Осыдан он жыл бұрынғы айтыстарының бірінде Нұрдәулет Махамбетов есімді ағамыз:
«Шықса да өзімізден қара мұнай,
Шарықтап кеткені не баға бұлай.
Аяқтың астындағы шикізаттың,
Бағасы бастан асқан заманым-ай»-деп жырлағаны жайлы Мейірбек Сұлтан есімді айтыскер ағамыз өзінің Facebook-тағы жеке парақшасына жазып қойған екен. Арада сансыз уақыт өткенімен, «Баяғы жартас – сол жартас» күйіндегі мәселе бүгінгі халықтың бас қайғысына айналды.
Қымбатшылық құрсауы жан алқымымыздан алып, халықтың қалтасына ауыр салмақ түсіруде. Қарапайым жұрттың тірнектеп жиғаны, күнделікті ішіп-жейтін тамағынан артылмай жатады. Ал халық көп тұтынатын жанармай бағасының шарықтауы, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасына да әсер етуде. Сонда біздің күнкөрісіміз қалай болмақ?
Елімізде қазаннан айынан бастап бензин бағасының қымбаттағаны жайлы түрлі БАҚ құралдарыада, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатты. Жанармай құю бекеттерінде АИ-95 – 162 теңге, АИ-92 бензині 155 теңгеге сатылып жатқаны көлік жүргізушілерді біраз әбігерге салғандай.
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың бензин бағасының неліктен қымбаттағаны жайлы берген түсініктемесін http://www.qamshy.kz/ сайты жариялаған екен. Ол:«Жанармай бағасыннның өсуінің бір себебі – екі апта бұрын импортты бензин сатып алынған уақытта теңгенің рубльге шаққандағы бағамының өзгеруі. Сәйкесінше ресейлік жанармай қымбаттады. Өткен жылдан бастап теңге бағамы рубльге шаққанда 20% әлсіреді. Сәйкесінше рубльмен алғанда қымбатқа түспейді. Алайда, теңгеге аударғанда бағасы өсетіні анық», – дейді.
«365info.kz» сайтының хабарлауынша соңғы жиырма бес жылда Қазақстанда бензин бағасы 118 есеге қымбаттаған. Демек, бензиннің құны тек ғана жоғары қарай көтерілуде. Халықтың бұндай қымбатшылыққа еті үйреніп келе жатқаны да анық. Себебі, ширек ғасыр бойы өрге көтерілген бағаның еш тұрақтанбауының өзі, халықты көндігуге мәжбүр етеді. Бұған көнбестен басқа еш амал жоқ. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» – демекші, шығатын жалғыз жол – көлігіңізден бас тартып, қоғамдық көліктерде жүру немесе бензиннің орнына газға көшу.
2016 жылдың қыркүйек айынан бері бензин бағасы мемлекеттік реттеуден босатылып, сауда жасаушылар баға құнын өздері белгілеуге мүмкіндік алған болатын. Осы мүмкіндік туа салысымен-ақ жанармай бекеттеріндегі бағаға тоқтам болмай, түрліше беріле бастады. Әр компания өзінің жағдайына ыңғайластырып, жанармай құнын ұсынды.
Айтып-айтпай не керек, көш соңының ауыр жүгі қарапайым халықтың мойнына түсіп жатыр. Жұрт қатарлы өмір сүруге талпынып жүрген, айына алатын айлығының мөлшері біріне тартсаң біріне жетпей жатқан қара халықтың жан айқайы қалай шықпасын?
Қазақстанның қазба байлығы, асты-үстінен шығып жатқан мұнайының өзі еліміздің ішкі нарығын толықтай болсын қаржыландыруға қауқары жетпейді дегенге кім сенеді? Бір өкініштісі, бұл шексіз мүмкіндіктерді орнымен болсын пайдалана алмай келеміз.
Ширек ғасыр көлемінде бензин құнының жоғарлауына не себеп?
Біріншіден, Ресей жанармайына тәуелділік. Көрші мемлекеттегі рубль құнының өсуі, еліміздегі бензин тапшылығына өз ықпалы тигізіп отыр. Өзіміздегі бар байлықты халық игілігіне жұмысаудың орнына, өзге елдің терезесіне телміріп күн кешуден арыла алмай-ақ келеміз.
Екіншіден, бензинді шығаратын компаниялар шетелден сатып алуға мәжбүр. Бұл мәжбүрлікті тудырып жүрген де өзіміз. Өз жеріңде «өзің би, өзің қожа» болғанға не жетсін?! Сонда, өз бензинімізді тәуелсіз түрде өндіріп, халық игіліне ғана жаратуға неге кедергі?
Бір салтанатты жиындарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өзіміздің мұнайымыз бола тұра, кім-көрінгенге алақан жайып, әлдекімдерге жалынып, мұнай өнімдерін сұрамау үшін бізге қалай болғанда да жаңа өңдеу зауытын салу керек», – деп атап көрсетті. Демек, бұл қымбатшылықтың үшінші себебі мемлекетіміздегі мұнай өңдеу ісінің өз дәрежесінде қолға алынбауында.
Ұлы ойшыл Әл-Фараби «Бейқамдық сәтсіздікке бастайды» деген еді. Біздің бұл өзекті мәселелерге бейқам қарауымыздың өзі үлкен қателікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Бензиннің өрге шарықтаған бағасының, тұрақталатынына да ешқандай кепілдік жоқ.
Тілеген Көгершін, СДУ, “Журналистика” мамандығының ІІ курс студенті
Парақшамызға жазылыңыз