Ши төрағаның басқаруындағы Қытай билігінің өз еліндегі аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарға мақсатты түрде жүргізіп жатқан саяси қысымы жайлы аз жазған жоқпыз. Әсіресе, бұл қуғын-сүргін былтырдан бері еселене түсті. Ши төрағаның тақты өле-өлгеншеге «приватизациялау» саясаты шеңберінде, науқандық шара ретінде басталған бақылау бүгінде адам құқықтарын аяусыз бұзуға әдейі бағытталған кәнігі механизмге айналды.
Осы мәселеге байланысты Брюссельде алқа-қотан жиын өтті. Еуропарламент депутаттары Алманиядағы қандасымыз Өмірхан Алтынның үшбу хаты негізінде Қытайдағы қазақтардың жағдайын талқылады. Бұл туралы бүгін редакциямызға Өмірхан Алтынның өзі хабарласып айтты.
Жиылыс 15-мамыр күні өткен. Брюссельде. Еуропарламенттің Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті өкілдері мен Еуропарламенттің депутаттары Шығыс Түркістандағы адам құқықтарының актуалды мәселелелерін сөз етті.
Пиер Антонио Панзер
Жиынды Комитет төрағасы Пиер Антонио Панзер (Pier Antonio PANZERI) мырзаның өзі жүргізіп отырды. Кездесуге Парламент мүшелері мен Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының өкілдері қатысқан. Осы жиында Өмірхан Алтын мырза Адам құқықтары жөніндегі комитеттің төрағасы Пиер Антонио мырзаға Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесі баяндалған хатты тапсырды.
Ақыры Қытайдағы қазақтардың қудаланып жатқаны жайлы ақпар Еуропарламентке жетті. Оны жеткізген Алманияда тұратын қазақ – Өмірхан Алтын. Өмкең өткен жылы дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында кезектен тыс сөз алып, Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайын Елбасына тікелей жеткізген еді.
София Ричардсон
Өмкеңнің хаты оқылып, түсініктеме берілгеннен кейін алғашқылардың бірі болып София Ричардсон (Sophie RICHARDSON) ханым сөз алды. Ол «Human Rights Watch» Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымының Қытай бюросының басшысы.
Ричардсон ханым соңғы уақта Шығыс Түркістанда аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарға қарата адам құқықтарының адам сенгісіз тәсілдермен өрескел бұзылып отырғанын айтты.
Ричардсон ханым, Еуропарламент және өзге де Халықаралық ұйымдарды
тым кеш болмай тұрып аталған саяси қысымды тоқтату үшін Қытай үкіметіне қарсы әсерлі шаралар қолдануға шақырды.
Улрич Делиус
Бұ жолғы жиында Қытай билігінің қасақана қысымына ұшырап жатқан этникалық қазақтар мәселесі баса айтылды. Әсіресе, Өмірхан Алтынның арнайы дайындап келген баяндамасын Адам құқықтарын қорғау жөніндегі білікті маман Улрич Делиус (Ulrich DELIUS) оқып, ондағы жағдайды егжей-тегжейлі баяндады.
Йохим Зеллер
Айтпақшы, осыдан кейін сөз алған Еуропарламенттің тағы бір депутаты Йохим Зеллер (Joachim ZELLER ) мырза да қазақтар мәселесі жайлы сөз сөйледі. Ол мамырдың 10-11 күндері Астанаға Еуропарламент делегациясы сапында келіп кеткен еді.
Ол өзінің Астана сапары жайлы баяндай келіп, Қазақстан Үкіметінің Еуропарламентпен бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін айтты.
Сондай-ақ, Зеллер мырза, Қазақстан Үкіметі Қытайдағы қазақтар мәселесіне дипломатиялық жолмен араласуы және тиісті көмекті беруі керектігін айтты.
Зеллер мырза, Қазақстан Үкіметінің Қытайдағы қазақтарға қолдау көрсетуге ниетті екендігін айта келіп, Еуропарламентті Қытай Үкіметіне қарсы шара қолдануға шақырды.
Абигейл Алис
Өмірхан Алтыннан жеткен ақпарға сүйенсек, Еуропарламент жиынына қатысқан барша депутаттар мен Халықаралық ұйым мамандары бұл жолы Қытайда қысымға ұшыраған аз ұлттардың ішінде этникалық қазақтардың жайын көбірек сөз еткен. Тіпті, Еуропарламенттің мүшесі Абигейл Алис (Abigail ALICE) ханым да Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесі жөнінде сөз сөйлеп, тиісті шара қолдану керектігін айтқан.
Ларс Адактусон
Уажид Хан
Барбара Лочбилер
Қытайдағы аз ұлттар, соның ішінде этникалық қазақтардың мәселесін талқылаған бұл жиында сөз алған Парламент мүшелері Ларс Адактусон, Уажид Хан, Комитет төрағасының орынбасары Барбара Лочбилер ханымдар, Қытайдағы Адам құқықтарын таптау әрекеті бұған дейін ешбір мемлекетте болмаған деңгейге жеткенін, Еуропарламенттің және Халықаралық ұйымдардың саяси қысымды дереу тоқтатуға, адамдардың қорқыныш, үрейсіз, бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге көндіруге бағыттаған шараларды мейлінше тез арада қабылдау керектігі айтылды.
Сондай-ақ, Еуропарламенттің бұл бас қосуында Өмірхан Алтынның Қытайдағы қазақтардың мәселесі бастан-аяқ, егжей-тегжейлі баяндалған хаты Парламент мүшелеріне ағылшын және неміс тілдерінде таратылды.
Сөйтіп, Брюссельде алғаш рет Қытайда қысымға ұшыраған этникалық қазақтардың мәселесі талықланды. Еуропарламент және Халықаралық ұйымдар бұл мәселені жіті бақылауда ұстауға және тиісті шараларды қабылдауға келісті.
Оған қоса, алдағы уақта Адам құқықтарын қорғау немесе басқа да мәселелерде өз құқықтарын толық қорғау үшін Халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуі, заман талабына сай әрекет етуі керектігі де айтылды.
Ши шырғалаңы
Шидің шырғалаңы Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың Қазақстанға келіп-кететін жолын біржолата жапты. Қысым күшейген.
Қазақстанға келіп-кетіп жүргендердің паспорттары жиналып, зейнетке шыққандар Қазақстанға келіп азаматтық алатын болса зейнетақылары берілмейтін болған. Сондай-ақ, Қазақстаннан ықтиярхат алып, әртүрлі салада еңбек етіп жүргендер Шынжаңдағы жергілікті биліктің арнайы шақыруымен Қытайға кеткені, онда «саяси-тәрбие» лагерлері мен түрмелерге қамалғаны, Қытайға барғандардың ішінде Қазақстанға қайта алмай қалғандардың көп екені жайлы деректер анықталды.
Қытайдағы қазақтардың жағдайы тым ауырлап кетті, расында. Қытай үкіметі қазақты террорист, экстремистердің сапына қосты. Құжаттарын тартып алып, Қазақстанға келіп-кеткен әр қазақты түрмеге жапты. Үйінде Құран ұстаған, діни оқулықты ұстаған, ескі кітаптарды сақтағандар сақшылардың жетегіне түсті. Жәбірін көрді. Қазақ жазушыларының кітаптарын оқығандар оқу-тәрбиелеу лагерлеріне айдалды. Себепсіз тергеліп, нақақ таяқ жеді. Тіпті, молда-қожалардың кейбірі түрмеде қайтыс болды деген ақпар да тарады.
Батыс пен АҚШ Қытай репрессиясын айыптайды
Қытай билігінің бұл саясатын біз түгілі Батыстың зайырлы қоғамы ашық айыптады. АҚШ пен Еуропа елдері Қытайдың аз ұлттарға жасап жатқан репрессивті саясатын сынады. Керек десеңіз, санкция төпесіне алуға әзір екендігін де жеткізген еді. Оған пысқырған Ши жоқ. Қазақстандағы ақпарат құралдары да, ағылшын тілді ақпарат та алаңдаушылық білдіріп, арғы беттегі ағайынға араша айтты. Солардың басында біз де бармыз.Әзірге біздің үніміз Еуропарламентке жетті.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz
Парақшамызға жазылыңыз