//

Бүгін – ерте, ертең -кеш

1529 рет қаралды
1

Қазақстандағы этносаралық кикілжіңдерге Үкімет мән беруі керек

Қарағандыдағы қайғылы оқиға мен Юрий Юриннің төңірегіндегі дау-дамай туралы пікір сұраған кісілерге жауап бермей жүр едім. Себебі, этносаралық конфликт саласын зерттеген адам ретінде білетінім – әсіресе белгілі бір нақты жағдаяттан тұтанған конфликт кезінде оқиғаның жай-жапсары жайлы көрмей-білмей пікір айтсаң, онсыз да өршіп тұрған отқа май құя түсесің, жағдайды шиеленістіріп, көлемі тұрмыстық оқиғадан (төбелестен, қитұрқы ақпараттан, т.с.с.) үлкен әлеуметтік-саяси мәселеге дейін тез ушығатын даурықпаның бір тарабына айналып, сен де оның ушығуына үлес қосқан болып шығасың. Әсіресе ұлттық құндылықтар, оның тарихы, оның басқалармен салыстырғандағы әлеуметтік ахуалы сөз болып жатқан конфликт кезінде фактілер, салқынқанды ойлау емес, стереотиптер, ескі өкпе-наз, өз ҮКІМЕТІНЕ деген наразылықтан туған ашу-ыза алдыңғы орынға шығады. Оның үстіне, егер үкімет өкілдерінің конфликтіні өркениетті жолмен, екінші қайталанбастай етіп, бітіммен шешуге ұмтылысы байқалса, білгеніңді айтып қалуға болар еді. Үкімет, әсіресе жергілікті жердегі әкімшіліктер, өкінішке қарай, бәрін жылы жаба салу, ақпаратты жасыру, өз басын арашалап қалу, ашулы халықты қорқыту сияқты советтік әдістерді ғана қолай көреді. Сондықтан, мұнда “конфликтіні шешудің, реттеудің мынадай әдістері бар” десең, көсемсігендей, біреудің қиындығынан ұпай жинағандай көрінесің. Сондықтан жалпы бір айдың көлемінде болған ұлтаралық мәселеден туындаған екі оқиғаға қарапайым тұрғын ретінде ашық ақпарат көздерінен бақылау жасай келе мынадай төрт тұжырым жасадым.

1. Қазақ ұлтшылдығы – Ресей отаршылығына, Совет одағының езгісіне қарсы наразылық, постколониализмнің белгісі ғана емес, өз үкіметіне, өз елінде бәсекелі, әділ, заң үстемдігі орнаған, әлеуметтік теңдікке негізделген қоғам құра алмаған мемлекеттің саясатына деген наразылықтың жемісі. Қарағандыдағы жастардың полиция өкілімен сұхбатын шолып шықсаңыз, онда жиналған жұрттың “Неге армяндар келіп бизнес ашады, неге біз ашпаймыз?”, “Келімсектер өз елдеріне кетсін” деген сияқты ұрандарынан өзге ұлт өкілдеріне деген тіс қайраудан гөрі лайықты әлеуметтік орта қалыптастыра алмаған әкімшілікке көрсеткен сесті байқадым. Қазіргі жалынды жастардың көбі – жоқшылық, заңсыздық жайлаған 90-жылдардағы өліара кезеңнің ұрпақтары. Өкінішке қарай, олар әлеуметтік әділетсіздік қана емес, рухани жұтаңдықтан, құндылықтардың болмауынан, идеологиялық вакуумнан, жасанды советтік декорацияны әрі қарай “әшекейлеген” ұлттар “достығынан” зардап шеккендер.

2. Қазақ ұлтшылдығы өте қауіпті шегіне қарай өршіп барады. Әлеуметтік желі толған “хейт спич”: “келімсектер елден кетсін” деген ұрандар. Бұл, әрине, 130 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатырмыз деген идеологияның нәтиже бермегенін айғақтайды. Мұндай ұстанымды тез арада өзгерту мүмкін емес. Бұл – конфликтінің құрылымдық тұрғыда алдын алу деген ұзақ процесс. Тамыры тереңге кеткен ұлтаралық стереотиптерді біз ғана емес, Англия мен Ирландия сияқты дамыған елдер де шеше алмай отыр. Солтүстік Ирландияда әлі күнге дейін ортасы дуалмен қоршаған, бір-бірімен араласпайтын ағылшын және ирланд кварталдары бар. Бірақ, бізден бір айырмашылығы – олар (олар ғана емес, қанды конфликтіні бастан кешкендердің барлығы) бір жақ толық жеңіп, екі жақ толық жеңілетін “жеңіс-жеңіліс” схемасының болмайтынын түсінген. Яғни, “бір ұлттың құқығы біткен жерде екіншінің құқығы басталады”, бейбіт, қатар өмір сүруді үйренбесе, ешкімге де жақсылық болмайды дегенді түсінгендер. “Жер біздікі, біздің айтқанымыз дұрыс” деп ұрандатып жүргендер ұзақ соғыстан соң я жерінен айырылып тынады, я консоционализм тәртібімен билікті пропорционал түрде бөліп алуға мәжбүр болады. Қарапайым тілмен айтсақ, президент – қазақ, премьер-министр – орыс, орынбасары – ұйғыр, парламент төрағасы – украин, депутаттардың 68 пайызы – қазақ деген ереже енгізіледі.

3. Үкімет ақпараттық саясатты конфликтінің жедел алдын алу бағытына қарай бұрмаса, бірде болмаса бірде мұның соңы үлкен қантөгіске ұласуы мүмкін. Ол үшін объективті, жедел, ашық, сендірерлік ақпарат мемлекеттік идеологияның басты арналары арқылы халықтың көкейіне қонатын формада беріліп отыруы керек. Яғни, халық әлеуметтік желілердегі отқа май құятын жалған ақпаратпен сусындап отырғанда “Қазақстан”, “Хабар” телеарналары оқиға орнынан ТІКЕЛЕЙ РЕПОРТАЖ жүргізіп, тиісті адамдармен сөйлесіп, не жағдай болып жатқанын халыққа түсіндіріп отыруы керек. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімсіздігі бәсеңдейді, халық пен үкімет арасындағы сенімді диалог арнасы қалыптасады. Жағдай ушығып жатқан алғашқы тәуліктерде нақты ақпарат пен өзара сенімді диалогтың (конфликтіге қатысушы тараптардың арасында және билік пен тараптардың арасында) жоқтығы – өте қауіпті.

4. Ұлтшылдықтың бұл потенциалын сырттағы арандатушы күштер пайдалануы мүмкін. Солтүстік Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандырудың қорқынышты сценарийлері көп айтылып жүр. Ондай арандату бола қалса, бұған азаматтық қоғам да, тұрғындар да, ең бастысы – үкімет те дайын емес.

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Өте мағызды, меніңше, дұрыс талдау жасап, нақты сүбеллі ой айтқан мақала болыпты. Әттең осыны ескеретін үкімет болмай тұр ғой.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар