Бүкіл әлемнің 100-ден астам үкіметтік емес ұйымдарын біріктіріп, сөз бостандығын қорғайтын дүниежүзілік IFEX желісінің мүшелері Қазақстанның жоғарғы лауазымды тұлғаларынан Ratel.kz мен Forbes Kazakhstan-ды қорғауды сұрады.
Хат Қазақстан Республикасының Бас прокурорына, Жоғарғы соттың төрағасына, парламент Мәжілісінің төрағасына, Ақпарат және коммуникациялар министріне жолданды. Онда былай делінген:
«Төменде қолдарымызды қойған IFEX желісінің мүшелері қазақстандық БАҚ қызметкерлерінің үстінен жақында қозғалған азаматтық және қылмыстық істерге, сондай-ақ, тергеу мен сот барысында жіберілген заң бұзушылықтарға алаңдаушылығымызды білдіреміз. Біз сіздерден өз құзыреттеріңізді азаматтардың ақпарат алу және тарату сияқты конституциялық құқын қорғауға пайдалануды, сонымен бірге құқыққорғау және сот органдарының заң бұзушылыққа жол берген қызметкерлерінің нақты іс-әрекеттерін тергеуді сұраймыз. Сондай-ақ, біз журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына сыни мақалалар жазғаны үшін пропорционалды емес айыппұлдар салуға мүмкіндік беретін Қазақстан заңдарын қайта қарауды және жазалау шараларын қарастырғанда, халықаралық стандарттарға сай келетін, ақылға қонымды, пропорционалды жаза қолдануды сұраймыз.
31 наурызда судья прокуратураның Ratel.kz интернет-басылымды бұғаттауды сұраған және бас редактор Марат Әсіповті осы атпен материалдар жариялауға тыйым салуды сұраған өтінішін қанағаттандырыпты. Алайда не бұқаралық ақпарат құралдарына, не кең жұртшылыққа осы әрекеттердің себептері о бастан хабарланбаған. Соған қарамастан, ratel.kz сайтының домендік аты және оның «айналары» – balborsyk.kz мен wildratel.com сол мезетте бұғатталған. Артынан белгілі болғандай, сайтты «тіркеу және Қазақстанның Интернет желісінде домендік атты пайдалану және тарату ережелерін бұзғаны үшін», сондай-ақ, домендік ат қайтыс болған Геннадий Бендицкийдің атында әлі тіркеуде тұрғаны үшін бұғаттаған, және БАҚ-тың тіркелу куәлігінде тек орыс тілі көрсетілгеніне қарамастан, контент қазақ және ағылшын тілдерінде де мақалалар жариялап тұрғаны үшін бұғатталыпты.
2 сәуірде полиция процессуалды нормаларды бұза отырып, Ratel.kz мен Forbes.kz редакцияларында тінту жүргізіп, құжаттар мен жабдықтарды тәркілеген. Бірнеше қызметкерді жауап алу үшін қамауға алып, жарияламау туралы қолхат беруге мәжбүрлеген. Бұдан тыс, полицияордерді көрсетуден бас тартқан деп хабарланды.
Бұл әрекеттер бизнесмен және бұрынғы қаржы министрі Зейнұлла Кәкімжановтың Ratel.kz мен Forbes.kz-да жұмыс істейтін журналисттердің мақалалар топтамасы үшін берілген талап-арызының негізінде жүзеге асқан. Экс-министр алғашында «бизнесті адал жүргізбеді» деген мағынада жазылған мақалалар үшін сотқа азаматтық талап-арыз берген болатын, бірақ содан кейін бизнесмен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деп қылмыстық айып тақты.
Біз прокуратура мен сот органдарының Ratel.kz мен басқа да бірқатар БАҚ-тарға қатысты негізсіз айып тағып, ал кейбір жағдайда заңсыз іс-әрекет қолдануына алаңдаушылығымызды білдіріп отырмыз. Бұл оқиға, сондай-ақ, аталмыш органдардың қазақстандық заңнаманы орынды сынаған БАҚ-тардың аузын жабу үшін пайдаланғанын көрсетіп берді. Ал сындарлы сын демократияны тұрақтандыру үшін қашанда өте маңызды. Біз, сонымен бірге, бұл әрекеттердің мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарында сыни мақалалардың жариялануына цензура қоюға талпыныс деп бағалаймыз, ал бұл, өз кезегінде, Қазақстан Конституциясының 20-бабы кепілдік беретін сөз бостандығын өрескел түрде бұзу болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан мұнымен Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні орындау туралы өзіне алған міндеттемелерін де бұзып отыр. Осы құжаттардың талаптарын орындамау – Ratel.kz сайтына: Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар Басқармасына: Кәкімжанов мырза мен Ratel.kz, Forbes.kz журналистерінің арасындағы азаматтық дауға қатысты сот органдарының шығарған шешімдерін заңсыз деп тануын сұрап, өте салмақты арыз түсіруге негіз береді.
Біз, сондай-ақ, Кәкімжанов мырза өз арызына негізі етіп алған 274-бапты ұлттық және халықаралық сарапшылар сынға алғанын еске саламыз. Атап айтсақ, 2016 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Комитеті Қазақстанның екінші мерзімді шолуын тыңдаған соң, заңнама мен оны қолдану тәжірибесіне алаңдаушылық білдіріп, «… мұндай жағдай бұл елдегі сөз бостандығы мен пікір еркіндігі құқықтарына нұқсан келтіреді» деген болатын, атап айтқанда, «… көпе көрінеу жалған ақпарат тарату» деген қылмыстық заңнаманы кең қолдану арқылы адамдардың сөз бостандығы құқығы қатты шектеліп отыр» делінген.
2015 жылы ҚР Қылмыстық кодексіне аталмыш бапты кіргізген соң, оның салдары өте ауыр болды. 2016 жылы 5 шілдеде Қазкоммерцбанк туралы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыппен 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген алматылық кәсіпкер Таир Қалдыбаев өзінің апелляциялық шағымы қаралар алдында түрме камерасында дарға асылған күйінде табылған. Қалдыбаев – қазақстандық журналист Гузяль Байдалиновамен бірге сотталған, бірақ Байдалинованың үкімі кейін қайта қаралды.
Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, біз сіздерден мынаны сұраймыз:
– Ratel.kz және оған қатысы бар ұйымдарға – сот пен құқыққорғау органдары жақында қолданған іс-әрекеттерді қайта қарап, кез келген қазақстандық заңнама мен халықаралық стандарттарды бұзған оқиға бойынша тиісті тергеу амалдарын жүргізіп, лайықты шаралар қолдануды.
– Қазақстанның «көпе көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталатын заңнамасын БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Комитеті мен басқа да сарапшылардың берген кеңестерін ескере отырып, қайта қарауды. Сондай-ақ, біз сіздерден сөз бостандығы құқығы бұзылмас үшін және сөз бостандығына кіретін даулы мәселелер туралы ақпарат тарату, үкімет пен ықпалды тұлғаларды сынау құқығына нұқсан келмеуі үшін 274-бапты нақты тұжырымдап, оның не білдіретінін анық көрсетуді сұраймыз.
Осы мағынадағы хаттарды жолдап отырған:
Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қоры
Албандық медиа-институт
Американдықтар Бахрейндегі демократия мен адам құқықтары үшін (ADHRB)
Карикатуристердің құқықтарын қорғайтын халықаралық желі (CRNI)
БАҚ бостандығы мен жауапкершілігінің орталығы (CMFR)
Журналистерді қорғау жөніндегіКомитет(CPJ)
Кибер кеңістіктегі құқықтарды қорғау қоры
Аргентинажурналистикасының форумы
Журналистиканың тәуелсіз орталығы – Молдова
Цензура индексі
Баспасөздің халықаралықинституты (IPI)
Медиа, көңіл көтеру және өнер альянсы
Оңтүстік Африка медиа институты (MISA)
MediaWatch (Бақылаушылар медиасы)
Сомали Ұлттық журналистер одағы
Норвегиялық PEN-клуб
Пәкістанның баспасөз қоры
Американдық PEN орталық
КанадаPEN-клубы
Халықаралық PEN-клуб
Шекарасыз тілшілер (RSF)
Оңтүстік-шығыс Еуропаның БАҚ кәсіпқойлары желісі
Оңтүстік-шығыс Еуропаның медиа-ұйымдары
Сирияның сөз бостандығы мен БАҚ орталығы (SCM)
Демократия мен азаматтық қоғаммониторингі
Дүниежүзілік радио хабар тарату ассоциациясы (AMARC)
Парақшамызға жазылыңыз