/

Наурыз әлеуметтің мерекесі ме, әлде әкімшіліктің мерекесі ме?

1308 рет қаралды

Наурыз – шын мәнінде халықтың мерекесі. Бірақ, осынау ұлы мереке қайта жаңғырғалы бері бұқаралық сипат алған емес. Рас, 1980 жылдардың аяғында жұрт Ұлыстың Ұлы күнімен жамырап табысқандай болған. Қыр мен ойда киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылып, қазандарда наурыз көже қайнап, ел іші мәре-сәре болып бастаған еді. Алайда, Тәуелсіз ел атанып, өз еркіміз өзімізге тиген сәтте Наурыз ескіліктің сарқыншағы сияқты  көрініп, әсіресе, шенді-шекпенділердің тарапынан әлдеқандай бір саяси астары бар жиынның белгісіне айналып кетті. Қайсыбір әкім-қаралар халық көп жиналатын Наурыздан қорқып, оны қатаң бақылауға алды. Наурыз Солтүстік аймақтар үшін ауарайы  қолайсыз мезгіл деп, Ұлыс күнін кейінге қалдырып, қарсылық танытқан шенеуніктер де шықты. Оны айтасыз, әсіре діндарлар, соның ішінде салафизм ағымындағылар Наурыз мерекесі қазақтікі емес, бұның түбінде көпқұдайшылдық жатыр, Жаратқан Хаққа серік келтіретін нышандар бар деп, өре түрегелді. Әйтсе де, ел іші Наурызға деген айнымас құрметін сақтап қала білді. Әсіресе, еліміздің батыс өңіріндегі ағайын Ұлысты тойлауды наурыздың 14-інен бастап, Амал күнін бабалар дәстүрімен атап өтіп келді. Осы арада айта кетелік, Наурыз мерекесіне қатысты ерекше құрмет Елбасымыздың тарапынан да жыл сайын байқалатын еді. Мемлекет басшысы бұл күні зерлі шапан киіп, басына құндыз бөрік қондырып, бұқара жұртымен бірге болды, наурыз көже ішіп, жұртқа алғыс білдірді. Әттең-айы сол: әншейінде Елбасын үлгі тұтып, Елбасының тапсырмасы дегенде құлша құлшынып, құрақ ұшатын шенеуніктер армиясы міз баққан жоқ. Олар осындай сұсты келбеттерімен, қырын қабақтарымен Назарбаев билігіндегі мемлекеттің ұлттық мемлекет болуына да, Президенттің мемлекеттілікті қалыптастырып, өркендету саясатына да мызғымайтын қарсылықтарын танытумен келді. Олар әлі де қарсы, олар әлі де қарсы бола да береді. Әйтсе де, халықтың аты – халық. Саңлақ саясаткер Назарбаев енді барлық күшті рухани жаңғыруға, ұлттық дәстүр-салт игіліктірі мен бастауларына кілт бұру қажеттігін қапысыз ұқты. Және бұл бетбұрыс аз-кем уақыттың ішінде халық тарапынан бұрын соңды болмаған қолдау тауып, алғашқы нәтижесін беріп те жатыр.

Сонымен, әңгімемізге оралайық. Әдетте жалпы Қазақстан қазіргі күнтізбелік Жаңа жылға ай бұрын дайындалады. Үлкен ғимараттар былай тұрыпты, шағын мекемелер, тіпті, шаштараз дүңгіршектерінің әйнектеріне дейін шырша мен ақұлпа қардың суреті таңбаланып, сауда орындары жаңажылдық жеңілдіктер жасап жанығады. Шенеуніктеріміз болса да ес-ақылдан айрылып, 1 қаңтар күні дүние тегіс жаңарып, істері алға басып, бәрі тұз-түгел өзегеріп шыға келетіндей шапқылайды. Өкінішке қарай, Наурызды мерекелеуде бұның бірі де жоқ. Қалалық әкімдік пәрмен беріп, көрнекі жерлерге Наурыз мерекесінің белгілерін әйгілейтін көріністерді ілгені болмаса, өзге қызмет орындары – ләм-мим. Олар үшін Наурыз қатардағы демалыс күндерінің бірі ғана секілді. Бұқара халық Наурызға қатысушы емес, сырттай бақылаушы тобырдың санатынан аспайды. Олар қаз-қатар тігілген үйлерге кіре алмайды. Наурыз көжеден дәм тата алмайды. Ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салуға және қақылы емес. Жаңа жылдың жарнамасына бірер ай бұрын кірісіп кететін БАҚ Ұлыстың Ұлы күніндегі жиын барысынан жасанды репортаждардар жасаудан әріге барған емес. Осы жайтты обалы не керек, Мәдениет және спрот министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлы алдын ала ескертіп, Наурызды атап өтудің жаңа нақыштары туралы ойы мен ұсыныстарын ортаға салып еді, оны біздің мәдениеттанушылар мен БАҚ өкілдері жете ескерген жоқ. Алайда, министрдің бастамасы өте орынды. Олқылықтың орыны биыл толмаса да, алдағы жылы толады, өшкен жанады, өткен оралады деген ойдамыз.

Міне, кешелі бері қалаларда, аудан орталықтары мен елді мекендерде киіз үйлер тігіліп, Наурыз меркесіне дайындық қызу жүріп жатыр. Бірақ, баяғы жартса – сол жартас. Баяғы сарын, ескі әдет: әкімшілік келіп көрсін, әкімшілік келіп бағасын берсін, көжені әкімшілік қызметкерлері  ішсін,т.б. қалғанын сосын көре жатамыз. Бұл не талап, не масқара?!. Ау, ағайын,  Наурыз меркесі сонда, әлеуметтің мерекесі ме, әлде әкімшілік қызметкерлерінің мерекесі ме? Неге бізде бәріне билік араласуы керек? Наурыз көжеге неге билік қана мұрт батыруы керек? Неге үй тігуді, Ұлыстың Ұлы күнін тойлауды  бюджет қызметкерлерінің мойнына ғана жүктейміз? Осындай жасандылықтан қашан арыламыз? Бұндай жасандылықтан кету үшін, меніңше болғанда,  халықтың мерекесін халықтың өзіне қайтарып беру керек. Ол үшін Наурыз аталып өтілетін алаңдар белгіленген соң үй тігуді, алтыбақан орнатуды, дәм-тұз ұсынылып, дастархан жаятын мүмкіндікті, ел ішіндегі өнерпаздардың өнерін паш етуге ыңғайлы жағдайды көпшіліктің өзіне қалдыру қажет. Бұндай мүмкіндік болса, мекемедегі ұжымдар, жекелеген тұлғалар өздері-ақ білек түріп шығады. Ұлыс осылайша, өзінің әуел бастағы әлеуметшіл, халықшыл бастауына оралады. Иә, ептеп осылай болып та жатыр. Бірақ, сол игілікке әкімдіктің тарапынан оңтайлы әм орайлы мүмкіндік жасала берсе болғаны.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар