//

Миллиондарды жұмсауға ми керек пе?

1071 рет қаралды

Алматыда орнатылған ТИІН мүсіні қолға қалам алуға түрткі болды. Соңғы жылдары мерекені, мерейтойды желеу етіп бөлінген мемлекеттің қаражаты желге ұшып жатыр. «Байдың асын байғұс қызғанадының» кері емес.
Өткен жылы Қазыбек бидің 350 жылдығы мерейтойында «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруенге 44 миллион теңге бөлініп, отыз шақты адамның қымбат көлікке мініп алып еліміздің бірқатар аймақтарын аралап, баба қорымдарына, кесенелеріне, ескерткіштердің алдына барып, зиярат етіп, азғантай жұртты жинап, митинг жасаумен шектелді. Журналист және Би баба топырағының перзенті ретінде «Қыруар қаржыны Семей полигонынан зардап шеккен ҚАЗЫБЕК БИ бабамыздың атақонысы ЕГІНДІБҰЛАҚ селосының қажетіне, полигоннан сырқат болған мұқтаж жандарға жұмсайық» деп баспасөз бетіне жазған жанайқайымды құлаққа ілмеді. Айтпағым, миллиондар халықтың игілігіне жұмсалмай, дабыра мен дақпырттың аясында желге ұшты.
Енді алматылықтар 23 миллион теңгеге алып тиіннің мүсінін жасатқан. Мүсіншіні сонау Ұлыбританиядан шақыртқан. БАҚ –тағы әріптестер тоғыз айлық ғана «ғұмыры» бар, жанғыш заттан жасалған «өмірі қыл үстінде» тұрған тиіннің тағдырын сақтау үшін бақылау камералары жұмыс істейді деп құлақтандыруда. Осындайда көкейге уақытша мүсіннің бізге қаншалықты қажеті бар деген ой келеді.
Түз тағыларының бірінен мүсін орнату аса қажет болса, ұлттық наным-сенімімізге, мәдениетіміз бен өнерімізге, жан дүниемізге бір табан жақын туындыны неге қолға алмаған?!
Мен кеш те болса өз пікірімді ортаға салғым келеді. Қазақ өзін қасқырға яғни КӨКБӨРІГЕ теңеген. Тарихқа көз жүгіртсек, Көк Бөрі–түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Түркі қағанаты кезінде түркі сарбаздарының байрақтарына Көк Бөрі бейнеленетін болған. 19 ғасырдағы белгілі қазақ ақыны Сүйінбай Аронұлы «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым…» деп жырлайды. Қазақ халқы қазіргі күнге дейін ержүрек, батыл жігіттерді Көк Бөріге теңеп, көркем шығармаларда бөріні батылдық пен батырлықтың нышаны ретінде бейнелейді.
Түркі тайпалары мекен еткен ұлан ғайыр далада қасқырдан басқа да жан- жануарлардың мол болуына қарамастан ең басты тотем етіп нақ осы аңды алуының өзіндік себептері бар. Ел аузында атақты Қаз дауысты Қазыбектің жиені Абақ керей Жәнібектің, Есет батырдың жебеуші көк бөрілері болған деген аңыз бар. Керей Жәнібек ұйықтаған кезде үстінде екі бөлтірік ойнап жүрсе, Есет батырдың езуін арлан жалап тұрады екен. Бұл жерде ел үмітін ақтаған батырлардың аруағын үстем етіп көрсету үшін оларды ең киелі ұғым көк бөрімен байланыстырғанын айта кетпекпіз. Бұл батырлардың бойындағы ерен күшпен қайсарлық жоғарғыдан, Тәңірдің өзінен бастау алып тұр. Ал, бөрілер – сол Тәңірінің ерекше ілпипатын жеткізуші.
Қасқыр туралы наным- сенімдердің ел санасына терең бойлағаны сонша, ата-бабаларымыз балаларына Бөрібай, Бөріқұл, Бөлтірік, Қасқырбай деп есімін қойған. Түркі халықтарының фольклорында қасқыр бейнесі түрлі жанрларда: ғұрыптық поэзияда, эпостық жырларда, халықтық прозада жиі кездеседі. Түркі халықтарына ортақ мұра «Алпамыс батыр» жырындағы басты кейіпкердің әкесінің Байбөрі аталуы да осындай үрдістің бір көрінісі .
Көк бөрі бейнесі батырлық пен қайсарлықтың, қайраттылық пен тапқырлықтың нышаны ретінде бейнеленеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,миллиондарды жұмсамас бұрын миды қозғап, «Оймақ пішсең де ойлап піш» дегендей, әбден ойланып, қыруар қаражатты ел игілігіне жаратуға тырысу керек.

Жұлдыз ТОЙБЕК

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

2024 жылдың айшықты оқиғалары

2024 жылы Қазақстанда көптеген маңызды оқиғалар болды. Осы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен АЭС құрылысы талқыланып, су