Маусымның 23-24-і күні Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесінің аясында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы болып өтті. Құрылтайға әлемнің 39 елінен 350 делегат келді. Жалпы қатысушылардың саны 800-ден асады. Құрылтайдың салтанатты жиынын ашып әлем қазағына жүрекжарды тілегін жеткізген Елбасы шетте жүрсін, елде жүрсін әр қазақтың өзінің жалғызы екендігін айтты:
“Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу, әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. “Әр қазақ – менің жалғызым” деген өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі әрбір қазаққа жолдаймын. Сіздерге айтарым, ауылдарыңызға қайтқаннан кейін алыстағы ағайынға менің дұғай сәлемімді жеткізіңіздер. Қазақ баласы қай елде тұрса да, олар Ұлы далада Мәңгілік ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі болып табылады. Жүрегінің түбінде осынысы ұстасын”, – деді Елбасы.
Шеттен келген қазақтың құжатын шырғалаңсыз бітіруге тапсырма берген Елбасы шетелдегі қазақ диаспорасы үшін бөлінетін білім квотасын екі есеге көбейтуге құзырлы органдарға тапсыратындығын жеткізді.
Германиялық қазақ Өмірхан Алтын “Қытайдың Шыңжаңындағы қысым көрген қазақтар” туралы айтты. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы бейхабар екенін айтып, сыртқы істер министрлігіне тапсырма беруге уәде етті.
Құрылтай барысында Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының төрағасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан қайта сайланса, оның І орынбасары қызметін атқарып клеген Талғат Мамашев орнынан кетті. Ол орынға Зауытбек Тұрысбеков келді.
Құрылтай шетелде жүрген білімді қазақ жастарының көп екендігін паш етті.
Солардың бірі – Әйгерім Болат – Боккони университетінің лекторы, МРА магистрлік программасының директоры (Италия). Моңғолияда туып-өскен, Сингапур мен Италияда оқыған. Қазір Милан мен Астана арасында жұмыс істейді.
“Мінбер” ақпарат
Видео www.azattyq.org сайтынан алынды.
Парақшамызға жазылыңыз