Шымкенттен Қызылордаға жолаушы тасымалдайтын Нұржан Сейдуалы есімді жігіт емшілігімен аты шыққан Ербосынның кереметі туралы “Заман” газет тілшісіне айтқандары.
“Біз барғанда бала емшінің алдында кезек күткен адам көп еді. Ербосын келушілерін 5 күн емдейді екен. Сол бес күнде атамызбен бірге мен де ем сеансына кірдім. Өзге айтса сенбейтін жайларға куә болдым. Арамызда 17 жыл бойы тілі шықпаған бір бойжеткен болды. Ол менің дәл алдымда отырды. Сол қыздың арқасына бір-екі рет қамшысын тигізген Ербосын: «Сен сөйлей аласың. Ал, айтшы, атың кім?» – деп еді, «Айнаш», – деді әлгі қыз сәл-сәл тұтығып. Мұны көргенде бәріміз таң-тамаша қалдық. Сондай-ақ мен арбамен келген, жүре алмайтын 4 адамның орнынан тұрып, табанын тең басуға жарағанын өз көзіммен көрдім. Оның біреуі жас бала еді. Сонда олардың қуанып, жылағандарын көрсеңіз!”, – дейді Нұржан.
Нұржанның айтуынша, денсаулық деп шырылдаған адамның көп екенін Ербосынға барғанда байқауға болады.
“Көздері -15, -17 болып, көзілдіріксіз күн кеше алмай қалған жастар көп. Бір сеанстың өзінде осындай 25-ке жуық адам болды. Солардың көбісі бес күнде көзілдірігін сындырып, жанары жарқырап шыққанын көргенде жағамды ұстадым. Осыдан кейін Ербосынның кереметіне қалай сенбеймін?”, – дейді ол.
Нұржан Сейдуәлі Ербосыннан өзінің де ем алғанын айтқан.
“Мен жиырмадағы жігітпін. Аллаға шүкір, денім сау. Оған алғаш қаңтар айында аталас атамды алып бардым дедім ғой. Сол кезде қатты тұмауратып тұрғанмын. Әшейінде тұмау тисе, басымды көтере алмай жатып қалушы едім. Көпшілікпен бірге сеансқа мен де кіргенмін. Сол күні-ақ аурудан із қалмады”, – дейді таңданысын жасыра алмаған жігіт.
Сонымен қатар, ол Ербосынның түске кіріп те емдейтінін айтқан.
“Айтсам ертегі дерсіз. Сонда да тағы бір қызықты айтайын. Бірде азу тісім қатты ауырып, түн жарымына дейін жаныма батты. Осыдан таң атса барамын да жұлдырып тастаймын деп жатып көзім ілініп кетіпті. Бір кезде қолына қамшысын ұстап есіктен кіріп келген Ербосын бір-екі рет ұрып жібергендей болды. Оянсам, тісімнің ауырғаны қойып қалыпты. Сол тісім әлі орнында. Жұлдырған жоқпын. Одан бері ауырған да жоқ. Ербосынға осыны айттым. Менің ауырғанымды ол білді ме, әлде ғайыптан болған оқиға ма, өзім де түсінбей қалғанмын. Балалықпен айтты ма, шын ба, әйтеуір ол маған: «Білемін, аға», – деді”,- дейді Нұржан.
Дерек көзі: Нұр.кз
Парақшамызға жазылыңыз