Желтоқсан – қазақ тарихында аса маңызды рөлге ие ай. Бұл айда осыдан 30 жыл бұрын қазақ жастары қылышынан қан тамған, жарты дүниені дірілдеткен алып империяға қасқайып қарсы тұрды. 70 жыл бойы бүкіл әлемнің жарты қожасына айналған, адам мен оның тағдырынан эксперимент жасаған, қызыл террордың әрекетіне келіспейтіндігін білдіретіндерді турап тастап отырған империяның көбесі сөгіліп, іргесін ажыратуға – осы бір қазақ жастарының алаңдағы ерлігі бастау болады деп ешкім ойламады. Ойламаса да, 32-33 жылдардың аштығы, 37-38, қайта айналып 54-59 жылдары соққан саяси репрессия, зұлмат соғыстан құр сүлдері қалған Қазақ ұлтының бұл соңғы тұяқ сермеуінен олар қатты сескенді. Сол үшін де ештеңеден ешкімнен қаймақпастан “Метель” операциясын осы бір бейбіт шеруді басуға пайдаланды. Қазақ жастарын қан қақсатты. Алаңға жиналған жастардың санына қатысты нақты дерек күні бүгінге дейін айтылмаса да, әртүрлі дерек көздері алаңда 10 мыңнан бастап 100 мыңға дейін жастар жиналды деген мәлімет келтіреді.
Шетелдіктер, тіпті посткеңестік елдердің басым көпшілігі – “Желтоқсан” оқиғасын Совет одағының шаңырағын шайқалтқан ұлы көтеріліс ретінде бағалайды. Мәселен www.eurasianet.org сайтының Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай жариялаған “Kazakhstan: A look back at the Zheltoksan Protest a Quarter-century ago” атты мақаласында “Желтоқсан Совет одағының құлауына алып келген ереуіл, қазақтар бұны мақтаныш тұтады” делінген.
Иә, Советтер одағының келмеске кетуіне жол ашқан, азаттық идеясының алғашқы жаршысы – “Желтоқсан” оқиғасына биыл 30, тәуелсіздігімізге – 25 жыл. “Желтоқсан” оқиғасынан кейін Советтер одағы ұзаққа бармады. Бар-жоғы 5 жыл, бес жылдан кейін алып империяның жұрнағы да қалмады. 15 азат және тәуелсіз республика бой көтерді. Осы Тәуелсіздіктің жаршысы болған – Желтоқсан батырларына мың тағзым. “Желтоқсан” оқиғасына қатысушыларды “хулигандар”, “алқаштар”, “нашақорлар”, “ұлтшылдар” деген теңеулерден аршып алу үшін 1989 жылы Кремльдегі пленумда басын бәйгіге тігіп, “Желтоқсан” оқиғасын зерттеуге тәуелсіз комиссия құрылуын талап еткен ақын, қоғам және мемлекет қайраткері – Мұхтар Шаханов “Халық қаһарманына” лайық. Мұхтар ағаға да мың тағзым. Бүгін атқан азаттық таңы – Тәуелсіз елімізге де мың тағзым. Қазақ елі – мәңгілік жасай берсін!
“Мінбер”
https://youtu.be/FPDfoDdkbbU
Парақшамызға жазылыңыз