«Хабар» Агенттігі Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойына орай барлық студенттер арасында эссе байқауын жариялайды. Ортақ тақырып – «Менің өмірімдегі телевидениенің рөлі қандай болды?». Байқау 12 ақпаннан бастап 4 наурыз, сағат 00.00-ге дейін жалғасып, байқау қорытындысы одан кейінгі аптаның соңында шығарылады. Сонымен, кез келген жоғарғы оқу орнындағы кез келген студент қазақ телевизиясының дамуы, оның қоғамдық санаға әсері туралы очеркін өзі тіркелген әлеуметтік желісінің біріне (Фэйсбук не Инстаграм) #khabaressay хэштегімен жариялауы тиіс. Очерк көлемі 100 жолдан, яғни бір А4 парағынан аспағаны абзал. «Хабар» Агенттігінің шығармашылық тобынан құрылған әділқазы алқасы бір ай көлемінде келіп түскен материалдарды іріктеп, қазақ және орыс тілдеріндегі бірінші, екінші, үшінші орын алған жүлдегерлерді анықтайды. Жеңімпаздарды таңдауда жарысқа қатысушының ой тереңдігі, сөз зергерлігі және сипаттап отырған оқиғасының қызықтылығына басымдық қойылады. Бірінші орын алған жеңімпаздарға бағалы сыйлықпен қатар «Хабар» Агенттігі қарамағындағы төрт телеарнаның бірінде шығармашылық практикадан өтуге және болашақта ұжымның бір мүшесі болуға мүмкіндік беріледі. Қалған орындарға бағалы сыйлықтар қарастырылған. Айтпақшы, парақшаларыңыз байқау соңына дейін ашық болуы тиіс. Ұйымдастырушылар үміткерлердің материалын қарауда ешқандай түсініктеме бермейді, этикаға келмейтін материалдар байқау қорытындысына жіберілмейді. Ал ендеше, сәттілік! Қатысыңыздар да, бұйырғанын ұтып алыңыздар! Бұл ақпаратты бөлісе кеткен адамның да қадамына жауқазын гүлі бітсін!
#khabaressay
Мінбер-ақпарат
Парақшамызға жазылыңыз