////

«Қазіргі журналистика сенсация қууды әдетке айналдырды…»

1633 рет қаралды

automated robot journalism

«Келелі кеңестің» кезекті тақырыбына орай қазақ журналистикасында өз орны бар белді де беделді журналист, «Мінбер» журналистерді қорғау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі, С. Демирел университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Есенгүл Кәп­қызымен сұхбаттасқан едік. Қазақ БАҚ-ының жетіс­тіктері мен кем-кетігін бір кісідей білетін білікті маман сауалдарымызға жауап бере отырып, бүгінгі қазақ журналистикасының тыныс-тіршілігін бағамдап, өзекті проблемалары жайлы  ойларымен бөлісті.
– Қазақстандық БАҚ-тың қазіргі ахуалын қалай сипаттар едіңіз? Бізде сөз және баспасөз еркіндігі бар деп айта аламыз ба?
– Қазақ ақпарат құралдары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында, жиырма бірінші ғасырдың басында жаңа бір серпінмен дами бастағанын әрбір сарапшы айта алады. Бірақ, өкінішке қарай, үгіт-насихаттық сипат алған журналистиканың соңғы жылдардағы қарқыны оқырманды ойлантуға тиіс. Қазіргі журналистиканың бағытын сипаттасақ, біріншіден қазақ қоғамының даму процесіне кері ықпал ететін  үгіт-насихат, мақтау-марапаттау қатты белең алуда. Бұл ХХ ғасырдағы үгіт-насихаттан өзгешелеу, жаңа технологиялық сипаттағы, заманауи жанр үлгісіндегі үгіт-насихат. Екіншіден, қазіргі журналистика сенсация қууды әдетке айналдырды. Бұрын бұл үрдіс жекелеген сарыжағал басылымдарға тән еді, қазір шоу-бизнестегі әрбір қадамды аңду, оқырманға рухани ләззат беруден гөрі, арзан сенсацияға жетелейтін ақпараттар бірінші планға шықты. Қазір телеарналарда сарабдал сараптамалардан гөрі, көңіл көтеретін бағдарламалардан аяқ алып жүргісіз. Ал, кейбір сарабдал деген бағдарламалардың өзінде талқыланатын тақырыптар әлеуметтік және қоғамдық маңызға ие тақырыптардан әрі аса алмайды. Саяси, экономикалық терең сараптамалар, өкінішке қарай, бізге арман болып қалатын түрі бар. Сондай-ақ, журналистиканың ең жауынгер түрі – журналистік зерттеудің қазақ журналистикасында дамымай тұрғаны өкінішті. Былтыр, қазақ тілді бірнеше сайттың контентіне бір айлық талдау жасап көрдім. Сол кезде байқағаным, ақпарат сайттарының ақпараттың шынайылығын тексеруге құлықсыздығы, контенттің біртектілігі және әлеуметтік желіні ақпарат көзіне айналдыруы, этикаға қайшы әрекеттердің көптеп кездесуі секілді проблемалар. Бұл мәселе бір жылдың ішінде өзгере қоймағандығы анық. Дегенмен, соңғы төтенше оқиғалардың әсерімен жаңа Ақпарат және коммуникация министрлігінің құрылуы, оған Дәурен Абаевтай жас маманның басшы болуы, елдегі қарт басылым «Егемен Қазақстанның» да басқару менеджментін күрт өзгертуге әрекет жасауы, осы саладағы қордаланған мәселелердің бар екендігін өзге емес, биліктің өзінің сезініп отырғандығының көрінісі. Егер, Дархан Қыдырәлінің басшылығымен «Егемен Қазақстан» газетіне өзгеріс енетін болса, онда өзге басылымдарда да бір серпіліс болары анық. Әзірге, ақырын күту ғана қалды.
dotcjr-blog480
– БАҚ қызметкерлерінің, яғни, журналистердің кәсіби деңгейі, біліктілігі мен білімділігі жиі сынға алынады. Таяуда 18 шілдедегі оқиға кезінде де адекватты талдау жасай алатын журналистерге зәрулік байқалды.  Олай болса, журналистердің кәсіби біліктілігі мен білім деңгейі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл ақпарат менеджментіне байланысты деп ойлаймын. Ішкі цензура әуелі журналистен бұрын редакцияның өзінде байқалады. Осыдан бір-екі жыл бұрын мемлекеттік бір арнаның ток-шоуына қатыстым. Әңгіме, осы журналистика төңірегінде болды. Мен сол кезде қазақ ақпаратын дамытуға қатысты өз пікірлеріммен бөлісіп, жалпы, мемлекеттің қолында немесе мемлекеттік менеджерлердің, билік партиясының қолында ақпарат құралын шоғырландырудың қажеті жоқ екендігін, жалпы ақпараттың мемлекет тарапынан қаржыландырылуының сөз бостандығына келтірер кедергісі көп екендігін айтқан едім. Ал, әлгі хабар эфирге жіберілгенде менің пікірлерімнің бәрін күзеп тастағандығының куәсі болдым. Халыққа шынайы ақпарат жеткізуде журналистің кінәсінен гөрі, ақпараттық менеджменттің кінәсі басым екендігін мойындауымыз керек. Қазір ресми ақпарат құралынан гөрі, әлеуметтік желі неге өтімді? Онда талқыланған мәселелерден неге билік қорытынды шығаруға мәжбүр?! Өйткені, халықтың үнінен, қоғамдық пікірден бәрібір ығамыз. Бірақ, уысындағы БАҚ-қа ондай қадам жасауға жол бермейміз. Көптеген жемқорлық фактілері, әсіресе, погон таққан шенділердің орынсыз әрекеттері әлеуметтік желілердің арқасында жария болып, біраз қоғамдық тәртіптің орнығуына ықпал жасалғаны рас. Сондықтан, сөз бостандығындағы шектеулер алынбайынша, журналистердің үні құмыққан үстіне құмыға берері анық.
0013729e47710f99a38745
– Кез келген БАҚ-тың басты бай­лығы – ол ақылды аудитория: ин­теллектуалдық деңгейі жоғары, патриот, отаншыл, өзі үшін де, елі үшін де жауапкершілігі, айқын ұстанымы бар азамат. Яғни, аудиторияны ұстап тұру үшін де деңгей керек сияқты.
– Аудиторияны ұстап тұру үшін деңгей керек, ал, сол деңгейге сай келетін аудитория да болғаны абзал. Неге сарабдал сараптамалы мақалалар мен терең талдамалы бағдарламалардың оқырманы аз, көрермені жоққа тән? «Жұлдыздар отбасын» оқитын оқырман мен «Жұлдыз» журналын оқитын оқырманның ара­сындағы айырмашылық неге жер мен көктей? Яғни, халықтың басым көп­шілігіне жеңіл-желпі ақпарат, көңіл-көтерерлік бағдарламалар қажет. Біздің оқырмандар үшін қандай ақпарат қымбат: олардың жылдар бойы тірнектеп жинаған зейнетақы қорындағы қаржының қандай мақсатқа жұмсалып, қандай инвестицияға тартылатыны қымбат па, жоқ Қайрат Нұртастың мешітке барғаны немесе Баян Есентаеваның жағажайда жүргені жайлы ақпарат қымбат па? Әрине, мен үшін зейнетақы қорындағы ақшамның мемлекетке пайдасы бар зауыт салуға емес, қайдағы бір көңіл көтеретін «Мега» секілді орталықты салуға жұмсалатыны жайлы ақпарат құнды. Өйткені, бұл жерде менің табан ет маңдай терім, тірнектеп жинаған қаржымның тағдыры қыл үстінде. Менің қамсыз қарттығым үшін жинап жатқан қаржымның қайтарымы бола ма, жоқ па, ол бұлыңғыр. Өкінішке қарай, біздің көптеген оқырман бұл ақпаратқа бейжай қарады. Тіпті, назар аудармады. Ал, Қайрат Нұртастың немесе Баян Есентаеваның басынан кешкені өте көп талқыланады. Яғни, ақпарат құралдары оқырманға өз тауарын ұсынады. Қандай тауар өтімді, сол тауарды саудаға салады. Сол себепті де, бүгінгі аудиторияның өзін тәрбиелеу қажеттілігі байқалады.
Екіншіден, 18 шілдедегі оқиға күні бүкіл телеарна профилактикалық жұмысқа жабық болды. Олар уақытынан бұрын іске қосылған күннің өзінде, әлеуметтік желі мен интернет жылдамдығына ілесе алмады. Содан болар, ақпараттық вакуумның салдарынан әлеуметтік желі арқылы қаншама жалған ақпараттар тарап кетті.
Үшіншіден, қазіргі журналистердің де ізденісі өте аз. Тіпті, ақпаратты егжей-тегжейлі зерттеуді қажетсінетін, оны түрлі ақпарат көздерімен салыстырып, салғастыра білетін журналистер азайып кетті. Көптеген  журналистер ақпаратты бір-бірінен көшіруге көшті. «Эзоптың тілінде» астарлап сөйлеу былай тұрсын, қазақ тіліндегі қарапайым сөз қолданысының өзін білмей, орысшадан тікелей аударма жасау етек алып барады. Сол үшін журналистика мамандықтарында тек технологияны ғана, жазу техникасын ғана үйретпеу қажет. Оларды логикалық ойлауға тәрбиелейтін теориялық сабақтармен қатар, қазақ әдебиетінің қайнар көздерін де үйретсе дұрыс болар еді. Қазіргі жастар арасында кітап оқу, біліммен қарулану мәселелері екінші планға ысырылғалы қашан? Меніңше, мәселенің бәрі сол сауатсыздықтан, ізденістің жоқтығынан, мәселеге ат үсті қараудан және болдым-толдым деп өзін-өзі жетілдіруге ерінуден болып отырған секілді.
simondsmd
– БАҚ дегеніміз тек ақпарат жет­кізуші ғана емес, сонымен бірге  насихат құралы. Жалпы, қазақтілді ақпарат құралдары тұтынушылар сұранысына және заман талабына лайық болуы үшін қандай өзгерістер керек?
– Жоғарыда, біздің БАҚ-тың үгіт-насихат құралына айналып отырғаны  жайында айттым. Негізінен ақпарат құралы осы бір миссиядан, идеология құралы болудан құтылған кезде дами бастайтын болады. «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» дейді қазақ. Мемлекеттік тапсырыс –  сындарлы ақпараттың дамуына кедергі болмауы керек. Ақпаратты қаржыландырудан үзілді-кесілді бас тартуды ұсынып отырған жоқпын. Үкіметтің ақпаратты қаржыландыруға қатысуы біздің елде ғана жүзеге асып отырған жоқ. Тіпті, дамыған Батыс елдерінің өзінде қоғамдық БАҚ-тың белгілі бір қаржысы үкіметтен бөлінеді. Алайда, солай еттік екен деп үкімет ақпараттың ішкі контентіне қол сұқпауы керек. Қандай тақырыптарды жазу, қандай мәселелерді талдау-сараптауды ақпарат құралдарының өзіне қалдырған жөн. Әрине, бұл, олар шектен шығып кетсін деген сөз емес. Сонда ғана ішкі және сыртқы цензура бізде де кеміп, анағұрлым азайған болар еді. Сол себепті, қазіргі мемлекеттік тапсырыс менеджментін басқа бір тиімді жолмен алмастырған жөн секілді. Ақпарат құралдарын қаржыландыруды бизнес көздеріне тапсырып, жарнама арқылы ақша табуды, жалпы ақпаратты коммерциялаудың жолдарын қарастырса, БАҚ-ы біреуге алаңдаушылықтан  арылар еді.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Дина Имамбаева

“Ақиқат” журналынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар