//

Қанмен жазылған тарих

1018 рет қаралды

«Алжир» фильмін көргеннен кейінгі ой

Қанішерлер мен зұлымдар қолдарымен жасағандарын мойнымен көтергісі келмейді. Өз қылмыстарын ақтап алатын идеология ойлап табады және оған бүкіл адамзатты сендіруге тырысады.  

0031-035-alzhir-lager-dlja-zhen-izmennikov-rodiny-v-akmolinske-severnyj70 жыл бойы бүкіл адамзатты тітіркенткен, сөйте тұра әлемде ең гуманды, адами қоғам орнатып жатқанына жұртты сендіргісі келген СССР-ден ұлт санасында қалған жара, таңба әлі күнге дейін өшер емес. Оның қанымызға сіңіп еткені сондайлық, әлі күнге дейін азат ойлау, еркін ой білдіруден именіп жатамыз.

«Алжир» Советтер одағында өмір сүрген одақтас республикалардың ортақ тарихы, ортақ трагедиясы. Сол себепті де, оны өзге халықтардан бөліп алып қарай алмаймыз. «Алжир» фильмінің алғашқы жарнамасын көрген сәтте мен онда айдалған біздің зиялыларымыздың жарларының өмірінен сыр шертіледі деп ойладым. Тіпті, оның трейлерінде мазмұнының қандай болатындығы нақты көрініп тұрса да, басқа сюжет күттім. Кешегі көрген фильмнің қысқаша тарихына тоқталар болсақ:

Светлана атты қыздың анасы жүрек талмасынан аурухананың жан сақтау бөліміне түседі. Анасының аман қалуын жан жүрегімен тілеген Светаның есіне оның біраз уақыт бұрынғы өтініші түседі. Ол қызының Қазақстанға, Ақмолаға барып, атасынан қалған ізді іздеуін, небәрі үш жасында «Алжир» түрмесінің азабына шыдамай шетінеген Яковтың мүрдесін табуын аманат еткен. Ол кезде Қазақстанға барудан үзілді-кесілді бас тартқан Света анасын риза ету үшін, ол райынан қайтады. Сөйтіп, ол Астанаға ат басын тірейді. Фильмнің сюжеті Светаның әжесі Надежданың күнделігі бойынша өрбиді. Совет армиясының офицерінің жалғыз күнде сатқынға айналып, отанның жау болып шығуы, отанын сатқандардың әйелдеріне арналған түрмеге Надежданың айдалуы, ондағы солдаттардың айуандығы, Совет дәуіріндегі адам тағдырын ойыншық еткен, жан түршігерлік қасірет, тарих барынша суреттелген деуге болады.

«Алжир» (Акмолинский лагерь жен изменников родины) түрмесінде 1938-1953 жылдар аралығында 18 мың әйел жазықсыздан-жазықсыз жазасын өтеді. Олар өктем саясаттың құрбаны ғана болған жоқ, сонымен қатар қатыгез тағдырдың қатал сынына да төтеп беруге мәжбүр болды. Біразы баласымен, біраз жеке басымен келді. Көбі ондағы адам қолымен жасалған  азап пен тозаққа шыдас бере алмады. Жаза уақыты аяқталмай о дүниелік болып кетіп жатты. Кейбірін ондағы жандайшаптар «совет одағына қарсы үгіт жүргізді» деген айыппен, сотсыз атып тастады.

Тарихқа үңілсек, тек 1938 жылдың өзінде лагерьде 8 мыңдай әйел болған, оның 4,5 мыңы отанын сатқан отбасы мүшелерінен. Демек, фильмдегі ең басты мәселе – ондағы әйелдер санының аздығы. 8 мың адамнан 20-дай адам ғана көзге көрінеді. Әрине, бұл тек бір ғана бригада дейік, дегенмен, ондағы басқа бригада адамдарының ешқайда кетпегендігі мәлім. Олар бір-бірімен көршілес болған болуы әбден мүмкін. Ақмоланың селеулі жазығында жұмыс істеушілердің қарасын әлдеқайда көбейтіп көрсетуге болатын еді.

Екіншіден, онда жай адамдар отырған жоқ. Ұлттың ұлыларының, сүт бетіне шығар қаймақтарының әйелдері отырды. Әрине, лагерь қабырғасында ол кездегі саяси жағдай, үкіметтің ұстанып отырған жолына деген налу сияқты әңгімелерді айтуға тыйым салынды. Олар ештеңені талқылауға құқылы болмады. Десе де, кімнің, қандай атақты адамның әйелімен дәм-тұздас болғанын білуге болатын еді. Тіпті, біздің «Алаш» арыстарының жесірлерінің бірімен камералас болғанда, оқиға тіпті ширыға түсер ме еді?

Ал, Надежда өзіне қолдау көрсеткен, адамдық танытқан, тіпті соңында араларында нәзік махаббат сезімінің туындауына себепкер болған адамның толық аты-жөнін ұмытып қалады. Оны ұмыттырған НКВД офицері деп жазады күнделігінде. Ол адам оның қызының әкесі екен. Дәл осы оқиға көрерменді онша сендіре бермейді.

Тағы бір мәселе, түрмеде дүние есігін ашқан қызын әкесі сол маңдағы шопандарға әкеліп береді. Бұл отбасы майданнан қара қағаз алып, ал жарық дүние есігін ашпай жатып немересінен айырылып, қан жұтып отырған отбасы. Олардың қайғысын Катя-Қатира басады. Соны бауырына басып, қайғыны ұмытады. Түрмеден шыққаннан кейін, Надежда қызын алып кетуге келеді. Осы сәттегі ана мен қыз арасындағы сезім тағы да шынайы емес. Кішкентай қыз өзін бағып-қаққан, ақ сүтін берген адамды ғана ана деп қабылдап келді, енді осы қимас адамынан айрылар сәттегі ананың көңіл-күйі суреттелгенімен, қыздың көңіл-күйі көрінбейді. Ол бейтаныс әйелмен (өмірге әкелді дегені болмаса, ол үшін әзірге бейтаныс қой) қол ұстасып, ілесіп кете береді.

Ал, сол Катя 60-тан асқанға дейін осы бір шопан отбасын бір рет еске алып, бір рет іздемеді деген де көңілге күдік ұялатады. Тіпті, әкесінің кім екенін білмейді. Бірақ оның кім екенін табуға көмектесетін де, соған бастап апаратын да негізгі арқау осы шопан отбасы болуы тиіс қой. Сол отбасын тауып алса, әкесіне барар жол да оңай табылар еді. Ал бұлар мұрағатты ақтарады. Кезінде анасын зорлаған, ұрып-соққан офицердің баласын тауып алады. Бірақ, Ақмола маңайындағы шопан отбасын ойларына да алмайды.

Тағы бір мәселе, ел арасында аңыз болып айтылатын, Алжир түрмесіндегілерге жергілікті жұрттың құрт лақтырып, асырауы фильмде көрініс тапқан. Біздің білуімізше, бұл оқиға жиі қайталанған. Сөйтіп, бұл аш-жалаңаш әйелдердің аш өзегін жалғауға талғажау болған. Бұл оқиға фильмде бірақ рет көрініс табады. Одан кейін ол туралы айтылмайды да. Оның жиі қайталанып тұрғанын, жазасын өтеушілердің қарны ашып, өзегі талғанда бір-бірінен, құрт сұрау арқылы білдіруге болатын еді.

«Алжир» оқиғасы фильмде жалпылама көрініс тапқан. Жекелеген адамдардың басынан өткен тағдыр арқылы, жалпы тарихты суреттеу – әлемдік тәжірибеде бар тәсіл. Дәл осы секілді австриялық аборигендердің тарихынан суреттелген бір үзік сырды көргенім бар. Бірақ, бұл «Алжир» оқиғасын тым тереңдеп жеткізе алмаған. Онда әлі де сөйлемеген, әлі де беймәлім сырлар өте көп. Әдебиеттанушы, тарихшы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай: «АЛЖИР-ды жазуға материалым жеткенімен, жаным шыдамайды» деген екен. Бұл тарихты жеріне жеткізіп суреттеу үшін де ерекше төзім мен батылдық қажет шығар. 25 жыл бойы сол себептен де оны сөйлету қиынға түскен болар. Оның үстіне бұл тарихтың қоян-қолтық көршілес отырған Ресейдің қытығына тиетіні тағы бар. Қалай дегенмен де, алғашқы қадам жасалды. Оны түбегейлі сөйлету үшін әлі де біраз тер төгуге, әлі де сюжеттер ойластыруға тура келеді. Бұл – болашақ ұрпақтың тарихи жадын қалыптастыру үшін қажет. Болашақ ұрпақ бүгінмен ғана өмір сүрмеуі керек. Олар атасының, әжесінің, әкесінің, анасының басынан өткен тарихты жан жүрегімен түсіне білуі керек. Сонда ғана олардың бүгінге деген құрметі артады. Сол үшін қанмен жазылған тарихтан бас тартпаған абзал дер едім.

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар