Бұл бірінші рет емес. Бұдан бұрын да қайталанған. Түрулі іргеден тас атып отырғанына біраз болды. Үндемей құтылатын жерде үндемедік, тіл қататын жерде тойтарыс берген түр таныттық. Сонда да қоймайды. Үдетіп барады, керісінше.
Ресейдің Григорий Миронов деген әлдебір тарихшысы, бәлкім тарихшысымағы Қазақстанның болашағына болжам жасамақ болды күні кеше. «Бұл ел федерацияға айналмаса, Украинаның күйін кешеді» деді. Мұны Ресейдегі, өз ішіміздегі бірқатар орыстілді сайттар көшіріп басты…
Қайбір қисынды дүние айтты дейсіз. Тағы да сол Жириновский, Лимоновтардың сойылын соққан. Тағы да сол Қазақстанның территориялық тұтастығына күмән келтірген.
Жоқ, бұл сандырақ емес. Бұл саясат. Арандату да емес. Ашық айыптау. Ресейдің мылтықсыз майданды шебер меңгергенінің белгісі.
Даулы мақалаға қатысты пікір білдірген саясаттанушы Досым Сәтпаевтың Forbes-тағы мақаласын ықшамдап аудардық.
«Кездейсоқтық та, сәйкестік те емес. Бұл үрдіс. Қазақстанның территориясына, оның тұтастығына,тәуелсіздігіне күмән келтіру Ресейдің тарапынан тенденцияға айналып барады. Сол үшін де қауіпті», – дейді Сәтпаев.
Анығы, бұл құрал. Ресей осыдан 10 жыл бұрын Грузиямен кикілжіңге түскенде ойлап тапқан. Өз халқының көңіл-күйін аулау үшін. Алдау үшін. Қырымды басым алғасын әлгі саясат одан да сайын ушыға түсті. Өлген империяның жұртында қалған жалғыз ел өткенді қайта қопарды. Біз бұрын қандай едік, қазір қандаймыз десті. Жоғымызды түгендейік, барымызды қайтарайық десті. Сәтпаев солай айтып отыр.
Қазіргі Жириновский мен Лимоновтар сол саясаттың туын ұстаушылар. Мылтықсыз майданның жауынгерлері. Оларға сондай тапсырма жүктелген. Олардың қатарында жүргендер, олардың қатарына қосылғысы келетіндер көп…
Қазақстанның терриориясына көз алартқан мәлімдемелер жалғыз Мироновтың мақаласымен шектелген жоқ, шектелмейді де. Жылдың басында Жириновский жетекшілік ететін партияның (ЛДПР) мүшесі Павел Шперов: «Қазақстандағы әлмисақтан орысқа тиесілі жерлерді қайтару керек» деді. Басшысы тіпті әріге кетті. «Орта Азиядағы елдердің барлығын тәуелсіздіктен айыруға тиіспіз» деді Жириновский. Мұнымен тыйылған жоқ олар. Хакасия парламентінің төрағасы Владимир Штыгашев «бір кездері Ресейдің бес облысы Қазақстанның аумағына өтіп кеткенін» айтты.
Досым Сәтпаевтың айтуынша, мұны арандатуға жатқызу ақылға сыймайды. Арандату емес бұл. Бұл Ресейдегі көпшіліктің ойы. Азшылықтың емес…
«Ресей Қазақстандағы биліктің транзитіне дайындалып жатыр. Түрлі сценарийлерге қалай жауап қатарын жоспарлауда. Ресейдің жаңа әскери доктринасында осы бағдар тайға таңда басқандай жазылған.
«Көрші мемлекеттердегі биліктің ауысуы және Ресейге жаугершілікпен қарайтын жүйелердің пайда болуы басты қатердің бірі» деп…
Путиннен басталған мұның бәрі. Бұл доктринаның түпкі авторы да сол ғой, анығында», – дейді саясаттанушы.
Иә, есімізде. Путинге екі сауал қойылған. «Қазіргі президент кетсе Қазақстанда Украинадағы жағдай қайталануы мүмкін бе?» деген сұраққа Путин: «1991 жылға дейін қазақтарда мемлекет болмаған…» деп алыстан орағытып жауап берген. Бұған Астана жауап қатқан. «Қазақ хандығының 550 жылдығын» тойлауымыз соған дәлел.
Сәтпаевтың сөзінше, Ресейдің әскери доктринасында «қандастарды қолдау» деген тармақ бар. Ал әлгі Миронов сияқтылардың мақаласы Ресейдің өз ішіндегі аудиторияға ғана емес, Қазақстандағы орыстарға да бағытталған.
«Ресейдің біздің елдегі ақпараттың ықпалының күштілігі сонша бірқатар қазақстандықтар Украинаға аттанып, сепаратистер қатарында соғыспақ болды.
Сосын Қазақстанның көпвекторлы идеологиясы ертеңгі күні үлкен сынаққа ұшырайды. Біреуді «бөгде», біреуді «бауыр» деп аражігін ашып көрсететін бәсекелес идеологиялармен кикілжіңге келуі мүмкін.
Кремль Қазақстанның көпвекторлы саясатын посткеңестік кеңістіктегі жалғыз патриарх үшін, онда да ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) мен Еуразиялық одаққа қосылғаны үшін мойындап отыр»
– дейді Сәтпаев.
Біздің бұл ұйымға кіргеніміз «солтүстік көршіміздің» алдындағы адалдығымыздың белгісі. Орыстар солай санайды. Олар үшін біз бұл ұйымның тең төрағасы емеспіз. Төменбіз. Одақтас емеспіз, бағыныштымыз, вассалмыз олар үшін.
«Орыстілді БАҚ-тың Қазақстанның белгілі бір дербес саяси шешімдеріне бұлқан-талқан болатыны сондықтан. Тәуелсіз ішкі-сыртқы саясат жүргізгенімізді көтере алмайды. Латын әліпбиіне ауысқанымыздың өзі қанша шу туғызды. Одан бұрын мұның бәрін антиресейлік саясат деп көрсеткісі келеді олар. Көрсетіп те жатыр. Тоқ етерін айтқанда, біз қақпандамыз. Еуразиялық одаққа кірдік пе, шығу қиын қояды. Ат құйрығын үзісу ауыр болады біз үшін», – дейді саясаттанушы.
Пікірінше, мұны марқұм Ислам Кәрімов жақсы түсінген. Одаққа қосулыдан үзілді-кесілді бас тартқаны сондықтан. Өзбекстанның қазіргі билігі де одаққа, ҰҚШҰ — ға қосылуға құлықты емес.
«Қазақстанның маневр жасайтын мүмкіндігі аз, негізінде. Біз өз аяғымызды өзіміз матап қойдық. Өзімізді өзіміз тығырыққа тіредік. Ресей бізді алысқа ұзатпайды. Бірнәрсені түсіну қажет, бірақ. КСРО келмеске кетті. Қазақстанда жаңа буын пайда болды. Бұл мүлде басқа буын. Көзқарасы, түсінігі, ұстанымы аға буынға ұқсамайтын… Тәуелсіз. Бұдан қауіп күтетіндер, бұған кедергі келтіргісі келеді. Олардың есіл-дерті осы. Олардың ойлағанын болдырмау билік ауысқан жағдайда да тұрақтылықты сақтау қажет.
Тұрақтылықты тұралау үшін емес, әрі қарайғы даму үшін сақтауымыз керек. Жаңа буын үшін…»
дейді Сәтпаев.
Негізінен орысша жазатын Сәтпаев Қазақстанда қазақ тілінің ықпалы күн өткен сайын артып келе жатқанын айтыпты. Ескертіпті. Бұл демографилық тренд. Онымен санасудың қажеттігін тілге тиек етіпті. Қашып құтыла алмайтын, кедергі келтіре алмайтын үрдіс депті ол. «Мұны Қазақстандағыұлттар мен ұлыстар ұғынса, түсінсе, қабылдаса», – дейді саясаттанушы.
www.dalanews.kz