Өткен аптада Алматының «Алғабас» шағын ауданындағы көпқабатты апатты тұрғын үйдің сүрілетіндігі туралы ақпарат тарады. Бұл жайында Алматыда өткен арнайы брифингте Алматы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов мәлімдеген.
«Үйді тұрғызу барысында құрылыс нормаларының талаптары бұзылған. Сол себепті де, үй құлауға жақындаған».
Үй «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған. Оның құрылысына мемлекеттің 459 миллион теңгесі жұмсалған.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Алғабас-6» шағын ауданындағы «Қол жетімді баспана» бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйлердің барлығын тексеруге тапсырма берді.
Бұл Қазақстанда соңғы он жылда қыруар қаржыға салынып, бірнеше жылға жетпей, құлап қалып жатқан мұндай әлеуметтік нысандардың алғашқысы емес.
Жұрт өзгені ұмытса да, 2009 жылы тұрғызылып, 2012 жылы қалың елдің көз алдында бір сәтте опырылып түскен «Бесоба» тұрғын үй кешенінің қалай қирағанын әлі ұмыта қойған жоқ. Әлеуметтік нысан құлаған сайын «Бесоба» көз алдымызға елестейтін болды.
Мұндай құбылысты «Бесоба синдромы» деп атауға мәжбүр болдық.
Мәселен, төмендегі кестеде 2009 жылдан күні бүгінге дейін қыруар қаржы бөлініп, жыл аспай, қажетке жарамай қалған әлеуметтік нысандар туралы ақпарат беріледі.
Басталған жылы | Аяқталған жылы | Нысан атауы | Бөлінген қаржы |
2009 | 2009 | Атырау қаласында салынып жатқан автомобиль көпірі (Еділ өзенін кесіп өту үшін) | 3,5 миллиард теңге ұрланғаны белгілі болған, 8 адам қайтыс болған |
1962 | 2015 | Павлодардағы «Кутузов» көпірі | Реконструкцияға 130 миллион теңге бөлінген (бірақ төленбеген) |
1974 | 2015 | Атырауда бес қабатты жатақхана құлады | 2014 жылы сүрілуі тиіс болған |
2009 | 2012 | «Бесоба» тұрғын үй кешені | Желге ұшқан қаржы – 330 миллион теңге |
2010 | 2010 | Шығыс ауылы, Өскемен қаласы | «Нұрлы көш» бағдарламасымен тұрғызылған «Шығыс» ауылы (Өскемен қаласы) толығымен жылынбайды, тұрғындар электр тогына көп қаржы жұмсалатынын айтып шағымданды, бұл ауылды тұрғызу үшін 5 миллиард теңге жұмсалған |
2011 | 2015 | Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова және Сәңкебай батыр көшелерінің қиылысындағы опырылып құлап түскен жолайрығы қайта салынбақ | Бұл құрылысты салу үшін 150 миллион теңге жұмсалған |
2012 | 2012 | Ақтөбе облысында Батыс Еуропа –Батыс Қытай жобасының аясында жаңадан салынған көпір | Бұл көпірге қанша қаржы кеткендігі туралы ақпаратты таппадым |
2014 | 2015 | Қызылордада салынып бітпеген 5 қабатты үйдің құлауы (Қолжетімді баспана – 2020 бағдарламасымен салынып жатқан) | 1 адам қайтыс болды, 2 адам жарақаттанды |
2015 | 2015 | Саин Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайырығы | Құрылысына 10,5 миллиард теңге бөлінген,1 адам қайтыс болды, 21 адам жарақаттанды |
2014 | 2016 | Алматы қаласы, «Алғабас» ықшам ауданындағы тұрғын үй |
Апатты тұрғын үйдің құрылысына 459 миллион теңге жұмсалған |
Міне, «Бесоба» синдромын теріп жаза берсеңіз, бұдан да көп дүниенің куәсі болуыңыз мүмкін. Бұл біздің көзімізге іліккені ғана. Мемлекеттің қаржысына салынған нысандардың жемқор құлқынның салдарынан осылай бір күнде апатқа ұшырап жатқанына кім кінәлі? Әлеуметтік жауапкершілік кімнің мойнында?
Мәселен, 2013 жылы Латвияның «Максима» сауда үйі құлап түсіп, біраз адам қаза болғанда,
сол кездегі Латвия Премьер-министрі Валдис Домбровскис әлеуметтік жауапкершілікті өз мойнына алып, отставкаға кеткен болатын,
алайда бізде ешқандай әкім не министр өз саласында болып жатқан былықтардың саяси не әлеуметтік жауапкершілігін өз мойнына алған емес. Керісінше, сол салаға жауапты адамдар басқа бір қызметке ауысып, үнемі өсу жолында болады.
Мысалы, соңғы жылдары топан судан көз ашпайтын Қазақстан тұрғындары жыл сайын қайталанатын төтенше оқиғаға Владимир Божконы кінәлап келді. Алайда, Сырдың суы Божконың сирағынан да келмейді. Осы қызметте табан аудармай пәленше жыл отырды да, депутаттық жылы креслоға барып қонжия кетті.
Жер реформасын сәтсіз жүзеге асырылғанына кінәлі танылып, отставкаға кеткен Ұлттық экономиканың экс- министрі Ерболат Досаев «Бәйтерек» холдингі секілді майлы жіліктің басын ұстады.
Яғни, мемлекеттік шенеуніктердің мемлекет қаржысы, ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіну деңгейі бізде өте төмен. Атқамінерлер сол жауапкершілікті сезінбейінше, «Бесоба» синдромы өрши бермесе, кеми қоймас.
Есенгүл Кәпқызы, www.365info.kz сайтынан
Ақсақ қой түстен кейін маңырайды деуші еді, біздің биліктің ісіне айтылған сөз-ау деймін.
Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап деген болып тұр ғой.
“Бесоба синдромының” кебін киген құрылыстардың мән-жайын ,құжпттарын жинақтап ҚРПарламентінің құрылыс мәселесін қарайтын комитетінің қарауына жолдап,бұл құрылыстарды жүргізген мердігерлер мен оларға осы мүмкіндікті жеңіп әперген тендерлік комиссияны қылмыстық жауапкершілікке шақыруды сайлаушылвр мен тұтынушылар атынан қатаң талап ету керек!