Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындарының екінші күні сәтті өтіп, жалпы есеп бойынша Қазақстан құрамасы екінші орынға көтерілді.
Қазақ еліне жарыстың бірінші күні Универсиададағы алғашқы медальді әкелген Анна Шевченко бүгін тағы да қолаға қол жеткізді. Бұл жолы Анна 5 шақырымдық еркін стильдегі шаңғы жарысында жақсы өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді.
1500 шақырымда конькимен жүгіруден Екатерина Айдова мәреге үшінші болып келіп, Қазақстан қоржынына бесінші жүлдені салды.
28-ші қысқы Универсиада алғашқы алтынын Қазақстанға биатлоншы Алина Райкова әкелді. Сонымен Алина Қысқы Универсиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды. Бұған дейін 27-ші Қысқы студенттер сайысында да алтыннан алқа таққан еді. Ал күміс жүлдені қазақстандық тағы бір биатлоншы Галина Вишневская иеленді. Қос қазақстандық спортшыдан кейін келген Украина биатлоншысы Надия Виелкина Универсиада жүлдегері атанды.
Кешегі күнде фристайлдың аккробатика түрінен жарыстың басты фавориті болып, бір сәтсіздіктің кесірінен қолаға қанағат тұтқан Жанбота Алдабергенова бүгін осы спорттың командалық жарысында Бағлан Іңкәрбек екеуі Қазақстанға екінші алтынды сыйлады.
Бағлан Іңкәрбек:
– Аллаға мың да бір шүкір. Бұл жарыс өз елімізде, өз жерімізде болғандықтан қобалжу көп болды. Бірақ оған қарамастан бар күш жігерімізді салып, еліміздің көк туын биікке көтердік.
Жалпы есеп бойынша әзірге Қазақстан 2 алтын, 2 күміс және 4 қоламен екінші орында тұр. Бірінші орында тұрған Ресей қоржынында 8 алтын, 7 күміс, 2 қола бар болса, үздік үштікте 2 алтын, 1 күміс, 2 қоламен Қытай Халық Республикасы.
Күнту Арынбек, Универсиада
Парақшамызға жазылыңыз