Өткен аптада Қазақстан туралы жазған шетел сайттарын қарап отырғанмын. Сайрагүл оқиғасынан кейін Қытай медиасының саясатын қарап көру қызық еді. Себебі халықаралық жаңалықтар бөлімі бар ағылшын тіліндегі басылымдардың дені Қытайдағы оқу-лагерлері туралы жазды. Медианы уысында ұстап отырған елде арнайы медиа стратегия жасалуы керек.
Сонымен “Қорғаста қазақ туристері қаптап жүр (еркін аударма)” деген мазмұндағы мақалада аты-жөні көрсетілмеген автор Қорғасқа барып, қазақ саудагерлерімен сөйлескен.
“Бір белдеу – бір жол” туралы айтып, “Қорғас” сөзі моңғол тілінде “Керуен жүріп өтетін жер” деген мағына береді депті. “Қорғас” сөзі ортақ етісте тұрған “қорғау” сөзі деп ойлап жүрсем… Моңғол тілін білетіндер бұл фактінің рас-өтірігін айта аласыздар ма?
Мақала ішіндегі қазақ саудагерлердің аты-жөндері латын қаріптерімен қызық берілген. Оқыңыз да, пікір ретінде қазақшасын жазып көріңіз. Мақаладағы аттары былай: Bolat Huanale, Xugela, Yespoli Mijiti, Kulzat Turdebek. Өз басым, соңғы есімді ғана қазақша оқып, ұға алдым.
Мақала тұтастай осы төрт адамның пікірінен тұрады. Арасында ресми сандармен тұздықтап қойған. Не эксперт пікірі, сырттан маман көзқарасы, деректердің сілтемесі атымен жоқ. Оқиғаға құрылып жазылды дейін десем, оқиғасының басы бар да, соңы жоқ. Әйтеуір ішінде төрт қазақ жүр. Не өте қатты тексерістен өтіп, қырқылып, күзелген немесе инетте индексация жүре берсін деп осындай мақала жариялай береді.
Мақаланы оқып болып, “Бұлар маған қандай пікірін насихаттап отыр?” деген сұраққа жауап іздедім.
Біріншісі, “Қорғасқа” барып, сауда жаса. Біраз қазақ сонда жүр. Негізгі месседжі осы. Бірақ бұл месседж ағылшынша айтылғандықтан: “Көршілеріміз бізбен жақсы сауда жасасып жатыр” дегенді жеткізген. Сайрагүл тәрізді қыздарын лагерьде ұстап едік деген “әңгіме” жоқ. Екіншіден, тіл саласына қызығатын адам болған соң, қазақ есімдерінің латынша жазылуы еркісіз назарымды аударды. Қытай сөздерін ағылшынша жазғанда қолданатын транслитерацияны жиі кездестіремін. Мысалы Xinhua дегеннің өзін Синхуа дейміз. Бірақ “х” негізі “ш” дыбысын беруі керек. Әлгі Xugula дегенді Сугыла демейтін болармыз? Сонда Синхуа емес, Шинхуа бола ма? Синхуа дегеніміз, әсілінде, орысшадан келген болса керек деген болжамым бар. Сіздің миыңыз қай нұсқасын бірден қабылдайды? Ағылшын тіліндегі оқулықтарда Xuan деген есім кездескенде, автоматты түрде “Хуан” деп оқып кетемін. Испанша есім екені көзге ұрып тұр. Ереже бойынша “Ксуан” болуы тиіс. Түрік тілінде де кісі есімін өз латыншасымен жазу дәстүрі бар. Мұндағы айтпағым, латынша жазған кезде біздің атымыздың дыбысталуы өзгеріп кетпес пе екен деген ой ғана.
Мақаладан түйген тағы бір ой: қытай медиасының әлемге сөйлер жеке ағылшынша мінберінің болуы. Қазақстанда әзірге тек Astana Times Интернетте жақсы индексацияланып, көзге түседі. Соңғы кездері kazakh-tv де Google-да шығып қалады. Әйтпесе, Қазақстан туралы көбіне негізгі кеңсесі Әзірбайжанда орналасқан trend.az ағылшынша ақпарат жеткізуде белсенді.
МҰНЫҢ БӘРІ СІЗГЕ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
Қытай – біздің көршіміз. Ол туралы ақпарат болған және бола бермек. Бірақ Қытай ақпарат айналымын бақылауда ұстағандықтан, не себепті оның жетегіне еру немесе ермеу керектігін біліп отырған жөн. Соңғы жылдары Қытайдың “Belt and Road” (Бір белдеу – бір жол) жобасы экономикалық тұрғыдан батысты қатты алаңдатып отыр. Біз үшін де бұл инфроқұрылымның экономикалық маңызы бар. Сайрагүл оқиғасы Қытайда адам құқығы жұмсартып айтқанда “мәз” еместігін айдай әлемге паш етті. Қытай үкіметі енді негативті ақпарат дауылымен күресуді бастауы мүмкін. Әрине, дауыл басылған соң. Сондықтан биылғы жылдың соңына дейін Қытай туралы таңқаларлық деректер уотсабыңызда, әлеужеліңізде жиі ұшырасып жатса, таң қалмаңыз. Оның үстіне Қытай мен АҚШ арасындағы қаржы кикілжіңі туындап жатқандықтан, маңызы арта түспек. Тіпті блогерлерді Қытай туризмін насихаттауға шақырып жатса, түсіністікпен қараймын.
Асхат Еркімбайдың фейсбук парақшасынан
Парақшамызға жазылыңыз