Тіл үйрену үшін ең керектісі әдістеме емес, қажеттілік, мұқтаждық, намыс. Біз мектеп бітіріп, Алматыға келіп, университетке түскенде білетін орысша сөзіміздің саны жүз емес, елуге де жетпейтін. Орыс тілін біреу бізге ерекше әдістемемен үйреткен жоқ немесе орыс тілі керемет болған соң үйреніп алған жоқпыз.
Каникулға қайтатын кезде автовокзалдағы тек орыс тілінде сөйлейтін кассирден билет ала білу үшін, банкке барғанда тек орысша жазылатын бланкті толтырып, әкемізден келген ақшаны ала алу үшін, автобуста орыс тілінде сөйлеп, сенің намысыңа тиетін сөз айтатындарға жауап бере алу үшін, орысша білмегенің үшін сені надан санайтын, кем көретіндердің қасында қорланбас үшін, дүкендерден күнделікті қажетті заттарды сатып алу үшін, дәрігерге ауырған жеріңді түсіндіріп айту үшін, қазақша оқулығы жоқ пәндерді түсіну үшін т.б. да осындай толып жатқан қажеттіліктерден үйрендік.
Сол заман үйретті, сол қоғам үйретті. Орысша білмесең такси түгіл, жедел жәрдем де шақыра алмайтын болған соң үйрендік. Өз күніміз үшін үйрендік. Құжаттағы орысша бір сөзді әдейі емес, білмегендіктен қате жазып қойсаң, ол ұлы орыс тілін қорлағандық болып есептеліп, құжат өзіңе қайта лақтырылатындықтан үйрендік. Сол кездегі Қазақстанда орыс тілін қолданушылар ғана емес, қорғаушылар да көп болған соң үйрендік. Ешкім бізді ерекше әдіспен, ерекше оқулықпен, арнайы уақыт, қаражат, аудитория, мұғалім бөліп үйреткен жоқ.
Енді келіп біреулер: “Қазақша үйренуге кітап жоқ, әдістеме жоқ, жақсы мұғалім жоқ” – дейді. Олар емес, қазақ тіліне ҚАЖЕТТІЛІК жоқ. Енді Ресейден мына кісі келіпті, осыдан үйренейік деген ұят тіпті.
Негізі тіл – қоғамдық құбылыс. Тілді өсіретін де қоғам, тілді өшіретін де қоғам.