Ойда жоқта оятып оқыс үн кеп,
Өлең жаздым оқырман оқысын деп.
Өмір өксіп жылайды өзге емес,
Өз жұртынан өгейлік соқысын жеп.
Әлдиіммен әй, Өмір, жұбатайын,
Тәңіріме тіл қатып жұма сайын.
Жел өтіне кеудесін кере төсеп,
Ақ жаулық жүр жетектеп құла тайын.
Күбірткедей көбеге ұя салған,
Қалған қанқұрт қан соғар құла шалдан.
Жанашырлар жырақтап кеткен екен,
Жаратылған жылқылар қуаты Ардан.
Киген тәнді шапанын Аяз Бидің,
Шүйіріліп, үйіріп аяр ма иірім?
Қалың нуым, қалайша тау басыңды,
Миын жұтқан көкектің таязға идің?
Теңдігімді тербетіп шерлі, мұңды,
Ұлы далам таныттың кеңдігіңді.
Алақанда келеді аялдатқым,
Асығыстау құлдаған меңді күнді.
Өзен суым құяды құмға барып,
Ол бір құрдым көрмеген дымға жарып.
Сыбызғымның көмейі сұңқылдайды,
Боз інгеннің боздауын тыңдап алып.
Жабыққан бұлт сабырлы жасын төгіп,
Жалқы шыңның сібірлеп тасын сөгіп.
Жалтақ төрдің қан шықпас көнін шықтап,
Жалыққан Құз басына жатыр шөгіп.
Бәмішұлы Б.
2017.04.11.
Парақшамызға жазылыңыз