////

Күллі қазақтың оң көзі

3026 рет қаралды

1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда I  және II жалпықазақ құрылтайы өтеді. Құрылтайда “Алаш” партиясы құрылып, Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясы жарияланады.  Қазақ автономиясына «Алаш» деген атау беріп, халықтық кеңесті «Алашорда» деп атайды.

90c0a62ae76b34b9a5b112be228eafa6

Сол құрылтайда Алаш автономиясының жер аумағын белгілейді. Және астанасы Семей қаласы болсын деп қаулы қабылдайды. Алашорда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланады.  Осы Әлихан кім, оны неге төраға етті, оның басқадан озықтығы неде, артықшылығы қайсы, бүгінгі ұрпақ соны біле ме деген сауалдарға қысқа да ұғынықты, нақты жауап іздеуге тырысып, Сұлтанмахмұттың өлеңіне тап болдық.  Жауапты  Сұлтанмахмұт  Торайғырұлы беріп қойған екен. Енді соны тәптіштеп түсінейік.

Сұлтанмахмұт  Торайғырұлы Алашорданың азаншысы болған десек артық емес. Ол көп ішінен, ұлт зиялылары арасынан Әлиханды  айырықша айшықтап, ұлттың бас адамы екенін қазақ сөзінің ғажайып, орамды  тіркестерімен әшекейлеп, асыра сілтеп, көркем тілмен көтере нөсерлетіп дәріптемей, оның есесіне  орнықты, байсалды, салмақты сөзбен жеткізеді. Шүу дегенде Әлиханды күллі қазақ баласы өзінің «оң көзі» деп  санайды дейді ол.  Қазақ әлде кімді біреуге тапсырғанда «көз қырыңды сала жүр, көз бол» деп жатады. Бұл аманатты екінің біріне айтпайды, сенген адамына, осы сөзімді жерге тастамас, аманатқа қиянат жасамас деген кісісіне жүктейді.  Көздің де екі иығымыздағы ақ, қара періште сияқты бірінің жақсылықты, ал екіншісінің керісінше жақсылықты көретін қасиеті болуы мүмкін. Қазақ ең сенімді, арлы, тар жерде сатып кетпейтін, алтын көрсе де жолдан таймайтын адамды «оң көзім» дейді. Міне, сондай адам исі қазақ үшін Әлихан болыпты.

Сұлтанмахмұт Әлиханды қазақтың даласында «талассыз жеке дара» тұрған тұлға деп таныстырады.  Бұл Ұлы Абай айтқан бір единицаға саяды. Сұлтанмахмұт Әлиханды «талассыз жеке дара» дегенде ол бір жауға жалғыз шапқан дара батыр емес, халқымен, қазағымен біте қайнасқан бар ғұмырын сол қазақтың азаттығы үшін сарп еткен, елінің тәуелсіздігі үшін талмай, тайсалмай күрескен ұлы күрескер, тек Алаш үшін, яғни қазақ баласы үшін бейнет көрген, осы жолда талай мәрте темір торға түсіп, қапаста қамалып, бит, бүргеге таланып, қандала қанын сорса да  елі үшін, жері үшін жанын құрбандыққа берген, бейнет шеккен, ақыл ойы басқадан алда тұрған кемел адам екенін паш етеді. Ақиқаты да солай еді. Әлиханның қазақ жолында Ресей империясы тұсында да, онан кейінгі сәбет кезеңінде де көрмеген қорлығы жоқ еді. «Шыбын жаным бойымда тұрғанда қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп ант етіп, су ішкен қазақ осы Әлихан. Сталиннің қызыл жендеттері  Әлиханды жиырмадай жыл абақтыға тоғытып, бұғаулап ұстап, ақыры 1937 жыл Бутырка түрмесіне қамап, сонда бақилық болған болатын.

Сұлтанмахмұт Әлиханның жарқылдаған түймеге, бүгінгі тілмен айтқанда орден, медалдарға алданбағанын, дүниеқоңыздықтан ада, «Тек Алашты көркейтсем» дегеннен басқа ойды өмірбойы малданбағаннын, қарабасының қамына қызмет қылмағанын, үкімет басына лайық, қазақтың шын көсемі екенін ақ, адал жүрегімен сөйлейді.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы Әлихан, Ахмет, Міржақыпты ошақтың үш бұтындай көреді де кешегі қара күнді жарық қылған бірін Күн, бірін Шолпан, бірін Ай деп атап, бұлар қазақ үшін жүрек майын шам қылып жаққан жандар деп жан жүрегімен тебіренеді. Осының бәрі ойдан шығарылмаған шын ғой, рас қой. Оған олардың төккен тері, қылған еңбегі, істеген ісі куә. Сол Сұлтанмахмұттың жазған жырын оқып отырып ойлайды екенсің, ал бүгін ше, тап осылардай қазақ елі үшін, қазақтың жері үшін, оның тілі үшін жүрек майын шам қылып жағып жүрген кімім бар деп. Міне биыл осы Алаш автономиясы құрылғанына жүз жыл толып отыр.  Оны біз қалай атап өтеміз? Әлиханды, қазақтың хас көсемін осы мерейлі датаға орай қалай әспеттейміз?

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар