///

Қазақстан сөз бостандығы рейтингінде 158-орында…

1270 рет қаралды

Жақында «Reporters Without Borders» халықаралық ұйымы сөз бостандығы рейтингін жариялады. Онда Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Рейтингте Ресей 148, Өзбекстан 165,  Беларусь 155, Тәжікстан 149-орында, Қырғызстан 98-орында тұр. Бірер күн бұрын «Хабар» арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз бостандығы рейтингінде Қазақстанның неліктен төменгі орында тұрғанын түсіндірді. «Мен елдегі сөз бостандығы мәселесі бойынша қандай да бір иллюзияға бой алдырып немесе өз-өзімді алдағым келмейді. Бізде немен жұмыс істеу керек, нені түзеу керек дегенге қатысты ұстаным, бағыт бар. Бұл қалыпты, эволюциялық процесс. Қазақстан демократияны қалыптастырып жатқан мемлекет. Мен сөз бостандығы рейтингін объективті емес деп санаймын және оның методикасында біраз қателіктер кеткен» деді Абаев. Бұл ретте министр 2000 жылдан бері 140-қа жуық журналисін өлтірген Мексика мен БАҚ архивтерін жойып жіберген Ботсвана елдерін мысалға келтіреді. Осы орайда журналист, сарапшыларға хабарласып, пікірлерін білген едік. 158-орын тым төмен емес пе? Әлде біздің қоғамға берілген әділетті бағалау ма? Осы мәселеге орай пікір айтқан Дәурен Абаевтың көзқарасымен келісесіз бе? Жалпы, елде қазір сөз бостандығы бір қарағанда бар сияқты көрінеді. Өйткені әлеуметтік желіге тосқауыл жоқ. Сіздіңше қалай? Сөз бостандығы тұрғысынан Еуропа елдерінен, АҚШ-тан нені үйренуіміз керек? Егер Қазақстанда сөз бостандығы күшейетін болса қоғам қалай дамуы мүмкін?

Жолдас Өрісбаев, Informburo.kz сайтының репортері:

ҚР Конституциясындағы Медиа туралы заңға енгізілген өзгертулерге сүйене отырып, Қазақстанның рейтингтегі орнын төмендеткен. Мысалы, азаматтық қоғамның белсендісі белгілі бір шенеунікті немесе құзырлы орган қызметкерін өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сынға алса, белсендінің пікірі көбіне дәлелсіз деп табылып, жала жапқаны немесе әртүрлі конфликтіні ушықтырғаны үшін айыпталып, сотталады. Бір сөзбен айтқанда нақты дәлелсіз айтылған әрбір сөзге жауап беру жүйесі құрылды. Бұл бір жағынан объективті көрінуі мүмкін. Бірақ кейбір өзгертулер шынымен сөз бостандығын шектейді. Нақтыласақ, белгілі бір тұлға жайлы ақпарат жариялаудан бұрын оның келісімін алу журналистерге міндеттеліп отыр. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар болуы мүмкін шенеунік туралы журналистикалық зерттеу жасау барысында оның табатын табысы мен жеке шығындарын салыстыратын болсаңыз, анализді жарияламас бұрын, шенеуніктің өзінен сұрауыңыз керек. Оның мұны жоққа шығарып, жариялануына түбегейлі қарсы болатыны анық. Заңдағы өзгертуге сенсек, бұл мәлімет азаматтың отбасына қатысты жеке ақпарат болып саналады. Бұл шенеуніктерді қарапайым халықтан алыстатады. Бір сөзбен айтқанда, шенеуніктер өздерін қорғайтын «қалқан» дайындаудың тағы бір кезеңін сәтті аяқтады. Мысалы, Қырғызстанда тіпті президент пен оның туысқандарының атында қандай мүлік бар екені ашық жарияланып отыр. Ал Грузияда шенеуніктер мен олардың туыстарына тиесілі мүліктердің онлайн базасы құрылған. Қазақстанда, ең болмағанда осылай шенеуніктердің пара алуын шектеуге болар еді. Журналистің міндеті – қарапайым халық білуі тиіс кез келген ақпаратты жариялау. Ал оған үкімет тарапынан ешқандай шектеуі қойылмауы тиіс. Өкінішке орай, Қазақстанда көп жағдайда журналистер өзіне қажет, халық білуі тиіс мәліметтерге қол жеткізе алмайды. Мемлекеттік мекемелердегі мамандар үкіметке емес, халыққа қызмет етіп жатқанын кейде ұмытып кетеді. Олардан ресми ақпарат алудың өзі бірнеше айға созылады. Берілген жауапта мекеме жұмыстарының тек позитивті жақтары ескеріледі. Ол көбіне бұрмаланып, кейде сұралған ақпарат шектелгені жеткізіледі. Менің ойымша, мұның бәрі рейтингті жасайтын халықаралық ұйым ескеріп отыр. Мемлекеттік мекемелер жергілікті медиа ресурстармен коммуникациялық каналдарын жақсарту бағытында жұмыс істеулері тиіс. Орта Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, әрине, бізде сөз бостандығы көбірек. Кім не айтса да, өзі біледі. Бірақ белгілі бір шеңбер төңірегінде. Мысалы, соңғы бір жылда сол әлеуметтік желілерде сыни пікір білдірудің өзі қиындай түсті. Дәлелдеуге нақтылық жоқ, бірақ айқын сын жазсаңыз, екі жылға дейін сотталуыңыз қаралған. Сосын Facebook пен Youtube желілерінің күнделікті түрде 2-3 сағатқа баяу істеуі немесе мүлде ашпай қоюы да сөз бостандығын шектейді. Тек Түрікменстан мен Қазақстаннан өзге елдерде әлеуметтік желілерге мұндай шектеулер жоқ. Халықтың медиа сауаттылығын арттыру керек. Дамыған елдердің азаматтары елдегі саяси өзгерістер мен әлеуметтік мәселелерді үзбей қарап, өзінше талдап отырады. Елдің қай бағытта даму қажет екендігіне, оның прогресіне де белгілі бір деңгейде өз мүдделерін қосып отырады. Батыс Еуропа елдерінде азаматтық қоғам әлдеқайда дамыған. Мысалы, Швейцарияда үкімет қызметкерлері белгілі бір аймақта қандай да бір стадион немесе демалыс орнын салуды ойластырса, алдымен сол аймақта тұратын халықтың келісімін алуы тиіс. Ауызша бір жиында келісе салу жарамайды. Азаматтардың барлығы жазбаша түрде келісімін берсе ғана құрылыс жоспарын жасау басталады. Бір жағынан стадион балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, денсаулығын нығайтуға септігін тигізуі мүмкін. Ал бір жағынан стадионнан шыққан шу кейбір азаматтарға ұнамауы мүмкін. Сондықтан мұндай қоғамдық мәселелерді талқылауға әрбір азамат қатысуы жүйеленген. Ал бізде биліктегі шенеуніктердің шешімі бірінші шығып, сосын халық ол туралы есітеді. Мысалы, Көкжайлау мәселесі дәл осындай көрініс тауып отыр. Халық не десе де, ол аймақта құрылыс жұмыстары жасалатыны анық. Бұған бір жағынан халықтың азаматтық белсендігінің төмендігі де әсер етіп отыр. Себебі біздің қоғамда «Маған қатысы жоқ қой. Не істеймін араласып» дейтіндер де көп. Антиутопиялық көзқараспен қарасақ, қоғам үнемі үдемелі түрде дамып отырады. Демек 100 пайыздық сөз бостандығы ешбір елде жоқ. Сондықтан да даму, алға ұмтылу басты приоритет болып қала бермек. Ал қоғамның қалай дамуы журналистік этика мен жаңа ұрпақты тәрбиелеуге байланысты. Егер өзіне сенімсіз, үкіметті сынауға бата алмайтын азаматтық қоғам құруға жетсек, тоталитарлық тәртіпті орнықтырдық деп есептей берейік. Ал егер өзінің рационалды ойын еркін жеткізе алатын еркін азаматтар қоғамын құра алсақ, рейтингтегі орынды талдамас та едік. Десе де, еркіндіктің де шектеуі бар. Ол тым либералдық көзқарастың дамуына бағытталмауы тиіс. Ол демократияның өте «нәзік» мәселелеріне жатады. Ал бізге оны талдауға әлі ерте.

Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі:

158 орын – әділетті бағалау. Шындыққа тіке қарайтын болсақ бізде журналистика жоғалып кетті деп айтуға болады. 2008-2009 жылдарға дейін журналистикада серпіліс бар еді. Сыни материалдар, сараптамалар жиі берілетін. Қазір ақпарат құралдарының 90 пайызы мемлекеттен тапсырыс алады. Сол себепті, мемлекет контентке араласады. Мен өзім де газетте істеп көрдім. Талай рет түннің бір уағына дейін құзырлы органнан жауап күтіп отырған кезім болған. Сондай бақылау дәрежесіне жеткен кезде журналистика құлайды. Оқырманның ақпарат құралдарына деген сенімі де азайып кетті. Мен сабақ беретін 1 курс студенттерінің өзінде «мына тақырыпты жазсам жарияланар ма екен?» деген күдік тұрады. Әлі бастан осындай қорқынышқа байланған. Сондықтан аталған халықаралық ұйым біздің елдегі осындай факторларды есепке алып отырған секілді. Әрине, біздің шенеуніктерге мұндай рейтинг жақпайды. Сондықтан олар мұны «қате есептелген» деп айтады. Бәлкім, бағалау барысында расымен қателік кеткен де болар. Дегенмен ащы болса да мұның шындық екенін жасыруға болмайды. Қазір ақпарат құралдары емес, әлеуметтік желі қоғамдық пікірді тудырып отыр. Бұл рас. Жер мәселесі, басқа да түйткілді жағдайларда қоғам оянды. Бірақ медианың мықтылығынан емес, әлеуметтік желі әсерімен. Бұл тұрғыдан сөз бостандығы желіде бар деп айта аламыз. Алайда соңғы уақытта әлеуметтік желіге қатысты заң да шығарылды. Тіпті бірді-екілі адам айыпталды. Десе де әлеуметтік желіні жауып, тыйым салып тастаған Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің алдында тұрмыз. Ақыры дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздеген екенбіз, ендеше сөз бостандығы бар 30 елдің де қатарына енуіміз керек.  Еуропада журналистерді жұмсағырақ жазалайды. Біз өзіміз төрағалық еткен ЕҚЫҰ 2009 жылдан бері Қазақстанға қылмыстық диффамацияны әкімшілік диффамацияға айналдыру туралы талап қойған. Кейін мен Германия елшісімен сөйлесіп, осы мәселені сұрағанымда ол: «біз қылмыстық диффамацияны ізгілендіру туралы тапсырма берген едік, олар сол талапты орындаған жоқ» деген. Қазір бізде жалған ақпарат таратушыларды да қылмыстық жауапкершілікке тартатын болып жатыр. Сондықтан журналистерге қатысты жазалау шараларын ізгілендіру қажет. Демократияның ең бірінші көрінісі – ол сөз бостандығы. Бұл нәрсе бізде дамитын болса журналистер шын мәнісіндегі төртінші билікке айналар еді. Сөз бостандығы дамыса шенеуніктер жемқорлықты азайтады. Қазірдің өзінде әлеуметтік желіде батылырақ пікір, жазба жарияланса шенеуніктер аяғын тартатын болды. Сөйтіп, кішкене болсын қоғамдық тәртіпті сақтауға үлестерін қосып жатыр. Сөз бостандығы елдегі саяси-әлеуметтік ахуалды, экономикалық жағдайдың да түзелуіне біршама ықпал етеді.

The Qazaq Times

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар