//

Қазақтың белгілі тіл ғалымы Шора Сарыбаев қайтыс болды

2595 рет қаралды

Қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 94 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Қайғылы хабарды Шора Сарыбаевтың туыстары мен әріптестері әлеуметтік желіде хабарлады.

«Бар ғұмырын ана тілі ғылымына арнаған Шора Шамғалиұлы 60 жылдай А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі Институтында еңбек етіп, ондаған ғылым докторы мен кандидаттарын тәрбиелеп, артында отыз томнан астам фундаменталдық еңбек қалдырды. Автордың қазақ тілі грамматикасы, лексика, лексикография, диалектология, тіл білімі тарихы мен есімнаманы қамтитын «Қазақ тіл білімі мәселелері» монографиясы ана тіліміздің хрестоматиясына айналды. Соңғы демі таусылғанша қолынан қаламы түспеген Ш.Ш Сарыбайдың еңбектері өзбек, араб, қырғыз, татар, түрік, әзербайжан т.б. тілдерге аударылып, түркі тілдерінің дамуына да елеулі үлес қосты», – деп жазды Халықаралық адам капиталы институтының басшысы Жанұзақ Әкім аккаунтында.

Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 1925 жылы 2 наурызда Ташкент қаласында дүниеге келген.

Тіл білімі маманы, филология ғылыми докторы (1974 ж.), профессор. (1979 ж.),  ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, (1983 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1985). Оның ғылыми зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалары мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. С.Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытып, диалектология саласындағы терминдердің қалыптасуына атсалысқан. “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” (1966), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін” (1969), “Жаңа атаулар сөздігін” (1992) құрастыруға қатысқан. 1965 жылы АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған. Марқұммен қоштасу рәсімі 3 мамыр күні сағат 10.00-де Алматыдағы Ғылым Академиясы ғимаратында (Құрманғазы көшесі, 29-үй) өтеді.

Abai.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар