Шетелдегі қазақ ақын жазушыларының өткен жылғы шығармашылығы туралы баяндама жасауды міндетімізге алғаннан соң, қазақ тілінде әдебиет бар-ау деген елдерге телефон шалып, xат жазып, xабар алысып, баяндамамызға дәйек іздедік.
Хатымызға жылдам жауап қайырған Өзбек елі болды. Түстіктегі ағайындар ондағы қазақ қаламгерлері үшін “Өткен жыл табысты болды” деп отыр. Оған себеп: 2018- жылы біздің Елде “Өзбекстан жылы” болыпты. Сонымен бірге Өзбекстан президенті өз елінде Абай Құнанбайұлын оқу-насиxаттау туралы қаулы шығарған екен.
Онда Абай шығармаларын зерттеу-насихаттауға тән іс-шаралар ұйымдастырумен бірге өзбек-қазақ әдеби байланыстары туралы әдеби талдау-зерттеу мақалаларын кітап етіп шығару қарастырылған. Және ол кітап шыққан екен.
Өзбекстан жазушылар одағының қазақ әдебиеті секциясын басқаратын ондағы қазақ әдебиетің білгірі – аудармашы Исламқұлов Мехмон мырза жіберген 2 мақалада өткен жылғы қазақ-өзбек әдеби байланысындағы аударманың күй-жайы және қазақ авторларының шығармашылығы туралы жыл қортындысы жасалыпты. Өзбекстанда қазақ тілінде шығатын “Нұрлы жол” газетінің тілшілері Тұрсынәлі Ахметов пен Құттыбай Башаров жазған мақалада Өзбекстандағы біз іздеген дәйектер толық қамтылды деген оймен осы шағын еңбектерге назар аудардық.
Екі автордың мақаласында да Қазақстандағы өзбек жылы мен президент Мирзоевтың Абайды насихаттау туралы қаулысы, сонымен бірге ғалым аудармашы он автордың еңбектері топтастырылған қазақ-өзбек әдеби байланыстары туралы кітап ауыз толтыра айтылады. Бұдан бөлек Мирпулат Мироның ұйымдастыруымен елу қазақ ағынының өлеңдері өзбек тіліне аударылып, “Сайра, домбырам!” деген атпен; Насыр Фазыловтың ұйымдастыруымен бір топ қазақ жазушыларының шығармалары “Тірлік құшағы” деген атпен жарық көрген. Абай Құнанбайдың өлеңдері мен қара сөздері де өзбек тілінде бөлек-бөлек кітап боп шыққан. “Өзбек – өз ағам” деген мақал-мәтелдер жинағы мен “Алдар көсе” деген балалар кітапшасы да өзбек тіліндегі қазақ кітаптары ретінде жарық көрген. Ол жақтағы ағайындар осының бәрін де Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің жетістіктеріне жатқызады.
Жоғарыдағы екі мақаланың авторы да Өзбекстандағы қазақ жазушысы ретінде алдымен Қалдыбек Сайдановты атайды. 2018-ші жылы оның “Біз жырлаймыз” және “Өмір өрнектері” атты жыр жинақтары жарық көріпті. Қошқарбай Байжігітов деген ақынның да “Сүреннің бауырынан ескен леп” деп аталатын алғашқы жинағы шығыпты.
Прозада Абдулла Рүстемовтың өзбек тілінде шыққан “Даналық әлемі”, Қалдыбек Сайдановтың “Туысқандар” деп аталатын кітаптары шыққан екен. Сөйтіп, Өзбекстанда тұрып жатқан екі миллионға жуық қазақтың өткен жылғы әдеби шығармашылығы осындайлық күйде деген тұжырымға келдік. Бұл дегеніңіз түстіктегі ағайындардың әдеби шығармашылығын олардан саны жиырма есе аз Баян-Өлгей моңғол еліндегі қазақтар мен салыстыра қарайтын деңгейде екенін аңғартады.
Алтайдың ар жағындағы ( “Алтайдың ар жағындағы” дегенде біз Моңғолия қазақтарын айтып отырмыз). Жүз мыңға жуық қазақтың әдеби шығармашылығы туралы елге ерте келген арқалы ақындар Бақытбек Бәмішпен және Жүкел Қамаймен хабарласып Баян-Өлгей жақтағы ақын-жазушылардың жөн-жайын сұраймыз ғой. Сұрағымызға жауап дайын. ХIХ-шы ғасырда кітаптары шыға бастаған ақын-ғұлама арғы атасы Ақыт Өлімжіұлынан бастап Ақтан Баби, Қабидаш Қалиасқар, Кәкей Жаңжүнұлы деп қостап, тізбектей жөнеледі. Қазақтың сабы алтын байырғы тілінің бір қоймасы сол жақта жатқанын айтып, әрітаман көсілгенде біз де қақпайлап-қайырмақтап, керекті жауапқа жақындатамыз. 2018-ші жылы Баян-Өлгейде қандай әдеби жаңалықтар болды?дейміз.
Берсең бер, бермесең қой, азаматтық,
Әйтеуір арман жонын аман астық.
Қазақтың көк паспортын аласың деп,
Кетемін ұрпағыма аманат қып, – деп алдыңғы буын азаттық пен бірге ата жұрт асып кетсе де, артта қалған елде бүгінде елуден астам қаламгер шығармашылықпен белсен айналысып, әлуетті әдеби орта қалыптастырған. Айтып отырса, сол жердің өзінде-ақ соңғы ширек ғасырда 150-дей хикаят, 30-ға жуық роман, қаншама жыр кітаптары жарық көріпті. 2018-ші жылы дегенде ондағы әдеби-мәдени тірлікке жан бітіретін айтулы шаралар сөз болады.
Осы жылғы әдеби шығармашылыққа әсер еткен басты ұлттық шара – Қожаберген батырды еске алумен басталды. Батырға алып ескерткіш қойылды. “Қожаберген батыр” атты кітап жарық көріп,жыр мүшәйралары ұйымдастырылды. Қожаберген батыр көркем шығармада бейнесі сомдалуға тұрарлық ірі тұлға. Ол ХVIII ғасырдағы Абылайханның “Қабабанбай батыр бастаған ең беделді алты адамының бірі” (қытай мұрағат құжаттарында солай жазылған). Тарихи құжаттарда оның есімі Көкжал Барақпен бірге аталады. Олар қазақ даласының шығыс шекарасын бекітуші тұлғалар ретінде Жоңғар және Шүршіттермен күрделі әскери әрі дипломатиялық қатынастарда болған. Амур Сана оқиғасына байланысты “Біздің армия Ярға (Ұржар) жетті. Алдымыздан екі жүздей қазақ әскерін бастап Қожаберген мен Қара Барақ (Көкжал Барақ) шықты. Олар бізге: сендер осынды қаласыңдар ма, әлде, кетесіңдер ме?- деді. Біз Амур Сананы бүгін ұстап берсеңдер ертең Құлжада боламыз дедік”- деген мәтіндермен келетін Шүршүт Императоры Чиян Луң “таныстым” деп қол қойған.тарихи құжаттар жүзге жуықтайды.
Мен бұл сөздерді қазір де қолыма түсе қоймаған Ырысбек Зорғанбайұлының “Қожаберген батыр” кітабының тарихи және әдеби маңызы туралы айтып отырмын (Қожаберген туралы тарихи деректерді манчжур тіл жазуын меңгерген көрнекті тарихшы ғалым Бақыт Еженханұлының осы аттас кітабынан алдық). Ырысбектің кітабінде тарихи тұлғаның көркем бейнесі сәтті сомдалды деген үміттеміз.
Одан бөлек Баян Өлгейдегі әдеби шығармашылық белсенділікке сол елдегі ақын-жазушылардың басшысы Сұраған Рахметтің 60 жасқа толған мерей-тойы да елеулі әсер еткен. Ақынның “Жарық жұлдыз”, “Ғұламаның ғұмыры” атты екі бірдей шығармасы сәтті сахналанған. Сұраған Рахметтің аудармасы мен Рахымжан Отарбайдың кітабы моңғол тілінде жарық көрсе, Дидахмет Әшімхан, Акбар Мажиттің роман, хикаяттары моңғолдың әдеби журналдарында басылған. Сұрағанның аудармасымен моңғол жазушысы Тормонхтың “Мен білетін Женко”, Етекбай Тәтенұлының аудармасымен “Моңғолдың құпия шежіресі” қазақ тілінде кітап болып, баспадан шыққан. «Шұғыла» атты әдеби журналдары да 62 жыл бойы үздіксіз шығып келеді. Моңғолиядағы жас қаламгерлер арасында Ербақыт Нүсіпұлы, Шынай Рахметұлы, Баят Қабанұлы, Жаннат Боқашұлы, Алаш Кеңшілік, Нұрлан Қасиханұлы, Аманжол Бәделұлы, Тілектес Ақылбекұлы, Жандос Аманжолұлы, Заңғар Еркебекұлы қатарлы авторлар да 2018-дің мағдарында шығармашылық белсенділік танытқан.
“Шетелдегі қазақ әдебиеті” дегенде негізгі әңгіме ҚХР дағы “шыңжаң қазақ әдебиеті” туралы болуы керек еді.
Себебі: ол жақтағы 28 аудан қазақ Ресми басылымдарының тарихын өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастайды. Осы 30-жылдары Елімізден қуылған Азат ру-Алаш Рух, еркіндік идеялары сол жақтағы қазақтарға ауды. Ұлы қазақ топырағының саясынан сайғақ құрлы саға таппаған небір боздақ азаматтарымыз, бекзат жұртымыз сол шекара сыртындағы Алтай-Тарбағатай, Іле, Еренқабырға аймақтарына барып паналады. Құр паналап қана қойған жоқ ұлттық еркіндіктің өз топырағынан қуылған арман –мұратын апарды. Тәуелсіздіктің үміт шамын қайта жақты. Сондықтанда Шыжаң әдебиетінің өзегі Атажұртты , азаттықты, мемлекеттікті, тәуелсіздікті аңсау болып келеді. Оған Шыңжаң қазақтарының алғашқы басылымы болып саналатын 1934 жылы шыққан «Алтай газетін» Шәкәрімұлы Зият шығарғанын айтсақ жеткілікті сияқты.
Ол жақта Қазақтың үлкен әдебиеті бар дегенде Асқар Татанай, Қажығұмыр Шабдан, Омарғазы Айтан, Ғаппар Білал, Жұмабай Біләл, Оразхан Ахмет, Батырхан Құсбегин, Шайсұлтан Қызыр, Жақып Мырзақан, Задақан Мыңбай, Сұлтан Жанболат, Ғалым Қанапия, Құмарбек Сахарин, Жәнетхан Тұтқабек, Оразбек Әбділ қатарлы алдыңғы буынды атауға болады. Тек осылардың шығармашылығы ғана 100 томдық көркем әдебиетті құрайтын еді. Оның ішінде Аңыз Адам Қажығұмыр Шаптанұлының 6 томдық «Қылмыс » романы Қазақ әдебиетінің тарихында аналогы жоқ шын мәніндегі көркем дүние.
Қытайда баспа, басылым атаулы түгелімен мемлекет меншігінде. Қазақ кітаптарын басатын 4 үлкен баспаны және 5 әдеби басылымды білеміз. Оның ішінде «Іле» халық баспасы тек қана қазақ тілінде кітап шығаратын өзініңбаспа зауаты бар үлкен ұжым болатын. Осы баспалардың бірде-бірінен өткен жылы қазақ тіліндегі әдеби баслым шыққаны туралы ақпарат таппадық. 5 әдеби басылымның да бірде –бір нөмірі қолымызға тимеді. Шыңжаң Қазақтарында «Елжау күнби», «Аруақтар арасында » Атты тарихи және фантастикалық романдары мен танымалы ғалым,жазушы Солтан Жанболаттың өткен жылы баспадан шығады деп жоспарланған 15 томдығы шықпағанға ұқсайды. Омарғазы Айтанұлының 10 томдығы цезура маусымына ілінбей толық шыққан екен. Роман хикаяттары мен әңгімелерінң 10 томдығы бұрынырақ шыққан Жұмабай Біләлұлының қытай тіліне аударылған 6 томдығы xансу тілінде (эроглиппен) баспадан шығыпты. «Арулар », «Жел шығыстан тұрғанда» атты романдары қытай оқырмандарын таң ғалдырған деседі. Қазақтың дүниетанымы, өмір сүру дағдысы қытай жұртына басқаша бір көркем әлем болып сезілген сияқты. Қытай ғылым академиясының әдебиет саласының танымал сыншысы Шя деген жазушы “Жұмабай шығармалары бізде бір тағы Моян бар екенін көрсетеді” деп таңдай қаққан дейді (Мо ян – Нобел әдебиет сыйлығын алған қытый).
Үлкен буын Соңғы екі жылда сұмдық науқанға айналған Цензура кезеңінің өтіп кетуін күтіп , бүгін де үнсіз отырса, жас буын өз шығармаларын әлеуметтік желінің алқабына өргізіп жатқаны байқалады. Ол жақтан 30 жыл бұрын кетіп қалған біздерге беймәлім әдеби топ қалыптасқан. 2006 жылы 733 қазақ мектебін жауып тастаған Шыңжаңда енді қазақ әдебиеті болмайтын шығар дегенбіз. Олай емес сияқты. Бағанағы аға буын ұлы тұлғасын қалыптастырған, оған 80-90 жылдарда оқу тауысқан орта буын (бұл буынның Тұрсынxан Зәкендер бастаған үлкен тобы Жақсылық Сәмитті алдыға салып,Тәуелсіз Еліне бірден оралған) толықтырған үлкен әдебиетің сұлу сұлбасын жоғалтпайтын сияқты. Оған дәлел жаңағы әлеуметтік желіден шаң берген жастардың қалың тобы.
Ішін ара атап өтсек: 1980 жылы туған Жанұзақ Жаркен деген азаматтың «Көжиек алыс емес» «Аспанда түн болмайды», «Маралдым» деп аталатын 3 әңгіме хикаяттары кітабынмен қоса «Қыз қорыған» атты романы таяу жылдары жарық көріпті. Романшылардан тағы Бахаргүл Бердібекқызы ,Ділнар Жәмейқызы , Айдос Амантайларды айтуға болады. Айгүл Нұрышқызы да осы қатарға жатады. Алғашқы буында Омарxан Асыл бастап, Асан Әбеу, Жеңісxан Мұқатайлар қостаған әдеби сын жанырын Бақытгүл Қасымxанқызы жалғаған көрінеді.
Ал енді жас ақын қыз-жігіттердің қатары әлеуметтік желіні кернеп тұр. Өлеңдері де көркем , төрт тұрманы түгел, тілі тұнық. Бұлардың қатарында Нұрлан Әбдіқадырұлы, Гүлжан Рахымбекқызы, Жаннұр Қалымбекқызы, Венера Қайырғалиқызы және Айбек Көлбайұлы мен Ерлан Нұрдыxанды “ырымға” деп, атап өткенді жөн көрдік. Сөзімізді Венера Қайырғалиқызының қысқа өлеңімен қайырайық.
Даңғаза шуыл толастап – ығып,
Самарқау салқын күйді ертіп.
Есінеп іңір келеді ілбіп,
Көлеңкелерін сүйретіп.
Реңі біртін қоюлап күннің
Иегін сүйеп қараңғы.
Баяу сызылып өзгеше кескін,
өшкіндер жолдың тарамы.
Шегірткелердің шырылы тұнып,
Аулақта иттің шәуілі.
Сол әуендерге бар сыры бұғып,
Қалғиды түннің ауылы.
Самаладайын жамырап шамдар-
Аспанға ілген шырақ па?
Арбайды ғажап түпсіз сол заңғар,
Беймәлім алыс жырақта. – Абайды жаттаған, оның «Желсіз түн де жарық айы» жүрегіне жетіп, қанында жүйіткіген жастар аман болса екен.
Алмас Ахметбекұлы, ақын, мәдениет қайраткері, ШҚО Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.
Парақшамызға жазылыңыз