Оразақ Смағұлов – қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазіргі таңда академик елордадағы Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарып жүр.
Антрополог ғалым қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға таяу уақыт жүргізген кешенді, салыстырмалы зерттеу нәтижесінде «Происхождение казахского народа» деген кітап жазып шыққан.
– Оразақ Смағұлұлы, кітабыңыздың басты ерекшелігі не?
– Бұл кітапты оқыған адам қазақ халқын көнеден келе жатқан этнос ретінде танып, оның бұзылмай-сызылмай сақталған қырық ғасырлық тарихы барын ғылыми дәлелдер негізінде түсіне алады. Бұл тұжырым биологиялық тұрғыдан анықталып отыр. Мұндай ұзақ тарихы бар халық әлемде жалғыз еврей ұлты деп жүрдік. Олардың тарихы теологиялық діни концепцияға негізделіп дәлелденген. Бұл нақты ғылыми тәсілге жатпайды. Ал қазақтар ше, антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос. Мұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені біздің ата-бабаларымыз ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатыларын білген. Мына кітапта сол баяндалады.
– Жұмысты қай жылдан бастадыңыз және зерттеу нысанына халқымыздың қандай тобы негіз етіп алынды?
– Жұмысты 1966 жылы бастадым. Ол кезде елімізде 19 облыс бар-тын. Жыл сайын осының бір-екеуін қамтып отырдым. Зерттеуге ауыл тұрғындары, яғни дала қазақтары көптеп тартылды. Өйткені қазақтың популяциялық генетикасы ауыл қазағында жақсы сақталған. Сонымен қатар зерттеу нысанына 12-ден бастап 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар тартылды. Одан кейін тіс морфологиясының зерттеуіне 12-17 жас арасындағы жастар таңдалды. Себебі бұл жас тістің тұрақты кезеңі. Сонымен қатар қазір әлемде 7 миллиардтан астам адам болса, солардың алақан тері бедерлері бір-біріне ұқсамайды және жеке қауымның өмір сүрген ортасы, қолданған тағамы, табиғат ерекшелігіне байланысты ұзақ жыл қалыптасқан ерекшелігі болады. Соны зерттедім. Ең бастысы сақ, ғұн дәуірінде өмір сүрген ата-бабаларымыз бен қазіргі қазақтардың қаңқасы
– Сіздің антропологияға бет бұруыңызға не себеп болды?
– 1952 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне студент болдым. Содан бірінші курста оқып жүріп, археологиялық қазба жұмыстарына жегілдім. Сонда аңғарғаным археологтер қазба жұмысы кезінде табылған артефактілерді мұқият жинап алады да, адам сүйектерін шашып тастап жүре береді. Бұдан түсінгенім тарихшы-археологтерге тек материалдық мәдени мұралар ғана қажет екен. Адам қажет емес. Студенттерді басқарып барған ұстаздарымнан сұраймын ғой «мына сүйектерді зерттейтін, айналысатын біреу бар ма?» деп. Ешкім жоқ. Экспедиция аяқталған соң «бір білсе осылар біледі-ау» деп Алматыдағы мединститутқа бардым. Институттың адам анатомиясы кафедрасын профессор Нұрыш Бөкейханов басқарады екен. Нұрекеңе экспедиция кезінде көргенімді айтып, шашылып жатқан сүйектерді зерттегім келетінін жеткіздім. Сондағы Нұрекеңнің қуанғанын көрсеңіз ғой. «Япырмай, қазақтың сүйегін зерттейтін бір адам табылды-ау» деп шаттанды. Дереу институттың оқу бөлімінің бір адамын шақырып алып, мені таныстырды. Сөйтсем бұл адам да 30-шы жылдары антропологияны оқып жүріп, қудалауға ұшырап медицинаға ауысқан адам екен. Ол да қуанды. Ақыры мені мединститутқа да студент ретінде тіркеп қойды. Сөйтіп төрт жылда екі институтты қатар оқып бітірдім ғой…
Бір күні ұстазым Г.Дебец марқұм шақырып жатыр деген хабар жетті. Барсам ол кісі айтады: «Оразақ, ҚазКСР Ғылым академиясының басшысы Қаныш Сәтбаев ағаң Мәскеуге келді. Мәртебелі жиында сөз сөйлейді. Сен сол ағаңа жолығып мәселеңді шешіп ал!». «Құп, тақсыр» дедім де, Қанекеңді іздеп жолға шықтым.
– Бұған дейін Қаныш Имантайұлымен жолықпаған ба едіңіз?
– Жоқ. Бардым. Жағдайды бастан-аяқ айтып шықтым. Мені мұқият тыңдап болып Қаныш аға «енді не керек?» өзіме сауал қойды. «Қазақстанда сүйек қорын жасауымыз қажет». «Түсіндім, бұдан басқа не керек?». «Сүйек қорын жасайтын экспедиция жасақтау қажет». Қанекең бас изеді. Маған бұрылып «Дереу экспедицияға дайындал!» деп бұйрық берді. Арада үш күн өтті. Институттың басшысы шақырып жатыр деген хабар келді. «Не боп қалды екен…» деп сүрініп-қабынып жеттім. Директордың алдында Сәтбаевтың қолы қойылған телеграмма тұр. Оқып берді. Қағазда мені экспедицияға басшы ретінде тағайындап, үш ай жұмыс істеуге 12 мың рубль, бір машина, төрт ғылыми қызметкер бөлгені жайлы айтылыпты.
– Содан…
– Содан дереу Алматыға келдім де бір аптаның ішінде қағаз-құжаттарды әзірлеп, көр қазуды Семей облысының Шұбартау ауданы жерінен бастап кеттім. Өйткені бұл өлкеде аштық жылдары иесіз көмілген адамдар көп екен. Келесі кезекте атақты Қоянды жәрмеңкесі болған Қарасор көлін айналдыра сүйек жинадық. Бұлар да аштан өлгендер ғой… Артынан сүйек жинауды Баян өңірінде жалғастырдым.
– Қанша сүйек жинадыңыз?
– 300-ден аса.
– Оларды қайда жібердіңіз?
– Ленинградқа. Өйткені Қазақстанда сүйек сақтайтын орын жоқ. Қазір бұл сүйектер Кунсткамерада сақтаулы тұр.
– Сөз соңында айтарыңыз…
– Сөз соңында айтарым: археологтер қазба жұмысын жүргізгенде табылып жатқан адам қаңқасын жинауы керек. Одан кейін оны сақтайтын орын жасауымыз керек. Нағыз тарих осы. Қазіргі біз малданып жүрген архивтік деректер мұның қасында түкке тұрмайды. Адамның нәсіл-тегіндегі генетикалық деректер әлемнің ешқандай қорында жоқ. Өйткені ол адамның өзінде ғана сақталды. Өлген соң сүйегінде, тірісінде бір тал шашында, бір тамшы қанында сақталады. Мұндай бірегейлікті болашақ ұрпақтарымыз тану арқылы өздерінің бір тектен шыққан халық екеніне мақтанатын болады.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Тақырып өзгертіліп, сұхбат қысқартылып жарияланды – Мінбер админ
Парақшамызға жазылыңыз