Жер-су, елді мекен, қала-кент, ауыл-аймақ атаулары – топонимдер тұнып тұрған тарих. Ал әр бір атау сөздің түп төркінін, шығу тегін, этимологиясын қаузар болсақ сол атаудың қандай мән-мағына беретінін, оның астарында қандай құпия сыр тасаланып, жасырынып жатқанына көзімізді жеткіземіз.
Өткен ғасырдың соңына дейін еліміздегі көптеген атаулардың бұрмаланып жазылып, айтылып келгені, ал кейбір көне атаулар қолданыстан мүлдем алынып тасталғаны, жаңадан пайда болғандарының дені отарлаушы елдің айтуы бойынша жергілікті ұлтпен санаспай жасалғаны белгілі.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін тарихи атауларды қалпына келтіру барысында қомақты, көңіл көншітер ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде сан мыңдаған тарихи атаулар қайтарылып, қалпына келтіріліп кеткеніміз келіп, кемтігіміз толып жатыр. Алайда бұл іс оп-оңай атқарыла салмағаны айқын. Осы тарапта түрлі деңгейде қызу айтыс-тартыс, талқылаулар, сараптап, талдаулар өтті. Қоғамдық пікірлермен санасты. Мәселен, бір ғана Ақмола атауы барысында қаншама пікір-таластар болғанын еске түсірейікші. Бір пікірде«Ақмола» деген сөз «ақ және мола», ал келесі бір пікірде «ақ және молла», тағы бірінде «ақ мол, ә» деген сөздерден шығыпты деп сан саққа жүгіртті емес пе. Қалай болған күнде де ол құй «Ақмола», құй «Ақмолла» болсын «Ақмола» атауының құрамында қазақтың ең киелі сөздерінің бір «АҚ» сөзі тұрғандықтан, оның ешқандай негативтік жағымсыз мағына бере алмайтындығы күмән, кәдік тудырмаса керек.
Атауларды тарихи қалпына келтіру ісі аяқталған жоқ, әлі де жалғасын табатыны сөзсіз. Ол Елбасы жолға қойған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылатын басты іс-шаралардың санатында болмақ. Осы орайда қазіргі «Павлодар» қаласының атауы турасындағы ойымызды ортаға салсақ дейміз. Павлодар қаласының атын өзгерту туралы мәселе көптен бері айтылып, оның қажеттілігінің негіздемелері мен келтіріп отырған дәлел-дәйектері жеткілікті болса да бүгінгі күнге дейін ақсақтың аяғын бағып отырған жайымыз бар. Біздің бір байқағанымыз жалпы Павлодар атауының түп-тұқиянын қазбалаушылар атаудың шығу тегін қарастырғанда ол сөздің «Павел және дар» деген екі компоненттен тұратынын, мұндағы «Павл» орыс патшасының Павел деген ұлының есімі, ал «дар» деген орыс тіліндегі «сый, сияпат» сөздер екенін, сол Павел дүниеге келгенде соның құрметіне осы қала «Павлодар» аталғанын, «Павелдің сыйы» немесе жарылқаушы ағзам патша «Павелдің тартуы» дегенді көлденең қояды. Дұрыс-ақ.
Бірақ, бұның қазаққа қандай қатысы бар, ағзам патшаның ұлы Павелдің туғанына орай қойылған атау біз үшін сондай құнды ма? Тартуын көлденең тартушылар «Павлодар» атауының қазақ санасына қалай әсер ететінін, оны қазақ ұлттық сана тұрғысынан талдағандағы мағынасының мүлдем жағымсыз тіпті тұрпайы, қаскөйлік екеніне мән бермеуі, оған ешкімнің қарсылық танытпауы, бас изеп сөзсіз мақылдауы санамыздың қаншалықты уланып, отарланып кеткендігін көрсетеді. Біздің ұлттық санмыздың отарланғаны сондай өзіміздің «ақиқат болмысымызды парықтау қабылетімізден айырылып қалыппыз» (Б.Қайратұлы). Қазақ тілінің «құй» деген сөз орыс тілінде жаман мағына беретін сөзге бір табан жақын келетіндіктен оны қолданыстан мүлдемге шығарып тастай отыра, орыс тілінің «дар» сөзінің қазақша мағынасы өте жаман сөз екенін ауызға алмақ тұрыпты, олай ойлаудан мүлдем қалыппыз. Әйтпегенде, Павелдің шонданайында далиып тұрған «ДАР» сөзін «сый» мағынасында емес, қазақ тілінде «адамның мойнына арқан, жіп салып, асып өлтіру үшін құрылған қос бағаналы ағаш» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, «Дайк-пресс», 2008. 188-бет) деген ұғым беретін сұмдық жаман сөз екенін ұғынуға, айтуға болар еді ғой. Қайталап айтайын, қазақ санасының уланғаны сондай «дар» деген кезде біздің есімізге шүу дегенде орыс тіліндегі мағынасы түсетіндей қалге жетіппіз. Біздің жүрегімізге орысша түсінік қалыптасып қалыпты. Олай болмаған күнде «Павлодар» атауы «Павелдің тартуы» емес қазақ ұғымында «Павелдің дар ағашы» деген атау деп пайымдайтын бір жан шырылдап шығуы керек еді. Шықпағаны санамыздың әлі күнге бодандықтан босай алмай жатқандығының айғағы болса керек. Иә, қазақтың мәдениетін де, руханиятын да түбіне дейін түбегейлі зерттеген отаршыл ел ағзамының көкейгесті көксегені де қазақты «дарға асу» болғандығына күмән-күдік жоқ қой, ендеше Павлодар атауы жымысқы тәсілмен осы мақсатта қойылғандығына кәдік болуы мүмкін бе? Таңданудың не керегі бар. Егер біз шын мәнінде, нағыз, таза қазақша пайымдар болсақ, онда «Павлодар» деген атауды атаған кезде бүкіл тұла бойымыз тітіркеніп, денеміз дір етіп, төбе шашымыз тік тұрып, миымызға «Павелдің адамды асып өлтіру құралы» деген түсінік шақ ете түсері сөзсіз. Бұрын бұны айтуды жасқандық. Атау терминді теріс, бір жақты, отаршылдардың көзқарасымен талдадық. Ал бүгінгіміз не?
Павлодар – «Павелдің тартуы» емес, олай атау терминнің теріс талдануы. Қазақ ұғымында, ақиқаты – Павлодар – «Павелдің дар ағашы»! Құдай бетін ары қылсын! Еліміздің терістік өңірінің келбеті болған, күннен күнге көркейіп, өркендеп өсіп келе жатқан көрікті қаламызды парасат биігінен қарағанда осындай пиғылы келеңсіз, ниеті сұмпайы сөзбен атап отырғанымыз ар, намысымызға сын екенін ар таразысына салып, одан арылатын уақыт жеткендігін айтумен сөзімізді тиянақтаймыз.
Б.Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз
Елбасының жарлығымен Павлодар облысындағы екі ауданның аты қазақшаланды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Павлодар облысының кейбір аудандары:
1) Качир ауданы – Тереңкөл ауданы;
2) Лебяжі ауданы – Аққулы ауданы болып қайта аталсын.