Армысыздар, қадірлі достар! Сіздермен желі арқылы шүйіркелесе алмағаныма айжарым уақыт өтіп кетті. Өйткені, ширек ғасыр бойы толғанған ойларымның оқырманмен сөз түрінде қауышар сәті де таяп қалғандай. Соның алғашқы кітабын осы мерзім ішінде жазып болып та қалдым. Адам-Сөз, Күн-Сөз, Құдай-Сөз туралы. Ал, Сөздің – жақсыларға еркелете, өрге шығаратын да, жамандарға желкелете, көрге түсіретін де құдыреті барын түсінетін қазақтың бірі – Мейірхан Ақдәулетұлы ағам. Екі жас үлкендігі бар. Әдебиетте де ерте танылды. Мықты журналист. Ірі ойлайтын ақын. Жеңгеміз Айжарықтың (өзім еркелеп, солай деп атаймын) қолынан сан рет дәм татқам. Рас, көп жыл болды, Мер ағамды өлең әлемінен жоғалттым. Әлде өлеңді жазбай кетті ме, әлде өлеңдерін жариялауға құлықсыз ба, о жағын білмеймін. Мүмкін өзім байқамай жүрген шығармын? Қолымдағы шығармасы – 1996 жылы жарық көрген «Дәруішнама» кітабы. «Семейдегі дана дәруішке» деген әзілді қолтаңбасы бар. «Тыныш деген ұлы Дәруішке – ең ақымақ дәруіштен» деп, тағы да әзілдеп қолтаңба қалдырған «Жел өтіндегі тағдыр» кітабын өзі маған ана жылы арнайы сыйлады. Эсселер, мақалалар, сұхбаттар жинағы. Сұхбаттар демекші, Мер ағамның кейбір сұхбаттарын мен кейде осы желіден оқып қалам. Соның бірі – осыдан шамасы ай бұрынғысы. «Мен қалай министрдің қабылдауында болдым?» деген Ойдың санамда жылт ете қалуына Мер ағамның сол сұхбаты себепші болды. Сонда о кісі мен туралы былай дейді: «…Біздің үлкендер біреулерге бата беріп жүреді, онысы ақыр айналғанда өз аулының, өз руының адамдары болып шығады. Кейінгі жастар келе жатыр, солардың деңгейімен неге есептеспейміз? Кеше мемлекеттік сыйлық деді. Мен ешкімге қарсы емеспін. Біреулер Тыныштықбекке береміз деп жазды, мен де тілектеспін. Бәрібір кімнің айтқаны болды – үкіметтің айтқаны болды. Әдебиетшілердің өздері оны араластырады. «Адасқақта» Ақан Біржанға ұрсады ғой, «сені жұмсады, сен жұмсалдың» деп. Мұхамедиұлы дегенді жақсы да көрмеймін, жек те көрмеймін, бір қарасам Тыныштықбекті қабылдап отыр. Бізде солай ғой, жақсы нәрсені өткізу үшін біреудің алдына барып басын июі керек».
Қайран Сөз!.. Ардақты Мер ағамнан ондайды күтпеп едім. Шынында да, мен қалайша министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында болдым? Соны қысқа да нұсқа түрде, қаз қалпында айтып берейін. Мемлекеттік сыйлықтың берілер уағынан бір айдай бұрын, елден жырақтағы мықты ақын бауырым Сұраған Рахметұлының Алматыдағы «Дара жолы»-на қатысып, қайтып келе жатқам. Семей мен Өскемен арасы. ҚР Жазушылар Одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет хабарласты. Сондағы ұққаным – жағдай былай болған. Ұлықбек әдебиет мәселелеріне арналған шетелдік сапары алдында Мәдениет министрімен ақылдаспаққа оның қабылдауында болады. Со жолы министр Ұлықбектен менің шығармашылығыма деген көзқарасын сұрапты. Бар-жоғы сол.
Ертеңінде министрдің кеңесшісі ақын Бауыржан Қарағызұлы хабарласып, мені со кісінің қабылдайтынын айтты. Бардым. Арыстанбек Мұхамедиұлы құрметпен қарсы алды. Қарапайымдылығына қайран қалдым. Төрге шығарды, суретке түстік. Әңгімелестік. Онымен де қоймай, министр мені астанадағы Бас архив мекемесінде өтетін республикалық конференцияға шақырды. Онымен де қоймай, озық техникамен толықтай жарақталған сондағы зертхананың тұсаукесерлік лентасын Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев ағамызбен екеумізге қидыртты. Күні бүгінгіге дейін билік адамдарының бірде-біреуінің алдына барып көрмеген, олардан бір ауыз жылы сөз естімеген мен үшін ол өте тосын жәйт болды. Жасырмаймын, қатты толқыдым. Жарқылдай сөйлесіп, жақсы қоштастық. Семейге келсем, Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі өз парақшасына сол кездесудің жайын жариялап та үлгеріпті. Бір күннен соң, желі бойынша, мен де о кісіге өз ризалығымды білдіріп, рахметімді айттым. «Министрдің қабылдауы» деген әңгіменің бас-аяғы осы ғана. Жә, сонда, қадірлі Мейірхан ағамның аталмыш өз сұхбатында Мемлекеттік сыйлық туралы: «Қазір бәрі әдебиетті не болса соны құранды, сұранды қылып шығарады. Мемлекеттік сыйлық алып жатады, оны ешкімнен қызғанып жатқаным жоқ, оның аты – есебін тауып бір рет алатын значок» дегені несі, «Үкіметтің айтқаны болды, Мұхамедиұлы дегенді жақсы да көрмеймін, жек те көрмеймін, бір қарасам Тыныштықбекті қабылдап отыр. Бізде солай ғой, жақсы нәрсені өткізу үшін біреудің алдына барып басын июі керек» дегені не сөз?! Адамда логика деген болмаушы ма еді?! Сыйлық алу үшін қабылдауына сұранып, жалынып-жалпая кіріптар болып барғанды оп-оңай қабылдай салатын, онымен қоймай, ондай жағымпазға кабинетінің төрінен орын беріп, өзі онымен бірге суретке түсіп, оған бас қаладағы салтанатты бір шараның лентасын батыр адаммен бірге қиғызатын қай ақымақ министрді көріп еді қазақ?! Министр творчество адамдарын ерекше ардақтайтынын көрсетті. Екіншіден, Мемлекеттік сыйлықтың былтырғы бәсекесіне түскен менің осы желідегі сол былтырғы өлеңдерімнің ішінде де билікке жағыну сипатындағыларының мүлде жоқ екені былай тұрсын, керісінше, сол билікке оқтай болып тиетіндерінің аз болмағанын сіздер жақсы білесіздер, достар. Сенбейтіндер парақшамызды тексеріп көрсін. Сол өлеңдерімнің бәрі әлі күнге дейін сонда тұр. Оның үстіне, сол сыйлыққа ұсынған еңбегімнің өзі де бір усойқы кітап болатын. Оны Мер ағам жақсы біледі ғой.
Қош. Бүгінгі күні министр Арыстанбек Мұхамедиұлы да дін аман, өз орнында, өз қызметін ел алдында абыроймен атқарып жүр. Ақын Ұлықбек Есдәулет те, талантты Бауыржан Қарағызұлы да аман-есен. Аталған үш азамат осы желіде де өте белсенді. Айтып отырғанымның ішінде бір өтірік сөзім болса бетіме басар. Сіздер барсыздар, ардақты достар. Менің мәртебелі сыйлыққа қол жеткізуіме ел ішіндегі қалың оқырман қауым мен өздеріңіздің қосқан үлестеріңіз алабөтен. Қолдауларыңыз сұрапыл болды. Алғысымды айтқам, айта да беремін. Сондықтан, ешкімнің алдында ақталып жататындай жөнім жоқ. Алайда, алыстан ардақтап жүрген асыл ағамның ақ-қараны айырмай жатып, аңдамай сөйлегені жанға батады. Ол не, бақталастық па, бақастық па? Жоқ, Мер ағам ондай сормаңдайлықпен айналысатын бейқош емес. Онда не ол?! Ол, бар болғаны, – өз ішінде бір сәтке бас көтере қалған өзінше бір пенделік секемі, қоғамға деген азаматтық ашынысы, әдебиетіміздің болашағына деген қайраткерлік алаңдаушылығы.
Иә, «жаңылмайтын – жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Сол себепті де, Мейірхан ағамның ол қылығына қапаланбаймын. Менікі, жәй, – өз ағама деген бір өкпе-наз ғана. Қолым босай қалған бүгінгі күні соны ішімнен шығарып тастағым келді.
Әмәнда аман болыңыздар, достар! Бәріміз аман болайық!
Дерек көзі: Тыныштықбек Әбдікәкімұлының ФБ парақшасынан
Парақшамызға жазылыңыз