Астанада шұғыл Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда болған атысты теракт деп бағалады.
Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды. Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтып, мемлекеттік органдарға оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
“Бүгін Алматыда, өкінішке қарай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын”, – деді Мемлекет басшысы.