Жаңаөзен оқиғасы: Қазақтілді БАҚ көзімен
(«Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттері және «Абай», «Азаттық» сайттары материалдары бойынша)
Кіріспе
Бұл зерттеу Қазақстандағы екі түрлі идеологиялық бағыт ұстанатын қазақтілді газеттер мен қазақстандық контент www.abai.kz сайтымен американдық www.azattyq.org сайттарында 2011 жылғы Жаңаөзен тақырыбының қалай көрініс тапқандығына контент және дискурс анализ жасауға арналды. Біз нысанаға алып отырған екі газеттің біреуі мемлекеттік – «Егемен Қазақстан» газеті, мемлекеттік тапсырыстар қабылдайды. Екіншісі – жекеменшік «Жас Алаш» газеті. Ол мемлекеттен қаржыландырылмайды.
Ал қазақстандық www.abai.kz сайты өзге мемлекеттік ақпарат құралдарымен салыстырғанда, әжептәуір еркін контент тарататындығымен ерекшеленеді.www.abai.kz сайты 2009 жылдан бері ақпарат таратып келеді. Және zero.kz-тегі рейтингі бойынша алғашқы жүздікке табан тірейді (2015 жылғы рейтинг бойынша).
Ал Америка тарапынан қаржыландырылатын Radiofree Europe/Radio Liberty радиосының қазақ редакциясының веб-сайты www.azattyq.org сайты бұл оқиғаға қатысты контентін қандай көзқарас тұрғысынан дайындауы мүмкін? Осы мақсатпен, төрт бірдей ақпарат құралы таңдалып алынды. Негізгі мақсат мемлекеттік және жекеменшік ақпарат құралымен, қазақстандық ақпарат тарату мен шетелдік контенттің өзгешелігін сараптау.
Зерттеуде контент анализ әдісі қолданылды. Сондай-ақ, жекелеген мәтіндерге дискурс анализ да жасалды. 2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның батысы Жаңаөзен қаласында болған еңбек дауының ақыры қарулы қақтығысқа ұласқан болатын. Қақтығыс салдарынан, 15-тей адам қаза тауып, жүзге жуық адам түрлі жарақат алды, қақтығысқа кінәлі біраз адам түрмеге жабылды. Алайда, қоғам «Жаңаөзен шындығының» ашылғанына күмәнді. Сол себепті де, оқиғаға баға берудегі объективтілік пен субъективтілікті таразылау мақсатында, осы зерттеуді қолға алып отырмыз. Аталған газеттер мен сайттарда 2011 жылдың 16 желтоқсанынан 31 желтоқсанына дейінгі аралықта, Жаңаөзен оқиғасына қатысты жазылған мақалалар назарға алынды және мәтіндік тұрғыдан сарапталынды.
Зерттеу нәтижелері көрсетіп бергеніндей, мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газеті «басбұзарлар, бұзақылар» деген терминді жиі қолданса, «Жас Алаш» газеті «Еңбек дауы», «мұнайшылар көтерілісі» деген терминге жүгінеді. Ал, www.abai.kz сайтында оқиғаға баға беруде «Мұнайшылар, бейбақтар, Оралмандар, бүлікшілер, бас бұзар, Адайлар» деген терминдер кездессе, www.azattyq.org сайтында «Мұнайшылар, ереуілшілер, тәртіпсіздік» деген сөздермен шектелген. Сондай-ақ, контент анализге жүгіне отырып, біз аталған ақпарат құралдарының спикерлерін де сарапқа салдық. Жағдайды сараптаған сарапшылардың қай топтың өкілдері екенін анықтауға тырыстық. Сондай-ақ, контент анализ арқылы мақалалардың сипатын айқындауға тырыстық. Ол үшін жағымды, жағымсыз және бейтарап жазылған мақалаларды анықтауды мақсат еттік.
Басы
Қазақстандағы БАҚ тілі немесе сипаты, мақалаларының құрылымы арнайы зерттеу нысанасы тұрғысынан қарастырылып көрген жоқ. Бұған дейінгі зерттеулердің көбі – социологиялық және тілдік, ұлттық бірегейлік, толеранттық бағытында болып келді де, әлеуметтік факторларға қатысты зерттеулер саусақпен санарлық деуге болады. Сондықтан Қазақстанда 2011 жылы 16 желтоқсанда орын алған ірі әлеуметтік қақтығыс тақырыбының БАҚ-тарда қалай көрініс тапқанын зерделеуді жөн көріп отырмыз. Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың Қазақстанның тәуелсіздік мейрамы күні алаңда ереуілге шығып, соңы ірі қақтығысқа ұласқаны, қақтығыс салдарынан 15 адамның бақилық болғаны және жүзге жуық адамның зардап шеккені бүкіл әлемді елеңдеткені анық. Ал оны біздің отандық, соның ішінде қазақтілді ақпарат құралдары қалай сипаттады, оқырманға мәселені қалай жеткізуге тырысты? Мәселені осы жағынан қарастырып көрдік. Қазақстанның ірі мұнай компанияларының басым көпшілігі Батыс Қазақстанда орналасқан. Солардың бірі Қазақстанның ұлттық мұнай компаниясы – ҚазМұнайГаз. Ереуілге шыққан мұнайшылар осы ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы «ӨзенМұнайГаз» компаниясының жұмысшылары.
Зерттеудің мақсаты:
Ғылыми мақаланың мақсаты – еңбек шиеленісінің мемлекеттік және тәуелсіз ақпарат құралдарындағы көрінісін сипаттау.
Біріншіден, Қазақстандағы қазақтілді ақпарат құралдары зерттеу обьектісі ретінде алынған жоқ
Екіншіден, журналистік контент анализ жасалынған жоқ. Бұған дейін, әлеуметтік зерттеу институты қазақ сайттарына контент анализ жасады. Алайда ол әлеуметтік зерттеу нысанына айналды. Әрі жалпылама.
Үшіншіден, Жаңаөзен тақырыбының БАҚ-тардағы көрінісіне талдау жасалды. Алайда, ол орыстілді ақпарат құралдарының материалдарына сүйенді.
Әлемдік, қауымдастық Қазақстандағы БАҚ жағдайын орыстілді БАҚ арқылы таниды. Ал қазақтілді қауымның үнін көп жағдайда біле бермейді.
Сол себепті де біз бұл зерттеуді қолға алып отырмыз.
Аталған оқиғаға қалай сипат берілгенін айқындау мақсатында зерттеуде қазақ қоғамына танымал екі түрлі идеологиялық бағыт ұстанатын қазақтілді газеттер мен қазақстандық контент www.abai.kz сайтымен американдық www.azattyq.org сайттары таңдалып алынды. Мақалалар 2011 жылдың 16 желтосқанынан 31 желтоқсанына дейінгі аралықты қамтиды.
Зерттеу сауалдары:
RQ1: Оқиғаның басты кейіпкерлері (ереуілшілері, мұнай компаниялары, менеджмент және үкімет адамдары) газеттерде қалай сипатталады?
RQ2: Мұнайшылар ереуілінің себебі ретінде қандай факторлар сипатталған?
RQ3: Ереуілді сипаттау барысында мемлекеттік басылым мен тәуелсіз ақпарат құралына ортақ ұқсас жағдайлар мен өзгешеліктер неде?
RQ4: Ереуілді сипаттау барысында қазақстандық контент пен шетелдік веб-сайтқа ортақ ұқсас жағдайлар мен өзгешеліктер неде?
Зерттеудің әдіснамасы:
Зерттеу жүргізу барысында гуманитарлық ғылымдар саласында тым танымал екі түрлі зерттеу әдіснамасын қолдануды жөн көріп отырмыз.Оның бірі – тым ертеден қолданылып келе жатқан контент анализ, екіншісі – дискурс анализ. Зерттеу барысында сандық және сапалық көрсеткіштерге де көбірек назар аударылды.
Контент анализ дегеніміз (ағылшын тілінде контент – мазмұн деген мағынаны білдіреді) – мазмұндық талдау, қоғамдық ғылымдар саласын зерттеуде қолданылатын стандартты методика. Оның зерттеу обьектісі ретінде мәтіндік мазмұн массивтері мен коммуникативті корреспенденцияның өнімдері алынады. Ресейлік зерттеу дәстүрінде контент-анализ мәтіндер мен мәтіндік массивтерді сандық тұрғыдан айқындайды. Контент-анализдің пәлсапалық маңызы мәтіндік материалдың көп түрлілігінен мәтін мазмұнының абстракт моделіне қарай ойысуы. О.Т. Манаевтың айқындауынша, контент-анализ – құжаттардағы әртүрлі фактілер мен тенденцияларды өлшеу және айқындау мақсатында жасалатын сапалы-сандық талдау. Оның айтуынша, контент-анализдің ерекшелігі – құжаттарды әлеуметтік контексте алып қарастырады. Ол газеттердің саяси бағытын айқындау мақсатында зерттеудің негізгі әдісі ретінде қолданылуы, өзге әдістермен қатар қолданылуы (мәселен, БАҚ қалыптасу тиімділігін зерттеуде), көмекші немесе бақылаушы тәсіл ретінде (мәселен, ашық сауалнамаларға берілген жауаптарды классификациялаған кезде) мүмкін. Контент-анализ ең әуелі ХХ ғасырдың 30-жылдарында Америкада әлеуметтік ғылымдарда қолданыла бастаған. Алғашында бұл әдіс журналистика мен әдебиеттану ғылымында қолданылды. Контент-анализдің негізгі процедурасын америкалық әлеуметтанушылар Х. Лассуэлл мен Б. Берелсон жасап шығарған болатын. Контент-анализ әдісінің негізгі мақсаты – зерттеліп отырған объектінің мазмұнының белгілі бір жекелеген бөліктерін нысанаға алып, алынған мәліметтердің квантификациялауға негізделеді.
И. Дмитриевтің пайымына сүйенсек, қазіргі таңда контент-анализдің негізгі процедураларына:
1. Контент-анализдің мағыналық бірліктерінің айқындалуы. Олар:
А) жекелеген терминдерде көрініс тапқан түсініктер;
Б) радиобағдарламаларда, мақалаларда, мәтіндер бөлігінде, бүтін абзацтарда көрініс тапқан тақырыптар;
В) адамдардың аттары, фамилиялары;
Г) оқиғалар, деректер, т.б.
Контент-анализдің бірліктері мазмұнға, мақсат пен міндетке және нақты зерттеудің гипотезіне орай айқындалады.
2. Сараптаманың бірліктерімен сай келмеуі мүмкін есептік бірліктерінің айқындалуы. Бірінші жағдайда процедура айқындалған мағыналық бірліктің қайталануының жиілігіне сүйенсе, екінші жағдайда зерттеуші сараптап отырған материалының негізінде және сарабдал санаға сүйене отырып, есептеудің бірліктерін өзі алға тартады. Олар:
А) мәтіндердің ұзақтығы;
Б) мағыналық бірліктермен толтырылған мәтін көлемі;
В) жолдардың саны (абзацтар, белгілер, мәтіндер бағаны);
Г) радио және ТВ-ден берілген трансляцияның ұзақтығы;
Д) аудио және бейнежазбалар таспасының метражы;
Е) белгілі бір мазмұнға арналған суреттер саны
Біз бұл зерттеуде контент-анализбен қатар жекелеген мәтіндерге дискурс анализ да жасалды.Дискурс-анализдің басты мақсаты кешенді социолингвистикалық әдіс арқылы дискурсты айқындау. Джонатан Поттер дискурс-анализде «негізгі назар қоршаған орта мен қоғамның дискурста жасалған ішкі психологиялық жағдайларына аударылатынын» айтады.
Дискурс – маңыз беру. Дискурс – бұл әлемнің бейнесін әртүрлі тәсілдермен жасауда маңызды рөл ойнайды. Біздің әртүрлі мәселе жайындағы цитаталарымыз, біздің сөздеріміз, әлденені сипаттауымыз, басқа адамдарға белгілі деңгейде әсер етеді. Сол арқылы біз айналамыздағылардың қабылдауы мен түсінігіне ықпал етеміз, сөйтіп біздің шынайы өміріміз бен өзгелердің, әлеуметтік әлемнің санасында көрініс табуына (дискурс жасауға) ықпал етеміз. Дискурс-анализдің бастауы – гуманитарлық білімнің әртүрлі саласына қатысты (әлеуметтік психология, лингвистика, социология, философия). Қорыта айтқанда, дискурс-анализ – мәтіндердің құрылымдық-семиотикалық зерттеуі және оның тыңдаушыға/оқушыға тигізер әсерін айқындау. Мәтіннің жасырын мәні зерттеледі.
Зерттеу нәтижесі:
Мерзімді баспасөз
Онлайн басылым
«Егемен Қазақстан» және «Жас Алаш» газеттері бойынша:
Аталған аралықта Жаңаөзен оқиғасы тақырыбында жарық көрген мақалалар мен ақпараттардың барлығы назарға алынды. Барлығы – 106 мақала, оның – 76-cы «Егемен Қазақстан» газетінде, 30-ы – «Жас Алаш» газетінде жарық көрген. Яғни, «Жас Алаш» газетінде «Егемен Қазақстанмен» салыстырғанда үш есеге жуық аз мақала басылған. Бір қызығы, «Егемен Қазақстан» газетінде мұнайшылардың Жаңаөзен оқиғасына дейінгі мұнайшылар ереуілдеткен жеті айда жарық көрген мақалалар саны әлдеқайда аз. Бұл ретте ескеретін жағдай «Жас Алаш» газетінің мерзімділігі «Егемен Қазақстанмен» салыстырғанда әлдеқайда аз. Аптасына – екі рет. «Егемен Қазақстан» газеті – аптасына бес рет жарық көреді. «Егемен Қазақстан» газеті оқиғаның алғашқы күнінен-ақ әртүрлі әлеуметтік топтар өкілдерінен хаттар ұйымдастырғандығы байқалады. Олар: ғалымдар, академиктер, жазушылар, қоғам қайраткерлері, т.т. Мақала авторларының көбі – болған оқиғаға мұнайшыларды кінәлайды, олардың мақалаларында оқиғаға өкінушілік, қоғамға басу айтушылық, ақылгөйсу басым.
Ал «Жас Алаш» газетінде керісінше мұнайшылардың әрекетін жағымды етіп сипаттау басым.
Жарияланымдар сипаты
Бұл ретте біз жарияланымдар сипатын төмендегі критерийлерге сүйене отырып жасадық.
Баға беруде қойлытаны негізгі талаптар
Жағымды::
• Әлденені не әлдекімді жағымды қабылдауды қалыптастыратын жалпы ниет
Бейтарап:
• Этикаға сай, алауыздық тудырмайтын лексиканы қолдану
• Объективті сараптамалық баға беру
Жағымсыз:
• Субъективті баға беру
• Әлденені не әлдекімді жағымсыз қабылдауды қалыптастыратын жалпы ниет
• Ирония немесе сарказм секілді әдіс-тәсілдерді қолдану
• Алауыздық, шеттету тудыратын сипаттағы сөздер
• Ксенофобия сезімін тудыратын, күш көрсетуге, зорлық-зомбылыққа, ұлтаралық, нәсілшілдік және тағы басқа қақтығыстарға шақыратын сөздер
• Әлденені немесе әлдекімді мақсатты түрде төмендету
Біздің көздеп отырған нысанамыз Жаңаөзендегі 2011 жылғы – желтоқсан оқиғасы болғандықтан, газеттер немесе онлайне басылымдар әлеуметтік шиеленіске қандай көзқарас тұрғысынан баға берді. Жағымды – бұл Жаңаөзен оқиғасын жағымды етіп сипатталған жағдайда қарастырылды. Жағымсыз – керісінше, Жаңаөзен оқиғасын жағымсыз тұрғыдан сипаттау, бейтарап, ешкімге де, ештеңеге де баға бермеу, тек оқиғаға қатысушылар, сарапшылар арқылы оқиғаны баяндау. Сондай-ақ, оқиғаны жағымсыз тұрғыдан сипаттай отырып, жұртшылыққа ақыл берген, мақалаларды да жеке қамтуға тырыстық.
Диаграммаға сүйенер болсақ, «Егемен Қазақстан» газеті бойынша, жағымды сипаттағы мақалалар жоқ, жағымсыз – 35, ақыл айтушылық – 27, бейтарап – 1.
«Жас Алаш» газетінде – жағымды – 15, жағымсыз – 3, ақыл айтушылық – 1, бейтарап – 13.
«Жас Алаш» газетіндегі мақалаларда жағымсыз мақалалар жоқтың қасы. Газет толығымен ереуілдеген жұмысшыларды жақтайды. Ақыл айтушылық әділетсіз билікке қарсы жазылған. «Егемен Қазақстан» газетіндегі ақыл айтушылыққа қарама – қайшы.
Біз арнайы түрде екі газеттегі спикерлерді салыстырдық әрі олардың қандай топ өкілдерінен екендігін анықтадық. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінде 68 спикер кездессе, «Жас Алаш» газетінде 71 спикер кездеседі, біз авторларды да қоса есептедік. Олардың арасында «Егемен Қазақстан» газетінде мемлекеттік органдар өкілдері – 37-ге жетсе, «Жас Алаш» газетінде ол біршама аз – 13. Керісінше, қоғамдық-азаматтық сектор – «Жас Алашта» – 58, «Егемен Қазақстанда» –22.
Кестеден көріп отырғандарыңыздай, оқиғаға баға беру екі түрлі сипатта өрбиді. «Жас Алаш» газеті объективті түрде баға беруді мақсат тұтса, «Егемен Қазақстан» газеті мұнайшыларды кінәлайды және оларды жағымсыз түрде сипаттайды. Журналист тарапынан тікелей баға беру, тұжырым жасау басым. Дейтұрғанмен, «Жас Алаш» газетінде де журналистік этикаға қайшы, жарияланымдар ұшырасып қалады. Мәселен, «Жас Алаш» газетінің 2011 жылғы 27 желтоқсандағы санында Кенже Шыңғысбектің «Жанды ауыртқан Жаңаөзен» оқиғасы атты мақала жарық көрді. Мақаланың аты айтып тұрғандай, бірден мақала субьективті көзқараста, мұнайшылар ереуілін ақтау, оған қарсы оқ атқандарды даттау мақсатында жазылып отыр. Мақаланың бірнеше тақырыпшаларға жіктелген. Мәселен, «Жан түршіктірер жағдай», «Оқиға алдын-ала ұйымдастырылған ба?», «Халыққа қарсы оқ атуға кім рұқсат берді?», «Төтенше жағдай… Төтенше тонау», «Ертісбаев Мәсімовті сынға алды», «Құлыбаев пен Көшербаев креслоларымен қоштасты», «Жаңаөзен оқиғасы сайлауға да әсер етеді», яғни алғашқы тақырыпшадан өзгелері хабарлама сипатында жазылған. Ал алғашқысы бірден оқиғаға баға беруді көздейді. Иә, тақырыбы да, тараудың ішкі мазмұны да журналистің тек біржақты сипаттамасымен, оқиғаға өз пікірін таңуымен жазылып отыр. Сондай-ақ, тарау барысында жеке басқа тиісушілік, этикаға қайшы келетін мысалдар молдап кездеседі. Мәселен, сол жылдары ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның өкілі қызметін атқарған Олжас Сүлейменов туралы журналист: «ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның өкілі, кешегі күнге дейін көпшілік «арқалы ақынымыз” деп көкке көтеріп келіп, бірақ соңғы кездері ұлтымызға қарсы пікірлері үшін қасықтап жиналған абыройы шөміштеп төгілген Олжас Сүлейменов. Орысша ойлайтын ақынды көпшілік орыс тілінде «Алжас” деп атап жүр еді, сөйтсек Алжасымыз алжасып, бір «0”-ді артық қосып жіберген екен, артынан кешірім сұраған болды» деген сөйлемдер кездеседі. Біріншіден, журналист Олжас Сүлейменовтің жеке басының абыройы мен беделі туралы сөз қозғамауы керек. Оған өзге жұрт, оқырман баға берсін. Екіншіден, «алжасу» деген ұғымның қазақ тілінде кез келген адамның намысына тиіп, жеке басын қорлайтындығын этимологтар түгілі, қарапайым қазақтар да біледі. Демек, мақалада сарабдал сараптама жоқ. Көбіне көп эмоция басым. Ал жалпы оқиғаның неден өрістегенін, жанжалдың тууына не себеп болғанын автор тағы да сараптамайды, өз тарапынан тұжырым жасайды. Билікті біржақты сынайды «Бірақ, Желтоқсан оқиғасында да, 1989 жылғы жаңаөзен оқиғасында да халыққа қарсы оқ атылған жоқ. Ал, өз билігіміз өзімізге тигенде, өз халқымызға қарсы оқ аттық». Бірақ, мұндай тұжырымдарды айту үшін журналист әуелі бұлтартпас дәлелдер мен дәйектерді көлденең тартуы керек. Егер ондай дәлел, дәйектері болмаса, сарапшыларға сөз беруі тиіс. Екінші тарауда журналист «Оқиға алдын-ала ұйымдастырылған ба?» деген сауал тастайды. Автор бұл тарауда «Жас Алаш» газетінде бұған дейін жарияланған бір ақпаратты көлденең тарта отырып, биліктің бұл ақпаратты көзге ілмеуінен оқиғаның осылай дамуына мүдделі болуы мүмкін деген болжам жасайды. Ал үшінші тараудың интригасы тым басым. «Халыққа қарсы оқ атуға кім рұқсат берді?» деген сауалға жауап іздеген автор бұл жолы да өз бетінше түйін жасап, тұжырым айтудан аулақ. Оқ атушылардың кім екенін анықтау үшін интернеттегі жазбаға сүйенгенін және биліктің осыған қатысты ресми мәлімдемесңін таразыға салғанын айтады. Яғни бұл тарауларда автор журналиске қойылар талаптарды мейлінше сақтауға тырысқан.
Жалпы, мақаланы контенттік тұрғыдан талдай отырып, журналистік талапқа сай емес біраз пікірлердің куәсі болдық. Мақала соңында автор оқиғаға атқарушы биліктің кінәлі екендігін шегелеп айтады. «Демек, бұл жерде оқиғаның алдын ала алмаған Үкіметті кінәлауға толық негіз бар» делінген онда. Дәл осындай бір жақты сарынмен жазылған, «Егемен Қазақстан» газетінің бір мақаласын талдап көрейік.
«ЕҚ» газетіндегі мақалалар биліктің бұл оқиғаға мүлдем қатысы жоқ, әлдебіреулердің арандатуымен болды деген идеяны ұстанған. Әрі әр санында елді, халықты, Жаңаөзен тұрғындарын елдікке, татулыққа үндеген ұрандар мен лауазымды, белгілі тұлғалардың ақыл айту хаттарын ұйымдастырып отырған.
Газетте жаңаөзендіктерге ағалық ақылын айтып, бірлікке үндеген, бұл оқиғаны арандатушылық деп бағалайтындар саны елуден асады. Қоғам және мәдениет қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің «Ел татулығына енжар қарауға болмайды!» атты мақаласы жарияланған: «Маңғыстау маңы маған жақ¬сы таныс. Қашанда жауапкершілікті жоғары сезінген аймақ. Татулығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп, географиялық жағынан да, әлеуметтік жағынан да алдыңғы қатардан көрініп жүрген елді-мекен. Бірақ, Жаңаөзеннен түсірілген бейнетаспаны көріп, өте күйінішті әсерде қалдым. Мұндай күйрету, қирату, бүлдіру сияқты әрекеттерге ештеңеге жаны ашымайтындар ғана бара алса керек. Өз қолыңмен жасалған ғажайып ел игілігін өзіңнің бүлдіруің ешқашан және ешкім де кешірмейтін күнә әрі өкініші бітпейтін қасірет.
Бұл оқиғаның мерекеге сәйкес келуіне, менің ойымша, өзге күштердің ықпалы бар сияқты. Жастар солақай күштің құрбанына айналып отыр. Мұндай жағдайда жастарға айтатын орынды сөз табылуы керек. Олардың өмірі әлі алда, сондықтан арандатушылыққа бой алдырмай, өз-өздеріне берік болғаны дұрыс. Мұндай ақылшыларға еліңнің де, жеріңнің де, тіпті өзіңнің де құ-ның көк тиын. Оларға арам ойын іске асырса болғаны. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» – деген дана-гөй бабаларымыз. Өз жерің мен өз еліңе және халқыңа шынымен жаның ашыса, оның көгеріп-көркеюіне үлес қос. Ашуға емес, ақылға бейім тұр, ақылдың айтқанын істе. Сонда бәрі де түзеледі.Ел татулығына ешқашан енжар қарауға болмайды!» делінген осы бір шағын үзіндінің өзінен атақты актердің мәселенің, еңбек дауының түйінін шешілмеген әлеуметтік проблемалардан іздемей, сыртқы бір арандатушы күштерге сілтеуі де ойландырады. Яғни, «Егемен Қазақстан» газеті мақалаларының сипатынан-ақ, ақпаратты объективті түрде таратуы тиіс БАҚ-тың миссиясынан әлдеқайда өзге бағытқа бет алғанын аңғару қиын емес. «Егемен Қазақстанның» оқиғаны сипаттаудағы миссиясы – үгіт, насихатқа қарай бұрылғанын аңғарамыз.
www.abai.kz және www.azattyq.org сайттары бойынша:
2011 жылдың желтоқсан айының 16-31-і күндері «Азаттық» радиосының веб-сайты мен «Абай» сайтында барлығы 38 мақала жарияланған. Оның – 31-і www.azattyq.org сайтында, 7-уі www.abai.kz сайтында жарық көрген. Яғни, «Азаттық» радиосында жарияланған мақалалардың саны «Абай» сайтындағы мақалалардан 4 есеге дейін артық.
Сонымен, www.abai.kz және www.azattyq.org сайттарына мәтіндік және дискурстық талдау жасай отырып, ондағы кездесетін бағалаулар мен спикерлердің қамтылуын төмендегідей сипаттауға болады:
Жарияланымдар сипаты:
Демек, www.abai.kz те, www.azattyq.org сайты да мәселені бейтарап тұрғыдан қарастыруды жөн деп тапқан. Ақыл айтушылық «Абай» сайтында кездеседі, алайда, бұл авқыл айтушылық билікті жақтайтындардың қарапайым көпшілікке қарата айтқан ақылы емес, әдебиет қайраткерінің билікке қарата айтқан ақылы. Демек, «Абай» сайты «Жаңаөзен» оқиғасын барынша объективті тұрғыдан сипаттауға немесе еңбек дауының биліктің қырсыздығынан болғандығын дәлелдеуге тырысады. «Азаттық» радиосының сайтындағы мақалалардың барлығы дерлік бейтарап тұрғыдан, тараптардың жан-жақты сараптамасынан кейін эфирге шығып отырған. Мақалаларда спикерлерді мейлінше мол қамту көзделеді.
Сол себепті де, біз нысанаға алған 4 басылымның ішінде спикерлері аса көп (86) онлайн басылым да осы – «Азаттық» сайты болып отыр.
Дискурс анализ
Сондай-ақ, газет журналистерінің де оқиғаға баға берудегі қолданған лексикаларына дискурс анализ жасалды. Мәселен, «Жаңаөзен оқиғасын» сипаттаудағы «Егемен Қазақстан» газеті мен «Жас Алаш» газетінде қолданылатын лексикондар:
Кестеден көріп отырғандарыңыздай, «ЕҚ» газеті ереуілге шыққан мұнайшыларды біржақты кінәлауды мақсат етеді. Олар – еңбек дауын басқаша сипатта, арандатушылық мақсатта, сыртқы күштердің әсерінен орын алған оқиғаға теңейді. Сондай-ақ, жекелеген мақалаларда жаңаөзендік мұнайшылардың алып отырған жалақысын аса жоғары деңгейде көрсететін де жағдайлар кездеседі. Алайда, мұнайшылар бұл мәліметтермен келіспейді.
Мұнайшылар ереуілін бағалау тұрғысынан «Абай» сайты мен «Азаттық» сайтында белгілі бір ұқсастықты байқаймыз. Ол мұнайшылардың ереуіліне жағымды баға беру. Бұл тұрғыдан «Азаттық» сайтының мақалаларының 99 пайызы бейтарап пікір ұстанғанымен, сарапшыларының дені оқиғаға билікті кінәлі деп табады. «ЕҚ» газетінде оқиға үшін билік тарапын сынайтын бірде-бір мақала немесе сарапшы кездеспесе, «Жас Алашта» керісінше оқиғаны биліктен көріп, биліктің ит терісін басына қаптайтын жағдайлар жиі орын алған. Ал «Абай» сайтындағы 7 мақаладан еңбек дауын жағымды сипаттауға деген талпынысты анық көреміз. «Азаттық» сайты таразының екі басын тең ұстап, екі жақтың да сарапшыларын тартады. Сонымен, екі сайттың мұнайшыларға берген бағасына назар аударып көрелік.
“Абай» сайтында – ереуілшілерді «оралмандар» және «Адайлар» деп баға беру талпынысы байқалады. Әрине, бұл екі баға беруде ащы сарказммен айтылып отырғанын аңғару қиын емес. Біріншіден, «оралмандар» – алыс-жақын шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтар. Оқиғаға оралмандары кіналау үрдісі шенеуніктер тарапынан басталды. Бұл олардың арықарайғы құқықтық-нормативтік мәселелеріне кері әсеріне тигізді. Екіншіден, Жаңаөзендегі ірі рудың аты – Адай. Оқиғаға рулық сипат беруге талпынушылық та, елдегі еңбек қақтығысын объективті түрде бағалай алмаудың салдары.
Сол секілді газеттердің ұстанған бағытын оқиғаны суреттеген журналистердің сарапшыларға қойған сауалдарынан да аңғару қиын емес. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінде Қорғанбек Аманжолдың «Ол жолғы оқиғадан бұл жолғы бүлік басқа» мақаласында Құрметті ардагер, мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевке қойған сұрағында тілші «Ал енді Жаңаөзендегі жүгенсіздіктер жөнінде не айтасыз?» деген. Бұл жерде көзге бірден екі бірдей бағалау ұшырасады. Бірінші, мақаланың тақырыбының өзі еңбек жанжалын «бүлікке» теңейді. Екіншіден, сауалдың өзінде «жүгенсіздік» деген сөзді қолдану арқылы өз тарапынан баға беруге талпынушылық байқалады.
«Жас Алаш» газетіндегі Болат Әбілев: «Билік өз халқына автоматтың қарауылы арқылы қарауға дағдыланып барады» атты мақалада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілевпен әңгімелескен Меруерт Хусаинова «Маңғыстаудағы еңбек жанжалының түйіні тарқатыла ма? Әлде шиеленісе бере ме?» деген сауал қояды. Яғни, бұл ретте де журналистің немесе газеттің көзқарасының бейтараптылығы айқын көрініп тұр.
Демек, біз нысанаға алған зерттеу объектілеріндегі мақалалардың сипаты да, ұстанған бағыты да әртүрлі болғанын, сөйтіп Қазақстандағы ірі еңбек дауының жергілікті БАҚ-тардағы әр түрлі сипаты арқылы толыққанды объективті ақпарат алудың қиын екендігін аңғаруға болады.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, екі түрлі идеологиялық бағыттағы екі газет Жаңаөзен оқиғасына екі түрлі сипат береді, екі түрлі бағалайды. «Егемен Қазақстан» газеті мұнайшылар ереуілін бас бұзарлардың, бұзақы топтың іс-әрекеті деп бағаласа, «Жас Алаш» газеті мұнайшылар ереуілі, жұмысшы топ, Жаңаөзен қаласындағы қанды оқиға деп баға береді.
Ал www.abai.kz пен www.azattyq.org сайттарында жағдай өзгеше екі сайт та Жаңаөзен қаласындағы оқиғаға билікті кінәлі етіп көрсетеді. Алайда, Абай сайты бұл пікірін ашықтан ашық білдірсе, Азаттық спикерлер арқылы беріп отырған.
Есенгүл Кәпқызы, филология ғылымдарының кандидаты,
СДУ, «Журналистика» мамандығының координаторы
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Bol’shoj psihologicheskij slovar’. Pod obshh. red. B.G. Meshherjakova, V.P. Zinchenko. Moskva, 2004.
2. Metodologicheskie i metodicheskie problemy kontent-analiza. Vyp. 1-2. M., 1973;
3. Metody analiza dokumentov v sociologicheskih issledovanijah. M , 1985;
4. Sociologicheskaja jenciklopedija. Pod obshh. red. A.N. Danilova. Minsk, 2003.
5. Dridze T.M. Tekstovaja dejatel’nost’ v strukture social’noj kommunikacii. M., 1984;
6. Metodologicheskie i metodicheskie problemy kontent-analiza. Vyp. 1-2. M., 1973;
7. Metody analiza dokumentov v sociologicheskih issledovanijah. M , 1985;
8. +Jeffektivnost’ sredstv massovoj informacii. M., 1986.
9. Sociologicheskaja jenciklopedija. Pod obshh. red. A.N. Danilova. Minsk, 2003.
10. Metodologicheskie i metodicheskie problemy kontent-analiza. Vyp. 1-2. M., 1973;
11. Metody analiza dokumentov v sociologicheskih issledovanijah. M , 1985;
12. Jeffektivnost’ sredstv massovoj informacii. M., 1989;
13. Bejlinson L.S. Funkcii institucional’nogo diskursa // Vestnik Irkutskogo lingvisticheskogo universiteta. №3., 2009. – S. 142-147.
14. Borisova I. N. Russkij razgovornyj dialog. – Ekaterinburg: Izd-vo Ural’skogo universiteta, 2001.
15. Dem’jankov V.Z. Teorija prototipov v semantike i pragmatike jazyka. http://www.infolex.ru/Prot.html#_Toc32159109.
16. Karasik V.I. Jazykovoj krug: lichnost’, koncepty, diskurs. – M.: Gnozis., 2004.
17. Makarov M. L. Osnovy teorii diskursa. – M.: Gnozis, 2003.
18. ZhasAlashgazeti, 2011 jil, 17-31 jeltoqsan
19. Egemen Kazakhstan gazeti, 2011 jil, 17-31 jeltoqsan
20. www.abai.kz
21. www.azattyq.org