Алматының Бостандық аудандық сотында 19 ақпан күні фотографтың Рухани жаңғыру бағдарламасын насихаттау шарасына қатысты арызы бойынша сот тыңдауы жалғасты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Арызданушы Сәрсенбек Қызайбекұлы 2017 жылы желтоқсанда Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының үстінен «авторлық құқығымды бұзып, суретімді рұқсатсыз пайдаланды» деп арызданған және 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Судья Әбілмәжінова соттың ашық екенін айтып, процеске Азаттық тілшісінің кіруіне қарсы болмады. Бірақ министрлік пен әкімдік өкілі өздерін түсіруге қарсылығын білдірді.
Сәрсенбек Қызайбекұлының айтуынша, жас бала мен қаршыға бейнеленген 2014 жылы түсірген суреті былтыр тамыздан бастап Қазақстанның бірнеше аймағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үгіттеуде көрнекілік ретінде іліне бастаған.
– Сотқа шағымданған соң «50 мың теңге қаламақыңды өтеп берейік» деп хабарласқандар болды. Бірақ олар уәдесін орындайтынына сенбеймін. Қағаз жүзінде маған ештеңе ұсынбады, – дейді фотограф.
Министрлік өкілі суретті өздері өңдеп жібергенімен, атқарушы органның (Алматы қалалық әкімдігін айтады – ред.) нақты сол суретті алу-алмауға еркі бар екенін айтады. Алматы әкімдігі де, министрлік өкілі де сотта фотографпен «алдын ала келісім болмағанын, оған ешқандай гонорар төленбегенін» мойындады.
Келесі сот тыңдауы 26 ақпанда өтетін болды.
www.azattyq.org