Қыбырлаған тірі жан жоқ көшеде,
(Көрінбейді сақалды да, көсе де).
Беу, Алматы, неткен салқын қабағың,
Бұ түріңмен көгермейді-ау көсеге.
Тұр түнеріп, аспаның да сұрланып,
Сілейін бе, сүлкініңді сынға алып.
Мына кейпің созылса егер ұзаққа,
Адам біткен кететіндей жынданып.
Даңғыл жолдар, талықсыған тал-терек,
Тал-теректер дем алмаса қайтер ек?
«Қызыл деңгей», неткен сұмдық тыныштық,
Жер түбінен үңіледі Бәйтерек.
Қу тірлікте етеміз-ау жоқты арман,
Сәтте ажал ес кіреді оқталған.
Секілді екен үңірейген түкпірлер,
Жанарыңнан ойып тұрып отты алған.
Жым-жырт аула, қайысады қабырғам,
Қорқытады: Оқ тиеді қаңғырған!!!
Қозғалыссыз сұқыметі қаланың,
Анау үнсіз, аумай қалған қабырдан.
Жел де шіркін шаршаған-ау шамасы,
Аңқымайды Алматының ауасы.
Қозғалыстың қолында екен қарашы,
Бар тірліктің, Тіршіліктің дауасы.
Б.Бәмішұлы
Алматы, 18.07.2016 ж
Парақшамызға жазылыңыз