////

Кенжеболат Жолдыбай: Жас жеткіншектерге кері әсер ететін көріністерді насихаттауға тыйым салынуы керек

1645 рет қаралды

5801b141441a120161015101047

Бүгінде қоғамда «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы кеңінен талқылануда. Тұжырымдаманың дұрыстығын айтып, оң пікір берушілердің де легі қалың, ұсыныстары да баршылық. Мәселен, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай жобаның дер уақытта қолға алынғанын айтумен қатар жас жеткіншектердің сана-сезімдеріне кері әсер ететін айуандық көріністерді ашық насихаттайтын ақпарат құралдарына заң негізде шектеу қою, жарнамаларды қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға ынталандыратын тетіктерді қарастыру қажет деп санайды. Осыған орай ҚазАқпарат өз оқырмандарының назарына саясаттанушының пікірін ұсынады.

Аталған тұжырымдамамен мұқият танысып шықтым және ақпаратқа қатысты кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізудің қажеттілігін толық мақұлдаймын. Себебі, қазір елдегі ақпараттық кеңістіктің құрылымы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. 2016 жылдың 1-ші наурызындағы мәліметтерге сәйкес, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы саны 2797-ге жетіп, олардың 73 пайызы мемлекеттік емес болып табылады екен. Интернетті қолдану деңгейі 35 пайызға жетсе, әлеуметтік желіні пайдалану үлесі 26 пайызды құрап отыр. Яғни, бейнелеп айтсақ, қазір адамдар ақпарат айдынының жағасында қолдарындағы қармақтарымен өздеріне қажетті деген кез келген ақпаратты іліп алу мүмкіндігіне ие. Бұл, өзінің «ақпарат алу және ақпарат тарату» конституциялық құқын еліміздің әрбір азаматы толығымен пайдалануда деген сөз. Ендігі басты мәселе осы мүмкіндікті ел мүддесіне сай пайдалануға тіреліп тұр. Сондықтан, қабылданғалы отырған осынау құжатқа қатысты бірер пікір білдіруді жөн санап отырмын.

Заң жобасының «Азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын қорғау» туралы тармағының 1.1. бабында «БАҚ саласындағы қолданыстағы заңнама азаматтарды жалған ақпаратты теріске шығаруды жариялау құқығымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жетілдіруді қажет етеді» деген екен. Осы ретте, Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 19-тармағын: «Дауды сотқа дейін шешуге басымдық бере отырып, БАҚ-тың өзін-өзі реттеу тетігін арнайы қоғамдық ұйым арқылы іске кірістіру керек» деген сөйлеммен толықтыруды ұсынамын.
20161016152141Бәрімізге мәлім, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 10-шы шілдеде «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға бірдей еңбек қоғамына жиырма қадам» атты үлкен бағдарламалық мақала жазған болатын. Мақалада Елбасы билік өкілдеріне қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып журналистік этика кодексінің жобасын құрастыруға нұсқау берді. Құжаттың басты мақсаты журналистердің өзінің кәсіби мамандығына жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алу еді. Сөйтіп, көп ұзамай сол кездегі ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырзаның шебер ұйымдастырушылығының нәтижесінде «Бас редакторлар клубы» ҚБ және Қазақстан Журналистер одағы халықаралық тәжірибе, ЕҚЫҰ сияқты және басқа да ұйымдардың материалдарын мұқият зерделей отырып әрі еліміздің журналистерімен кеңінен талқылай келе тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында тұңғыш рет «Журналистің этикалық кодексін» қабылдаған болатын. Сол тұста моральдық – этикалық бағыт ұстанған Кодекс отандық журналистикада жақсы және маңызды дәстүрлерді қалыптастыруға ықпал етеді, журналистердің кәсіби парызын, әлеуметтік-қоғамдық жауапкершілігін арттырады деген сенім білдірілгенді. Өкінішке орай, Кодексті іске қосудың тетіктері қарастырылмай, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі болмай қалды. Сондықтан, Қазақстан Журналистер одағы жанынан Кодексті басшылыққа алып жұмыс істейтін “Этика жөніндегі комиссия” тез арада құрылғаны жөн деп санаймын.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Телегазета» қызметі немесе мерзімді баспа басылымдардың электронды нұсқасын «Телегазета» түсінігін алдын-ала заңнамалық тұрғыда бекіту арқылы Ұлттық телерадио хабарларын тарату операторының желісіне беру туралы ұсыныс толықтай қолдауға тұрарлық.

Кәмелетке толмағандардың жеке деректері мен олардың бейнелеріне қатысты ақпарат орналастыруда БАҚ-қа шектеу қоятын бірқатар өзгертулерді енгізуді қарастыру туралы ұсыныс та құптарлық. Бұл жерде, сонымен қатар, жас жеткіншектердің сана-сезімдеріне кері әсер ететін айуандық көріністерді, атап айтқанда зорлық-зомбылықты, атыс-шабысты, төсек қатынастарын ашық насихаттайтын ақпарат құралдарына (әлеуметтік желілерге) заңдылық негізде шектеу қою талаптарын қарастырған жөн.

kazaxskaya_jurnalistikaОтандық телевизия және жарнама нарығының дамуына қатысты бөлімде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында отандық кәсіпкерлер мен ірі өндіріс кәсіпорындары өздерінің жарнамаларын қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға ынталандыратын тетіктерді қарастырса құба-құп болар еді.

«БАҚ-тың жаңа түрлерін құқықтық реттеу» бөлімінің 5.2.тармағында «Интернет арқылы бұқаралық ақпаратты таратудың жаңа технологиялары мен формаларының пайда болуы мен белсенді дамуының аясында түрлі Интернет ресурстардағы ақпарат таратушылардың («блогерлердің») қызметін заңнамалық реттеу мәселесінің өзектілігі артуда. Заңнама қолданысындағы «интернет-ресурс» түсінігін «блогерлерге» сәйкес қайта қарастыру» туралы ұсынысын негізінен құптай отырып, сонымен бірге «блогер» ұғымына түсінік берумен қатар, оларды уәкілетті органда ресми тіркеуге қою тәртібін нақтылау қажет.

Журналистік қызметті регламенттеу мәселесінде 6.1. бапта көрсетілген «Тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты алу үшін, журналист міндетті түрде тұлғадан жазбаша рұқсат алуы тиіс» деген талапта «жауапты мемлекеттік органдардағы және квазимемлекеттік сектордағы лауазымды тұлғалардан басқа» деген сөйлеммен толықтырылуын ұсынамын. Өйткені, басшының міндеті халыққа қалтқысыз қызмет ету. Басшы адал, таза болса қосшы да құшына еңбек етеді, табан ақы, маңдай терімен алынған табысын үстемелеуге бейіл болады. Өкінішке орай, қазір «Алаяқ болмай атақ жоқ, арамза болмай бақ қайда?», деп хакім Абай айтқандай бастық болу үшін нені болса да сатып жіберуге даяр адамдардың қарасы әлі азаяр түрі жоқ.

БАҚ беттерінде мемлекеттік ақпараттық саясатты түсіндіру мақсатында мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін қайта қарап, заң тұрғысынан оның кешіктірілмей берілу мерзімін және осынау талапты сақтамаған лауазым иелеріне айып-пұл түріндегі әкімшілік жаза қолдануды енгізген жөн. Сондай-ақ, бұл талаптың тілдік норманы орындамаған электронды бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына да қатыстылығын заңмен бекіткен ләзім.

inform.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар