///

Асқар Жұмаділдаев: Орта мектепте барлық пән ана тілінде жүруі керек

1829 рет қаралды
11

691b426a60217e97024d6247fde5d90d

Қоғамдық ғылым бар, жаратылыстану ғы­лымы бар. Біз Советтік дәуірді «қы­лы­шы­нан қан тамған кезең» деп жамандауға көш­тік. Шындығында, өткенге бұлай күйе жағу­ға болмайды. Совет Одағы кезінде көп­теген жаманшылық та, көптеген жақ­сы­лық та болды. Аштық, репрессия, халық санының екі есе кемуі Советтік дәуірдің жаманшылығы екені рас. Қазақ елінің осы күнгі шекарасын Советтік дәуір кезінде Ле­нин белгілеп берген. Ол кезде осы күнгі біздің классик деп жүрген жазушы­ла­ры­мыз­дың 99 пайызы танылды, қазақтың оқу-білім жүйесі қалыптасты.

Бұл – Со­вет­тік дәуірдің жақсы жағы. Советтік дәуір ке­зінде біздің жазушыларымыз өте жақсы тұр­ды, өйткені, Жазушылар одағы Ком­пар­тияның идеология бөлімінің бір филиалы есебінде болды. Жазу­шы­ла­ры­мыз­дың 99 пайызы күнкөсемді мақтап, пар­тияның съездері мен пленумдарын қош­тап, соған жыр арнады, тіпті кейде сөз жет­пей қалатын кездер болды. Ойлап қа­ра­сақ, біздің, әсіресе, қазақ жазушы­ла­ры­ның Советтік дәуірге өкпелейтін реті жоқ, олай дейтінім, гонорары дұрыс болды, кі­та­бы көп тиражбен шықты, демалыс үйіне жі­берілді, бір кітап шығарып екі жыл қа­пер­сіз өмір сүретін кездер болды.

Қазір біз­дің жазушыларымыздың барлығы далада қалып қойғандай күй кешуде, сөйт­сек, Совет Одағы секілді, Компартия сы­қыл­ды бір тіреніш керек екен, өздігінен өмір сүре алмайды екен. Енді осы кем­ші­лік­ті қалай жоюмыз керек. Менің ойымша, Советтік дәуір кезінде жаратылыстану ғы­лымдарын оқыту жүйесі өте жоғары бол­ды. Оны бүкіл әлем мойындайды. Аме­ри­каға бара қалсаңыз, әр университетте математикадан сабақ беретін не орыс, не еврейді табасыз.

Мен Москвада оқыдым, курс­тастарымның жартысы Америкада. Аме­рикалық университет деген не? Аме­ри­калық университет деген, әзіл-қалжың ара­лас сөздермен айтсақ, орыстың профессоры математиканы Қытайдың сту­ден­тіне үйрететін университет. Ал қоғам­дық ғы­лым­дар идеологияға тәуелді болды. Ком­пар­тияның сөзіне қарсы келер болса­ңыз, сіз­дің ойлануға мұршаңыз болған жоқ. Не айт­саңыз да айтқан сөзіңіздің барлығы ма­тематикадағы жауабы белгілі есептер сияқ­ты, Ленин мен Карл Маркстің сөзіне сәй­к­ес келуі керек болды, одан ар­тық кетуге болмайды. Бұл біздің қоғамы­мызға те­­ріс бағыт алып келді, қоғамның күйреуі­нің бір себебі осында. Сол себепті, қоғам­дық ғылымды реформа жасау заңды, т­а­би­­ғи құбылыс. Қоғамдық ғылымды ысы­­­­рып тастады деп айтуға негіз жоқ.

Екінші мәселе – жаратылыстану ғы­лы­мына осындай өзгеріс жасау керек пе? Меніңше, жаратылыстану ғылымын бұлай өзгертудің қажеті жоқ. Біз батысқа елік­теу­дің екінші жағына тым көп далақтап кет­тік. Минус пен плюс қатар жүруі керек. Жа­ратылыстану ғылымы – математика, хи­мия, физика Совет Одағы кезінде өте жо­ғары деңгейде оқытылатын. Соның не­гізінде жаратылыстану ғылымын қазақ тілінде жап-жақсы үйретуімізге болады. Ғы­лым мен білімнің екі түрі болады. Бі­рін­ші – бастауыш мектеп, екінші – жоғары оқу орындары. Біздегі бастауыш мектептің деңгейі жоғары, ал жоғары оқу орындарына келсек, біз шетелден кейін қаламыз, оны мойындауымыз керек. Оның негізгі се­бебі – құрал-саймандардың болмауы, ғы­лымды әрі қарай дамытатын, бәсекеге бейімдейтін әдіс-айланың болмауы. Мә­селен, Американы не болмаса Еуропа,  Анг­­­лияны алып қарасаңыз, онда 12 класстық оқу жүйесі қалыптасқан. Біздің баяғыдағы 10 жылдық біліміміз шетелдің 12 жылды­ғы­нан асып түсетін. Өйткені, математиканы да, физиканы да жеке ғылым ретінде оқы­дық. Қазіргі біздің үкіметіміздің сая­са­ты бұл ғылымдардың бәрін ботқа қы­ла­мыз дегенге саяды. Математиканы, физиканы, химияны, биологияны қосып бір ғылым, қа­зақ тілі мен әдебиетін қосып бір ғылым, та­рих пен географияны қосып тағы бір ғы­лым шығарамыз дейді. Сонда біздің мұ­ғалімдеріміз әмбебеп болады деген әң­гіме айтады. Бұл негізінен дұрыс емес. Ше­телдің біраз еліндегі бізден кеткен еврейлер мені шақырып, «Асқар, мына баланы оқытшы, шетелдегі мектептердің оқуы оқу емес, сен баяғы Советтік оқулық­тармен оқытып, сол есептерді шығартшы», – дей­ді. Сол кезеңдегі оқу жүйесінің мықты­лы­ғы­нан қазіргі қазақ балаларының көбі шет­елде оқып жүр. Оны көпшілік «Бо­ла­шақ» бағдарламасымен кетті екен деп ой­лай­ды. Қазақ балаларының көп болса 20 пайызы «Болашақ» бағдар­ла­масымен оқуы мүм­кін, қалғаны өзі оқып жатқан уни­вер­ситеттің грантын өз білі­мімен ұтып алған немесе әкесі ақша төлеп отыр. Бұл біздегі білім жүйесінің, оның ішінде математиканы оқыту деңгейінің жоғары болғанын көр­сетеді. Осы жүйені алып тастап кері ке­те­міз деген сөз қалай алғанда да дұрыс емес. Мәселен, біз да­мы­ған 30 елдің қа­та­ры­на қосыламыз дейміз, 30 елдің барлығы, ішін­де ең мықтысы Америка болса, сол ел­дің тұрғындары гамбургер жейді. Білім са­ласындағы мына өзгерістер ендігі жерде біз қазы-қарта жемей, гамбургер жейміз де­генге үгіттейді. Қазы-қартадан гамбургер дұрыс деген сөз. Осы реформалар ар­қы­лы практиканы шыңдаймыз деген уәж ай­тады. Егер сіз ғылымды меңгерсеңіз, есеп шығаруды білсеңіз практиканы мең­геру қиын емес.

Менің білуімше, Сингапур мен Малайзия математиканы ағылшын тілінде оқытады. Біздің басшылар осы елден үлгі алмақшы, неге Жапониядан үлгі алмаймыз. Кезінде жапон елі де өздерінің ие­рог­лифтерін өзгертіп жаңа әліпби жасап, жоғары сынып оқушыларына бүкіл ғы­лымды ағылшын тілінде оқытпақшы бол­ған. Бірақ ойласа келе, әліпбиді өзгертсек, ағылшын тілінде оқысақ, алғашқы кезде тез жылдам дамуымыз мүмкін, бірақ ұт­қанымыздан ұтылғанымыз көп болады д­егенге тоқтаған. Жапонияның мың­жылдық тарихы бар. Сонда біз неге кеше ғана құ­рылған елдерге жүгінуіміз керек.

Қазақстанның Конституциясында бас­тапқы білім беру үкіметтің міндеті еке­ні  айтылған. Мәселен, сіз, бірінші сы­нып­қа ба­ламды бермеймін десеңіз, үкімет сізді сот­қа тартуына болады. Өйткені, сіз Конс­ти­туцияны бұзып отырсыз. Ал жоғары оқу ор­нына түсу, түспеу ол сіздің жеке ша­руа­ңыз. Екінші, ақпарат алу құқығы бар, яғ­ни кез келген Қазақстан азаматы қазақ ті­­лін­де, я орыс тілінде ақпарат алуға құ­қы­лы. Білім алу деген де ақпарат алу деген сөз. Демек, сіз оқу білімді өзге тілде бе­ре­мін де­сеңіз, Конституцияны бұзғаныңыз. Олай болса, жаратылыстану пәндерін ағыл­­шын тілінде  өткіземін деген ми­нистр­ліктің ұсынысының астарында қазақ ті­лі­нің ғылымға икемі келмейді, қазақ тілі тек отбасы-ошақ  қасы болып қалуы керек де­ген саясат тұр. Ал ол – Конституцияны бұзу.

Жаратылыстану ғылымының бар­лы­ғын қазақ тілінде үйретуге болады. Жақ­сы­лы-жаманды оқулықтарымыз бар (оның сапасы өте жақсы деп айта алмаймын), жақ­сылы-жаманды терминология жүйесі бар, ғылым туралы ойлау жүйеміз қа­лып­тасқан. Бұл – қазақ тілін сақтаудың үлкен бір саласы. Тіл деген не? Тіл деген кұрал. Құралдың бес функциясы бар, ең алдымен – отбасы-ошақ қасы, бизнес, саясат, эко­но­мика, жаңа технология мен ғылым. Адам­ның дұрыс өмір сүруі үшін оның он екі мүшесінің барлығы сау болуыкерек. Кө­зіңіз көре тұрып құлағыңыз естімесе бір мү­кіс бар деген сөз. Ал тілге шек қою – адам­ның екі қолын немесе екі аяғын кесіп тас­тағанмен тең. Бұған жол беруге болмайды. Орта мектепке  барлық ғылым, барлық оқу пәндері ана тілінде жүруі керек. Егер ол пәндер Қазақстанда қазақ тілінде жүр­мейтін болса, қазақ тілінің де, Қа­зақ­стан­ның да ешкімге керегі жоқ. Сондықтан мен бұл реформаларға қарсымын және мұ­ны он-он бес жыл бұрын айтқанмын. Жаңа реформаларды қолға алмас бұрын сол реформаның оң нәтижесін көрген ел­дер­дің үлгісін алуымыз керек. Бұл тұрғыда біз­ге Малайзия мен Сингапурдан гөрі Жа­пон­ның үлгісі жақынырақ. Ахмет Бай­тұр­сынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұма­баев ­сынды ХХ ғасырдың басында өмір сүр­ген зиялы азаматтардың көпшілігі Жапо­нның үлгісін алмақ болған.

Біз неге Алаш арыстарының жолын жалғас­тыр­май­мыз?

«Қазақ әдебиеті» газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

11 Comments

  1. Осы уақытқа дейін онсыз да солай болып келді, ал нәтиже қайда? Орыс немесе ағылшын тіліне шорқақ жанның ешқандай мүмкіндігі жоқ, қымет бабында да, былайғы өмірде де, ол бәрімізге белгілі жайт

  2. Біз өмір бойы мектепті қазақ тілінде оқып бітірдік, мектеп қабырғасында білінбейді, одан кейін қызметке тұрғанда көресіні көріп жатырмыз. Ағылшын курсына уақыт таппай, жанталастық та қалдық. Кейін осындай болмас үшін балаларды жастайынан тіл үйрене берсе оның дәненесі де жоқ, мен қолдаймын!

  3. Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.

  4. Ағылшын тілі – әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі.

  5. Сөзінің жаны бар екен. Ойланып қалдым. Алдын балалар көп тіл білсе несі жаман деп жүр едім, ендігі ойым жан-жақтама саралау керек дегенге саяды. Ағылшын тілі керек, қазақ тілі ана тіліміз. Болды. Ал мектепте шет тілінде оқыту-оқытпау қаралу керек

  6. Жақсы айтылған. Дегенмен, жастар шетелге барғанда жараталыстану ғылымдарын ағылшынша оқитын болғандықтан өз елімізде де ағылшынша оқытқанныңда пайдасы бар шығар

  7. Керемет ой! Нәтижелі болу үшін, нәтижені көрген елдерден үлгі алу керек. Тілдің мәртебесі таразыда тұрған уақытта жастардың болашағы да алаңдатпай қоймайды. Ол үшін ел зиялыларының ақылын тыңдаған артықтық етпейді.

  8. Қазақ тілі ана тіліміз, әине ана тілімізді дәріптеп бірінші кезекке қоямыз, бірақ еліміз көптеген шетелдік елдермен белсенді байланыс орнатуда, шетел тілдерін білмесек бәсекеге сай бола алмаймыз ғой

  9. Меніңше үш тілді оқығаннан ешқандай көрмейміз қайта біздің ұлт өсіп, еліміз өркендейді.

  10. Барлық пән ана тілінде жүруі үшін ол пәндерді қазақшаға сапалы аудару қажет, ал ол ақша мен уақытты алады, сондықтан да түпнұсқасы арқылы танысқан әлдеқайда қолайлы.

  11. Согласен конечно во всех школах вестись государственный язык, но не нужно забывать о том что трехязычие открывает перед наши много возможностей быть грамотными и конкурентоспособными.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар