Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының кезекті VI Пленумы болып өтті. Күн тәртібінде екі мәселе ғана болғанына қарамастан, жазушылар іштерінде қордаланып қалған біраз мәселенің басын қайырды. Мақсаттары Жазушылар одағының қазіргі төрағасын қаралау болды ма, кей ақсақалымыз қызды-қыздымен шындыққа жанаспайтын мәліметті де, айтып жіберді.
Сонымен жазушыларымыз нені талқылады?
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: біріншісі, алдағы Жазушылар одағының кезекті құрылтайының уақытын белгілеу; екіншісі екі Пленум арасындағы 5 жылда жасалған жұмысты қорытындылау. Алайда жарыссөзге шыққан жазушылар Жазушылар одағының жұмысын Нұрлан Оразалинге деген жеке араздықпен де, оған деген жеке разылықтарымен де өлшеп жатты. Мәскеуде ем-дом алып жатқан академик Серік Қирабаев Пленумға қаатысушыларға сәлем жолдаған екен, ақсақалдың бұл сәлемін де сан-саққа жүгірткендер болды.
Нұрлан Оразалин Жазушылар одағын 22 жыл басқарғанын айта отырып, келесі сайлауға кандидатурасын ұсынбайтынын бірден айтты.
Жазушы Төлен Әбдік: “Қоғам да, заман да өзгереді. Одақта проблема жоқ емес, керек кезінде Нұрланның осы қызметке келуіне ықпалым болды. 22 жыл отырды, тәуба деу керек! Жазушылар одағы – қоғамдық ұйым, советтік психологиядан арылу керек. Қолдаймыз дегеннен арылып, жаңа келетін басшы заманға сай жұмыс жасауы керек”, – деді.
Темірхан Медетбек: “Серік Қирабаев ақсақалдыққа татымайды. Ол кезінде Қасым Аманжоловтың маңдайын айырған, Мұқағали Мақатаевтың жағасын қайырған адам” деді. Темірхан Медетбек ағамыз кезінде Колбиннің өзін шақыртып, сөйлесетін Одақтың айбары қайда кетті деп күйінді. “Айбарынан айрылған деген сол, Жаңаөзенде, жер митингісі кезінде неге үнсіз қалды? Қан төгілмесін, жер сатылмасын дегеннен басқа не тілейді, жазушылар?!
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов Одақты “Рухани жаңғырудан” құр алақан қалған мекеме деп сынады.
Бексұлтан Нұржекеұлы: “Өзіміз сайлап аламыз да, өзіміз неге ұзақ отыра бересің деп жамандаймыз. Жарғы бар емес пе? Белгілі нәрселерді қайталай берудің қажеті не? Съезді Жарғыға сай өткізу керек”, – деп басу айтты.
Пленумның драмалық шиеленісін жазушы Дулат Исабеков ағамыз жасады. “Жазушылар одағы қаржылық есеп бермеді. Ұзақ отырғаннан кейін, бюрократия өрістейді. Петербургте менің 3 пъесам қойылды, Лондонда пъесам қойылды. Әдеби газет бір ауыз ақпарат бермеді. Лордтар палатасында сөз сөйледім, еш ақпарат болмады. Өз өкпесін айтты демеңдер, Шерхан Мұртазадан неге үйренбейміз? Ол кісі шығармашылық қысастық жасамайтын”, деді.
Артынша, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, қаламгер Жанарбек Әшімжан аталған ақпараттардың барлығының “Қазақ әдебиеті” газетінде басылғандығын дәлелдейтін ақпараттарды өзінің фейсбук парақшасында бөлісіп, Дулат Исабековтің ақпаратын жоққа шығарып үлгерді.
Сонымен 5 сағатқа созылған Жазушылар одағының VI Пленумы Наурыздың 12-сінде кезекті Құрылтайын шақыратын болып келісті. Сол съезде келесі төраға сайланатын болады.
“Мінбер-ақпарат”
Парақшамызға жазылыңыз