СОТТЫҢ СОҢЫ НЕ БОЛДЫ?!
Сөз ішіңде тұрғанда, сен оның қожасысың. Ал, аузыңнан шыққаннан кейін, сен ол сөздің құлысың!
«Мәсімовты сотқа берем деп едіңіз ғой, сол сот не болды?!» немесе «Үкімет басын сотқа қашан бересіз?!» деген сұрақтар маған жиі қойыла бастады.
Дұрыс!
Енді осы мәселеге байланысты аз-кем түсінік беруге тура келді.
Қытайдан келген оралмандардың Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуге тұруына басты кедергі болып отырған «Соттылығының» бар не жоқтығын анықтайтын «АНЫҚТАМАНЫ» күшінен қалдыру туралы К.Мәсімовты сотқа беру керектігін «31» арнаның кешкі жаңалықтарынан 10 мамыр күні айтқам және ол бекімімді 12 мамыр күні БАҚ-та ашық жарияладым.
Біреуді сотқа беру үшін алдымен фактің болуы керек қой!
Бірақ, бірден сотқа жүгінбей, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығымен бекітілген «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаты» бар. Сол «Қағидаттың» 10 тармағының 7) тармақшасына (егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда); деген ескертуді қоса салған пәрмен берсеңіз жетіп жатыр. Егер, бұл мәселе шешілмеген жағдайда, Сізді сотқа беретінімді мәлімдеймін!» деп, алдымен Үкімет Басына хат жаздым. Сонымен бірге, Сенаттың бес депутаты (М.Бақтиярұлы, Қ.Айтаханұлы, Н.Оразалин, Ж.Ерғалиев, Б.Әйтимова) арқылы Үкіметке тағы депутаттық сауал жолдаттым.
Сөйтіп, бұл мәселенің сотқа бармай-ақ шешілуін қаладым әрі шешіліп қалар деген үмітпен К.Мәсімовтың жауабын күттім.
Үкімет Кеңсесінен «Сіздің 2016-жылы 16-мамырда №;N-F-1071 Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Кеңсесіне жолдаған арызыңызды қарап, нәтижесі туралы өзіңізге жауап беру қайтару үшін ҚР Ішкі істер министрлігіне, ҚР Сыртқы істер министрлігіне жолдағанымызды хабарлаймыз» деген жауап келді.
Енді аталған екі министрліктің жауабын күтуге тура келді.
Көп кешіккен жоқ, алдымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаменті жауап берді. Консулдық департамент жауап хатпен бірге, ҚХР-ның Астанадағы Елшілігінен Қытай тарапының осы «Соттылық» туралы анықтамаға байланысты орыс тілінде жазылған ресми жауабының көшірмесін (фотосы төменде тұр) қоса жіберіпті.
Сондай-ақ, Консулдық департамент осы жауабында ҚХР-ның бұл жауабының ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаментіне 04.02.2016 ж, №22-6711//23-21ЖТ-М-79/952 хат арқылы хабарлағанын да ескертіпті маған.
Ал, Сенаттан барып көшірмесін алдым, бес Сенаторға Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымовтың өзі жауап беріпті. Қасымов өз жауабында: «2015 жылғы «Жебеу» қоғамдық бірлестік өкілдері ҚХР азаматтарының соттылығы туралы мәліметтерді ұсынуды жою туралы мәселені «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының Парламентіне бастама етті. Оны Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен Сенат депутаттары қолдаған жоқ» депті.
«Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атынан менің Заң жобасын талқылауға қатысып, осы ұсынысты көтергенім рас. Бірақ, біріншіден мен «ҚХР азаматтарының соттылығы туралы мәліметтерді ұсынуды жою туралы» емес, ҚХР-нан көшіп келген этникалық қазақтардан талап етпеу туралы ұсыныс бергем. Ал, Министрдің «Оны Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен Сенат депутаттары қолдаған жоқ» дегені шылғи өтірік!
Қайта, аталмыш «Соттылық» туралы анықтаманы ҚХР-нан көшіп келген этникалық қазақтардан талап етпеу ұсынысы Мәжілістегі Жұмыс тобының бірінші отырысын бастап ортаға қойылды. Жұмыс тобы осы кедергіні келтіріп шығарып отырған 2011 жылы 22 шілдеде қабылданған «Халықтың Көші-қоны» туралы Заңының 49-бабының 9) тармағын «Қазақстан Республикасының аумағында ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы бар;» деп, өзгертіп мақұлдаған. Бұл ұсынысты Жұмыс тобының барлық мүшелері, Ішкі істер, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де бір ауыздан түгел қолдаған. 2015 жылдың 11 маусымы күні өткен сегізінші отырыста мақұлданғаны да әлі есімде!
Демек, Қ.Қасымов бақандай бес Сенаторлардың өзін алдап отыр!
Ал, маған берген жауабын осыдан кейін өздеріңіз айтқызбай-ақ түсіне беріңіздер!
Өкінішке орай, Мәжілістің сол мақұлдауын Үкімет басы Кәрім Мәсімов өз қолымен кері қайтарып тастағанын бұғай дейін де талай жаздық. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 2015 жылғы 1 шілдедегі жазған «9. Заң жобасы салыстырмалы кестесінің 17-позициясы бойынша Ұсынылып отырған түзету экстремизм мен терроризмнің жолын кесуге бағытталған шаралармен үйлеспейді және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдардың Қазақстан Респуликасына келуіне жағдай жасауы мүмкін. Осыған байланысты, бұл норманы мынадай редакцияда жазу ұсынылады: 9). ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасы өтелмеген немесе сотталғандығы алынбаған адамдарға;» деген №7-10-1018/56 хатының көшірмесі менің қолымда сақтаулы тұр.
Амал не, Қос Палата депутаттары бұған қарсы ештеме айта алған жоқ. Заң жобасы осы К.Мәсімов редакциясымен өткен жылы 24 қарашада қабылданып кетті.
Басқа емес, Премьер-Министрді сотқа берем дейтінімнің себебі – сол!
Негізі, оралман ағайындар одан-бұдан құрап-сұрап бір жапырақ қағаз әкеліп, куәландырып, Көші-қон полициясына өткізе берсе болтын еді. Бірақ, қазір шетелден келген құжаттар «Консулдық заңдастыру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы №264 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2001 жылғы 4 қаңтарда №1350 болып тіркелген) сәйкес заңдастырылуы тиіс.
Сыртқы істер министрлігі Заңдастыру үшін ол «АНЫҚТАМАҒА» алдымен Еліміздегі Қытай Елшілігі растығын дәлелдеп мөр басуы шарт.
Қырсық шалғанда, Қытай Елшілігі ондай «АНЫҚТАМАҒА» мөр баспай отыр. Өйткені, «…жазасы өтелмеген немесе сотталғандығы алынбаған адамдарға» шетелге шығуға рұқсат жоқ екені, әне, ҚХР берген жауапта тайға таңба басқандай ашық көрсетілген. Елшілік өз Заңынан аттай алмайды.
Қандастармызды қинап тұрған мәселе – осы!
Түсінген адамға, осы жинаған құжаттарым, жоғарыда айтылған, «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидатына» сот арқылы «егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда;» деген бір ауыз ескертпе қостыруға жетіп-ақ тұр.
Шынын айтайын, жылына әрең бір келетін еңбек демалысымның 20 күнін мерзімінен бұрын алып, Астана қаласы Көші-қон басқармасының төрайымы Гүльвира Дөненбаевамен, Алматы қаласы Көші-қон басқармасының Азаматтық істер жөніндегі маманы Лаззатпен жеке-жеке сөйлестім. Олар да оралмандарға бұл мәселенің кедергі болып тұрғанын айтып отыр. Көшіп келген оралман бауырларымыздың осынау кедергіге байланысты республика бойынша тұрақты тіркеуге тұра алмай тентіреп жүргені тағы рас…
Қазақстанға экстремизм мен терроризм қаупі Қытайдан келетін қандастарымыздан төніп тұрған жоқ! Ондай қауіптің алдын бір парақ анықтамамен тосудың өзі күлкілі әрекет!! Және мұндай «тәсіл» ешбір елдің Заңында жоқ!!!
Мен қайта сыпайлап айтып отырмын ғой, Қытайдан келген оралмандардың тұрақты тіркеуге тұруына ғана емес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы саясатына жасалып отырған қарсы қылмыс бұл!!!
Мен кәсіби заңгер емеспін. Бірақ, шеттен келген азамат еретінде көші-қонға қатысты Заңнаманы бір кісідей біліп қалған жайым бар. Оның үстіне, тоғыз ай бойы Мәжілісте Заң жобасын талқылауға қатысып, сауатым бір адым ашыла түскен адаммын.
Дегенмен де сотқа білікті адвокат керек. Ол да табылды. Абзал Құспан бауырым сонау Оралдан Астанаға ұшып келді. Мен жинаған қажетті құжаттармен танысты. Бүкіл республикаға даңқы бар жігіт. Адвокат болуға бірден келісім берді. Бірақ, Заң бойынша, менің өз атымнан бұл мәселемен Сотқа арыз беру құқығым жоқ болып шықты. Адвокаттың айтуынша, Сотқа тек тұрақты тіркеуге тұра алмай жүрген оралман ағайындар немесе жарғысында «Оралмандардың мүддесін қорғайды» деген сөз бар Қоғамдық бірлестіктер ғана беруге құқығы бар екен. Ондай Қоғамдық ұйым менде жоқ!
Атажұртқа көшіп келіп, тұрақты тіркеуге тұра алмай жүрген қандастарымды іздедім. Былай да қиналып кеңес сұрап, телефонға маза бермейтіндер жетіп жатыр. Өкінішке орай, бәрі сотқа жүгінуден қорқады. Не менің атыма куәландырылған «Сенімхат» беруге келіспейді. Әншейінде, шетінен аталарымыз батыр болған деп, басымыздан ат секіртетін менің жерлестерім, өздерінің құқығын Заң арқылы қорғауға келгенде, үндері шықпай, безіп берді…
Меніңше, даулы мәселені сот арқылы шешу әлемдегі ең өркениетті тәсіл. «Заң салтанат құруы тиіс, барлық азамат заң алдында бірдей болуы керек, бұл гүлденген мемлекеттің негізі, экономикалық өсімнің өзегі» – деп, Елбасымыз екі сөзінің бірінде үнемі айтып келеді. Еліміз жас мемлекет бола тұра, Құдайға тәубе, бұл жағынан кемелденіп барады. Сот, Прокуротура жүйесі үнемі реформалану үстінде. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ортаға қойған бес институционалдық реформаның II-бөлімінде ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ көзделген. Ал, осы реформны жүргізу К.Мәсімовтың өзіне тапсырылған. Сол үшін, бұл соншалықты қорқынышты нәрсе емес. Біз Үкіметтен артық нәрсе талап етіп отырғамыз жоқ, Сот тек екі елдің Заңындағы керағарлықты тексеріп, сараптап, оң – терісін ажыратып берсе ғана болғаны. Тіпті, Кәрім Қажымқанұлы сотқа келмеуі де мүмкін. Үкіметтен осы мәселемен айналысатын жауапты маман қатысса да жетіп жатыр. Сотқа берем дегеніме, міне, екі айдан асты, маған биліктен бір пенде келіп «Мұның не?», «Дұрыс емес!» деген жоқ.
Жасыратыны жоқ, осы мәселеден туындайтын барлық жаманат Елбасының атына кір келтірері, Ұлы еңбегіне көлеңке түсірері хақ. Ал, егер, К.Мәсімов Сотқа өзі келіп жатса, беделі бес есе биіктей түсетіні мұнда тұрған әңгіме! Одан да маңыздысы, бүкіл әлем жұрты Қазақ Елінің бес институционалдық реформаны шын мәнінде жүргізіп жатқанына бірден көз жеткізер еді…
Әлі де кеш емес, зардап шегіп жүрген оралман ағайындар өзі Сотқа жүгінем десе де немесе маған «Сенімхат» берем десе де Абзал інім екеуміз дайынбыз. Ал, оралмандардың заңдық мүддесін қорғайтын Қоғамдық Ұйымдар белсеніп, біз айналысайық десе, тағы мақұлмыз!
Ауыт МҰҚИБЕК, фейсбуктегі парақшасынан
Парақшамызға жазылыңыз