///

Өзбек президенті Ислам Каримов мәңгілік мекеніне аттанды ма?

949 рет қаралды

Өзбек президенті Ислам Каримов Өзбекстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына небәрі екі күн қалғанда бақилық сапарға аттанды деген ақпарат бұрқ етті. Ақпарат құралдары осыдан бір-екі күн бұрын Ислам аканың инсульт алғандығы жайында жарыса жаза бастаған еді. Ислам Каримовтың сырқаты жайында Өзбекстанның ресми орындары да растаған болатын. Бүгін Ферғана агенттігінің мәлімдеуі бойынша Ташкент уақытымен түскі 15.30-да о дүниелік сапарға аттанған делінген. Ресми Ташкент бұл ақпаратты растап үлгермейінше, ресми Кремль өзбек халқына көңіл айту хатын жолдап үлгерген делінген онда.   Дегенмен ресми Ташкент бұл ақпаратты әлі растамады. Аз Өзбек президентінің қызы Лола өзінің инстаграмдағы парақшасында әкесінің саулығын тілеп дұға жасаған екен. Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан, Кеңестік дәуірден қалған аз диктатордың бірі. Қазір ауыр халде жатқан ол туралы  фейсбук әлеуметтік желісін қолданушылардың пікірін бере кеткенді жөн көріп отырмыз.

Дина Елгезек: “Арыстанның белгісі – артына қарап ақырмайды, нар түйенің белгісі – қабырғасын сөксе де бақырмайды, нағыз туған асыл ер, қанша қасірет шексе де, қайғыланып “аһ” ұрмайды”… Осы бір даналық сөз – Ислам әкәмызға арналғандай…

Арыстандығы – ол шын мәнінде Тәуелсіз ұлттық өзбек мемлекетін құрды… Ленинді тұғырынан құлатып, кеңестік көсемнің орнына өзбек xалқының жаңа ұлттық символы ретінде әлемнің 27 елін бағындырған, адамзат тариxындағы Ұлы қолбасшылардың бірі – Әмір Темірді иемденді… “Қазақта алғаш мемлекеттілікті орнатқан адам – Назарбаев” деген Путиннің сөзіне масайрап, біз қазақ xандығының 500 жылдығын тойлатып жатқанда, ол “өзбек мемлекеттігіне үш мың жыл” деп, өзбек тариxын қайта жаздырып, оны оқулықтарға енгізіп, алысты тереңнен болжап, миығынан мырс күліп отырды…

Нар түйелігі – ол ешкімді басындырған жоқ. “Есіктен келіп – төр менікі, ылдидан келіп – өр менікі” дейтіндердің бәрін елінен қуып шықты… Сыртқа да, ішке де бірдей , дербес, тәуелсіз тастүйін саясат жүргізді… Кремль мен Батыс, Ислам мемлекетін құрғысы келетін діни тажалдар да өз ойындарының құрбаны қыла алмады, қытырлатып шағып тастайтын оның “оңай жаңғақ” емес екенін әуелден-ақ ұға қойды… Кәрімов – НАТО-ның әскери базасын жауып тастап, Сорос қорын кетірді, Еуроодақтың санкцияларына былқ етпеді, ГУУАМ-нан мүшеліктен шықты, ОБСЕ-ні пысқырмай, ОДКБ-ға да байланып қалмады, Қырғызстанда ресейліктердің әскери база орнатуына қарсылық білдіріп, Еуразиялық Одақты маңына жуытпады… Әдетте ділмәрси келетін сырты сыпайы шетелдік қонақтарға будақтатып ақша шашпады… Ислам экстремистерін қырып тастап, Қырғызстанмен арадағы 1000 шақырымға жуық шекарасын түгелдей темір шеңгелмен қоршап, Ауғанстанмен шектесетін 112 шақырым шекараны 380 вольттық электр тоқпен қарулап, Тәжікстанмен шекаралас 1500 шақырым аумақты миналармен бекітіп, әлемнен есігін тарс жауып отырып алды…

Азаматтығы – бүкіл әлем оны “диктатор” атап жатқанда, “аһ” ұрмады… Шетке қол жаймай, экономикасын әртараптандыруға атсалысып, ауылшаруашылығын дамытты… Текстиль, жеміс-жидек, автомобиль, пойыз, қара темірі, алтыны мен газын шығарды… Мықты, мығым, саны мен теxникалық қуаты жағынан ешкімге дес бермейтін ұлттық армия құрды. ЦРУ мәліметі бойынша, ұлттық әскери потенциалы жөніндегі рейтингте өзбектер бізден бір адым алда. Латын әліпбиіне бірден көшіп алды..”Өзбек байыса – там салады” деп күлсек, олар: “қазақ байыса – астана салады” деп зілді әзілдерімен бізді сазға отырғызды… Тәуелсіздіктің 25 жылында өзбектің саны 30 млнға жетті, демографиялық аxуалдың артуына байланысты, инфрақұрылымсыз салынған қышлақтағы ескі үйлер бұзылып, орнына 150 шаршы метрлік замануи екі қабатты тұрғын үйлер тұрғызылды. 50 мың доллар ақша 15 жылға азғантай пайызбен несиеге беріліп, миллиондаған өзбек үйлі боп қарық боп қалды…

Десе де, кедейліктің кебісін киіп, өзге елде ұлтан боп жүрген өзбек көп… Тәжікстан және Қырғызстандағы су дауы әлі шешілген жоқ, бізбен шекаралас аумақта шекарашыларымыздың ара-тұра қағысып қалатын сәттері аз емес. Наркотрафик мәселесі күрделі… Өзбекстандағы адам құқығы мен сөз бостандығына төбе шашыңыз тік тұрады, көршіге қарап, біздегі саяси аxуалға шүкіршілік айтып қоятынымыз тағы бар… Туған қызы Гүлнәрмен ақша араздастығы – өзбек лидерінің беделін көтере қоймады, жемқорлық атты індетпен күресте азулы диктатордың әлі жетпегені әмбеге аян…

1996 -шы жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен “Әмір Темір жылы” тойланып жатқан тұста, ұмытпасам, Францияда сөйлеген сөзінде Ислам Кәрімовтың “Әмір Темір – Еуропаны сақтап қалды” дегені бар-тын, өзбек лидерінің 27 жылдық ел басқаруын сараптай келіп, Ислам Кәрімов – Орта Азияны ИГ содырларынан сақтап қалған тұлға дегім келеді…
“Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар” деген… Ислам ағаның бірбеткей мінезі, қайсарлығы мен жүректілігі – әлем көз алартқан иен байлықтың иесі – Орталық Азия аумағының тұтастығына қалқан болған негізгі фактор…
Жазылып кетсін…
Таулар алыстаған сайын, биіктей түсе ме, қалай…
Біздің ендігі уайым – Кәрімовтың орнына кім келеді… Көршілес елде тыныштық болсын!

Серік Әбікен: Бала кезімізде қарттар жердің төрт өгіздің мүйізінде тұрғанын, өгіз сілкінсе жер қозғалатынын, бір өгіз құласа ақырзаман болатынын айтып, зәремізді ұшырушы еді ғой… Соңғы ширек ғасырда өзін осы төртеуге теңегендердің екеуі “құлады”, алтын ескерткішке құмары мәңгіге аттанғалы біраз болды. Енді…мінезі тікбақай, өз елін шексіз сүйген, әр өзбекке “мен өзбекпін, бұл өзбектің елі” дегенді мақтанышпен айтқызған Ислам ака аттаныпты. Жаназасын шығарып, “қарыз ба еді?” деп сұрағанда тұтас әлем “жо, қарыз емес” дері анық. Ол жақсы адам, жақсы президент еді. Иманды болсын! Бірақ жерді тіреп тұрмағаны түсінікті болды. Қалған екі “өгіз” кетсе де күн шығыстан шығып, батыстан батады…

Мінбер-ақпарат

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар