Жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы БАҚ өкілдерімен кездесті. Үлкенді-кішілі біраз мәселенің басы қаужалды. Біздің назарымызды аударған басты мәселе – Қазақстандағы қазақ тілінің теперіш көріп отырғаны.
Мемлекет басшысы тіл мәселесіне қатысты былай депті: «Қазірдің өзінде қазақтың саны 70 процентке жақындап келеді. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз. Бірақ солай екен деп, біле тұра басқа тілдерден ажырап қалуға да болмайды».
Елбасы айтпақшы, қаймығып қалғанбыз. Қаймықтырған Үкімет. Білім саласының тізгінін ұстаған азаматтар қазақ тілін өлтіру процессін мектеп қабырғасынан бастап кетті. Тәуелсіз Қазақстанның Үкіметі басқыншы елдің тілінен 25 жылда арыла алмады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «мәселе өзімізде» деді. Рас.
«Қазір Қазақстанда қазақтың тіліне қарсы бір адам жоқ. Жоқ. Мәселе өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы тілді жетілдіру керек. Мысалы, кейбіреулердің «президент қазақша сөйлемей, болмайды» деп айтатынын білемін. Бізде 100 ұлт пен ұлыстар отыр. Соның барлығы президентті сайлайды, соның барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады? Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын, орысша да, қазақша да. Ресейдің, Американың, Түркияның президенттері өз тілінде сөйлейді, ал мен екі тілде бірдей сөйлеп отырған адаммын. Сондықтан бұл мәңгілік бұлай болмайды. Мәселе мәдениетте, қанша тіл білсең, соншалықты мәдениеттісің. Қазаққа орыс тілі арқылы дүниенің әдебиеті мен ғылымына жол ашылды. Ал жолдауда айтылған мәселелерді орындау үшін ағылшын тілі керек», – деді Елбасы.
Президенттің сөзінен түйгеніміз, түбі Қазақстанда қазақ тілі үстемдік құрады. «Бір тойым болатыны анық менің, дәл қай күні екенін айта алмаймын» деген Қасым ақынның өлеңі ойымызға келді…
Біз 2030-ды еңсеріп болып, 2050-ге қадам басқан елміз. 2025-ке де жетерміз.
Есенгүл Кәпқызы, журналист:
-Бір нəрсеге келісем. “Мəселе өзімізде” дейді. Рас. Мен өткенде фейсбукке бір ойымды жазған едім, Бізде (Университетте – ред.) қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін профессор бар. Бірақ қызымен орысша сөйлеседі. Неге десе орыс мектебіне барады. “Үйде қазақша сөйлесе, орысшасын дұрыс жеткізе алмай қалады” дейді. Бұл дегеніңіз біздің интеллегенцияның əлі құлдық психологиядан арыла алмай жүргендігінің нақ көрінісі.
Егер қазақ тілін үйретіп, соның нанын жеп жүрген адам өз тілінің болашағына сенбесе, өзгеден не қайыр?..
Екіншіден, ешкім өзге тілді білуге қарсы емес. Бірақ бастауыш сыныптан үш тілде білім беру – ұлттың болашағына балта шабу. Бала əуелі өз тілінде ойын толық жеткізе алуы тиіс.
Қазір үш тілді де біледі. Бірақ үш тілде де өз ойын жеткізе алмайтын дүбəра ұрпақ пайда болды.
Үшіншіден, мемлекеттік тіл – тек қазақтар ғана үйренетін тіл емес. Сол елдің барлық тұрғыны сөйлейтін тіл. Қазақстан билігі елдегі өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйренуге 25 жыл уақыт берді.
Егер адам қажетсінсе, тілді 4-5 жылда үйренуге болады. Ол үшін қажеттілік тудыруы тиіс. Қажеттілік тудырмаса, қазіргі қарқынмен 2025 жылы түгілі, 2050 де де сөйлемесіміз анық.
Руза Бейсенбайтегі, тіл жанашыры:
-Менің қоғамда байқағаным, халық шынында Елбасының қол қойған заңдарына, Конституцияға қарап емес, айтқанына қарап өмір сүреді. Президенттің «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген тапсырмасын солтүстікте ешкім орындамайды. Себебі, қоғам орыс тілді. Мұнда тағы бір мәселе бар. Президентітң өзі 70 пайыз, ал Үкімет 90 пайыз жұмысты орыс тілінде жүргізсе, қазақ тілінің келешегі бұлдырлана түсетіні айдан анық.
Ресми тілді қарым-қатынас құралы ретінде пайдалану дерті ушығып тұр. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін екінші сатыға қойып, орыс тілінде іс жүргізеді. Бұған дәлел, былтыр қоғамдық көлік туралы даулы мәселе кезінде, «ТҮКШ (ЖКХ) орыс тіліндегі хатқа неге қазақша жауап бересіз» деп дүрсе қоя берген еді. Өзім бірнеше рет, қоғамдық көліктерде мемтілде қызмет көрсетуін талап еткенім үшін полициямен сөзге келіп қалғаным бар. Барлығының айтары: «Президент сказал, чтобы с русскими говорили только на русском языке!». Мысалы, өткен сенбіде ғана полицияны шақырттым. Керекудегі Шокин к. 31, “Казахфинанс” кеңсесіне барғандағы, зергердің маған айтқаны: «Всех казахов, смеющих говорить с русск. по-русски, надо убивать, либо в департамент сообщать, слышали, что президент сказал?» Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілінде өмір сүру «қауіп төндіріп» отыр,
Қазақ тілін (ұлтын деген сөз), жоюға қарқынды түрде жұмыс жасап жатқан тағы бір мәселе – БжҒМ реформасы. 4 пәнді бөтен тілде оқытуы ғылымды тоқырату. 1-ші сыныптан 3 тілді оқыту, балаларды деліқұлы етіп өсіру. Орыс тілі, ағылшын тілі болсын, тек 5 сыныптан ғана оқытылуы керек. Классификатордан, ұлтты ұлт қылып отырған тілдің, әдебиетің, тарихтың алынуы, шу болғаннан кейін Сағадиевтің бүкіл жұртты өтірікші қылуы не масқара?!
Айтпақшы сол “убивать надо” дегеннен қатты стресте болып, облыс әкімшілігіне де хабарластым, 11.03.17. сағат 19:00-де. Еркектің дауысы біршама мәжбүрледі орысша сөйлеуге: «Кто такая, в чем проблема, …». «Қазақша айтып тұрмын, қазақша жауап беріңіз» дегенде телефон тұтқасын тастай салды. Міне, облыс әкімі тарапынан да, қазақ тілділерге деген көзқарас осындай! тыңдамайды деген сөз!
Ғылымда, өмірде, жұмыста пайдаланбайтын тіл өлетіні аксиома! Сондықтан біздің, 25 -ші жылда қазақ тілді ортада өмір сүреміз дегенге еш сену қиын.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz
тақырыбы өзгертіліп алынды
Тоқ етері билік қазақша сөйлемей қазақ тілінің көксегесі көгермейді.
20 жыл керек бірақ қарап отыруға болмайды.бала тууды арттыру керек.оңтүстік облыстар. Өйткені әжептәуір өзгеріс бар. 2005 жылдар Алматыда әкімшіліктерде қазақша сөйлейтіндер 1-2 еу болатын. Өткенде ЦОН-ға барғанда қазақтар көп екен.