//

Бақытбек Бурылалтай:  Киелі мекен, қара жұрт Иесін тапты!

1367 рет қаралды

Біз //Қазақ әдебиеті. 22-28 шілде, 2017 ж, //Ақиқат. Қыркүйек, 2017 ж, №9, 102-107 беттер және Міnber.kz порталында жарияланған «Бес Тәңірдің басынан шашылған «Шұғыла» атты мақаламызда  «Күншығысы Қиянған жоталарынан басталып, күнбатысы Қарпат (Карпат) тауларына ұласқан Ұлы Дала, ұлан байтақ әлемнің түп кіндігінде тұрған тау – Алтай.

Алтай Көкбөріананың сүтімен қоректеніп, Көкті Тәңірі тұтып, Жерді Ана деп таныған, төрінің тыныштығы үшін түнде ұйықтамай, күндіз тізе бүкпей жортқан Көк Түркінің түмен-түмен жұрт болған тұқым жұрағатының Тал бесігі. Тіні де, діңі де Алтай топырағынан жаралып, алтын, күміс аралас суынан нәр алған, алтай текті тілі бар түркі дүниесінің Қара Шаңырағы аталған қазақ баласын Алтайдан ажырата алмаймыз. Алайда, Алтай тауының Моңғолияға қараған солтүстік шығысын Қобда, Ресейге бағынышты орманды таулы терістік өлкесін Таулы Алтай, ал Қытай иелігіндегі нулы, сулы өңірі Өр Алтай, бізге, Қазақстан меншігіндегі аумағы Шығыс Қазақстан аталды. Осылай қыр арқасынан таспа тілгендей жарылып, бөлінген Алтайды орап әр кімнің жетегінде кеткен үш тарап қазақ ұлты өмір сүріп жатыр. Күні бүгінге дейін созылған отаршыл саясаттың сұрқиялығы сондай сол Алтайдың байырғы тұрғындары саяси ұстанымдар құрбаны болып, бір-біріне жат, бөркің қалай болса, елің солай өмір сүріп, бірін-бірі қас көріп, бір-бірінен білген қастығын аямаған кездер де болған. Байқасаңыз әсіресе сәбеттік жымысқы саясат отаршылдық мақсатты тежеудің орнына оның көрігін онан арман үдетіп, қазақ санасынан «Алтай» топоним-тотемін бір жолата аластауға барынша күш-жігерін жұмсаған. Оның мысалы, Алтай атты жер-су, әкімшілік атаулары бізден гөрі шет елдерде, Ресей, Моңғолия, Қытайда молынан сақталғандығынан көрінеді. Ал Қазақстанда  Шығыс Қазақстан облысында жалғыз ғана кент «Алтай» деп аталады. Алтай десең көз алдыңа мүлдем басқа әлем елестейді. Бұл не? Өзіңдікін өзіңе жат қылған отарлық басқыншылық қызыл саясаттың салдары салмағынан ботасынан жеріген іңгендей өзімізден өзіміз жеріп, салғырттыққа ұрындық па? Алтай аты шулы коммунизмнің қас жауындай көрініп, әсіресе қазақтың өзі Алтай десе ат тонын ала қашты.  Ел жұртттың Алтай атауын, Алтайын ұмытқаны, жадынан шығарғаны сондай әлде кім «Алтайданмын» десе «ГорноАлтайданбысың?!» деп сұрайтын халге жеткенді. Сөйтіп, қазақ балсы Өз Алтайын, меншік мекенін мүлдемге ұмытуға шақ қалған болатын.  Ал Алтайдың ата қоныс, ежелгі мекен, туған жер, атажұрт екенін тек көркем әдебиет, өнер арқылы ғана келешек ұрпақтың жадына шегелей алатын уақыт туған еді. Сол«қып қызыл қан тулы» кеңестік дәуірде классик жазушымыз Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» атты өлеңмен жазылған романында Алтай есімін бас кейіпкеріне айналдырды. Осы туындысындаАлтайды аузының суы құрып отырып, шалқыта жырлады. Болашақ санасына құйды, көркем суретеді, ұлына Алтай деп ат қойды. «Көкте бұлт, жерде жел боп гулеген, жер еркесі…» сыршыл ақын Мағжан  еркін ырғып шықан асқар Алтайын, қос қанатының біріне теңеп, «Әлпіге барғам Алтайдан» деп алшая көсілді. Арғы беттегі қазақтар «Тасы да алтын Алтайдың, су да алтын, ескен желі Алтайдың қоңыр салқын, Өр Алтай» деп сұңқылдай ән салса, Жамал Омарова апамыз «Алтай-алтай» деп шырқаумен «қартайыпты». Осының барлығының астарын аңдап бажайлап көрсеңіз, аңсарына зер салып үңіліп қарасаңыз Алтай деген текті, киелі тау екенін, ол қазақтың ежелгі мекені екенін келешек есінен еш ұмыттырмаудың қамы, амалы болғанына көз жеткіземіз. Сөйтсе де түп тұқиянымыздың түп тамыры, ата тегіміздің бастау көз қайнары, бойымызға зор рух, киелі қасиет дарытқан асыл  мекен Алтай топырағынан қазақ баласы  әлі де қол үзіп, айырыла қойған жоқ…» деп оқырманға ой сала отырып, күңірене, зарыға толғаған екеміз.

Міне, Тәңір тілеуімізді беріп Шығыс Қазақстан облысының бір ауданы және кенті «АЛТАЙ» деп аталғанын естіп қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр.

Ұлы Алтай Алашына оралды! Киелі мекен, қара жұрт Иесін тапты! Ұзағынан болсын!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар