Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұқамәдиұлы арасындағы дау өзара есеп айырысу секілді сипатқа айналып барады. Осыған орай Арыстанбек Мұхамәдиұлының саяси тұлғасына үңіліп көрген едік…
ӨЗІН АҚТАУДЫҢ АМАЛЫ МА?
Соңғы кездері Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлының тұлғасы аса танымал деңгейге көтерілді. Бірақ қай тұрғыдан… Оның ел арасындағы имиджі және іскерлік беделі әжептәуір зардап шеккен секілді. Бұның сыры неде? Түймедейді түйедей етіп көрсету ме, жоқ шын мәнісінде Арыстанбек мырза өзінің бұрынғы қызметтестері мен студенттері айтқандай сипатқа ие ме?
Министр тағына отырғаннан бері әртүрлі қырынан танылып жүрген шенеуніктің соңғы әрекеті мүлдем мемлекеттік қызметкер этикасынан аттап кетті деуге болады. Өзіне тас атқан халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловты жемқорлық фактісі бойынша, түрмеге қаматуы, соңынан оның ағынан жарылып ақтарылып, 69 миллион теңгені байқамай жеп қойыппын деп мойнына алуы, оның қайтарылуына Арыстанбек Мұхамәдиұлының кепіл болуы – сәтсіз ойналған спектакльді елестетті. Бұл не? Халық алдында ұпай жинау ма? Жоқ, Арыстанбек Мұхамәдиұлының өзін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсетуінің айла шарғысы ма?
Министрдің өмірдегі және өнердегі жолы
Лауазымды азамат “лауазымды” дәрежесіне дейін бірқатар қызметтерді атқарған. Қарапайым әртістен министр дәрежесіне дейін жеткен оның «мәдениет қайраткері» атағын иеленгендігі туралы ресми дерек берілмепті. Қызметтік өсу жолы мен жеткен жетістігіне көз сала отырып, “Мәдениет қайраткері” атағын иеленбеуін, оны місе тұтпауынан ба деп ойланып қалдық.
Сонымен Арыстанбек Мұхамәдиұлының өмір жолы мен өнер жолына үңілсек:
Өнертану докторы, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, “Құрмет” орденінің кавалері. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Президентінің алғысын алған, өнер саласындағы жоғары “World master” атағының иегері.
Еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртістігінен бастаған.
1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бас маманы болып қызмет атқарған. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің көмекшісі болып тағайындалған.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары мектебін “Мемлекеттік басқару” мамандығы бойынша бітірген.
1997-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Республикалық гвардия Президенттік оркестрінің бастығы болды. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. 2003 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады.
2003 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі “Республикалық және халықаралық мәдени бағдарламалар дирекциясы” РМҚК-нің атқарушы директоры, 2005 жылы – “Қазақ әуендері” АҚ-ның президенті.
2006 жылы А.Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарған. Ол үкіметтік және халықаралық деңгейде өткізілетін кең көлемді мәдени шаралардың (“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарлама тәрізді) ұйымдастырушысы болған.
2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі әлеуметтік саясат бөлімінің бас инспекторы, ішкі саясат бөлімі мәдениет секторының меңгерушісі.
А.Мұхамедиұлы ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында жүре отырып, шығармашылық жұмыспен де айналысады. Ол бірқатар музыкалық шығармалардың, оның ішінде оркестрге арналған марштар, “Бақыт құсы”, “Жастар вальсі” композицияларының, “Астана”, “Асыл сезім”, “Достарым” тәрізді әндердің, сонымен қатар өнер және мәдениет мәселелері бойынша жарияланымдардың авторы.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің өкіміне сәйкес Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды.
А. Мұхамедиұлы еңбегіне лайықты халықаралық абыройға ие. Халықаралық байқаулар мен фестивальдердің қазылар алқасының мүшесі, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың жұмысына белсене қатысады. ЮНЕСКО, ШСҰ және басқа да ұйымдар аясында өткізілетін ірі халықаралық байқаулар мен фестивальдердің қоюшы-режиссері, сценарий авторы ретінде танымал.
Қоғамдық “Ұлт” театры негiздеушiлерінің бірі, оның көркемдік басшысы.
Қоғамның жоғары бағасын алған осы жобаға Қазақстан Республикасы мемлекеттік театрларының үздік актерлері қатысты.
А.Мұхамедиұлының шығармашылық жұмыстар тізімі
“Көктем”, “Шаттық” марштары
“Фанфара” салттық марші
“Жайна”, “Астана” әні
“Асыл сезім” әні
“Достарым” әні
“Елбасы” әні, сөзі М. Қасымбековтікі
“Анажан” әні,сөзі М. Қасымбековтікі
“Біздер біздер” әні
“Гимн ҚАЗҰУ” әні
“Бақыт құсы” вальсі
“Алматы таңы” вальсі
“Великий Шелковый путь под эгидой ЮНЕСКО” Халықаралық фестивальдің сценарист-режиссері, Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде
Вашингтон қаласында Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндерінің ұйымдастырушысы, Нью-Йорк (2004 ж.)
Мәскеу қаласында өткен “Наурыз” концертінің сценарист-режиссері (2004 ж.)
Алматы қаласында өткен ШСҰ-ның Халықаралық фестивалінің сценарист-режиссері (2005 ж.)
Киев қаласында өткен Қазақстанның өнер шеберлері гала-концертінің сценарист-режиссері (2006 ж.)
Мәскеуде өткен “Мы одна семья” гала-концертінің сценарист-режиссері (2005 ж.)
Астана қаласының мерейтойларына арналған мерекенің сценарист-режиссері
“Сокровища древних курганов”, “Золотой воин” алғашқы көрмелерінің ұйымдастырушысы (Санкт-Петербор, Москва, Сен –Диего, Хьюстон қалаларында).
Қазақстанның ұлт театры – бірінші кәсіби қоғамдық театрының көркемдік басшысы
“Творческие открытия” фестивалінің авторы жәнережиссері
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы № 766 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды.
Мәдениет министрі «Мәдениетке» қандай еңбек сіңірді?…
Сарапшылар Мәдениет министрінің мәдениеттілігін әртүрлі бағалайды. “Азаттық” радиосының қызметкері Асылхан Мамашұлы тілдескен қайраткерлерлер былай депті:
“Актер Асанәлі Әшімов министрдің жұрт көзіне іліккен әрекеттерінің бірін – әнұран айтып тұрған спортшыны телефонмен сөйлесуге мәжбүрлегені деп есіне алды.
– Илья Ильинге кімнің телефон соққаны белгілі. Назарбаев жұмсаса, әнұран түгілі Құран оқылып жатса да апарады, – дейді ол.
Сарапшы Айгүл Омарова Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын министрліктің ісіне көңілі толмайтынын айтады.
– Министрлік кино, балет, тағы да басқа салалардағы отандық өнер шеберлерін халыққа насихаттамайды, қазақстандық көркемфильмдерді телеарналардан көрсетпейді, – дейді ол.
Алайда жазушы, мәдениетжәне спорт министрлігіндегі көркемдік кеңес мүшесі Дулат Исабеков бұл пікірмен келіспейді.
– Отандық кинофильмдерді телеарнадан көрсету керек дегенді қолдаймын. Бірақ ондай құзырет мәдениетжәне спорт министрінде жоқ. Өйткені телеарналар басқа министрлікке қарайды, – дейді ол”.
Арыстанбек Мұхамедиұлының «өзімен сыйлас екенін» алға тартқан Дулат Исабеков «оның қызметінің саяси қыры туралы айтқым келмейді, ол – сірескен шенеунік мінезін бойына жұқтырмаған адам» деп қана сипаттады. Осыдан-ақ, мәдениет саласына ұзақ жыл қызмет етіп, мәдениетті қасиеттерді қаншалықты бойына дарытқанын аңғартады.
«Әлиев» – тегінен неге бас тартты?
Бір кездері Арыстанбек Мұхамедиаұлын Елбасының экс-күйеу баласы Рахат Әлиевтің тегі лауазым жолында жоғарылауына түрткі деген дерек шыға бастады. Әрине, ресми емес. 2008 жылы ректор болып тағайындалуымен тұспа-тұс келген тегін ауыстыруының өзін жұрт сан-саққа жүгіртті. Министр бұл жағдайды 2007-2008 жылдардағы саяси оқиғалармен байланысы бар деп жылы жауып қойды. Бірақ, нақ сол кезде (2007 жылы) Рахат Әлиевтің сырттай 40 жылға сотталуы және А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты халықаралық іздеу жарияланған күдіктілер қатарына қосылуы «Әлиев» – тегінен бас тартуына түрткі болған секілді. Бұл тегі енді ғана тағайындалған ректорлық қызметіне және алдағы мансап жолына кедергі болуы бек мүмкін еді. Ал, жоғарылау үшін жоғарыдағымен жақсы қатынаста болу заңды құбылыс.
«Азаттық» радиосындағы бір мақалада Арыстанбек Мұхамәдиұлының бір студентке орынсыз шүйліккендігі жайында былай деп жазған-ды:
- Арыстанбек Мұхамедиұлының есімі 2011 жылы тағы бір шетін оқиғаға қатысты аталған. Сол кездері президент әкімшілігінің жетекшісі болған Аслан Мусиннің әйелі Гүлбану Үкетайқызы өнер академиясында өткізген шеберлік сабағы бірінші курс студентінің сөгіс алуымен аяқталған. Шеберлік сабағына қатысқан ректор Арыстанбек Мұхамедиұлы байқаусызда күлген студентке сөгіс жариялап, ол оқиға жұрт арасында көп талқыланған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2013 жылы президент Назарбаевтың 73 жылдығы тұсында тағы бір рет дауға қалады. Алматы облысы Текелі өңірінің екі шебері Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап ұзындығы 73 метрлік сырмақ тіккен. Оны Арыстанбек Мұхамедиұлы алдырған, бірақ сырмақ президентке жетпеген. Ісмерлердің айтуынша, оны президенттің жиені Айсұлтан Назарбаевтың үйлену тойына апарып жайған. Шеберлер «Арыстанбек Мұхамедиұлы еңбегімізді Елбасыға жеткізер деп үміттендік, сырмақ сонда қалды» деген.
Ал екі шебердің еңбегін Елбасыға айтудың реті келмегенін түсіндірген Арыстанбек Мұхамедиұлы «сырмақтың суреті мен сипаттамасын президент әкімшілігіндегі кейбір қызметкерлерге жіберіп, хабар күтіп отырғанын» «Азаттық» тілшісіне хабарлаған. Ақыры ол сырмақтың президентке жеткен-жетпегені белгісіз күйде қалған.
Соңғы шыққан шу сол ректорлық қызметтегі жылдарына қатысты. Сол кездегі Өнер Академиясының студенті Еңлік Сыдықовадан бастап, тағы 4 әйелдің оны өздеріне «қырындады» және көңілдесі болуға көндірмек болды деп айыптауы, халық әртісі Т.Жаманқұловтың қыздарға болысамын деп өзінің басының іске шатылуы, оған А. Мұхамәдиұлының аяқасты «қамқор» бола қалуы біздің қоғамның бет-бейнесін біраз айқындап тастағандай. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Сонда қазақтың жылдары бойы тірнектеп жиған байлығы жемқорлардың бүйірін бұлтитып, оған шенділер кепілдік беріп, талан-таражға түсе бере ме? Бұл дегенің қоғамды анық басыну ғой.
Мөлдір Байбуринова &Нұртаза Шоқатаев
Парақшамызға жазылыңыз