///

Стамбулдағы қазақ (“Казах из Стамбула”) деректі фильмі жайлы

1385 рет қаралды
1

Журналист Райхан Рахимнің “Казах из Стамбула” фильмі шетелдегі қазақтарға арналған алғашқы деректі фильм болуы керек.

Автор түркиялық екі қазақтың өмір жолын сөйлетеді. Қазақтың бірі тарихи отанына оралған Муфтихан ата болса, екіншісі – Түркияда кәсіппен айналысатын, жас балаларды таэквондаға баулитын  Ильяс Керім.

Бұл түсірілімді деректі фильм дегеннен гөрі, ұзағырақ жасалған теле интервью деуге келетін сияқты. Өйткені, өзге деректі фильмдерге тән – деректерді сөйлету, тарихқа терең бойлау, куәгерлерді тарту секілді көріністерді көре алмадық. 42 минутқа созылған фильмнің өн бойында басты екі кейіпкерді ғана тыңдаймыз. Түркияға қазақтардың бару тарихы да, жолда көрген машақаттары да сол екі кейіпкердің аузымен айтылады. Алайда, фильм авторының немесе режиссерінің ескермеген бір дүниесі – екі кейіпкердің бұл көш жолында бірінің бала, екіншісінің – әлі дүниеге келмегендігі.

Муфтихан ақсақал “Алтайдан Анадолыға көш басталғанда, небәрі 7 жаста едім”, – деп толғанады. Ол кісінің бұл көштің жүріп өткен жолын, қазақтардың тартқан мехнатын баяндағысы келгенімен, бастан кешкен қиындығын оншалықты тартымды жеткізе алмағандығы байқалады. Көш тарихын баяндаған кітаптар бұған дейін де талай рет жарық көрді. Халифа Алтайдың “Алтайдан Анадолыға дейін”, Хасен Оралтайдың “Елім-айлап өткен өмір”, Жәди Шәкенұлының “Қаралы көш” секілді кітаптарының автордың қолына түспегені байқалады. Ал, 41 жастағы Ильяс Керімнің көш тарихын ауыл ақсақалдарынан естіп-білген ақпараттарымен толықтырғаны да сенімді шықпаған. Дәл осы тарихи сәттер тарихи деректермен көмкерілгенде, деректі фильмнің құнын арттыра түсер еді.

Алма-кезек монологтан Түркиядағы қазақтардың өмір-тарихына сәл де болса қанық боламыз. Олардың күнкөріс көзі де, тұрмыс-тіршілігі де, қазақтар көп шоғырланған аудан Зейтүнбурныдағы бір күндік өмірі де көз алдымыздан өткендей болады. Алайда, бұл видеодан онда тұратын өзге қазақтардың өмір-тіршілігінен бейхабар қалдық. Тіпті, бас кейіпкер ретінде алынған екі қазақтың да өмір-тарихы жеткілікті сипатталмаған.

Фильм соңында бас кейіпкер – Муфтихан ақсақалдың аузымен және журналистің өзінің субтитрдегі жазбасымен екі өрескел қатеге жол берілген.

Бірінші қателік, қазақтардың шетелге қашқандығы туралы әпсана. Түркияға барған қазақтың басым көпшілігі, Қытайдағы қазақ аймағы – Алтайдан ауғандар. Алтай – қазақтың атамекені. Ондағы қазақтар ешқайдан қашып бармаған, өз атажұртында қалғандар. Қытай мен Ресей Қазақ жерін бөліске салғанда, Қытай аумағында қалып қойған байырғы қазақ мекені.

Екінші қателік, “Муфтихан ата мемлекеттен оралманға арналған жәрдемақы ретінде айына 12 мың теңге алады. Соның өзіне риза” делінген автордың түсініктемесінде. Мемлекет “оралман” болғаны үшін ешуақытта ай сайын жәрдемақы төлеген емес. Бір кездері оралмандарға бір жолғы жәрдемақы төленгені рас. Қазір бұл жәрдемақы арнайы 7 облысқа орналасқандарға ғана төленетін болады. Біздіңше, Муфтихан атаның ай сайын алатын жәрдемақысы Қазақстан Республикасының азаматтарының зейнетақыға жұмыс стажы жетпегендіктен, тағайындалатын ең төменгі әлеуметтік жәрдемақы болуы керек.

Әрине, бұл кемшіліктерге көз жұма қарайтын болсақ, осы тақырыпқа жасалынған  алғашқы деректі фильм ретінде, автордың қадамына бәрекелді дегіміз келеді.

Есен Байнұр. 

“Мінбер”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Журналист мақсаты түркиедегі қазақтардың өмір тіршілігін толық көрсету емес, тек кәсіпті қалай меңгеріп, қалай күн көріп жатқаны, ал мұнда көшіп келген ағайынның тірлік тұрмысы қандай дегенге жауап іздесе керек? Мынағұрлым уақытқа талай дүние сыйдыруға болар еді…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар