Марфуша ШАПИЯН
Жақында Париж сахнасында өнер көрсеткен дара талант иесі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмді көрдік. «Әміренің» қоюшы-режиссері Джеф Веспа болса, сценарийін жазған Бенжамин А.ван дер Вин екен. Әмірені актер Санжар Мәдиев, Мұстафа Шоқай рөлін Еркебұлан Дайыров алып шыққан.
Шыны керек, “Әміреден” жабырқап қайттық. Фильмнің түсірілу жұмыстары шетелдік мамандарға тапсырылғаннан-ақ ұлттық дүние күте қоймағанымыз анық еді. Десек те, Әміренің әнші ретіндегі ерекшелінін көрсетер, талайлы тағдырын суреттер, ең аяғы әдемі әнін тыңдармыз деген үміт болған. Фильмде мұның бәрін атүсті ғана шолып өткендей. Актер Санжар Мәдиевтің ойынынан да жігерсіз, жалынсыз, қораш Әмірені көргендей болдық.
Ал нағыз Әміренің сахнада салған әні қандай еді? Қыр қазағы Парижге қалай шақырылып еді? Мұстафа Шоқаймен қалай кездескен еді? Бүгінгі мақаламыздың арқауы осы тақырыптар болмақ.
Әнші Әміре Парижге қалай барды?
Мәскеу Әмірені қалай таныды? Парижге шақырту неге оған ғана келді? Осы сұрақтар маған бұрыннан қызық болатын. Ізденіп көріп едім, біраз тың деректерге қанықтым.
Әміренің әкесі Қашаубай қоңыр ғана шаруасы бар адам екен. Кейінірек қырдан Семейг көшіп келіп, әр істің басын бір шалып, жұмыс істеп жүреді. Ал Әміре негізінен байларға жалданып қызмет етеді. Аймаққа “әнші бала” ретінде танылады. Кейін Қоянды жәрмеңкесінде Мәди Бапиұлы, Ғаббас Айтбай, Қали Байжанов, Жаяу Мұсаны көріп, олардан ән үйренеді. Өзінің де әншілігі қалыптаса бастайды. Айналасына аты жайылады.
Белгілі актер Қалибек Қуанышбаев өз естелігінде Әміре Парижге барардан бір жыл бұрынғы мына бір оқиғаны еске алады: “Семейде 1924 жылы февраль айында бір облыстың жиылысы болды. Сол жиылыста павлодарлық Майра, Қашаубаев Әміре де болады деп естіп, Қарқаралыдан Байжанов Қали да барған. Бұлардан басқа, әр жерден талай әншілер барған болатын. Бұлардың бәрінің жиналатын себебі бар. Сол жиылыста ылғи әншілерді бірімен-бірін әнмен айтыстырамыз, қай озғанына бәйге береміз деп, облыс басшылары жан-жаққа хабарлаған көрінеді.
Сол жиылыста мен де болған едім. Әмірені бұрын көрген жоқпын. Бірақ Әміренің даңқы ертерек шыққан әнші. Көптен-ақ дақпыртын сырттан білетінбіз. Ол кездегі ірі әншілердің аты аталғанда, Әміре алдымен ауызға түсетін. Әміренің бірсыпыра әндерін Семейден Қарқарылыға Жақыпбек жеткізіп жүрген кезі. Осы жолы Семейге барғанымда болып қайттым. Өйткені ұзынқұлақтан естіген Әміренің әнін өз құлағыммен есіттім. Семейдің осы күнгі облыстық театрында, арт жағынан сығылысып отырып, ән тыңдадық. Әншілер бірінен соң бірі шығып соқтырып жатыр. Қай-қайсысы болса да өзінше дәрмендімін, дәндімін дегендері менен асқанын көрермін дейтін бұрыннан бар әдет қой. Бірақ кімнің қандай екенін халық айырады. Әншілердің бірсыпырасы тоқтап қалды. Аяқтап келгенде, екі әнші қалды. Бұл екеуі Әміре мен Қали еді. Тыңдаған халық та қажымады, екі әнші де барын аяған жоқ.
Әміре мен Қали екеуі кезек-кезек айтысты. Жұрт екеуін екі жақтап қолтықтап, шала бүліністі. Қыза-қыза сахнадан шықпай, екеуі екі орындыққа отырып алып айтысты. Домбыра, гармонь екеуінің қолында кезек-кезек сайрады. Тіпті, әрі-беріден соң екеуі бір әнді кезек айтатын болды. Анық сынасарлық жер осы болды. Бірақ елі екі жақ болып, Семейдің көпшілігі Әміре айтқанда ду қол шапалақтап, Әмірелеп айтқанда, Қарқаралы, Павлодар, Баяннан барғандар жан-тәнімен қошеметтейді. Бірсыпыра жұрт өзімшілдікке салынып, босқа өзеуреді. Бірақ Әміренің сұлу даусы жұртты тартып әкетті. «Бүгінгі жүрген қазақ әншілерінің ішінде мұндай дауысты, мұндай үнді естігеніміз осы шығар. Бір әншінің даусы осындай-ақ болар», – десті. Әмірені жақсы білетіндер: «Бұл, шіркін, баяғыдан осындай емес пе? Маялап үйіп тастаған қатқан теріні күзетіп отырып, сақылдаған сары аязда, саңқылдап шыққан даусы емес пе. Даусы жылдан-жылға өрлеуде ғой» – дейді. Көше-көшеден кетіп бара жатқан жұрттың аузында да осы бір қошемет сөз.
Енді комиссиядағылар екі жақ болып таласып жатыр. «Сендер босқа таласпаңдар, бірінші бәйге мен екінші бәйгелеріңді қосып жіберіп, екеумізге қақ бөліп беріңдер» – деп Әміренің өзі ұсыныс жасады. «Маған екінші бәйгені беріңдер, біріншіні Әміре алсын, өйткені талабы зор, менен артық екені рас, аспанға өрлеп тұрғанда беті қайтып қалады. Менің жасыма жеткенше өрлей берсін», – деді Қали. «Менің әнімді жұрт артық деп тапса, Қали менен жасы үлкен аға ғой. Екі бәйгені қақ бөліп берулеріңізді сұраймын, – деп Әміре өтінген соң, комиссия екі бәйгені қосып, екеуіне қақ бөліп берді».
Осы естеліктен Әмірені қазақ іші жақсы танығанын, ерекше құрметтегенін байқауға болады. Ал Ахмет Жұбановтың жазуынша, Әміренің аты Мәскеуге Семейде әнші Майрамен кездесіп, бірге ән салғанынан бастап жеткен. Екеуінің сырнаймен бірігіп айтқан әнін Мәскеу естіген деседі. Содан 1925 жылы Семейдің халық ағарту бөліміне “Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижде болатын жержүзілік көрмеде этнографиялық концертке қатысуға келісім бере ме екен? Соның хабарын білдіруіңізді сұраймын. Жол қаражаты, гонорары төленеді. Мерзімі июнь-июль айлары. РСФСР Халық ағарту комиссары Луначарский” деген телеграмма келеді. Бұл күтпеген оқиғаға халық ағарту бөлімі де, Әміре де сенер-сенбестерін білмей, бірден жауап бере қоймайды.
Кейін Мәскеуден: “Семей қаласы, Шығыс көшесі, N78 кварталында тұратын қырғыз [қазақ] әншісі Әміре Қашаубаев туралы менің берген телеграммама жауапты тездетулеріңізді сұраймын. Парижде болатын біздің концерт мәселесінің мемлекеттік маңызы бар” деген телеграмма келеді. Сонда ғана мәселенің байыбына барған бұлар, 1925 жылдың 27 мамырында Әмірені Мәскеуге аттандырады. Семей халқы жиылып шығарып салады. Сол кезде Семейде шығатын “Қазақ тілі” газеті бұл оқиға туралы жазып отырған. Студент Әлкей Марғұланның осы тақырыпта “Париж концерті”, “Әміре” атты екі мақаласы бар.
Әміренің оң жақ алқымында мойнының қалтасы болыпты
Жарқын Шәкәрімнің жазуынша, Мәскеуде екі концертке қатысып, тағы бір іріктеуден өткен Кеңес әртістері Парижге 1925 жылдың 9 шілдесінде жетеді. Әміренің Парижде орындайтын әндерінің репертуарын: “Кашаубаев обладает красивым, сильным, сочным голосом [тенор] при большом запасе дыхания” деп баға берген А.В.Затаевичтің өзі жасап береді. Бұл сапары туралы Әміренің өзі: “Парижде кезек өзіме келгенше домбырамды дауысыма дәлдеп, зар күйіне келтіріп алдым. Бір уақытта концерт басқарушы жігіт сахнаға шығып: “Қазақ әншісі – Әміре Қашаубаев қазақтың ұлттық құралы домбыраға қосып, “Қанапия” дейтін халық әнін орындайды” – деді. Мен міз баққаным жоқ, кердеңдеп басып сахнаға шықтым да, отыра қалып мұнан бұрын Мәскеу халқын таңқалдырған “Қанапияға” бастым. Қайта-қайта биске шақырған соң “Ағаш аяқты”, тағы бірнеше ән айттым. Концерт біткен соң сахнаға француз халқының жазушылары Ромен Роллан, Анри Барбюс келді. Таныстық. Олар мені құттықтады. Сонымен біз Парижде он шақты концерт бердік. Мен екінші орынға ие болдым, күміс медаль алдым” деп әңгімелейді.
Қазақ әніне Еуропа халқының таңырқамағаны қалмаған. Олар үшін Әміренің әуелеген даусы таңсық көрінген. Барлық нәрсені салыстыру арқылы бағалаймыз ғой. Әміренің Парижді таңқалдырған оқиғасын былтыр Димаш Құдайбергеннің Қытайды таңдай қақтырғанындай дүние болған шығар деп жобаладық. Нобель сыйлығының иегері Ромен Роллан Әмірені тыңдап: “Мен Шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім” десе, француз жазушысы Анри Барбюс: “Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім” деп таңдай қағыпты.
Өзіміз тыңдап көрмегеннен кейін мұндай пікірлерге тамсанып “шіркін, қандай болды екен?” дейміз ғой. Естеліктерден ұққанымыз, әншінің диапазоны кең, дауысының күші де ерекше болған. Әрі сонысына қарамастан, үні құлаққа жағымды келген екен. Бұл туралы әншімен сапарлас болған жазушы Сәбит Мұқанов мынандай естелік айтады: “Әміренің даусы осы пойыз купесінің ішінде ерекше байқалды. Арқаның, оның ішінде Әміре әндерінің басы, Абайдың тілімен айтқанда “тым ащы”, яғни биік айғаймен келеді. Әміре осы айғайға тар купенің ішінде шырқай жөнелгенде, қасында отырған кісінің құлақ қоңырауы жарылып кете жаздап, шыдарлық халден асып кеткен соң, екі алақанын баса қояды. Бұл жоғары дауыстың созылғақтығы да ғажап. Оның даусы үзбестен бірнеше рет жоғары көтеріп, төмен түсіруге еркін жетеді. Сондай созылғақтығының, биіктігінің үстіне Әміре әндері өте назды, сәнді, құлаққа аса жұғымды болып отырады. Бұған дейін естіген әншілерімнен Әміреге тек, Сандыбайдың Ыбырайын ғана теңей аламын”, – десе, замандасы Қалибек Қуанышбаев: “Әміре ән салғанда, әнді көркемдеп, нықтандырып, аспандата айтар еді. Қандай әнді болса да, түзеп, кесек бейнелі ән ғып айтып жүрсе де, мынаны мен түзедім демес еді. «Ағаш аяқ», «Шіркін-ай», «Баянауыл», «Қарға», «Екі жирен», «Толқын» , «Қос барабан» тағы толып жатқан әндерде Әміренің аса көп еңбектері бар, түзеген, сұлулаған еңбек. Айтушылар сол қасиеттерін сақтауы керек. Әміре ән салғанда қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әнді айтарда барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмайтын. Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай боп айтатын. Әсіресе, әнді кейде тым кесек айтатын уақыты болар еді. Халық көп болса, делебесі қозып кететін. Театрға жиналған халықтың ішінде өзінің жақсы көретін жолдастары отырса, не болмаса басқа республикадан, Москвадан, Ленинградтан концертте кісі болса, тіпті, құйындай ұйтқып, құландай ойнақтап, жүйткіп, дабылдай саңқылдап, кішірек театрға сыймай, далада болса, жер мен көктің арасын жаңғыртар еді. Аса көтеріліп ән салғанда, біресе қуанғандай күлімсіреп, біресе жеке келе жатқан бәйге атындай жарқылдап, ойнақтап кетер еді. Сол кездерде бетінде әртүрлі сипаттар елестер еді», – дейді.
Белгілі композитор Затаевич те Әміре тынысының ұзақтығын ерекше атап өткен. 1931 жылы Алматыға Ленинградтағы оқуынан келген Ахмет Жұбанов та Әмірені алғаш тыңдағанында оған дейін мұндай ерекше орындаушынының әнін естімегенін айтады. Осы Жұбановтың жазуынша Әміре Парижге кетерінің алдында Мәскеуде ән салғанда “партердің алдыңғы қатарында отырған бір әйел Әміре “Ағаш аяқтың” бірінші жоғары нотасын шырқатып алғанда, екі құлағын басып: “Мынау не деген күшті дауыс!” депті”.
Әмірені өмірлік ұстаз тұтқан Жүсіпбек Елебеков оның дауысының таза, биік болғанын, ашық далада концерт бергенде, бірнеше шақырым жерде жүрген малшылар Әміренің даусын естіп, қайта жиналып келіп, қолқалап отырып ән салғызатынын айтады.
Осындай ерекше дауыс Париж аспанында әуелегенде ол туралы жазбаған француз газеті қалмады. Парижде шығатын “Комедия” газетінің 1925 жылғы 13 шілдедегі санында: “Қазақтардың сахарада айтылып жүретін үйреншікті әндерінен бірсыпыра әндерді Қашаубайұлы салып көрсетті. Оның ән салысында бізге ұнасын деп, біздің күнбатыс мінездерін сынау, мінеу жоқ. Оның созып, шырқап салған айғайы әсерлі, қоңыр ырғағы, қазақ даласының жерде қалмайтындығы, оның поэзия аспанының кең екендігі туралы бізді ойландыруға жарайтын” деген жолдар жарық көрді.
Міне, сөйткен ерекше талант иесінің өмірінің соңы сахнаға шыға алмай, еркін тыныстап ән сала алмай құсамен өткені өкінішті…
Әміренің жұмбақ өлімі
Кеңес кезінде оның Мұстафа Шоқаймен кездесуі туралы мүлде айтылмаған. Бұл мәселе қатаң құпия ұсталған. Тіпті Әміренің өзіне де ерекше ескерту жасалып, тісінен шығармауды бұйырған. Әрі әнші Парижге барып келгеннен кейін үш әріп қызметкерлерінің бақылауында болады. Әміре мұрасын зерттеуші ғалым Жарқын Шәкәрім: “Тіпті Мәскеу, Петербург, Варшава, Берлин тәрізді Еуропа қалаларының архивтерін ақтарып, Әміре жайлы дерек іздеген менің өзім де Әміренің ОГПУ тізімінде болғанын естімеппін. Неге десеңіз, ОГПУ тізіміне іліккен адамды жасырын аңдиды, жасырын өш алады, жасырын жазалайды екен”, – деп жазады. Расымен Әміре де жасырын жазаланды…
Парижде Әміренің Мұстафа Шоқаймен кездескені, бірнеше күн жанында жүргені анық. Елін сағынған Алаш азаматы Әміренің әнін тыңдап көзіне жас алыпты деседі. Кері қайтар жолдың жабылғанын жақсы түсінген Мұстафа арттағы ағайынға сәлем айтумен шектеледі. Ал Әміре болса, ертең елге келгеннен кейін бұл жағдайдың өзіне зияны тиерін ойламаса да керек. Алайда Қазақстанға келгеннен кейін Әмірені қудалау басталып кетеді. Екі күннің бірінде сұрақ-жауапқа алады. 1974 жылы белгілі актер Серке Қожамқұлов Жарқын Шәкәрімге осы жағдай туралы құпиялап айтып берген екен: “Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден аса көңілді де, шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып бір күні бет әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол “сұрамаңдар, мен айтпаймын” деді. Оның осы көрінісі арасына айлар салып қайталанып жүрді. 1929 жылы ұлт театры Алматыға көшті. Мұнда келген соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ. Ұмытпасам, 1931 жылдың көктемі еді. Бір ойын-сауықтан соң Иса, Әміре үшеуміз айлы түннің аспанында үйді-үйімізге бірге тарастық. Сонда Әміре “Мына пәлелердің менде не ақысы бар екенін білмеймін, түн жамылғысында қара киінген екеу үйден әкетіп, таң сәріге дейін қоя береді. Сондағы сұрайтыны “Мұстафа не деді?” дейді. Айтқан әнімді тыңдап, көзіне жас алып елге деген сағыныш білдіргеннен басқа естіген ештеңем жоқ десем сенбейді. Сенгені былай тұрсын, екіншісі қол жұмсап көгала қойдай етеді” деп көзіне жас алып, қиналып жүргенін жайып салды. Бәрінен сорақысы “осынымызды бір адамға айтушы болсаң, отбасыңа зияны тиеді” деп әбден қорқытатынын айтып еңкілдегені естен кетер ме? Қайран Әміренің сол сөзі әлі құлағымда”.
Кеңес тыңшылары әншіге сол күйі тыныштық бермейді. Тізімге алады. Жолының бәрін кес-кестей береді. Жарқын Шәкәрім өзінің Әміре туралы кітабында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Әмірхан Бәкірұлының айтқанын келтіреді: “ОГПУ органдарында мынандай шұғыл ақпарат пайда болған: “Ұлттық қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижден келіп, губерниялық “Қазақ тілі” газетінің редакциясына кіріп, Париж сапары туралы айтып берді. Сонда эмигрант Шоқаевты көргенін айтты. Соңғысы, Қашаубаев сөзіне қарағанда, Қазақстан өміріне қатты қызығып, ол жайлы жан-жақты сұрастырған. Сөзінің арасында оған [Шоқаевқа] біздің тұрақты уәкіл Красиннің КСРО-ға оралуға ұсыныс жасағанын, бірақ өзінің репрессиядан қорқып, бас тартқанын айтқан. Қашаубаевта Шоқаевтың фотосуреті бар. Қашаубаев әкелген театр газеті Шоқаевтың соңғы аудармасы туралы рецензия жариялапты. Әңгімеге қатысушылардың бірі Шоқаев жайында білуге қатты құмартып, Қашаубаевқа оның іс-әрекеттері мен көзқарастары хақында сұрақ қойған. Қашаубаев жауаптан жалтарып, шын мәнінде онымен бұлар туралы әңгімелескен жоқпын, сондықтан білмеймін деген…”
Шоқаймен кездескенінің өзі оны қудалауға жетіп жатыр еді ғой. Олар Мұстафа Әміре арқылы елдегі ұлтшыл ұйымдармен байланыс жасап тұрды деген айып тағады. 1927 жылдың 6-маусымында Әміре Қашаубаевтыңтергеушілер алдында берген жауабы сақталған екен. Онда: “1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда “Дария” отеліне орналастым. Екінші күні қонақүйге Мұстафа Шоқай келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: “Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?” деген сауалдар да қойды. Мен “бар” деп жауап бердім. Бірақ олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған “ешқандай білімім жоқ” деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал–жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: “Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр” дедім. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты–жөндерін қазақшалап жазып берді. Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал–жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапша із–түссіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым”, – делінген. Бар берген жауабы осы. Соңында бұл туралы ешкімге айтпайтын болып ант-су ішіп, шығады Ал Комитеттің “құпия” деген бұрыштама соғылған құжатында: “За Кашаубаевым установлено наблюдение, с целью выявления не привез ли он кому-либо переписку от Чокаева и не получил ли от него более серьезные сведения или задания” деп жазылған.
Тергеуден әбден зәрезап болған Әміре 1926 жылғы Англия сапарынан бас тартады, барғысы келмейді. Тағы бірдеңеге ұшыраймын ба деп қорқады. Алайда келесі сапарға, яғни 1927 жылы Германияның Франкфурт қаласына қоярда-қоймай апарылып, одан да екінші орын алып қайтады. Бірақ аңдуда болады. Елге қайтып келгеннен кейін үлкен сахнаға жіберілмей, қоғамнанлл қала бастайды. Күннен-күнге шеттетіле береді. Қауіпсіздік қызметкерлері де маза бермеген көрінеді. Әміре тіпті өмірден өтерін сезгендей қыздарын Ахмет Жұбановқа табыстапты.
Әншінің денесі 1934 жылдың 6 қарашасында табылған. Ауруханаға әкелгенде кеудесінде жаны болыпты. Көшеде қанша күн жатқаны да белгісіз. Оның өмірден өткенін естігенде Сәкен Сейфуллин “Қандай адамнан айырылдық” деп еңіреп жылаған дейді.
Жұмбақ өлім. Ажалы қауіпсіздік қызметкерлерінен келді ме, жоқ басқа бір себеп бар ма, оны ешкім білмейді. Білініміз, Еуропаны аузына қаратқан ән дүлдүлінің сүеегі біз күнде басып жүрген Алматы көшелерінің бірінен табылған … Мүмкін әншінің ажалы жеткен жердің жанынан күнде өтіп жүрген шығармыз … Кім білсін …
www.islam.kz
Парақшамызға жазылыңыз