///

Шерхан Мұртаза мәңгілік мекеніне аттанды

3470 рет қаралды

ЖЕРДЕН АҚИҚАТ ТАППАДЫ, АҚЫРЫ, ӨЗІ АҚИҚАТ БОП КӨККЕ ҰШТЫ

Шерхан ағамен алғаш 1992 жылы Алматыда жүздестім. Қаңтар айының ортасы болатын. “Егеменді Қазақстан” газетінің редакциясында, өз кабинетінде қабылдады. Ол кезде мен Моңғол үкіметі жанындағы Монцамэ агенттігінің арнаулы тілшісімін. Қазақстанға алғаш рет арнайы іссапармен келгенім. Бір сағаттан астам уақыт ұзақ әңгімелестік. Әңгімесі тартымды, әсерлі әрі шынайы. Редакцияда ешқандай бюрократтық жоғы бірден аңғарылып тұрды. Орынбасасарлары емен-еркін кіріп-шығып, әлдебір қағазға қол қойдырып алады, әңгіме арасында оларға тапсырмаларын да беріп тастайды. Біраз уақыттан кейін Шерағаң маған сұрақ қойды:
– Моңғолдар Ұланбатырдың атауын өзгертпек болды деп естідім. Ақыры, қалай шешілетін болды?
– Иә, аға! Парламентте Ұланхүү деген жас демократ сондай мәселе көтерді.
– Ұланбатырдың несі ұнамай қалыпты, ол жігітке?
– Оның айтқан уәжі былай болды: “Ұланбатыр (қызыл батыр) атауын Коминтерннің өкілі қызыл большевик Тұрар Рысқұлов қойған. Енді, бұл атау – саяси қате. Басқаша аталуы керек”. Сонда, бір қарт депутат: “Алдымен, жас демократ сіздің мәселеңізді шешіп алайық. Сенің де әкең қызыл большевик болғанға ұқсайды. Себебі, атыңды Ұланхүү (қызылбала) деп қойған екен. Сен өз есіміңді Хөххүү (көкбала) немесе Цағанхүү (ақбала) деп өзгертіп кел. Мәселені содан кейін қарастыруға болады” – дегенде парламент мүшелері қыран-топан күлкіге қарқ болды да ұсыныс күнтәртібінен алынып тасталды – дедім.
Шерағаң рақаттана күлді де Әлгі есімдерді қайталап сұрап, қағазға түртіп алды.
Ертеңінде “Егеменді Қазақстанның” “Дүбірге толы дүние” айдарында “Ұланбатыр атауы өзгерген жоқ” деген тақырыппен шағын мәтін жарияланған еді.
Жалпы, Шерхан Мұртаза – жағымпаздықтан аулақ, турашыл санаулы жазушылардың бірегейі еді. Ақиқатты іздеді, оны жер бетінен таппады. Енді, мәңгілік өмірге өзі ақиқат болып аттанды. Өмір заңы солай.

Қуандық Шамахайұлы, журналист

Шерхан – шер

Жыла Қазақ,
Етегіңді толтырып,
Сөйлемейді енді қайта ол тұрып.
Тірісінде қадіріне жете алмай,
Өкінеміз алғаннан соң өлтіріп.

Жыла Қазақ,
Көздің жасын көлдетіп,
Өзегіңді өкінішке шөлдетіп.
Дүниенің жалғандығын дәлелдеп,
Арамыздан бара жатыр, ол кетіп.

Жоқта Қазақ,
Жоқтауыңды тоқтатпа,
Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа.
Мына “Бір кем дүниені” тәрк етіп,
Шерхан кетті, түсіп бақи – соқпаққа.

Шерхан кетті,
Шерағаммен шер кетті,
Қайғысымен күңірентіп жер,көкті.
Ары менен абыройын қазық қып,
Қаламымен қалың жұртын тербетті.

Мінез кетті,
Мінез кетіп, мін қалды,
Айтылмаған ақиқат пен сын қалды.
Күңіреніп күрең күзгі күн қалды,
Жұлдыз сөніп,ай тұтылған түн қалды.

Бүгінгі күн,
“Қызыл жебе” сынған күн,
Өкініштің көз жасына тұнған күн.
“Ай мен Айша” басу айтып Қазаққа,
Шерхан ағам екінші рет – туған күн!

Әлібек Шегебай, ақын.

ШЕР-ХАН

Көзін сұмдық шел басқандар бар,
Көкірегін шындық шер басқандар бар,
Ұлт үстінен ұпайын түгендеп,
Ұялмай-қызармай жер басқандар бар!
Бір кем дүние!..

Құлқын деп жеңін түретіндер бар,
Ұлтым деп өмір сүретіндер бар,
Үріп кеп ішіп, шайқап кеп төгіп,
Үйіне қарсы үретіндер бар!
Бір кем дүние!..

Ердің арқаға бататыны бар,
Сарттың сырттан сататыны бар,
Батыр сонда да моласымен-ақ,
Жаудан Жер қорғап жататыны бар!
Бір кем дүние!..

Мирас Асан, ақын

Шерағаң айтқан екен: Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!…

  • *Жерді сату – Анаңды сатумен тең!
    *Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу.
    *Орындалған арман – бақыт, Орындалмаған арман – күйік. 

    *Баласыз адам — бақытсыз адам. 
    *Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел. 
    *Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия. 
    *«Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар. 
    *Мәдениеттің мәйегі – кітап
    *** Ауыл кетсе, ұлттың ұйтқысы кетеді.
    *Пейілі жаманды құдай табады.
    *Шын жазушының көзі көкірегінде болады.
    *Шындық – ащы һәм ажарсыз.
    * Рухани азып-тозу – өліммен тең.
    *Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы!
    *Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес. «Өзің өлме – өзгені де өлтірме» деген сөз. Зорлықпен тұншықтырылған қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да ұлтшылдық па? Жоқ, әлде әлдекімдердің көңіліне қарап өле беру керек пе?
    *Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады. 
    Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз. 
    Бай баласы байға ұқсайды,
    Байланбаған тайға ұқсайды, – деген осы. 
    Жалқаумыз.
    *Сақтасаң, қазаққа жау болған қазақтан сақта!
    *Шикі долбар шикі ойдан туады.
    *Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл.
    *Театр көбейсе, түрме азаяды.
    *Күнәнің ең үлкені – жас баланы алдау.
    * Тура келген ажалға амал жоқ. Ал тежей тұруға болатын сәтте қолұшын бермеу нағыз тасқұдайлық.
    Алтын бар жерде әзәзіл бар.
    *Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан артық ауыр нәрсе жоқ.
    *Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті.
    *Жаңаның тамыры – көне.
    *Жер-ананың өкпе-бауыры – орман. Шыбық шаншы, тал тік!
    *Өтірік мақтау – асқа у қосып берумен бірдей.
    *Жау жаманы – жарамсақ.
    *Онсыз да кірленген дүниені кір басқан дүрбімен қарауға болмайды.
    *Рух пен намыс – егіз.
    *Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар