Қазақтың дара перзенті Мұстафа Шоқайдың ізін жалғап, жолымен жүрген, қазақты Кеңестің езгісінен құтқару үшін қан кешкен қайраткерлер аз болмады. Соның бірі «Түрк елі» комитетінің төрағасы Қарес Қанатбай еді.
1911 жылы бүгінгі Батыс Қазақстан облысының Борсы ауылында дүниеге келді. Қарес Қанатбай туралы молырақ мәлімет алу үшін Оралда тұратын аталас інісі Серік Қанатбайға хабарластық. Айтуынша, бұлар ноғайқазақ руынан тарайды екен.
«Менің атам Башуттың әкесі – Қанатбай, ал оның әкесі Бекжан деген кісі болған. Сол Бекжан төрт әйел алды. Төртіншісі қалмақтың қызы Зейнеп еді. Бекжанның Шомбал деген бауыры болды. Шомбал туралы тарихта көптеген мәлімет қалған, ол кісіні Жәңгір ханның он екі биінің бірі және соның ішінде абыройы жоғары, ханға жақындау болған деп айтады. Ол кісіден он ер бала өрбіген. Бекжан атамыз да төрт әйел алғанына қарағанда ауқатты адам болғанға ұқсайды. Ол кісіні Жәңгір ханның әскерінің қолбасшысы болған деп те айтады. Қарес Қанатбай – осы Бекжанның шөбересі. Шомбал мен Бекжанның әкесі – Нияз деген кісі. Нияздың әкесі – Оразақай. Біз ноғай қазақтың Қоясы, Қоястың Оразақай бөлімі болып есептелінеміз» дейді Серік Қанатбай.
Қарестің өз әкесінің есімі – Қосай. Кеңес кезінде Ресейдің Саратов облысына көшіп кеткен. Қарес Орынборға 15 жасында, яғни, 1926 жылы келген. Алдымен, 3 жыл қазақ мектебінде, сосын Рабфакта оқыған. Оны бітірген соң Свердловскідегі политехникалық институтқа түсіп, тау-кен инженері мамандығын алды. Сөйтіп, Удмуртияның Алнаш қонысындағы кен өндіру кәсіпорнында жұмыс істеді. Соғыс басталған кезде Қарес осы кәсіпорынның бас инженер қызметінде еді. Бәрін тастап, майданға сұранып, 22-армияның 98-дивизия құрамында соғысқа алынды. Негізінде, 98-дивизия Невель қорғаныс операциясы кезінде жау қолын қайтаруға тиіс еді. Алайда дивизия қоршауда қалып, біразы жау қолына түсті. Солардың ішінде осы Қарес те болды.
Архивтегі құжаттар бойынша Қарестің Кеңес әскері құрамындағы тарихы мынадай. Әскерге Удмурт АКСР-ның Алнаш ауданынан шақырылды. Ресей Қорғаныс министрлігі дайындаған «Память народа» порталында Қарестің (Канатбаев Карис Кусаевич) бірнеше құжаты сақталған. Соның бірі – 1952 жылдың 8 қазанында Кеңес Армиясының Кадрлар жөніндегі бас басқармасының кадрлық тізімнен шығару туралы Жарлығы. Құжаттың 47-реттік нөмірінде кіші лейтенант Қарес Қанатбаевты «находясь в плену, изменил Родине» деп көрсеткен.
Екіншісі – 1942 жылдың 23 желтоқсанындағы соғыста хабарсыз кеткендер туралы Қызыл Армия әскерінің қалыптастыру және толықтыру жөніндегі бас басқармасының Жарлығы. Құжатта 210 кеңестік жауынгердің хабар-ошарсыз кеткені үшін Қызыл Армия қатарынан шығарылғаны жазылған. Солардың бірі – Қарес Қанатбай. Құжатта «кіші лейтенант Канатбаев К.К, 98 стр. дивизия. Пропал без вести» деп көрсетілген.
Ал шындығында, Қарес немістің тұтқынына түскен болатын. Немістер толтырған Personalkarte-де Қарестің Невель түбінде тұтқынға түскені нақты жазылған. Картаға өзі жайлы мәліметтер қосып, фотосуреті мен саусақ таңбасы басылған. Алғашында ІІІ А офлагында, одан кейін ІІІ А шталагына, 1942 жылдың сәуірінде ІІІ D шталагына ауыстырылған.
Зерттеуші-ғалым Бақыт Садықова «История Туркестанского легиона в документах» кітабында Қарес Қанатбайдың 1943 жылы Мұстафаның жесірі Мария Горина-Шоқайға жолдаған хатын келтіреді. Осы хатында Қарес Қанатбай Мұстафа Шоқаймен алғаш қалай танысқанын, қалай тұтқынға түскенін баяндап, өзі туралы біраз мәлімет берген. «Мой отец, Косай Канатбай-оглы, за участие в повстанческом движении против советской власти в 1918-1919 годы подвергался гонениям и скрывался в Саратовском краю. Поэтому и мне пришлось оставить родные места и поехать на учебу в Оренбург, где учился под маской сына батрака» деп жазады.
Б.Садықованың жазуынша, Мұстафа мен Қарес Варшава түбіндегі Сулеювек әскери тұтқындар лагерінде кездесіпті. 1941 жылдың күзінде Мұстафа концлагерьлерді (офлаг, шталаг, дулаг т.б) аралаған болатын. Осы кезде Қаресті жанына алдырып, тұтқыннан босаттырған. Негізінде, Мұстафаның лагерьлерге барғандағы ойы түркістандықтарды (қазақ, өзбек т.б) ажалдан аман алып қалу болатын. Тұтқындарды соғысқа жібертпей, еңбекке араластырғысы келді. Алайда немістер бұған жол бермеді. Мұстафаның «Сталин и Гитлер – оба злодеи» дейтіні содан. Мұстафа Польша жеріндегі түркістандық соғыс тұтқындары жағдайымен танысып, Берлинге қайтар жолында кенет ауырып, дүниеден өтті. Бұдан кейін Қарес Мұстафаны қайтып көрмеді.
Жоғарыда Қарестің 1942 жылдың сәуірінде ІІІ D шталагына ауыстырылғанын айттық. Осы кезде немістер концлагерьлердегі 300-дей тұтқынды Берлин маңындағы Луккенвальд қалашығына жинады. Бұлардан Түркістан легионын құрды. Арасында Қарес те болды. ІІІ D шталагының тұтқындары негізінен барлау және насихат ісіне жұмылдырылды. Қарес Луккенвальдте даярлық курсынан өтті. Осы жерде атақты «Алаш» тобының командирі (Әлихан Ағаев) (Әмірхан Тілеумағамбетов) және Мәулекеш Қайболдинмен (Асан Қайғы) танысты. Осы жылдың ортасында Қарес Вустрау мекеніндегі насихатшылар әзірлейтін оқу лагеріне жіберілді. Бұларды мұнда ел басқаруға дайындады. Германия КСРО-ны құлатқаннан кейін осы лагерьлерде дайындалған кадрлар Орта Азия елдеріне басшылық қызметке жіберілмекші еді. Алайда соғыс Кеңес Одағының жеңісімен аяқталып, немістердің бұл ойы іске аспады.
Саяси мектепті аяқтаған Қарес соғыстың отты жылдарында саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. 1942 жылы «Авбермен» бірлескен «Цеппелин» ұйымы құрылды. Барлау, насихат, ереуіл, т.б бөлімдерден тұрды. Осы ұйымның ішінен Берлинде бірқатар ұлттық комитеттер құрылды. Соның бірі – Түркістан ұлттық комитеті (ТҰК) болатын. Төрағасы – өзбек Вали Каюм, жауапты хатшысы қазақ Қарес Қанатбаев еді. Алайда ТҰК-тың басшылары негізінен өзбектер-тұғын. Ұлттық кемсітулерге, асыра сілтеулерге жол берілді. Каюм өзін басқаларға «хан» деп айтқыза бастады. «Немецкие войска уже под Сталинградом и, взяв его, двинутся на освобождение Казахстана и Туркестана. Я буду ханом, а вы моими джигитами. Служите же честно Германии, беспощадно уничтожайте русских» деді. Шынында, оның дәмесі аса зор еді.
Каюмның мұндай мақтаншақ, ұрдажық мінезі ТҰК қазақтарына жақпады. Соңы қазақтар мен өзбектердің жауласуына дейін барды. Қарес Қанатбай мен Мәулекеш Қайболдин Каюмның үстінен министрлікке наразылық хатын жолдады. Олар өзбектерден іргесін аулақ салып, татар-башқұрттармен бірігу жайлы ұсыныстарын айтты. Алайда ұсыныс қабылданбады. Соңында ТҰК өзбек, татар-башқұрт және қазақ болып үшке бөлінді. Бұған наразы болған Вали Каюм Қареске қарсы әрекетке көшті. Оны комитеттің хатшылығы қызметінен босатты. Қайтадан майданға алынуына себепкер болды. Соғыста миномет жарықшағынан Қарес басынан ауыр жарақат алды.
Түркістан легионында болғандардың бірі қызылордалық Ақмырза Қуатбай туралы жазылған «Казахский Штирлиц» деген мақалада ақсақал өзінің соғыста тұтқынға қалай түскені, кейін Вера Алексеевна деген агент әйелдің көмегімен Түркістан комитетіне қосылғаны туралы баяндайды.
Комитетпен тығыз байланыста болған Ақмырза өзінің қандастарын кезіктіреді. Олар қызылордалық Кішкентай Әбсадықов, Үсен Қойшолақов және алматылық Бақыт Тұрысбеков еді. Бақыт пен Кішкентай Власов армиясы құрамында екен. Олар Ақмырзаға Вали Каюмнан сақ болуды ескертеді. Мұстафа Шоқай бақилық болғаннан кейін оның Түркістан комитетіндегі орнына осы Каюм отырғанын, Мұстафаны ауырып жүрген кезін пайдаланып, осы Каюм өлтіргенін баяндайды. Олар Каюмның тікелей араласуымен Мұстафаның көмекшісі әрі орынбасары болған Қарес Қанатбайды немістің концлагеріне айдатып жібергенін естиді. «Қаресті құтқару керек» дейді олар. Мұны естіген Ақмырза дереу Верамен сөйлеседі.
«Я поговорил с Верой Алексеевной. И с ее помощью в феврале 1944 года Карис Канатбаев вернулся в комитет. Это был образованный человек.Капитан Советской Армии, выходец из Уральска. Кишкентай Абсадыков и Бахыт Турысбеков стали его телохранителями. Мы проработали с ними бок о бок до самого конца войны, спасая тысячи казахских, узбекских, киргизских солдат, попавших в неволю. 10 мая 1945 года мы находились вместе с Карисом Канатбаевым в международном лагере для военнопленных в австрийском Инсбруке. Он наотрез отказался ехать в СССР, полагая, что его там расстреляют. Уговаривал и нас остаться, но мы решили ехать домой. Он прожил всю жизнь в Германии. Вплоть до 1976 года мы держали связь» дейді ақсақал.
Германия соғыста жеңілгеннен кейін, Қарес тағы да тұтқынға алынды. Бұрын оны немістер «советтің шпионы» десе, енді американдықтар «гитлершіл» деп айыптап, Мюнхен маңындағы Дахау (Dachau) концлагеріне қамады. Ұзамай босатылып, американдықтардың қолдауымен 1951 жылы «Түрк елі» комитетін құрды. Мұстафа Шоқайдың бағытын ұстанып, «Түрк елі» журналын шығарды, антисоветтік көзқарас ұстанды. Мұстафа армандаған тәуелсіз Түркістан идеясына қайтадан қанат бітірді. Журнал арқылы Қарыс Алаш көсемдерінің арманына қанат бітіруді өмірлік мақсат тұтты.
АҚШ-тың басқаруындағы «Азаттық» радиосындағы «Түркістан» редакциясының құрылуына да осы Қарес Қанатбайдың еңбегі сіңді.
Ғалым-журналист Досан Баймолда «Азаттық» радиосының тарихы жайлы жазылған «Шындық жаршысы» кітабында: «Комитет басшылары радио құру ісіне кірісер алдында Кеңестер Одағының ықпалындағы және құрамындағы елдерден батысқа қашып шыққан адамдардың басын қосып кеңесуді жоспарлайды. Сол жоспарға сай американдықтар соғыс кезінде Берлинде Гитлермен істес болған, «Mилли Tүркістан Бірлік Комитетінің» хатшысы міндетін атқарған және соғыстан кейін «соғыс қылмыстылары» қатарында, Мюнхен қаласы жанындағы Дахау концлагерінде американдықтар жағынан бір мезгіл қамалған Қарыс Қанатбай деген қазақпен байланыс жасайды. Қарыс Қанатбай сол кезде шетелдерде өмір сүретін қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен және тәжіктердің бәрін Мұстафа Шоқайұлы салған «Біртұтас Түркістан жолы» ұстанымы бойынша ұйымдастыруға кіріседі. Соның нәтижесінде 1951 жылдың қыркүйек айында Мюнхен қаласында «Түрк елі – Түркістан Азаттық Комитетінің Органы» деген атпен екі тілде: түрікше және орысша «Түрк елі» журналы шығарыла бастайды. Ол журнал Американың ықпалымен және ақшасымен шығарылғаны белгілі. Журналдың 1953 жылғы №19 санында жаңадан құрылған «Азаттық» радиосының «Түркістан» редакциясын «Түрк елі» комитеті атынан құттықтаған қысқа құттықтау хабары да жарияланады.
Мұстафа Шоқайдың «Біртұтас Түркістан» ұстанымын басшылыққа алған Қарыс Қанатбай «Азаттық» радиосын қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз және тәжік редакциялары деп бөлшектемей, бәрін біртұтас Түркістан шаңырағы астында біріктіріп, «Түркістан редакциясы» деп атап, оның бастығы етіп «Асан Қайғы» деген бүркеншік аты бар қазақ Мәулекеш Қайбалдыны, ал орынбасарлығына өзбек Уәли Зұнынды (Абдолла Төлеген) тағайындауға ұсыныс етеді. Американдық басшылар «Түрк елі» комитетінің басшысы Қ.Қанатбайдың бұл ұсынысын қабыл алады» деп жазады.
Мұстафаның зайыбы Мария Горина-Шоқай естелігінде «М.Шоқайды еске алу рәсімін ұйымдастырушы Қарыс Қанатбай бастаған ұлтын сүйген қазақтар болды. Осы адамдар Мюнхен қаласының шетіндегі ескі бір барақта тұрады екен. Көбісінің әйелдері неміс екен» деп еске алған болатын. Рас, Қарес Германияда неміс әйелге үйленді. Алайда артында ұрпақ қалмады.
Мария Шоқай «ұлтын сүйген қазақ» деп бағалаған Қарес Қанатбай 1982 жылы 71 жасқа қараған шағында Мюнхенде қайтыс болды.
Иә, тұтқынға түсіп, легионда болған қазақтар туралы қоғам әлі екіұдай пікірде. Алайда оларды сатқын деп те, қаһарман деп те айтуға келмейді. Олар үшін мақтанудың да, ұялудың да керегі жоқ. Сатқын демейтін себебіміз, олар Отанын тастап қашпады. Майдан даласында мәжбүрліктен тұтқындалды. Олар қарсыласса, коммунистік жүйемен қарсыласты. Оларды өз Отаны – Кеңес өкіметі де оңдыртпады. Соттады, атты… сүйегі көмусіз қалғаны қаншама?! Саусақпен санарлығы ғана ақталды. Өздерінің ақ екендерін дәлелдей алмай кеткендері қанша?! Бір білеріміз, олардың ары таза еді. Жат елде жүрсе де қазақ деген аттарына кір келтірмеді. Мұстафа Шоқай, Қарес Қанатбай, Мәулекеш Қайболдин, Дәулеткерей Тағыберлі, Мәжит Айтбаев, Әлихан Ағаевтың қай-қайсысы да қазақтың болашағы үшін қан кешті. Ендеше, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан кешегі зобалаң заманда теперiш көрген түркістандықтарды ақтағаны оң қадам болар еді. Бұлардың бастарынан кешкен азапты Алла Тағала енді қайтып басымызға бермесін!
Серікбол ХАСАН
“Айқын” газетінен
Парақшамызға жазылыңыз