ұсыныс білдірген.

Дәл осының алдында Мәсімов Үкіметі аукционның бірінші кезеңін өткізді. 100 миллионға жуық гектар жер сатылымға шығарылды. Одан Үкімет 1,5 миллиард теңге пайда тапты. Дәл осыны ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев мырза сүйінші сұрап хабарлаған еді (https://everything.kz/article/846957-azaty-zheri-auktsionda-satyla-bastady).

Деректерге сүйенсек, осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын елімізде 35,5 миллион гектар егістік болса, қазір оның кө­­лемі 21 миллион гектарға дейін түсті. Қалған жерлер егістікке жарамсыз, құнарсызданғандықтан пайдаланудан шығарып тастаған.

Және Үкімет ұзақ мерзімді жалға бер­геннің өзінде жер  сіз бен біз секілді қалтасы тесік қазақтың емес, олигархтардың қолына өтеді. Ал, енді жер сатылған жағдайда, біз жерден айырыламыз. Қазіргідей жа­һандық дағдарыс кезінде нанға, күнделікті қажеттілікке ақша таба алмай отырған ауылдағы қара қазақ ол жерлерді сатып ала алмайтыны айдан анық. Демек, біздің үкімет әлгі олигархтардың байыған үстіне баюына жағдай жасап отыр деуге осы арада толық негіз бар.

Қазір кейбір жер алпауыттарында 2-5 миллион гектарға дейін жер бар. Элеваторларды да жекешелендіріп алып, сатып жатыр. Сондықтан жерді оларға беруге болмайтынын сарапшылар айтқанымен, Мәсімов Үкіметінің өз есебі болса керек.  Біз қанша айғайлағанымызбен, өз жерімізді өзіміз игере алмайтын халге жетіппіз. Терещенко, Мадимов, Кулагин сияқты латифундисттер жерді әу баста жалға алды. Содан соң жұлма-жұлмасын шығарды. Олардан  осы күні уаланған, құнарсыз жер қалғаны, қалып жатқаны және рас. Бұндайда өкіметіміз өгей болған соң, өкпеңді қайда айтырыңды да білмейсің. Міне, енді қазақ жері кәдімгі аукционға түсіп, оны шетелдіктер сатып алып жатыр. Қаржы дағдарысынан Үкіметтің тапқан жолы осы болса керек.

Бiр ғана “өгей өкіметтің” бастамасымен шешiлiп жатқан өзектi мәселеге қатысты қазақ ұлтшылдары «ләм-мимсіз» отырғаны тағы рас.

Жер сату ісі екі-үш адамның ойындағысымен шешіле салатын мәселе емес.  Кім кімнің де атасынан мұраға қалған жері жоқ екендігін ескерсек, биліктің елді ескертпестен, қоғамның талқысына салмастан бастап кеткен сойқан қадамы «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенге саяды. Аукционның алғашқы кезеңі басталғалы бері біз аттандап-ақ келеміз. Құлақ түрер Үкімет болса кәні?! (http://abai.kz/post/view?id=7369)

UntitledДосаев мырза Осыдан бірнеше күн бұрын, нақты айтсақ, 2016-жылдың 30-наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке берілетінін айтты. Содан бері бірнеше күн өтсе де, еліміздің ұлтшыл азаматтары, саясаттанушылар бұл мәселе туралы тұшымды пікір білдіре қойған жоқ.

Осыдан сәл ертеректе, Қазақстан билігі территориямызға тиесілі егіс алқаптарын көршілес Қытайға сатып жібермек болғанда ұлтшылдар өре-түрегеліп, табан тіресіп жүріп, жерді сатқызбай, сақтап қалып еді ғой. Ал бүгін ұлтшылдар үнсіз. Мұхтар Шаханов, Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы, Мұхтар Тайжандар қайда жүр?! Әлде біз білмейтін дүниелер көп пе?

Осыдан кейін біз қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлына хабарластық. Сөйтсек, Қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлы бос жатпапты. Мәсімов пен Досаевқа «Ашық хат» жазып, соның жауабын күтіп жатыр екен. (http://abai.kz/post/view?id=7418)

«Басқа ұлтшылдардың неге үнсіз жатқанын білмеймін. Мен Мәсімов пен Досаевқа «Ашық хат» жаздым. 15-і күні жауап келуі керек. Соны тосып жатырмын», – деді Антигептил белсендісі.

Ал «Жас Алаш» газетіне сұхбат берген саясаткер Серікболсын Әбділдин мырза «Жерді сатуға еш негіз жоқ екендігін айтқан. ( http://zhasalash.kz/suhbattar/17014.html)

Бейресми дереккөздерінің мәліметтеріндегі, жерді аукцион арқылы сатып жіберу туралы Заңнаманы өткен шақырылымдағы Мәжіліс мақұлдап беріп, құжаттар Сенат қарауында жатыр дегенді естіген бойда Парламенттің Жоғарғы Палатасына хабарластық. 

Әуелі Сенаттың Баспасөз қызметіндегі Шолпан Әбілқасымқызы: «Бұл туралы толық ақпаратты Серік Қаражан мырза ғана бере алады», деді. Серік Макарұлына хабарласып едік, біздің ақпаратты теріске шығарды.

«Мен Сенаттың баспасөз қызметінің басшысы емеспін. Қатардағы қызметкермін. Дегенмен, Заң жобасын Сенат мақұлдап жіберіпті деген ақпарат жалған. Сенаттың соңғы отырысы 30-наурыз күні болды. Онда қаралған Заң жобаларының ішінде жерге қатысты ешқандай құжаттар болған жоқ. Оның алдында Сенат отырысы 24-наурыз күні болды. Ол кезде де «Жер кодексіне өзгертулер мен түзетулер енгізу» туралы Заң жобасы қаралған жоқ. Тіпті, оның алдындағы 17-наурыз күнгі отырыста да мұндай Заң жобасы қарастырылған жоқ. Ал Ерболат Досаевтың қандай Заңға сүйеніп айтқанын білмеймін», – деді Серік Қаражан мырза.

Ендеше Ұлттық Экономика министрі қандай заңдарға сүйеніп мұндай мәлімдеме жасап отыр?

Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Жер туралы Заңды Жоғарғы кеңестік 12-шақырылымы қабылдаған. Кейін Президент пәрменімен Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін жер туралы жаңа Заң қабылданып, оған 2001-жылы өзгерістер енгізілген. Ал 2003-жылы жерді сату туралы Заң қабылданып, Жер кодексіне қол қойылды. Содан бері мемлекет жерді жеке тұлғаларға сатып келеді.

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы N 442 Жер Кодексінің 3-бабында  «Қазақстан Республикасында жер мемлекеттiк меншiкте болады. Жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн», – деп жазылады.

Бұл шарттарға нелер жатады?

Untitled11Аталмыш кодекстің 2-тарауында  Мемлекеттік органдардың жер қатынастары 
саласындағы құзыретіне мыналар жататыны көрсетілген:

14-бап. Орталық уәкілетті органның құзыреті:

1-1)  жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

1-2) 1-2) жер қатынастарын реттеу саласында жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асыру;

1-3) 6) орталық және жергілікті атқарушы органдармен жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;

12) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;.(http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K030000442)

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы (№ 389-V ҚРЗ заң мәтіні мына жерде: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000389 )  2015 жылғы 2 қарашада қабылданған.

Қорытынды: Жоғарыдағы Жер кодексі туралы Заңның  негізінде және Президент бастамасымен қабылданған «100 нақты қадам» реформасының аясында Мәсімов Үкіметі еліміздің территориясындлағы ауылшаруашылық мақсаттарындағы жерлерді аукцион арқылы сатуға әбден құқылы-мыс. Сондықтан да жоғарғы жақ өз есебі бойынша әрекет етуде.

Ал «өгей Үкімет» бабамыздан қалған жерді саналы түрде халықпен санаспастан саудаға салып жатқанда қазақ ұлтшылдарының томырайып жатқаны алаңдатады. Жер мәселесін «геронтократиялық билік» халықтық референдумда шешуі тиіс-тін. Себебі, миллиондаған, мыңдаған гектар жер шет елдік жеке немесе заңды тұлғаның қолына өтіп кетсе, Қазақстанның қауіпсіздігіне, жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төнуі мүмкін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

ЗАҢ БОЙЫНША ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ДЕ САТЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2016-жылдың 30-наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн. гектар жерді аукцион арқылы саудалайтынын ресмимәлімдемеген еді.

Ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы жеке меншікке беру Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарының» 35-ші және  36-шы қадамынан бастау алатыны да баршаға аян.

Ендігі мәселе, осыған дейін айтқанымдай жер шет елдік жеке және заңды тұлғаларға сатыла ма және сатылса ол қандай заңға сәйкес жүзеге асады?

Ең алдымен әңгіменің басын қазіргі уақыттағы зерттеу және іздену нәтижесінде қандай мәселе анықталды және оның арты неге соқтыруы мүмкін деген сауал төңірегінде қозғайын.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарын» жүзеге асыру үшін 2015-жылдың соңында Парламентке 58 заң жобасы түскен және олардың бәрі аз уақыттың ішінде қабылданып кеткен.

Соның ішінде «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы (№ 389-V ҚРЗ заң мәтіні мына жерде: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000389 )  2015 жылғы 2 қарашада қабылданған.

Осы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін ҚР Жер кодексі бойынша Қазақстандағы ауыл шаруашылық жерлері аукцион арқылы сатылымға шығатын болды.

Аталған кодекстің 20-бабының 2-тармағында «Меншiк құқығының субъектiлерi:
республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi – Қазақстан Республикасы;
осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi – азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ ШЕТЕЛДIКТЕР МЕН АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАР ұғынылады.(2. Субъекты права собственности:

субъект права государственной собственности на землю на территории республики – Республика Казахстан;

субъект права частной собственности на земельные участки на основаниях, условиях и в пределах, установленных настоящим Кодексом, – граждане и негосударственные юридические лица. При этом под гражданами понимаются граждане Республики Казахстан, ИНОСТРАНЦЫ И ЛИЦА БЕЗ ГРАЖДАНСТВА, ЕСЛИ ИНОЕ НЕ УСТАНОВЛЕНО НАСТОЯЩИМ КОДЕКСОМ.)» деп көрсетілген.

Демек, ШЕТЕЛДIКТЕР МЕН АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАР Қазақстанда жердің жеке меншік иесі бола алады деген сөз.

Кодекстің 23-бабының  4-тармағында«Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін ЖЕР УЧАСКЕЛЕРI ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ (МЕМЛЕКЕТТIК ЕМЕС) ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЖЕКЕ МЕНШIГIНДЕ БОЛУЫ МҮМКIН.

Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді» (4. В частной собственности иностранцев, лиц без гражданства и иностранных юридических лиц (негосударственных) могут находиться земельные участки для целей, указанных в пункте 3 настоящей статьи, за исключением земель, предназначенных для ведения товарного сельскохозяйственного производства и лесоразведения.

Не допускается предоставление земельных участков, расположенных в пограничной зоне и пограничной полосе Республики Казахстан, в частную собственность иностранцам, лицам без гражданства и иностранным юридическим лицам) деп нақты жазылып тұр.

Аталған тармақтың  «3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін» деген сөзіне мән беріп көрейік. Ол 3-тармақта «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн» деп жазылып тұр.

Демек, ШЕТЕЛДІКТЕР, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАР ЖӘНЕ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ (МЕМЛЕКЕТТIК ЕМЕС) ТҰЛҒАЛАР тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн жеке меншігіне жер сатып ала алады.

Ал, Кодекстің 23-бабының  4-тармағының екінші бөлігі бойынша ШЕТЕЛДІКТЕР, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАР ЖӘНЕ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ (МЕМЛЕКЕТТIК ЕМЕС) ТҰЛҒАЛАР шекаралық аймақтар және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерінен басқа кез-келген жерден жер сатып ала алады.

Енді бір мән беретін жағдай, Кодекстің 24-бабының  1-тармағында « Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деп жазылып тұр және бұл норма 4 жерде қайталанады.

Демек, ШЕТЕЛДІКТЕР, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАР ЖӘНЕ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ (МЕМЛЕКЕТТIК ЕМЕС) ТҰЛҒАЛАР Қазақстан Республикасынан кез-келген жерді жеке меншікке де, жалға да ала алады деген қортынды жасауға болады.

Сонымен бірге бір жеке немесе заңды тұлғаның сатып алуы мүмкін жер көлемінің ең төменгі немесе ең жоғарғы шегі де анық емес. Бұл дегеніңіз, ақшаң қанша жер сатып алуға жетеді, көңілің қанша жер алуды қалайды, сол көлемде алуға болады дегенді білдірсе керек.

Сонымен бірге, аукцион арқылы түрлі мақсатта жер сатып алған қазақстандық азаматтардың шет елдік жеке немесе заңды тұлғаларға сату мүмкіндігі де Кодексте анықталмаған.

Бұған қарап,  қазақстандық олигархтардың түрлі жолмен арзан бағаға   үлкен көлемде жер сатып алып, оны ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРҒА ЖӘНЕ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА қымбат бағаға сатып жіберуіне де еш кедергі жоқ деп топшылап отырмын.

Жалпы қорыта келгенде «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы заңына сәйкес 2016-жылдың 01-шілдесінен бастап Қазақстанның ірі көлемдегі ауыл шаруашылық немесе басқа да жер учаскелері ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ (МЕМЛЕКЕТТIК ЕМЕС) ТҰЛҒАЛАРДЫҢ жеке меншігіне өте бастауы әбден мүмкін.

Бұл жағдайда осыған дейін әртүрлі мерзімге жалға алып, қаражаттың жоқтығынан жерді игере алмай отырған көптеген шаруа қожалықтары, жеке тұлғалар жерінен айырылуы да әбден мүмкін. (Жалғасы бар)

Мақсат Ілиясұлы, заңгер, қоғам қайраткері

www.abai.kz

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Уа, халқым, сұраңдар!
    Бар ма екен бұларда Ар,
    Шетінен ығай-сығайлар,
    Азу салған жеріме,
    «Іштен шыққан шұбарлар».

    Емес екен кемеңгер,
    Емес екен көбеңдер.
    Жерімді сатам дегендер:
    Қысыр емген енесін,
    Құнан менен дөнендер…
    Есірген басты еңкейтіп,
    Қай Ұлым менің көгендер?…

    Беркініп мұздай берендер,
    Сап таппай намысым елеңдер.
    Тірім түгіл күңіреніп,
    Шайқалып кетті Даламда,
    Мүрделер жатқан белеңдер…

    Уа, туған ұлдарым,
    Ұмытпайық өлімді!
    Қай құрлықтан қазасың,
    Жеріңді сатсаң көріңді?!…

    Сүйсең жерді сүй осы!
    Күйсең жерге күй осы!
    Сен де,
    Мен де Иесі!
    Атамның қаны аралас,
    Атпасын Топырақ Киесі!!!

    Жетпесін Жерге жаман ат!
    Жер – намыс,
    Жер – аманат!
    Жерді сатам дегенше:
    Өзіңді…
    Мені…
    Табанда Ат!!!
    1

  2. Сырдария ауданы, «Майарық» шаруа қожалығы басшысы Құдабаев Бекболат says:

    Ауыл шаруашылығы жерлері саудаға салынады, кім-көрінгенге жеке меншікке беріледі деген әңгімелер тарағанда толқып уайымдағанымыз рас. Алайда, Астанадан келген жер, ауыл шаруашылығы мамандарының қатысуымен өткен жиналыста біз көкейімізде жүрген сұрақтарға жауаптар алып, баяндамашылардың түсіндірмелерінен кейін көңіліміз орнықты.
    Әсіресе, бізді көп толғандырған, еліміздің жерлері шетелдіктерге оп-оңай өтіп кетуі мүмкін деген бойымыздағы ойдан арылдық. Ауыл шаруашылық жерлерінің жеке меншікке тек Қазақстан азаматтарына ғана берілетіні, шетелдіктерге уақытша жалға берілетіні туралы мәлімделді.
    Осының негізінде, жер заңнамасындағы өзгерістердің тиімді жақтары шаруа қожалықтарына, жер алып шаруашылық жүргіземін деген азаматтарға түсіндірме ретінде жеткізілсе, бұл бастама өз қолдауын табатындығына сенімдімін.
    Жердің шаруаның меншігіне берілуі – олардың жерді тиімді пайдаланып, азып-тозбауына күш жұмсап, шаруашылығын тиімді дамытуға деген көзқарастарын өзгертеді деп санаймын.

  3. Жерімді сатпа!!!
    Жарқыраған Күнім түн болсын демесең,
    Қуанышым мұздай мұң болсын демесең,
    Қызым күң, ұлым құл болсын демесең
    Ата жұртымды сатпа!
    Жерінен айырылып сорласын демесең,
    Қара бұлт аспанында орнасын демесең,
    Ұрпағымды тексіздер қорласын демесең
    Қасиетті жерімді сатпа!
    Қара қытай қара құртай қаптасын демесең,
    Келімсек немелер келіп таптасын демесең,
    Аруақтарымыз тыныш жатпасын демесең-
    Ата жұртымда сатпа!
    Көктемей жатып соламын демесең,
    Көк шыбығымды орамын демесең,
    Екі дүниеде масқара боламын демесең-
    Киелі жерімді сатпа!
    Туған ел-
    Түп қазығым, тірегім менің.
    Қарыстай жер- намысым, жігерім менің.
    Ұлтарақтай болса да жеріңді берме,
    Ұйқысынан оянған, Ұлы Елім менің!!!
    22.04.16

  4. Екі жүз жыл қол астында ұстаған Манж – Қытайдан Монғол елінің тәуелсіздігін құтқарып қалу үшін қан төгісе соғысып бүгінгі Монғолды қалпынша қалдырған ГАЛДАН БОШИГТ ханның соңғы жарлығы: Менің Моңғол отанымның жерінен Құдай сұраса да татырма!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар