//

Назгүл Қожабек: Ішкі мазмұн жоғалған жерде сыртқы форма бірінші орынға шығады

3640 рет қаралды

Сувенир. “Ұлттық рух”


14317587_1072346839517830_8110881620968221590_n
Ішкі мазмұн жоғалған жерде байға тимеген қыздар “ақ орамалды ару” болып флэшмоб жасайды, алайда, “үкілі ару” деп флэшмоб жасау біреуінің ойына келмейді, өйткені гендік санадағы қыз баланың үкісі ұмытылған, қазір қазақ қызы, қазақ әйелі болудың, жоқ, болып көрінудің белгісі – әйтеуір жаулық салу дейді.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде ұзатылып бара жатқан қыз қосетек көйлек киеді, өйткені ол қазақша, бірақ, оның қаншалықты жасанды екенін білмейді, өйткені сыртынан қазекей кимейді, ал қазақ салтында әйел адам жалаң көйлекпен жүрген емес.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде әйтеуір оюлы нәрсені үстіңе жабыстырып алу – қазақтықтың белгісі болып көрінеді.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде – үйіңді оюлы көрпешеге толтырып қою қазақ болудың белгісі көрінеді.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде еркектерің атқа әйтеуір мінгенін мақтан етіп, ердің қасынан ұстап отырып суретке түседі. Бірақ, аттың үстінде тізесі дірілдеп отырады.

0_4Ішкі мазмұн жоғалған жерде киіз үйге еңкейіп кіруді ұмытқан жұрт пәтерінің төріне киіз үйдің кішкентай макетін бәленбай ақшаға сатып алып қойып қойғанын мақтан тұтады.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде баламызға “доча, сына” деп сөйлейміз де, баламыздың қазақша сөйлей алмайтынын министрліктен көреміз.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде министрлік те білімнің мәнін әріп тануға ғана апарып тірейді.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде үйлену тойында келініне шай құйғызған қазақтарға “неғып қымыз құйғызбайсың” деп тисетіндер шығады. Иә, қазақтар қымыз ғана ішкен. Бірақ, көбіміздің аузымыз сол аққа сол тойда ғана тиеді.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде “қазақ сөйтпеген, бүйтпеген” деген әңгіме көбейеді, өйткені, қазақтың шынымен нені өйтіп, нені бүйткенін ұмыта бастағанбыз, өйткені, гендік сана өше бастаған.

56f82c554b8e66e73556c296cb4bd358Ішкі мазмұн жоғалған жерде қазаққа тек бар жақсылықты теліп, адамзатқа тән жаман қасиеттерден ада халық етіп көрсеткіміз келеді. Өйткені, тентегін тезге салып, арсызын тізгіндеп отырған даналық гендік санамыздан өше бастаған. Қазақтың бойынан жалпы адам баласына туа бітті тән жаман қасиет байқасақ, оны бұрын болмағанға сайдыра саламыз, өйткені, онымен қазір қалай күресуді білмейміз, ұмытқанбыз, есімізге түсіре алмадық.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде әйелдің басындағы орамалын ғана көргіміз келеді, ал көзіндегі мұңды, не болмаса, сол көзінде от жоқ, өлген қойдың көзіндей солғын жанарын көргіміз келмейді…

Ішкі мазмұн жоғалған жерде, төрімізде қымбат домбыра ілулі тұрады, балаларымызға зорлықпен домбыра үйретеміз, өйткені қазақ домбыра тарта алмауы – ұят.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде көп әйел алу, әмеңгерлік сынды салттарды жаңғыртқымыз келеді, тек оның ішкі жауапкершілігін ұмытқанбыз, қазақ болу деген – көп әйел алып, жесір жеңгесіне үйлену деп ойлаймыз.

Ішкі мазмұн жоғалған жерде ұттық рух, намыс, ар – бутафорияға айналады. Бәріміздің үйіміздің

index4төрінде тұр ұлттық рух. Сувенир болып. Анда-санда шаңын сүртіп қоямыз. Кейде, қатты-қатты шаң басып бара жатса, жаңа символ, жаңа сувенир ойлап табуға тырысамыз.

Міне, кеше де жаңа біреуін ойлап тапқан сияқтымыз. Q сувенир. Алдағы бір жылға ұлттық рухтарыңның жаңа символы, жаңа сувенирлерің құтты болсын. Анда-санда шаңын сүртіп отыруды ұмытпаңдар

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар