///

Ал, ендеше: Ру бөлшектей алмаған қазақты дін бөлшектеп жүрмесін!

863 рет қаралды

Зиялылар арасында діни көзқарас үшін ашық шайқас басталудың аз-ақ алдында тұрмыз. Мәселен сопылық бағытты жақсы насихаттайтын және өзінің осы жолды қолдайтынын жасырмайтын Зікірия Жандарбектің www.abai.kz сайтында «Салафиттік жолды қорғайтын сіз кімсіз, Избаиров мырза?» аты мақаласы жарық көрді.

«Соңғы кезде еліміздің халқын дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі Ақтөбедегі қанды қырғын болғандығы ешкім жоққа шығара алмайды. Өкінішке орай, «сол қанды қырғының негізгі себептері осы жолы да ашылмай қалады ма?» деген қауіп күн өткен сайын күшейіп келеді. Өйткені, біз мұндай қанды қырғынды 2011 жылы да басымыздан өткеріп, одан тиісті қорытынды шығармағандықтан, 2016 жылы сол оқиғаға тағы да тап болып отырмыз. Егерде осы жолы да осы қанды қырғындардың басты себебі ашылмай қалатын болса, онда үшінші рет біз мемлекеттігімізді, қазақ халқын, қазақ халқының рухани-мәдени болмысын сақтап қала алмайтынымыз анық.

1«Бұл жерде бұған жеткізген қандай себеп еді?» деген заңды сұрақ туындары анық. Бұған елімізге ене салып, төр менікі деген уаххабилік-салафилік ағым себепкер болды. Бұл ағымның ықпалды қолдаушылары Ақтөбедегі қанды қырғынға қалайда, уаххабилік-салафилік ағымның қатысы жоқтығын дәлелдеу жолында барын салып бағуда. Салафилік ағым өкілдерінің жетекшілерінің бірі болып табылатын Б.Тілеуханов «Діннің бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ» деп мәлімдеме жасады. Ал, уаххабилік-салафилік ағымның қазақ жеріне таралуының ғылыми негізін жасаған А.Избаиров мырза болса, «Прежде всего, активизацию в мире радикальных исламистских структур, относящих себя к халифату созданного ДАИШ. Актобе в данном случае является звеном одного общего процесса, обусловленного как раз таки активизацией этих радикальных элементов. Как мы знаем, террористическая структура ДАИШ переживает сегодня третий этап своего развития» деп бұл оқиғаға салафилердің қатысы жоқтығын дәлелдемек болды» делінген онда. Яғни Зікірия Жандарбек Қазақстандағы салафиттік бағыттың  көсемдері мен теориялық негізін салған адамдарды қолмен қойғандай айтуда. Осы ретте туындайтын бір сұрақ, діни радикалдық бағытты ұстанатын және сол бағытты қолдайтын адамдардың биліктің заң шығарушы тармағында отырғаны рас па? Егер, рас болса, билік бұған ашықтан ашық неге жол беріп отыр?

Зікірия Жандарбектің мақаласынан кейін журналист Ардабек Солдатбайұлы өзінің фейсбук парақшасында «Зікірия Жандарбек сәләфиттерді неге жек көреді?» деген ойларымен бөлісіпті.
2Онда журналист ашықтан ашық сәлафтарды қолдауға және олардың аса бейбіт жолды ұстанатындығыны дәлелдеуге тырысады. Және Зікірия Жандарбектің Макс Бокаевты босатуды қолдаған инстаграм парақшасымен бөлісіп, оларды бүлікшілер қатарына қосады. Әрі бұлардың қатарына «Сұлтан-Әзірет» мешітінің имамы Қайрат Жолдыбайды да қояды. Ол ол ма, Ардабек Солдатбай сопыларды қазақтың бас жауы деп айыптайды: «Зікірия Жандарбек секілді халықты аздырып, адастырып, жіктеп, бөліп, бір-біріне айлап салатын зікірші-сопылар – қазақтың басты жауы. Бұлардың тағы бірі Қайрат Жолдыбайұлы кезінде патшаға қарсы көтеріліске шығып өлген адамдарды шаһидке теңеп еді, енді намаз оқымасаң оқымай-ақ қой, одан кәпір болып кетпейсің деп онсыз да иманы әлсіз жұртты алдап, аздырып жүр. Мұндайларды адамның ішінен шыққан шайтандар дейді. Ол шайтаның тіпті ғұлама атанып жүруі мүмкін. Сондықтан, кімге еріп, кімді тыңдап жүргендеріңізді біліп алыңыздаршы алдымен».

Меніңше, бұдан былай «қазаққа кім жау, кім дос» деген талқылаулар басталатын секілді. Сөйтіп, ру, жүз немесе территориялық бөлініс арасына сына қаға алмаған қазақты дін бөлшектейін деп тұр.

Қазақ ежелден иманды халық. Ешуақытта бес уақыт намазын қаза қылмаған, сөйте тұра қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін де тәрік етпеген менің әжем иманды қазақтың ең бір әдемі үлгісін сомдап кеткен адам. Атамызды молда болғаны үшін 3 әріптің адамдары ұстап кеткенде, әжем небәрі 25 жаста екен. 7 жыл отасқан қосағынан арабша білім алып, Құранның алғашқы ілімін үйреніп қалған әжеміздің жүрегінде екі сенім болды: бірі – Құдай қосқан қосағының түптің түбінде отбасына оралатыны, екіншісі – Аллаға деген сенімі. Осы сенім ол кісіні ХХІ ғасырға дейін жетелеп әкелді. Коммунистердің қылышынан қан тамып тұрған заманда да ол кісі 5 уақыт намазын қаза қылмады. Мектепте құдай жоқ деп үйретіп, Дарвиннің ілімімен санамызды улап, «Адам – маймылдан жаратылған» деген идеологияны естіп өссек, үйге келгенде Алласын аузынан тастамайтын апамның насихатын тыңдаушы едік. Сол апам ешуақытта өтірік айтпайтын, адамды сыртынан ғайбаттамайтын және ешкімнің ала жібін аттамайтын. Жан жарынан айырған Кеңес үкіметінің құйтырқы саясатына да лағынет айтпайтын. Жарынан ерте айрылды демесең, 90-ның төріне келіп, жалғыз ұлынан тараған немере-шөберелерінің арасында шалқып өмірден өтті. Мен осыдан артық қандай иман болу керек екенін елестете алмаймын. Қалған ағымның бәрі – саясат, идеология. Дін саясаттан жырақ дейміз. Бірақ, бүгінгі саясатымыз – діннен алыстай алмай отыр. Салафилер мен сопылардың да, өзге де дінтанушылардың да айтысы, осы саясаттан туындап отыр. Бейбіт, аузын ашса жүрегі көрінетін ақ көңіл, жайдары, тұрмыс тауқыметімен аздап агрессияға да бой алдыра алатын, алдына келсе әкесінің де құнын кешіре салатын – қазақты әртүрлі діни ағымдармен лайлаудың қандай қажеттігі туындап отыр. Әрине, қазаққа ықпал етудің, иедологиясын жүргізудің, сөйтіп надан елді басқарудың амалы ғана. Қазір, салафилер басқарған Сауд Арабиясында, Сирияда, Ауғанстанда, т.б. қай жерлерді алып қарасаң да дүниеауи көзқарастан алшақ, пәни жалғанды тәрк етіп, өзге жұмақ аңсаумен өмір сүріп жатқан надан халықты көресің. Сөйтіп өркениет көшінен көш кейін қалып қойған елдің идеологиясына бас июге, солардың саясатын қолдауға бейбіт елді шақырудың соңы орны толмас өкінішке ұрындыратынын шынымен түсінбей ме, біздің зиялылар. Жоқ, ақшаның күші шынымен елін сатуға дейін итермелей ме?

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар