///

Бүгін – Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні

1502 рет қаралды

Фото: aikyn.kz

Бүгін – Хиросима және ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні. 1945 жылы 6 тамыз күні АҚШ ұшқышы Томас Фереби айдаған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші атом бомбасын тастады.

Ядролық шабуылдан қаланың басым бөлігі қирап, 140 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, жарымжан болды. Арада 3 күн өткеннен кейін АҚШ 9 тамызда Нагасаки қаласына екінші атом бомбасын тастады. Осынау адамзат тарихындағы ең жауыздық іс-әрекеттің американ әскері үшін ешқандай қажеттілігі болмаған. Өйткені соғыстың соңына қарай Жапония армиясы талқандалып, Тынық мұхиты айдынында АҚШ-қа еш қауіп төндірмеген. Ал бомба тастау үшін Хиросиманы арнайы таңдап алуы қаланың географиялық орналасуы, үш жағынан тау қоршап тұратындығы себеп болған. Бұл 20 килотонналық уран бомбасының өз күшін толық пайдаланып, ажал уын себуіне таптырмайтын нысана еді. Осы оқиғаға байланысты қазірге дейін дәрігерлердің халықаралық бейбітшілік күні аталып өтіледі. «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық қозғалысы атқару комитеті Хиросимадағы оқиғаға байланысты осындай шешім қабылдаған болатын.

Естеріңізге салсақ, осыдан тура 68 жыл бұрын, 1949 жылдың 29 тамызында Қазақ жерінде, Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жүргізіліп, плутоний заряды жарылды. Бұл КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасының сынақтан өткізілуі болатын. Таңғы сағат жетіде жерге түскен бомба отты шарға айналып, бір сәтте жердің күлін көкке ұшырған болатын.

Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілген. Айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жетті. Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді.

Кейін, 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша Қазақ елі атом бомбасынан бір жола бас тартқан болатын. Президенттің осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды.

дерек көзі: www.baq.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар