Жақында Тараздық кәсiпкер Ерлан Сәди Фэйсбук желiсiнде жергiлiктi құқық қорғау органдары тарапынан өзiне көрсетiлген қысым мен заңсыздықтар туралы бейнебаян жариялады. Бейнебаян Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарының кепiлi боп табылатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиге, Бас прокурор Жақып Асановқа және Атамекен кәсiпкерлер палатасының алқа төрағасы Құлыбаев Тимурға бағытталған. Онда кәсiпкер аты аталған лауазымды тұлғалардан араша сұраған.
Бұған дейін оның компаниясы Тараз қаласындағы этномәдени орталықтың құрылысын толықтай жүргізген екен. Алайда, бизнеске негізделген компанияның пайда табуына болмайды деп жаңалық ашқан прокурорлар кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғап, оны шартты түрде 5 жылға соттаған.
– Екі шаруашылық нысанының арасындағы азаматтық-құқықтық дауды Тараз қаласының прокуроры қылмыстық іске айналдырып жіберіп, менің үстімнен іс қозғады. Бұл менің конституциялық құқықтарымды таптау және бизнесіме көрсетілген қысым, – дейді кәсіпкер.
Жекеменшік компания болғандықтан атқарған жұмысы үшін пайда да тауыпты. Алайда, прокурорлар оның тапқан пайдасын мемлекеттің қаржысын жымқыру деп түсініп, дереу абақтыға жабады.
“Прокурордың пікірінше, бизнес деген тек келтірілген шығынды жабумен шектелу керек. Ал, оның үстінен кәсіпкер бір тыйын пайда көрсе, онда ол сеніп тапсырылған қаржыны жымқырған қылмыскер болып шығады. Сонда оның несі бизнес? Кәсіпкер пайда таппаса не үшін жұмыс істеуі керек? (…) Сотқа дейінгі тергеу амалдары өте өрескел заңбұзушылықпен жүргізілді. Тергеушілер мен судьяның заңсыз әрекеттері салдарынан мен 7,5 ай бойы тергеу абақтысында қамауда отырдым. Артынша мені Тараз қаласының №2 соты 5 жылға бас бостандығымнан шартты түрде шектеді. Тергеу абақтысында жатып мен өзімді және туыстарымды қорғау мүмкіндігінен айрылдым. Апелляциялық комиссия мені ақтаудың орнына керісінше, үкіміме тағы 2 жыл қосып берді. Менің әрекеттерімде қылмыстың иісі де шықпайды. Не прокурор, не сот менің заңды шағымдарыма мардымды жауап бере алмады. Енді бұл аздай, өзін жәбірленушімін деп есептеген екінші кәсіпкер – құрылысты жүргізуге тапсырыс беруші әйел менің үстімнен Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріпті. Ол менің 7 жылға сотталғанымды аз көріп, жазаны қатаңдатуды сұрап отыр. Ал, егер сот әділдік танытпаса мен өзімді өртеуге мәжбүрмін”, – дейді Ерлан Сәди.
Ерлан Сәдидің оқиғасын саралаған заңгер Марат Ахмадидің айтуынша, Тараз қаласының прокурорлары заңды белшесінен басып отырған көрінеді.
– Істiң мәнiне келер болсақ, 2013 жылы Ерлан Сәди директоры болып табылатын құрылыс фирмасы мен дара кәсiпкер арасында келiсiмшарт жасалады. Келiсiмшарт бойынша құрылыс фирмасы алдын ала келiсiлген сомаға этно мәдени орталық ғимаратын салып бермек болып келiседi. Жұмыс барысында екi тарап арасында келіспеушілік туындайды. Негiзi мұндай даулар кәсiпкерлiкте жиi болып тұратыны белгiлi. Тараптар мұндай дауларын өзара келiсiп, ымыраласып шешуге тырысады, тiптi болмағанда азаматтық iстер қаралатын соттың төрелiгiне жүгiнедi. Ал Ерлан Сәдидің дауы қарсы тараптың пәрменiмен және құқық қорғаушылардың көмегiмен насырға шапқан. Сол кездегi қала прокуроры азаматтық құқықтық мәселені қылмыстық статьяға айналдырып қана қоймай, кәсiпкердi жеті жарым ай изоляторда қамақта ұстап, кейiн бес жылға шартты (условно) түрде соттатып жiберген. Азаматтық iстiң күштеп қылмыстық iске айналдыру барысында көптеген өрескел қателiктер мен заң бұзушылықтардың орын алғанына қарамастан апелляциялық шағымды қараған Жамбыл облыстық соты қылмыстық iстi тоқтатып, тараптарды бұл азаматтық дауды азаматтық сотта шешуге жiберудiң орнына, 5 жылға тағы 2 жыл қосып Ерлан Садидi 7 жылға шартты түрде соттау туралы үкiм шығарған, – дейді Марат Ахмади “Мінбер” сайтына берген пікірінде.
Соңғы кезде әділдік іздеп, өзін-өзі өртейтіндердің саны артып келеді. Былтыр осы Тараз қаласында “Нұр Отан” партиясы ғимаратының жанында жас жігіт өзін-өзі өртеймін деп жалын құшса, осыдан бірнеше апта бұрын Астанадағы Бас прокуратура ғимаратында әділдік іздеген әйел өзін өртеп, қайтпас сапарға аттанды. Ал, осы апта басында Шымкентте де өзін әділдетсіздіктің құрбаны болдым деген шымкенттік азамат ОҚО прокуратурасының алдына барып, өзіне өрт қойған болатын. Қазір ол ауыр халде ауруханада жатыр. Сондай-ақ, шымкенттік тағы бір тұрғын өзін қарағандылық кәсіпкерге алданғанын айтып, құқық қорғау органдары көмектеспесе өзін өртейтінін мәлімдеген. Бұған тиісті орындар назар аударып, тағы бір қайғылы оқиғаның орын алмауына әрекет етер деген үміттеміз.
“Мінбер”