Жылы қорада жаз сайлаған пішеніңді уыстай шашып, қолдағы ұсақ-тұрағыңа, түздегі ірі қараңның тебінгісіне көз сүзіп, көңіл жайлап, іргеңді қымтап, түтіні түзу көтерілген таңыңа шүкіршілік білдіріп, бүйіріңе келіп ат байлап, тымағын қолына ұстай, еңкейе үйіңе кіретін мейманыңа сүбеден тартып,
қолын кебекке былғап, кетер кезде ғана бұйымтайын сұрайтын бейқам қазақ қай кезде бес қаруын бойына іліп, атқа қонады? Өрісіне өзге көз алартқанда, көпе-көрінеу қыспаққа түскенде, ұл – құлға, қыз – күңге айналмасын райымен сертке тұрып, тірісінде жаназасы шығарылып, кебенек киетін кепиетті жұрт төте келген ажалға қарап тұрмақ, құрбан болмақ па? Мал екеш мал да бауыздар алдында құмалақ тастайды, тұяқ серпеді ғой…
Қазақтың солдат болу құқы
Алаш ұлының жөні бөлек. Хан Кене шәйіт болғаннан кейін қазақ баласы қалың жасақ болудан қалған-ды. Сондықтан, байтақ даланы қусырған Ресей патшасы билігіне қарсы шыққан, әр жерде бір тұтанған отты ошақтар болмаса, жалпы жұрттың ат құлағында ойнағанымен, атты әскер болуға да, қару ұстауға да құқы жоқ болатын. Қара ормандай қаптаған қарашекпенділер қазақты құнарлы жерінен қуып қана қоймай, қақысын да алып қойды. Тіпті, гуманист Л.Толстойдың жерге тоймаған орыс мұжығын келеке қылып жазуы да империялық пиғылға шыбын шаққан құрлы болмады. Мұндай кері кеткен заманда бұратанаға айналған ұлттың қорғаушысы да, қолдаушысы да – оқығандар еді. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары түрлі амал-шарғылармен қазақтың қақысын алып беруге амал қылды. Соның бірі қазақты әскер қатарына алдыру болатын. Орыс және өзге де славян жұрттарымен, казактармен қатар атты әскер сапына алынар болса, онда қазақ патша жарлығымен қазына жеріне айналған өз жеріне деген құқына ие бола ма деген үлбіреген үміт бар еді…
Бұл мәселені Әлекең Мемлекеттік Думада көтерді.
Дегенмен, ХХ ғасыр басында Ресейдің ішкі және сыртқы саясатында қалыптасқан күрделі ахуалға орай Ресей әскери қолбасшылары бұл жайтты терең сараптап, өз қортындысын шығарған болатын. 1914 жылы Ресей империясы екінші дүниежүзілік соғысқа кіргені мәлім. Осы ретте әскер қатарын жаңа күштермен толықтырып отыру туралы мәселе көтеріліп, Мемлекеттік Думада мұсылман депутаттарының фракциясы Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай облыстары мен Түркістан өлкесінен солдат алу туралы ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс екінші разрядты әскер жасақтарын құру туралы заң жобасы аясында қарастырылды. Алайда, заң талқыланбай тұрып, істің мәнісімен танысуға тапсырма алған әскери министр Сухомлинов қазақтан әскер алуға үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Ол көшпелілік пен мемлекеттіліктің арасы алшақ екенін айтып, қазақтың орысша білмейтінін, жазу танымайтынын, әскер қызметіне шыдамайтынын, сондай-ақ, панисламизм рухында тәрбиеленіп отырғандығын айтады (М.Қойгелді, “Алаш қозғалысы”, І том, 241-б, “Мектеп” , 2008).
Осы мәселені сол кезде ең қаузап жазған “Қазақ” газеті еді (“Қазақ”, 1915, №153). Редакция қазақтан солдат алу мәселесіне орай “Русское слово”, “Биржевые новости”, “Утро России”, “Новое время” сынды Ресей газеттеріне шолу жасап, аталған басылымдардан материалдар алып жариялайды. Мұнда Сухомлиновтан кейінгі әскери министр Поливановтың, бас штабтың бастығы генерал Михневичтің, Омбы және Торғай генерал-губернаторларының өз кеңселерінде қазақты патша армиясы қатарына тартудың жан-жақты талқылағанын көреміз. Осы кеңесулердің құпия шешімі 1917 жылы Петерборда шығатын “Известия Всероссийского Мусульманского Совета” газетінің №15, 16 сандарында жарияланады. Осындағы Торғай және Омбы кеңестерінің тұжырымдары бойынша және орталық үкіметтің патша мен Мемлекеттік Думаға дайындаған баяндамасында қазақтардың саяси тұрғыдан әлі де сенімсіз екендігі сөз болады. Оған себеп, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ даласының Ресейге жаулық пиғылда болып, Кенесары Қасымұлының қазақ даласын өз алдына бөліп әкету үшін әскер жиып, дүрбелең туғызғаны, барар жер, басар тауы қалмаған соң басылғаны, тек Орта Азия хандықтары Ресейге бағынған соң ғана тынышталғаны баяндалады. Сонымен бірге, қазақтың Ресейге жаулық пиғылдағы Орта Азия, Хиуа, Бұқар мемлекеттерімен, Қытай мұсылмандарымен көршілігі қазақтарға қару ұстатудың саяси қателік болатындығын байқататын еді. Оның үстіне, қазақтың жері қарашекпенділерге алынып жатқандықтан, халықтың орыс өкіметін жаратпай отырғандығын мәлімдейді. Міне, осы іспетті мінәйі себептер “патшалық пайдасы мен сақтық үшін” әскер алуды кешеуілдете тұруға қаулы қылады (Сонда. 242-243-бет).
Бұл жылдарда қазақ оқығандары “қазақтың жаяу әскерге шақырылғаны дұрыс па, әлде атты әскер қатарына алынғаны дұрыс па?” деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырып, қызу талқыға көшкен. Мысалы, А.Байтұрсынұлының “А.Б.” лақап атымен жазған “Петроград хаттарына” қайтарған жауабында Әлекең қазақ ұлтының казактар сынды атты әскерге шақырылуын қолдап, оны талдап тұрып түсіндіреді: “18 жасқа келген казак 3 жыл 21 жасқа шейін даярланған казак болады, 21 жастан басталып 12 жыл анық қызметке саналады. Бұл 12 жылды казак ел аманда үйде өткізіп, жыл сайын жаз уақыттарында 3-4 ай ғана ел ортасына жиылып әскер ғылымын үйренетін учебни сборда болады. Сонда қызмет жылының есебі 12 болғанымен, шын қызметте болуы 3-4 жылға ғана болады. Өйткені бұл 3-4 айлар 12 жылда ғана 3-4 жылға толады. 12 жылдық қызметін атқарған казак 38 жасқа толғанша запаста болады… Казак законда право жолында мұжықтан ілгері, бұған себеп болған тарих жолы: мұжық құл болған, казак бостандық, құрдастық жолында болған, анық қызметті 12 жыл қыламыз деп, казак жер жағынан мұжықтан ілгері, ерке. Бізге мұны бермес, берсе, ұтылмаспыз” (Ә.Бөкейхан шығармаларының толық жинағы, І-том, 37-38-беттер, “Сарыарқа”, Астана, 2009).
Міне, осылайша қазақтың жер жағынан орыс мұжығынан, әскер жағынан казактардан да күні төмен болып, халықтық қайраты күн санап еңкіш тарта түсті…
Қазақтан солдат алуға кедергі болған тағы бір жайт қазақ арасында паспорттандыру жүйесінің жоқтығы болатын. Зиялылар Ресейдің қазақ жерін қосып алған екі жүз жылға жақын заманда метрике мәселесін шешпегенін ащы әжуалады. 1916 жылдың 25-маусымындағы патша Жарлығының орындалу жүйесінің өрескел жүруінің бір ұшы осы метрикенің жоқтығынан да болар деген ой санамызда қылаң береді. Яғни, сібірліктермен тең құқылы жарақ асынып соғыспай, көртышқаншылап шұңқыр қазуға үрімін жіберуге арланған тағы да қазақ еді. Орыс ұлығына жарамсақ-жәреукелікке бой алдырған қазақ даласының жергілікті билеушілері қиын-қыстау сәтте қара жұмысқа алынатын қазақтарды тізімдеуде әділетсіздікке барды. Бұл қоламтаны үрлеп жіберген желдей болды, от гулеп ала жөнелді. Ел наразылығы қарулы қақтығыспен жалғасты. М.Тынышбаев көрсеткендей, осы қысылтаяң сәтте ұлт зиялылары екі оттың ортасында қалды. Күштің тең еместігі, қарулы қарсылық қан төгумен аяқталатыны Әлихан Бөкейхан бастаған зиялыларға мәлім еді. Олар жедел шешім қабылдап, қинала отырып, халықпен кеңесу іспетті сөздерін газетке жариялап, атқа қонған, ереуілдеткен елді тоқтамға келуге шақырды. “Қазақ” газетінде басу айтқан “Алаш азаматтарына” атты үндеу жариялады. Ол нәтижесіз болған жоқ. Жақып Ақбаев айтқандай: “Басқа жерлерде қан төгілген, асылған, атылған көп. Қарқаралы қазағы бұл пәледен оқығандардың арқасында аман болды”. Шынында, бір ғана Жетісу қазақтарының көтерілісін басуға 8750 штыктан тұратын 95 рота, 3900 қылыштан тұратын 24 жүздік, 16 зеңбірек пен 47 пулемет жіберілді. Осыдан-ақ қазақ оқығандары қадамының есебін, ел есендігін ойлаған сұңғылалығын байқайсыз. Елді патша жарлығына мойынұсынуға шақырып, жазалаушы отрядтың құрығынан құтқаруға үлес қосқандар қатарында Әлекеңнен бастап, Ахмет, Міржақып, Тұрағұл, Халел, Отыншы, Мұхамеджан, т.б. Алаш азаматтары бар еді.
Майдандағы жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің тіл білмейтіндігін, оның мұң-мұқтажын тиісті орынға жеткізу, басқа да білместіктерінің орнын толтыруға тағы да қазақ зиялылары бас болып, бүкілресейлік Земск одағы арқылы олардың арасына білімі бар қазақ азаматтарын жөнелтіп, басқа да оқыған жастарды жұмылуға шақырады. Қара жұмысқа жөнелтілген қазақтар мен оларға бас-көз болатын азаматтардың бағдарын, бар мәселесін Мәскеуде жүрген Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай түрлі билік орындарына кіріп, сөйлесу арқылы шешіп отырды. Білгір тарихшы М.Қойгелдінің еңбектеріне сүйенсек, тіпті, олардың ас-сулары мен жылы киімдеріне дейін тауып беруге тырысқаны байқалады.
Алаш әскерін жасақтау идеясы қалай басталды?
Жоғарыдағы әңгімелерді үзік-үзік келтіргеніміз, Алаш зиялыларының жаны қазақтың өзінде болғанын, барынша қазақты қорғауға тырысқанын, қал-қадерінше қол ұшын беріп, қай қиындық болса-дағы дем беріп, жеңіп шығуға күш-жігерін арнағанын, о бастан қазақпен жаны бірге болғанын, қазақтың әскер болу құқына жете алмағанын аңдату еді. Алаш әскерінің құрылуына да осы жәйт себеп болды. Яғни, аумалы-төкпелі дүниеде қазаққа екі тізгін, бір шылбыр болып дүниеге келген Алаш Орда үкіметінің бір тірегі әскер күші болатын. Ақпан төңкерісінен соң патшалық Ресейдің құлауымен қатар келген адуынды саяси һәм әскери үкіметтердің құрылуымен, сол қым-қуыт уақытта, алды тұман жағдайда қазақ елінің үмітін шырақ етіп жаққан жалпы қазақ сиезінің қарарында “мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қарбалас, талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісу қажеттігі” айтылып, нақты шаралар белгіленді.
Алаш Орда әскерінің жасақталуын жеделткен жәйт Алаш партиясы мен оның үкіметінің құрылуы болды. Мұны сол кездегі үлкен саяси оқиғалар шеңберінде қарау қажет. Ресейге кіріптар болғаннан соңғы тұңғыш құрылтай 1917 жылдың 21 – 26-шілде аралығында Орынборда өткені белгілі. Қазақ зиялыларының бұл сиезді өткізудегі басты мақсатының бірі Петербордағы учредительное собраниеге топ жазбай бару болған екен. Қазақтың алғашқы құрылтайында ең маңызды екі шешім қабылданды: 1. Қазақтың жері ілкідегідей Ресей қазынасының емес, қазақтың өз меншігі деп танылды. 2. “Алаш” деп аталған ұлттық саяси партия құрылды.
Әлімхан Ермеков жазғандай, “Отансыз жұрт отанды болған” (“Сарыарқа” газеті, 22-қаңтар, 1918 жыл) ІІ жалпықазақ құрылтайы 1917 жылдың 5 – 13-желтоқсаны аралығында өтті. Аласапыран жағдайға байланысты 1917 жылдың 14-қарашасында шыққан “Қазақ” газетінің 250 санында аталған құрылтайға шақыру жөніндегі жеделхат түрінде берілген үндеуде Ресейдегі саяси тұрақсыздық жағдайында қазақтың елдігі мен жерін қорғау үшін “қазақ милициясын құру” және тағы басқа өзекті мәселелер қаралатыны айтылады. “Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ халқы құрбан болады” делінген болатын телеграммада. Осы жиында Алаш автономиясы және оның “Алаш Орда” деп аталатын ұлт кеңесі құрылады. Дегенмен, ішкі Ресейдегі саяси ахуалдарды ескерген ұлт зиялылары автономияны жариялауды бір айға кешеуілдете тұруды ұйғарады. Мұның бір мәні, Түркістан губернияларындағы қазақтардың қосылуын күту болса, екіншісі, Алаш Орданың Ұлт кеңесін үкімет ретінде Ресейдің жалпы құрылтайында ресми түрде таныту болатын. Бұл аралықта “Қазақ” газетінің бас жарияланымдарына айналған “Саяси хал”, “Демагогия” мақалаларынан Әлихан бастаған ұлт көсемдерінің елдегі большевиктік анархияны жіті сараптап отырғанын байқар едік. Олар әсіресе, соғыстан қарумен қайтқан орыс мұжықтарының көптігі мен олардың тасырлығынан қазаққа бейқам қалуға болмайтынын ашып айтты. Бұл жәйт Алаштың әскерін даярлай беруге бірнеше қадамдар жасатты. Соның бірі Орынбордағы юнкер школының бастығымен жасаған келісімдер десе болады. “Қазақта” жарияланған “Офицерлер даярлау” атты мақалада (1918, №259) бұл келісімде аталған мектептің атты казактарға қоятын талабы қазақ баларынан алынып тасталғаны, тек сауатты, орыс тіліне жетік болса болғаны деп ұйғарылып, оқуға бірінші кезекте 24 бала алынып, 1-ақпанда сабақ басталатындығы жазылған. Дегенмен, Алаш зиялылары үміт еткен Петербордағы Бүкілресейлік құрылтайды Ленин бастаған большевиктер күшпен таратып жібергенін тарихтан білеміз. Осылайша, 1918 жылдың 5-қаңтарында 500-ден аса депутат жиылған, Әлекеңнің жазуында: “Николай түскеннен бері жұрттың сүйенген, таянғаны – құдайдан соңғы құрылтай еді. Құрылтай басына бұтын көтеріп, большевик сарыды” (Ә.Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994).
Автономия жарияланбай қалды.
Алаш әскері қай қалада тұрды?
Осыдан кейін 18-қаңтарда Орынборды большевиктер басып алды. Уфа отрядын басқарған Ә.Жангелдин жанына қосшылыққа М.Тұнғаншинді алып Орынборда большевиктердің билігін орнатуға кірісті. Қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси өмірдің өзгеруіне, кеңестік тарихта “азаматтық соғыс” атанған өрттің қаулауына байланысты Алаш Орда әскерін жасақтау жедел қолға алынды және бұл елдің әр түкпірінде әрқалай жүргізілді. Ең алдымен, Алаш зиялылары 1918 жылға таман Семей қаласына ойысты. ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысымен Семей Алаштың уақытша тұратын орны болып белгіленген.
Сәкен Сейфуллин “Тар жол, тайғақ кешуінде” Алаш Орда бастықтарының осы кезде Ақмола уезін басып, Семейге өткенін жазады. Әлихан тап басып айтқандай, большевиктердің Орынбордағы тонаушылық, бейбастақ әрекеттері орын алғанын “Қазақ” газеті жазып отырды. Ал Семейдегі жайды Жүсіпбек Аймауытов былай деп білдіреді: “Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алаш Ордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алаш Орданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алаш Орда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр” (“Абай”, 1918, 19-маусым, №6).
Міржақып Дулатұлы “Қазақ” газетінің №265 (1918, 16-қыркүйек) санында: “11-июньде Алаш Орда іске кірісті һәм сиез қаулысы бойынша автономия жарияланғанша қазақ-қырғыз мәдени ұлт жұмыстарын өзі билейді деп жарлық шығарды. Мұның мәнісі автономияны жариялауды кейінге қалдыра тұрып, мәдени-ұлт автономиясын жарыққа шығарған еді” деді.
Осы кезде Самарада Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (Комуч) құрылды. Аталған үкіметтің Алаш Орданы ресми тануынан кейін алашордалықтар автономияны ресми жариялауды жөн көріп, кейінге қалдырған еді. Алаштанушы Кеңес Нұрпейісов өз еңбектерінде 1918 жылдың 8-қыркүйегінде Уфада Ресейдің мемлекеттік құрылтайы ашылғанын айтады. Осы жиын үстінде, 11-қыркүйекте Ресей құрылтайы Алаш автономиясын ұлттық республика ретінде таниды. Бұл – көптен күткен сәт болатын. Жиыннан Әлихан Бөкейхан сүйінші сұрап жеделхат жолдайды: “Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды …Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармаңыз. Алаш Орда бастығы Бөкейханов” (“Абай”, 1918, 25-қыркүйек, №10).
Әрине, бұған дейін Алаш көсемдері Семейге орналасып, әскер жасақтау жұмыстарымен қал-қадерінше тыңғылықты айналысты. Тарихшы Ерлан Сайлаубайдың “Абай” журналында (2000, №1) жарияланған “Алашорда әскері” мақаласында Семей облысындағы Алаш әскерінің 1918 жылдың қаңтар мен мамыр айлары аралығында жасақтала бастағаны жазылған. Алаш Орда үкіметінің Орталық комитеті Семей қаласының Заречная Слободка атты бөлігіне 1918 жылдың қаңтарында келіп орналасады. Бұл жер сол кезде Семей жұртшылығы арасында Алаш қаласы атауымен белгілі бола бастаған екен. “Алаш слободкасы” немесе “Жаңасемей” деп те аталады. Осы Алаш қаласы маңындағы қырда І Алаш атты әскер полкі жасақтала бастайды. Алаш жасағының алғашқы құрамына Семейдегі семинария студенттері мен түрлі орындарда жұмыс істеп жүрген жастар өз еріктерімен енді. Бұл жөнінде “Қазақ” газетінде (№262, 30-маусым, 1918) жарияланған Жанұзақ Жәнібековтің “Алаш құрбандары” мақаласында біраз ақпарат бар. Яғни, Міржақып әйгілі “Тұңғыш құрбан” өлеңін арнаған жас шәкірт Қазы Нұрмұхамедұлының қарусыз әскер ойынында қапыда қаза тапқаны мен Қытай шекарасында, неміс шебінде болып соғыс өнерін жетік меңгерген, большевик лаңы шыққанда Алаш офицерлерінің қатарынан табылған штабс-капитан Нұғман Сарбөпұлын Кашпиринский отрядының большевиктерге болысқан әскерінің алдап қолға түсіріп, айуандықпен өлтіргені һәм жаңа босанған әйелінің лыпасынан басқа барлығын тонап алғаны туралы суреттеледі.
“Алтыншы мартта таңертең сағат тоғыз шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда милиция бастығы, учительский семинария шәкірті Қазы Нұрмұхамедұлы жігіттерге айғайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек өлейік, бәрімізді қырмас!» деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, Қазының өзіне де, атына да оқ тиеді. Оқ жүректен тиген. Есіл жас сол арада жан тапсырды” делінген Ж.Жәнібековтің бұл мақаласында Шәкәрім бастап, Міржақып қостап, семинарияда бірге оқыған Жүсіпбек және тағы басқа адамдардың сөзі келтіріледі. Қазидың өліміне сұрау салған жайы да жазылған осы жазбаға қарасақ, бұл уақытта қаладағы билік большевиктер мен алаштықтар һәм ақтарда жарым-жартылай екенін аңдауға болады. Өзге өңірлерде де Алаш әскері құрылып жатты. Семейдегі атты әскердің жаттығу жұмыстарын өткізгеніне қарап, онда кәсіби әскердің құрылғанын тануға болады.
Алғашқы рет қаңтар-ақпан айларында Верныйда ұлттық қарулы күш құрылды. “Қазақстан тарихы” энциклопедиясының 4-томында бұл туралы мағлұматтар кең-молынан берілген (“Атамұра”, 2010). Көп кешікпей наурызда Жетісуда Кеңес өкіметі орнағандықтан бұл бөлім қарусыздандырылып, таратылды. Алаш Орданың Торғай бөлімшесіне 1918 жылы қыркүйекте 300 берденке, 20 мың патрон және көп мөлшерде киім-кешек бөлінді. Қостанай мен Ырғыз уездерінде екі атты полк құруға атаман Дутов көмек қолын созды. Алаш әскерінің Қостанайдағы бөлімшесіне 1919 жылға дейін милләтшілдер қатарынан табылған Бейімбет Майлин де өз еркімен кірген болатын. Тіпті осы тарапта “Еліме” деген өлеңі “Сарыарқа” газетінде басылған. Алайда, бұл әскерлер уақытында қаруланып үлгермегендіктен қызылдарға қарсы ұрыстарға кеңінен қатыса алмай да жатқан жайы болды. 1918 жылдың мамыр айында Семейден Алаш Орда үкіметінің атынан шыққан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы және Садық Аманжоловтардың Ақсуат, Бақты жері арқылы шекара асып, Қытайдағы Шәуешекке барған сапарының да бір қыры шеттегі қазақтарды Алаш туының астына біріктіру болса, екінші тұрғыдан Шәуешектегі Ресей консульдығы арқылы большевиктерге қарсы күрес жүргізу үшін қытай өкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге барған болуы мүмкін деген пікірлер де айтылады. “Жетісу” энциклопедиясына (“Арыс”, 2004, Алматы) Ш.Аманжолова мен М.Әбдешовтің енгізген мәліметі бойынша Садық Аманжолов Жетісу мен Шәуешек қаласында Алаш Орда жасақтарын құруға басшылық жасаған екен. Алаш қайраткерлерінің бел ортасынан табылған оның кеңес әскерлерімен болған шайқастарға қатысып, ауыр жараланғаны да сол уақыттағы басылым беттерінде айтылған. Күнбатыс Алаштың да әскері болғанын, оның бастықтарын (прапорщиктерін) даярлайтын школы болғанын С.Сейфуллин 1923 жылғы іссапары барысындағы “Жымпиты уезі – Алашорда ойнағы” атты мақаласында (С.Сейфуллин, 5-том, 1988) әжуалап жазады.
Алашорданың батыс бөлімшесінің басшылары Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Самарадан Құрылтай жиналысынын комитеті арқылы 600 винтовка мен пулемет алды және жақын уақытта 2000 адамнан тұратын қазақ әскерін ұйымдастыруға уәде етті. Орал өңіріндегі Алаш әскерінің іс-қимылын А.Ипмағамбетов өз естелігінде жазып қалдырған. Оның жазуынша, Алаш Орда Әскери үкіметпен одақтасқаннан соң далада большевизм тамырын жоюды қолға алады. 1918 жылдың жазында жазалаушы жасақтар құрып, әскери-далалық соттар ұйымдастырады. Мәселен, осындай соттың үкімімен Орал облысынан 30 қазақ большевикті ату жазасына кескен. Тағы да түрлі жазалар қолданған. Күнбатыс Алаш Орданың әскери-далалық сотының төрағасы Ескендір Көпжасаров, мүшелері Алпан Кенжеалиев, Қуат Төтебаев болғаны айтылады. Дәл осы әскердің туы Ақмешітте өткен Советтің 5-сиезінде сахнаға ілінгені туралы деректер бар. С.Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП (б) Орталық комитетіне жазған хатында бұл тудың сахнаға ілінуіне Елдес Омаровтың қатысы барлығы туралы айтады. Яғни, ұстанымына адал Алаш азаматтарының кейінгі кеңес өкіметінің кезеңіндегі ішкі саяси қарсылығын байқауға болады. Мұны Сәбең “Алаш туының жыртылуы” деген тақырыппен өзінің мемуарына арқау еткен (“Өмір мектебі”, “Жазушы”, ІІІ-том, 1970). Осы кеңес өкіметінің бесжылдық сиезінде “Лә иләһа илла-алла, Мұхамәдүн Рәсул алла”, “Алаштың Ойылдағы атты полкі”, “Жасасын Алаш автономоиясы!” деген жазулар кестеленген, шұғадан тігілген жасыл туды сахнадан жұлып алып, аяғының астына басып дал-дұл жыртқан большевик Угар (Мұқатай) Жәнібековтің көп ұзамай қайтыс болуы да жұмбақ дүние. Қанша айтқанымен, байрақтың да бәсіресі, киесі болады емес пе?!..
Әскер болуға халық қалай қарады?
1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазақ халқы солдат деген сөзден үркіп қалғаны белгілі. Сондықтан да болар, ұлт зиялыларының “Алаш әскері” атауын “милиция” сөзімен алмастырып қолдануы.
Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” шығармасы ұлтымыздың шын зиялыларын сын тезіне салғанымен, дәуірдің көңіл-күйі мен кейбір деректерді дәл беруімен тартымды. Мәселен, осы шығарманың алғашқы томының (Алматы, “Жазушы”, 1970) “Алашордашылар” атты тарауында Алаш милициясына адам жинау ісі өте көрнекі жазылған. Аққусақ болысы, миллионер Әлтидің Садуақасы ауылында 1918 жылдың маусым айының соңында өткен жиында құрамы жүздей болатын Алаш азаматтарының қандай үлкен, биік құрметке ие болғандығы, оқыған азаматтарға деген елдің ықыласы, олардың әлденеше күн кеңес құрып, 200-дей әскерді сапқа тұрғызып, “Алаш маршын” шырқап, бүкіл халыққа айтар сөзін дөңнің басындағы арбаның үстінде сөйлегені, екі ояздан екі мың милицияға адам сұрай келгені, алдын-ала кеңесте сөз сөйлеуге белгіленген Құртайдың Мұқышын қара халық ұрлап әкетіп, әскерге адам бермеуге үзілді-кесілді бел байлағаны Алаш Орда әскерінің оңай жасақталмағанын көрсетсе керек.
“Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады”. Оқығандардың сөзі халыққа бірде жетіп, бірде жетпей жатты.
Маусым айына дейін алғашқыда шағын жасақ болған Алаштың І атты әскер полкы жасақталып болған еді. Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан Семей уездік земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровқа жіберген қатынас құжатында Алаш милициясына уездің әр болысынан 30 адамды алу, оларды Семейге жедел жеткізу жөнінде айтылған. Бұл бұйрыққа қарасақ, Алаш көсемінің әскер тарапында нақты қадамдар жасап, іске кіріскенін аңдайсыз. Яғни, әскері бар үкіметпен бәрі санасады. Соғыс жағдайы да қорғану қажеттігін ұқтырған. Ғалым Ерлан Сайлаубайдың ШҚО мұрағаттарынан келтірген деректеріне сүйенсек, (“Абай”, 2000, №1) Алашорда әскері құрамына шақырылуға тиіс 30 адамды кейбір болыстар жібермеген. Мұнда Айғыржал болысының жігіттері қосымша шақыруды 1919 жылдың ақпан айына дейін күтсе, Бесқарағай, Кеңтүбек, Сейтен, Свободный, Малыбай, Қайыңды болыстарынан әскерге ешқандай жігіт алынбағаны жазылады. Оның түрлі себептері болған. Мәселен, біреулерінде тиф ауруының таралуына байланысты кейінірек шақыруды сұраса, біреулері әскерге жігіттер беруге ашық қарсы болады. Аққұм, Делбегетей, Уақ болыстарында ішінара түрлі арандатушылық әрекеттер де орын алған. Оған большевиктің пиғылдағы адамдардың дем бергені анықталған және бұған Алаш үкіметі дер кезінде тиісті шаралар қолданып, алдын алып отырған. Дегенмен, түрлі қитұрқы бөгеттерге қарамастан, Алаш әскерінің саны аз болған жоқ. Бұл туралы нақты деректер толық емес. ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының қызметкері Лаура Қадырованың айтуынша, I Алаш атты әскер полкі қатарына 18 болыстан шақырылған 430-дан астам жауынгер жастардың аты-жөні жазылған тізім бар. Тізім ішінде М.Әуезов, Ә.Бөкейхан, Х.Ғаббасов, А.Қозбағаров, М.Тұрғанбаев, Ы.Мұстамбаев, Абайдың баласы Тұрағұл да бар. Алаш полкін жасақтауда Семей мен Қарқаралы уездерінің айрықша қызмет атқарғанын байқауға болады. Тіпті, кей болыстарда өз еркімен жазылушылардың көптігінен Ә.Бөкейхан белгілеген 30 адамнан артық әскер саны жеткізілген.
Алаш Орда әскерінің командирі – Хамит Тоқтамышев
Алаш Орда әскері туралы сөз болғанда атты әскерді ұйымдастыруда өзін жақсы қырынан көрсеткен Хамит Тоқтамышевті ерекше айтуға болады. Әрине, негізгі стратегиялық басқару тетігі Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлының қолында болды. Ал, капитан Хамит Тоқтамышев әскердің жасақталуына, сарбаздардың әскери тәртіпке бой үйретуіне жауапты еді.
1918 жылдың мамыр айынан бастап большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жатқан ресейлік саяси күштер бірігіп, чех-словак әскерінің қолдауына арқа сүйей отырып, Орал, Сібір өлкелерін, Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс аймақтарын қызылдардан тазалауға кірісті. Қаулаған өрттің қазақ жеріндегі жалынында от кешуге Алаш Орда әскерін одақтас көрген олар, қазақ әскерінің нығаюына қол ұшын соза бастады. Бұл туралы Семейде шығатын кадеттік “Свободная речь” газеті (1918, 15-маусым) Алаш Орда әскерін дайындықтан өткізу үшін 35 орыс офицері-нұсқаушыларының жіберілгенін, әскер құрамында 300-ге жуық қазақ милиционерлері бар екенін жазады. Газет бұл деректі жергілікті қазақ комитетінен алғанын айтады. Келесі кезекті санында 1918 жылдың 18-маусымында талтүсте Алашорда басшылары мен әскери отрядының Алаш қаласына келіп кіргенін, әскери жасақтың саны 500 адам және олармен бірге орыс офицер-инструкторлары бар екенін жазады. “Свободная речтің” жазуынша, келесі күні кешкі сағат 6-да Никольский шіркеуі маңындағы алаңға Алаш Орда әскері сапқа тұрғызылады. Уақытша Сібір үкіметінің Алаш Ордамен одақтастығы негізінде әскерге болысуға келген әскери штаб бастығының көмекшісі полковник Папин, штаб адъютанты капитан Виноградов және Уақытша Сібір үкіметі өкілі Давыдов тарапынан сәлемдесу рәсімі өткізіледі. Бұл кездесуге Әлихан Бөкейханның келуіне орай, ұлттық қозғалыс көсеміне Х.Тоқтамышевтың бұйрығымен атты әскер “Алла” деп ұран салады. Алаш атты әскерінің ақ түсті желбіреген туында “Жасасын Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысы”, “Жасасын Отанның адал ұлдары” деген жазу кестеленген екен.
Тарихи деректерде бұл әскер күн санап молая түскені байқалады. Осы шамада Алаш әскерінің жалпы саны 1,5 мыңға жеткенін байқауға болады. Капитан Х.Тоқтамышевтің Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрі атына жазған хатында Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицер бар Алаш полкінің құрылып, Зайсанда қазақ милициясының 200, Павлодарда – 150, Қарқаралыда – 250, Өскеменде – 250 адамнан тұратын бөлімдері жасақталғанын, бірақ, оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешек жоқ екенін, ақша тапшылығы да орын алып отырғанын хабарлайды (К.Нұрпейісов, “Алаш һәм Алашорда”, Алматы, 1995).
Жалпы, Хамит Тоқтамышев туралы Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешуінде” де жазылған. Ол – Омбының қазағы (ноғай деп те айтылады). Капитан шенін патша заманында алған екен. “Свободная речь” басылымы оның шенін подполковник деп көрсетеді. Әйелі орыс, одан туған бір қызы болған. Алаш әскерінің командирі болған Х.Тоқтамышевтің сүйегі қазіргі ШҚО Көкпекті ауылының маңында.
Бұл туралы айтыскер, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың “Қалбатау” (Алматы, “Мерей”, 1997, 148-156-беттер) кітабында біршама деректер бар. “1920 жылдың жазында Көкпектінің қызыл партизандары бүгінгі Ақсуат ауданының “Кіндікті” жерінде Қытай шекарасына беттеп бара жатқан көп арбалы керуенді қолға түсіреді. Тоқтамысов пен оның семьясы солардың ішінде. Керуенде орысы, қазағы, татары, башқұрты, қытайы аралас. Барлығын Көкпектіге әкеліп қамауда ұстайды. Партизан штабының тосқаны – Семейден жіберілген телеграмма. Бірақ қаланың жауабы бір жұмадай кешіккен. Қолға түскені 45 адам. Сонша топты ауқаттандыру да қиын, әрі оқыс әрекет жасай ма деп тұтқындардан қауіптенген. Сол себепті партизан штабы өздігінен үкім шығарып, 45 тұтқынды Көкпекті селосынан оңтүстік-батысқа қарай 3 шақырым “Қара кезеңге” апарып атып тастаған. Әуелі ұзынша орды тұтқындардың өздеріне қаздырыпты. Хамиттің жолдасы бір орыс офицері. Ол да әйелімен қолға түскен екен. Сөйтіп, барлығын қазылып болған орға түсіреді. Хамиттің әйелі мен орыс офицерінің әйелі күйеулерімен орға бірге түседі. Партизандар аяп, бұл екі әйелдің өмірін сақтап, өздеріне азаттық берген-ді. Үкім оқылды. Енді соны орындайтын сәт туды. Партизандар әлгі екі әйелге кұйеулерімен қоштасудың уақыты біткенін хабарлады.
Бірақ бейшара әйелдер күйеулерінің мойындарынан құшақтарын жазар емес. Көздерінен жас парлауда. Кенет, партизандар мылтықтарының шаппаларын сарт-сұрт еткізіп, үкімді орындауға кіріспек. Сүйген жар тәтті, шыбын жан тіпті тәтті. Хамиттың әйелі кішкентай қызымен ордың жиегіне секіріп шығады. Өкінішке орай үкім орындалған күннің ертеңінде Семейден телеграмма келген. Онда “Барлығын Семейге жөнелту керек” деп жазылыпты…”
Алаш әскерінің соғыс қимылдары туралы не білеміз?
Әрине, Х.Тоқтамышевтің өлімі кейінірек болды. Оған дейін Алаш Орда әскері өзінің тарихтағы миссиясын атқарып жатқан еді. 1918 жылдың басында большевиктер Батыс Сібірде жеңіске жетіп, Колчак үкіметінің әскерлері қазақ даласына қарай ығысты. Олардың жол-жөнекей шаруаларды қырып салу дерегін біліп отырған Алаш Орда жетекшілері әскердің бейбіт халықты қырғыннан қорғап қалу мүмкіндігін ескеріп, милиция жасағын нығайта түсті. Алаш әскері мен Уақытша Сібір үкіметі армиясының қарым-қатынасы Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Х.Тоқтамышев және Уақытша Сібір үкіметі мүшелерінің 1918 жылы 29 – 30-шілде және 2 – 3-тамыз күндеріндегі екіжақты кездесуінен соң шешіліп, тараптар бірлескен комиссия құрып, саяси әрі әскери байланыстар орнатты. Тарихшылар Алаштың атты әскерін Сібір армиясының бір бөлімі ретінде қарастырады. Алайда, Алаш әскерінің ақтармен майданда бірігуіне қызылдарға қарсы күрес себеп болғанымен, мақсат-міндетінің өзіндік ерекшеліктері бар еді. Екі жақтың да өз ұпайын түгендеткен бұл одақтастықтың уақыты келте болғанымен, тараптар бірқатар шайқастарда бір-бірінің бағасын да, кемшілігін де танып-білді.
“Абай” журналында “Тарбағатайдан аттанған Алаш полкі” атты мақалада (2010, сәуір, 32 – 34-б) Үржар ауданының Көктерек ауылының тарих мұғалімі Рамазан Нүсіпов ел арасындағы естелік әңгімелерді баяндайды. Мұғалімнің жазуынша, Алаш полкінің сарбаздары аттың түсіне қарай сапқа тұрады екен. Яғни, көк аттылар бір қатар, жирен аттылар бір қатар деген сияқты. Олардың атпен сүйреп жүрген үш доңғалақты 14 зеңбірегі болған. Көшпелі асхананы да атпен тартып жүрген. Андреевка түбіндегі шайқаста Алаш полкі қатты шығынға ұшырапты. Атаман Анненковтың тың әскері жетіп, шабуылдағы қызылдарды қырып өтеді. Бұл соғыста Алаш әскерінің шығынға батуы жергілікті переселен мұжықтардың большевиктерге көмектесуінде болса керек. Сарбаздар Алаш гимнін шырқағанда Әлихан мен Анненковтың есімін де әнге қатар қосқан көрінеді.
Оның қайырмасының мәтіні:
Анненков – атаман,
Қолдай гөр жасаған.
Алашпыз жауынгер,
Қорықпаймыз жауыңнан, – деп келсе, әрі қарай:
Біз Қали Арыстан,
Долданса қоймайтын.
Алға ұмтыл, ер алаш,
Елің бар қорғайтын!
Әлихан, Әлихан – Алаштың серкесі
Ел қамын ойлайтын!, – делінеді.
1919 жылы кескілескен ұрыстан соң Черкасскіні қызылдардан алған Анненков осы жеңістің құрметіне сарбаздар арасында палуандар күресін өткізген екен. Сонда белдесуге шыққан бүкіл балуанды жыққан Аягөздің жігітіне “Сенде тоғыз аттың күші бар екен. Мұнда бір оққа ұшып кетесің” деп әскери киімін шешкізіп, қазақы киімін киіндіріп үйіне қайтарып жіберген көрінеді.
Атаман Анненковтің “Сарыарқа” (1919, 14-қаңтар, №65) газетіне басылған жарлығында Семейде артиллерия капитаны Тоқтамышевты ер көңілді қазақ полкін жасақтауға қосу туралы және туған жерін қорғау үшін майданға өзі барып, атысып, үлгі боларлықтай ерлік көрсетіп, Жетісудағы көпшілдерді (большевиктерді) жоймақ болып жүрген қазақтарға разылығы білінеді. Осы басылымның 1919 жылдың 6-ақпанында шыққан санындағы “Үржардан” деген мақалада Атаман Анненковтың елдің он екі болысынан бес кісі келген жиынында қазақтарға Әлиханның, Мұхамеджанның, Ахметжанның аттарын айтып, олардың көңіліне жаққаны суреттеледі.
“Автономия алмаққа жармасады” деп Жетісу казактарының атаманы Афоновтың Алаш қайраткерлерін жек көретінін айтады. Осы арқылы казак атамандарының да Алашқа көзқарасы тым оң болмағанын аңғарамыз. Дегенмен, “Орынборда атамандардың ақсақалы Дутов пен “Алашорданың” ақсақалы кездескенде, қазақтың қарияларынша құшақтасып амандасады! Ал атаманның жігіттері аулақта ел қазағымен кез болса, қазақты нысана қылып атады” деп Сәкен Сейфуллин жазғандай, атамандардың бейбіт ауылды жазым қылғаны да жасырын емес. Тіпті, кей ауылдарда жарлық айтамыз деп жинап алып, пулеметпен баудай түсіргені де айтылады.
Бұған өз кезінде Алаш Орда басшылары да наразы болғанымен, дәрменсіз еді. Алаш Орданың “Сарыарқа” газеті 1919 жылы 26-наурыздағы нөмірінде бұл туралы “Жүгенсіздік” атты мақала жариялап, онда ел ішінің атаман әскерінен көрген зәбір-жапасы тізбеленеді. Ішінде әйелге зорлық қылған, отбасымен сабап, дүние-мүкәмал, ақша тартып алғаны, “Атақты Мәшһүр Көпейұлы деген молданы сабаған” деген жол да бар.
Жан-жақты дайындықтардан өткен Алаш орданың атты әскерлері Жетісу майданындағы шайқастарға енгізілді. Алаштың алғашқы әскері Алтай губерниясында Рубцовск майданында большевиктерді қудалауға қатысады. Олардың қатарында Алаштың ерікті ақ гвардияшыл атты әскер полкының бас қолбасшысының көмекшісі әрі ұйымдастырушысы қызметін атқарған Халел Ғаббасов та бар еді. Оған полковник Қараевпен қатар алғыс та білдірілген-тін. “Степная правда” газеті жариялаған “ұйымдастырушы ақ бандылар” ретінде көрсетілген Алаш әскерінің жетекшілері тізімінен Қаражан Үкібаев, Биахмет Сәрсенов, Ике Әділов, Халел Ғаббасов, Мәннан Тұрғанбаев, Мұстақым Малдыбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Әнияр Молдабаев, Жұмжұма Үкібаев және тағы басқа азаматтарды көреміз. Сонымен қатар кейінгі жасақталған әскер 1918 жылдың тамыз айынан бастап Жетісудағы қан майданға кіреді. “Свободная речь” газетінің жазуына қарағанда, Алаш әскері орыс офицерлерінің басқаруымен Андреевка, Үржар, Ново-Покровка, Лепсі, Сарқан және Покотиловка сынды жерлерде қызылдармен қызу шайқасады.
Алаш сарбаздарының шайқастағы ерліктері туралы “Сарыарқа” газетінің 1919 жылы 26-наурыздағы нөмірінде “Қазақ қалай соғысады?” деген мақала жарық көрген. Онда жекелеген жауынгерлердің әскери тапсырманы мүлтіксіз орындағаны, ерлікке, тапқырлыққа толы болмыстары баяндалады. Осы алқапта жүрген ұрыстарда Анненковтың әскерінен бөлініп қасындағы бір топ серігімен “Көктұма-Бақты” шекара қақпасына тіке тартқан Алаш Орданың көрнекті қайраткері Отыншы Әлжанов қаза табады. Үржар жанындағы Науалы ауылында қызылдармен аянбай соғысқан Отыншы жанындағы серіктері түгел оққа ұшқан соң жеңіл қол пулеметпен ағаш шіркеуге бекініпті. Жақын келген қызылдарды жусата берген соң, партизандар шіркеуді өртеп жібереді. Отыншы осындай қайғылы жағдайда қаза болады.
Тағы бір деректерде Отыншы бекінген орын Көктұма өзенінің жағасына салынған су диірмен болып жазылады. Отыншының өлімі туралы Жақаңның “Тағы құрбан” мақаласы бар. “Алаш баласына Отыншының шығыны батады. Орны ойсырайды, әсіресе балшықтан кісі жасап ала алмай отырған Жетісудағы ағайындарға басшысынан, көсемінен айрылғаны жан ауырарлық іс болды” деп жазды Жүсіпбек Аймауытов (“Абай”, 1918, 22-тамыз).
Зайсан түбегіндегі Тұғыл ауылында шоғырланған ақтар мен Алаш күші талқандалғанда, Алаш жасағының командирі Райымжан Мәрсеков аталған жеңілістен соң Алтайға өтіп кеткені туралы айтылады. Райымжан – Петербордағы артиллерия училищесін бітірген кәнігі әскери тұлға. Оның өлімі жайында ГПУ арқылы Қытайдан алдырып, Семейде атылған, тағы бір нұсқасында Қытайда атылған делінеді.
1920 жылы көктем айларында жарты әскерінен айрылған Анненков сарбаздарды қаруымен еліне қайтарады. Осы әскермен бірге бес болыс елге Алаштың 250-ге жуық сарбазы да қайтқан. Үшаралды қызылдар алғанға байланысты Алакөл, Сасықкөлді айналып қайтқан ақтардың басым бөлігі жол-жөнекей қызылдарға да, қазақтарға да жем болып, ту-талақайы шығады. Өйткені, ақтардың әскер киімі көзден таса қыларлық қорған болуға жарамайтын еді.
Алаш Орда әскерінің батыл қимылдарының бірі ретінде қазақтан шыққан большевик Амангелді Иманов пен Таранның қазасын да айтуға болады.
Алаш Орда үкіметі әскери кеңесінің жетекшілері Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасовтардың саяси біліктілігі мен алысты болжағыш стратегтігі Ресейдің ақгвардияшыл үкіметін де, қызылдар үкіметін де ойлантпай қойған жоқ. Көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбайдың “Ұраным – Алаш!” еңбегінде бұл жәйттерге байланысты деректер көп. Кейін көптігін істеген большевиктердің өзі аталған қайраткерлердің соңына аңду қойып, үнемі қауіп күтіп жүргені ойлантпай қоймайды.
Алаш әскерінің дәрігерлері
Қазақстанның денсаулық сақтау саласында есімі алтын әріптермен жазылуы тиіс ұлтымыздың алғашқы дәрігерлерінің бірі – Асылбек Сейітов. 1911 жылы Омбының ерлер гимназиясын, 1916 жылы Томскі университетінің медицина факультетін тәмамдаған Асылбек Алаш Орданың белсенді мүшесі болды. 1917 – 18 жылдары М.Дулатұлы құрған атты әскер құрамында дәрігер болып қызмет атқарған. Яғни, соғыс қимылдарында жараланған қазақ баласын өлім аузынан арашалауға, әскер ішінде, ел арасында оба, сүзек, шешек сияқты жұқпалы аурулардың алдын алуға себін тигізіп, дәрігерлік көмек берген. Халықтың саулығы жолында баспасөз беттерінде ағартушылық жұмыстар жүргізген. Әйгілі Әлімхан Ермековпен Томскіде бірге оқыған оны замандастары өте жоғары құрмет тұтып, қадірлейтін болған. 1937 жылы ұсталып кеткен.
Алашордалық дәрігерлер қатарында тағы бір ғажап жан Әбубәкір Алдияров болды. Ол 1899 жылы Орынбордағы гимназияны, 1904 жылы Қазан университетінің медицина факультетін күміс медалмен бітірген білікті дәрігер болатын. 1916 жылы патша қазақтарды майданның қара жұмысына алған сәтінде Алаш қайраткерлері оған қарсы тұру елді қанға бөктіру болатындығын ойласып, Ә.Бөкейхан Петерборға барып, патша өкіметінің рұқсатын алып «Земскі одағы» ұйымы арқылы майдандағы қазақ жігіттеріне қамқорлық бөлімін аштырғанда, сол жылдың желтоқсан айында осы ұйымға қатысуға М.Дулатұлы мен Ә.Алдияровты шақырады. Арада екі ай өткеннен соң Торғай әскери губернаторы Эвересманн оларға Минскінің маңындағы Барановичтегі тыл жұмысында жүрген қазақтарға жәрдем беруге баратын куәлікке мөр басып берген. Бұл жөнінде «Қазақ» газетіне Нығыметолла Қаймекұлы: “Доктор Әбубәкір Алдияров жақсы қарап, көп пайдасы тиіп тұр, ерінбей еткен қызметі үшін тәңір жарылқасын айтамыз” деп жазады. Ол Алашорданың Қостанай уездік комитетінің төрағасы қызметін де аз уақыт атқарған. Сондықтан, 1917 жылдардағы Торғай өңіріндегі Алашорданың әскери қимылдарында дәрігерлік қызметінің себі тиген болуы кәдік деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, 1900 жылы Мәскеу университетінің медицина факультетін бітіріп, «уездный лекарь» атанған Дәулетшах Күсепғалиев азаматтық соғыс жылдарында емханасына түскен қызылдар мен ақтардың жаралыларын және жергілікті тұрғындардың жанын сақтап қалу үшін аурухана шатырының үстіне оба ауруының белгісі ретінде қара жалау іліп қояды екен. Мұны көрген әскерлердің зәресі ұшып, алыстан қашады екен. Ол 1917 жылы Орынборда өткен қазақ зиялыларының құрылтайына да қатысқан. Батыс Алашорданың басшылық қызметінде болады. Алғашқы бактериологиялық зертханалар ашып, эпидемияға қарсы отрядтар құруға көп үлес қосады.
Әрине, Алаш қозғалысының құрамында болған Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Мұратбек Сейітовтер сияқты жоғары білімді дәрігерлерді көптеп айта беруге болады. Біз бұл тарапта Алаш орда әскерінің құрылымында әскери госпитальдің қызметін оқыған қазақ зиялылары атқарғанын білдіре кету мақсатымен тоқталдық.
Каптенармус немесе Алаш Орда әскерінің азықшысы
Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” мемуарлық шығармасы бізге түрлі деректерді беруімен құнды екенін айттық. Соның ішінде “Алаш Орданың” мүшесі, Алаш әскерінің каптинармусы (азықшысы) қызметін атқарған Жанұзақ Жәнібеков жәйлі айтылады (ІІІ-том, “Жазушы”, 1970). Әскери сөздіктерге қарасақ, “каптенармус” – армияның әскери бөлімдеріндегі шаруашылық жағын басқаратын, қару-жарақ пен азық-түлікті қабылдау, сақтау және бөлумен шұғылданатын әскери жауапты қызмет. Яғни, Алаш Орда әскерінің осы тараптағы жұмыстарын Жанұзақ Жәнібеков атқарды. Жанұзақ Жәнібеков Алаш Орданың ең белсенді мүшелерінің бірі болғаны, оның “Қазақ” газетіндегі құнды мақалаларынан-ақ білінеді. Осы тұлғаның өмірбаяны жәйлі Сәбең өз шығармасында бірқатар мәліметтер берген. Қызылжардағы татар Хасен Понамаровтың медресесінде оқып, орташа білім алған Жанұзақ Жәнібеков ауылда мұғалімдік қызметпен шұғылданады. Осы кезде патша жарлығымен майдандағы қара жұмысқа алынатындар тізіміне іліккен ол Орынборға барып, “Қазақ” газетінің экспедиторы жұмысына кіріп, Міржақыптың алқауымен майдандағы тыл жұмысынан қалып қояды. Жақаңмен 1910 жылдары танысса керек. Кейін Алаш әскерінің құрамында қызмет етеді. Торғайда қызылдардан жеңілгенде ол туған жеріне қайта келіп, кеңестік қызметке, оқу-ағарту қызметіне араласады. Жанұзақ Жәнібеков кейін кеңес өкіметінің Қызылжардағы жалғыз қазақ тілінде шығатын газетінің редакторы болып жүргенінде Сәбит Мұқановты жауапты хатшылыққа алады. Олар 1921 жылы ЧОН отрядында бірге жауынгер болғаны да бар екен. Сәбең сол кездегі “күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмедім” дегенді “нош не спаю, день не хохахаю” деп айтқан орысшаға олақтығын да айтып кетеді.
Жалпы, Алаш Орданың кеңес қызметіне араласқан жастарының барлығы тікелей Ә.Бөкейханның бағдарымен барғаны рас. Дәл осы Сәбеңнің шығармасында Әлекеңнің Қызылжардан келе жатып Қарқаралыда бір шеті Баян мен Кереку, бір шеті Семей мен Аягөз, Ақмола мен Көкшетаудың алашордашыл жастарын жинап, мәслихат өткізгені жазылған. Бұл басқосуда қызылдардың осы жеңгені жеңген, ақтардың осы қашқаны қашқан екенін, шет елдік интервенциядан да үміт жоғын айтып, ендігі жалғыз үміт, совет өкіметін құлатудың жалғыз қолайлы әдісі осы өкіметтің өз жұмысына араласып, жұмысты қисық істеу арқылы советтің ел арасындағы беделін түсіріп, іштен шіріту екенін айтқан екен. “Кімде-кім алашорданы жақсы көрсе, “коммунист” болуға тырысу керек” депті шарасыз ұлт көсемі. Орыс интеллигенциясы арасында да кең тараған бұл бағыт тарихта “семеновеховцы” (нысана өзгертушілер) аталған.
Жанұзақтың тарихтағы ең үлкен еңбегі Қазы Нұрмұхамедұлының большевиктер оғынан қайтыс болуына байланысты Алаштың тұңғыш құрбанын жоқтаған қайраткерлердің көңіл-күйін қаттап қағазға түсіруі дер едік. Жанұзақ Жәнібеков те “нысана өзгерткенімен” репрессия құрығынан сытыла алмады.
Алаш әскері туралы оқулықтар не дейді?
Қазақстанның әскери тарихы туралы әскери институттарда қалай оқытылатынын қайдам, біз бұл бағытта оқулықтарға назар салып көрдік. Соның ішінде авторлары К.Аманжолов пен А.Тасболатов болып табылатын «Қазақстанның әскери тарихы» (Алматы, “Білім”, 2008) атты оқу құралы біршама мағлұмат бергенімен, Алаш әскерінің іс-қимылдарын бұрынғы кеңестік контексте қарағаны аңғарылады. Яғни, аталған оқулықтың 1918 – 1940 жылдар аралығындағы қазақ даласындағы әскери тарихтың ау-жайы баяндалатын VI тарауы негізінен кеңестік күштердің құрылу тарихымен таныстырып, қызылдар мен ақтар арасындағы шайқастарды қаузаған. Алаш әскері туралы ішінара ғана мазмұндалады. Біздің ойымызша, қазақтың тағдырын ойлағаны себебімен Алаш әскеріне арналған жеке тараудың, болмаса параграфтың болғаны қажет дейміз. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның сарбаздарына ұлттық рухты сыйлайтын, сіңіретін Лениннің де, Колчактың да әскері емес, Алаш әскері демекпіз. Алаш әскерінің көрнекті тұлғаларына айналған объектілерді мұрағаттардан зерттеп, ғылыми тұрғыдан байыптауға әскери тарихшы мамандарымызды жұмылдыру ҚР Қорғаныс министрлігінің құзырынан келетін шаруа деп білеміз. Сонымен қатар, Қазақстан даласында қызылдар, ақтар, Алаш полктері арасында орын алған ірілі-ұсақты ұрыстар, қан майдандар, жорықтар картаға түсірілуі қажет.
Алаш әскері туралы көзкөргендер не дейді?
Асылдың сынығы Гүлнәр апайдың естелігі біз үшін маңызды еңбек. Өйткені, М.Мағауин айтқандай: «Барыңыз да, нарыңыз да – осы. Ахаңның маңдайына бітпеген, Мағжанның жастай кеткен, Әлекеңнің көктей қиылған балалары қайтып келіп әңгіме айта алмайды». Ғасыр жасап, ғақылиялы ғұмыр сүрген (1915 – 2013) Гүлнәр Міржақыпқызы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында («Мектеп», Алматы, 2010 жыл) 1918 жылдың күзіндегі оқиғаларды көзімен көрген туысы Байеке Жұмабаевтың айтуы бойынша хатқа түсірген.
«Алаштың атты әскерін (бас-аяғы төрт жүздей) жасақтаған – Міржақып ағамыз. Әскер қатарына қосылуға: Ақтөбе, Ырғыз, Шалқар, Орал, Қостанай, Торғайдан келген жігіттердің бастарының біріккен жері – осы біздің ауыл (Торғайдың Сарықопа өңіріндегі Қоңыраулы өзенінің жағасындағы бірінші ауыл Қызбел, – ред.). Асқар ағам (Жақаңның ағайыны) әскерлерді топқа бөліп, әр үйге тұрғызды. Тамақтандыру мен күту жағы үй иелерінің мойнында болды да, жігіттер меншікті аттарын өздері баптайтын еді.
Жақаң дамыл таппай жұмыс істейтін. Әскерлеріне соғысқанда қару-жарақты қалай қолдануды, атыс-шабысты қалай жүргізуді, басқа да әдіс-тәсілдерді үйретіп оқытатын. Қолбасшы рөлін Міржақыптың өзі атқарды. Ағамыздың келбеті, киген киімдері, үстіндегі ұзын сұрғылт шинелін айқастырған былғары тартпалар, аяғындағы қисық табанды етігі әлі күнге дейін көз алдымда. Күнде көретініміз – Жақаңның әскерлерін сапқа тұрғызып, ауылдан алысырақ жерге апарып жаттығу жүргізетіні. Жігіттер ауылға қайтарда бәрі қосылып «Алаш маршын» шырқайтын. Есімде қалған мына шумақ» – деп сәл ойланды да, ағамыз шырқай жөнелді:
Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асынып міндік атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап жас ұлан, қарап жатпа.
Заман-ай!
Азаматы Алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды!» Алаш маршы демекші, Халифа Алтай 1960 жылы Стамбұлда жарық көрген кітабына жас кезінде жаттап алған әнұранды енгізген екен.
Арғы атам – ер түрік,
Біз – қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз, – деген ғажап рухты бұл өлеңді Халифа Алтай Алашорданың 75 жылдығы (1992 жылы) Семейде аталып өткенде оқыған екен. Дәл осы «Алаш әнұранының» екі түрлі нұсқасын да Гүлнар апаның «Шындық шырағы» («Мектеп», Алматы, 2012) еңбегінде Ғаббас Нұрымов бастаған жасақ шырқап айтып бара жатты дейтін тұстары бар. Ғаббас Нұрымов туралы Міржақыптың жары Ғайнижамал: «Өзінің қатарлас құрбыларының ішінен жұрттың көзіне алдымен түсетін, сәнді киінетін, домбыра мен мандолинді құйқылжыта тартып, ән салатын» деп суреттейді. Ендеше, дауысы ашық, өнерлі жігіттің Жақаң бастаған жасаққа рух беру үшін алдыңғы сапта ән шырқауы тегін емес.
Ғаббас Нұрымов 1937-1938 жылдарғы дүрбелеңде совнаркомда жауапты қызмет атқарып жүрген екен. Ел басындағы азаматтар, оқығандар, зиялылар ұсталып, ел берекесі кеткенін көріп, жүйкесі тоза бастаған ол НКВД-ға өзі телефон соғып: «Мені қашан қамауға аласыңдар?» дейді екен. Ғаббас та 1937 жылдың құрбаны. …Алаш азаматтары қараша айынан наурызға дейін ауылда болды. Қызылдармен соғысу үшін Торғайға аттанарында Жақаң атты әскерін өзі бастап, қару-жарақты өз қолымен үлестірді. Жасақтың әр жігітіне: бір мылтық, бір қылыштан берді де, ауыл-аймақпен қоштасып, жүріп кетті. Бұл уақыт қызылдар мен ақтардың әскерлері Торғайда соғысып, екі жақ қаланы қолдан-қолға өткізіп, жауласып жатқан шақ. Екі армияның солдаттары да қалаға кіргеннен кеткендерінше тұрғындардың үйін тонаумен болған. Ел ішін, Торғайдың төңірегіндегі ауыл-аймақтың малын үйірімен айдап әкетіп, мүліктерін қалдырмай тонап, үйлерін өртеп отырған. Онымен қоймай, қыз-келіншектерге де зорлық-зомбылық жасап кеткендерін көрмесек те, Торғайдан келгендерден естігенбіз», – деп, Бәйеке ағамыз әңгімесін аяқтады.
Тағы да Ғайнижамал анамның айтқандарына құлақ салайық: «1918 жылы Кеңес үкіметі Торғайда құрылған соң, Жақаң атты әскерін жартылай большевиктерге қосты да, қалған серіктерімен Торғайды тастап, Атбасарға жол тартты. Атбасар Ақмола уезіне қарайтын (қазіргі Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы). Сол Атбасардың 24-ші ауылы Табай байдың қыстауына келіп тоқтадық. Атбасарға келгеннен кейін әскерлерін таратып жіберді де, өздері Семейге жүрерде, екеумізді Табайдың ұлы Шұбай (Жақаңның бажасы) мен Сараның үйінде қалдырып кетті. Өйткені менің аяғым ауыр, босанар мезгілім таяу, қақаған аязда алыс жолға шығу қиындық туғызары ақиқат еді. Сонымен Табаевтардың қолында тұрып жаттық», – дейтін анам» (12,13,14-беттер), – деп жазады Гүлнәр Міржақыпқызы.
Алаш әскерінің бейнесі көркем шығармада бар ма?
Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Бар. Жоғарыда біз мысал келтірген Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі”, Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” мемуарлық шығармаларын былай қойғанда, Алаш Орда қайраткерлерінің жекелеген шығармаларында бой көрсетіп қалады. Кеңестік тар шеңберде жазылған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясында да Омбыдағы қазақ зиялылары, Алаш офицерлері туралы ішінара айтылады. Дегенмен бұл жазба теңіздің тамшысындай ғана. Ілияс Есенберлиннің «Қатерлі өткел» шығармасынан да жіптің бір ұшығын ұстауыңызға болады. Алаш әскерінің белсенді мүшесі Отыншы Әлжанов жөнінде көрнекті қаламгеріміз Қабдеш Жұмаділов те жазды.
Алаш Орда сапында болып, кейін ғайыптан тайып большевиктердің құрығына ілінбей шет ел асқан қайраткерлер де бұл идеяны жалғастырды. Астраханнан Алтайға, Омбы мен Орынбордан Шәуешекке дейінгі аралықта біртұтас Алаш идеясының таралғанын байқаймыз.
Қытайдың қапасына қамалып қапы кеткен есіл ерлердің кегін қуған шығыстүркістандық қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін жазған қаламгерлердің ішінде шоқтығы биік суреткер – Жақсылық Самитұлы. Жазушының «Қаһарлы Алтай» трилогиясында Бұқат, Шәріпқан, Есімқан, Ырысқан сынды ел ағалары бастаған күрес жолын Оспан батырдың жалғап, кемді күн болса да қазақтың мерейін үстем еткен жеңісті соқпағы сөз болады. Осы шығармада ден қойған оқырманға байқалатын бір нәзік арқау бар. Бұл – Алтай мен Тибетке дейінгі аралықта аласұрып, айға шапқан арыстандай мертігіп, құрбан болған қазақ ерлерінің күресіне Алаштың бостандық рухының дәнін сепкендігі еді.
Яғни, Оспанның ақылшысы, кеңесшісі болған бұрынғы Алаш орда мүшесі Құнияз молданың бейнесі арқылы Алаш идеясы көрініс табады. Шығармада айтылатын мынадай баян бар: «…Алашорданың көсемдері бәрі де қала жағалаған, қалам ұстаған оқымысты жігіттер болған да өкіметті қағазбен, қаламмен, сөзбен жасап аламыз деген ғой, солай ма? Құнияз молда Оспанның бетіне ажырая қарады. Ортадағы дөңгелек үстелдің үстіндегі лампаның мол жарығымен шағылысып, оның көзінен ызалы бір от жарқ етті. Оспан сөзінің төркінін түсініп, оған ренжіген әлпет танытты.
– Жоқ, олай емес, – деді қатқыл дауыспен.
– Онда не үшін олардың әскері болмаған? – деді Оспан да өз бетінен қайтпай, Құнияз молдамен таласа кеткісі келіп.
– Мен білгенде қолындағы билікті басқа біреуге өз еркімен ұсына салатын ешқандай пенде бұл дүниеге әлі келіп көрген жоқ. Билік, тақ – қашан да біз үнемі айтып жүретін байлық, бақыт, мәртебе, мерей дегендердің жиынтық билігі. Солардың алтын тұғыры, құтты ұясы есептеледі. Оның қымбаттылығы соншалық – ол ылғи адамның басымен санасады. Оған таласқан екі жақтың тек біреуі ғана ие бола алады. Ал жеңілген жағы сол үшін дүниеден безуге мәжбүр етіледі.
Құнияз молда Оспаның сөзінің аяғын тоса алмады:
– Сіз білмейсіз батыр, ол жағын мен сізге әлі айтып болған жоқпын, – деді ол өз көкейінде мәңгілік алтын мұнара болып орнап қалған Алашорданың қасиетті атына биттей кір жуытқысы келмей, қызарақтай түсіп. – Алашорда өкіметі де өз жасақтарын құруға кіріскен. Жаңағы айтылған Семейдегі большевиктік үкіметті де қарулы күшпен, соғыспен құлатқан. Өзін Россияның ең жоғарғы билеушісі деп жариялаған адмираль Колчак өкіметімен келіссөз жасаған кезде Алашорданың басшысы Әлихан Бөкейханов 1919 жылы қызыл армиямен соғысып жатқан Алаш әскерлерінің саны үш мыңнан асқандығын айтқан. Мұның сыртында Алашорданың батыс бөлімшесі ұйымдастырған әскери құрамаларда тағы да екі мыңдай қарулы әскер болған. Көрдіңіз бе? Алашордада бәрі де болған. Бірақ оның жауы сұрапыл күшті болып кезіккен. Былайша айтсақ, бір басты мақұлық емес, жеті басты айдаһар сияқты болған ғой. Ақыры жұтып тынған. Қорытып келгенде, бәрі де бір тағдырдың жазмышына қатысты. Алла тағала қазақ елінің сол кездегі ұрпақтарына басқаның бодандығынан құтылып, жеке ел болып, өзіне-өз қожа болу бақытын қимаған. Бұдан кейін де қияр-қимасы белгісіздеу. Ал қиып жатса ол бақытты қазақтың қай ұрпағының маңдайына жазатынын да бір құдайдан басқа кім біледі дейсің? – деді Құнияз молда сөзінің аяғын міңгірлей аяқтатып» (Ж.Самитұлы, «Қаһарлы Алтай», 2-том, 275-276-беттер. «Дәуір», Алматы, (2010 жыл.).
Міне, Хан Кенеден тартып Алаш ардақтыларына арман болған, шеттегі батыр Оспанға бұйырмаған бақыт, күннің шуағын көру бізге жазылыпты. Біздің бұл ерен бақытты қалай бағалап жүргеніміз бір Жаратқанға аян. “Бөденеде мекен жоқ, қайда барса бытпылдық” дегендей, саясатта да, әскерде де жеңіліс тапқан Алаш Орда қайраткерлерінің ұлы күресіне құрметіміз әлгі бағаның бір түрі болуға керек.
Міржақып Дулатұлы Алаш идеясының жеңіліс тапқанын екі түрлі фактордан көреді. 1. Қазақтан шыққан большевиктер мен қазақтың салақтығын кінәлады. 2. Большевиктер қазақтың тұтас бір идеяға бірігуіне нұқсан келтірді. Әрине, бұған жоғарыдағы шығармада айтылғандай, дұшпанның да жеті басты аждаһа болып кез болғанын қосуға болар. Сондықтан, Алаш Орда үкіметі мен оның әскерінің ең басты мұраты орындалды. Ол – ұлттың амандығы. Ұлтымыздың бүгінгі биігіне бір қарыс болса да жетуіне Алаш сарбазының төккен бір уыс қасық қаны бар!
Думан АНАШ, (2013 жыл, сәуір)
“Егемен Қазақстан”
Парақшамызға жазылыңыз