//

Қазақтану

2521 рет қаралды

Ойда-жоқта «Егемен Қазақстан» газетінің ескі бір санына көзім түсті. Былтырғы жылы маусым айының  25 күні Бурабайдағы Абылай хан алаңында қоғамдық келі­сім және жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша өткізілетін респуб­ли­калық лекторий аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдас­тыруымен «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жо­ба­сының тұсауы кесіліпті.  «Қазақ­тану» жобасының негізгі мақ­са­ты – «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпы­ұлттық тарихи санасының не­г­і­зін­де халықтың бірлігін ны­ғайту екен. Сондай-ақ аталмыш жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған…  Лекторлар аудандар мен шалғай ауылдарға барады екен. Қазақ туралы лекция оқитын болса керек. («Егемен Қазақстан»).

Бұл – жоба, яғни белгілі бір істі атқарып, соның нәтижесін көру үшін жасалынған нұсқа ғой. Бұл ғылым емес. «Тану, таным» ғылымы ауыл-ауылды аралап лекция оқумен бітетін шаруа емес, қандайбір нақты ғылыми зерттеу орындарының ісі болса керекті.

Ал біздің айтпағымыз атқарылатын іс, оның нәтижесі жайлы болмайды, «қазақтану» сөзі турасында болмақ. Сөз гуманитарлық ғылымының «елтану», «жертану», «табиғаттану», «адамтану», «тұлғатану» сияқты ғылыми зерттеу салаларына негізделіп екі сөзден (қазақ және тану) жасалынғаны белгілі. Гәп міне осы жерде болып тұр. Мемлекеттік термин комитеті бұл атауды термин ретінде бекітті ме, жоқ па ол жағы бізге белгісіз. «Қазақтану» деген сөз жиі айтылатын болды. Сөз жасаушылар жан-жақты саралап, терең ойланбастан қалыптасқан, дайын, әзір тұрған, бас қатырмайтын үлгіге сай екі сөзді қосып «жаңа термин» ұсынғанда, ұсынып қана қоймай, айналысқа, тұтынуға енгізіп жібергенде оның түпкі мән-мағынасына назар салмаған.

«Қазақтану» десек, қазақты тану туралы, қазақ ұлттын жан-жақты, әр қырынан ішкі жан дүниесі, құлқымен қоса зертейтін ғылым болып шыға келмейді ғой. Бұндай әрекетті, іске үстірт қарау, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүру деп атайды емес пе? Осындай сөз жасаушылардың немқұрайлылығынан болымсыз етістіктен жасай салған «оралман» деген атау төңірегінде қаншама жылдан бері айтыс-тартыс, пірір-талас жүріліп, бітпес жырға айналып, оны өзгертудің өзі қиямет-қайым екеніне куә болып отырмыз. Ал аталмыш сөзге «қазақтануға» келер болсақ, «қазақ бола тұрып қазақтанамыз ба?» деген сауалға жауап беру керек болып тұр ғой.

Қазақ тілінде «қазақуар, қазақы, қазақыланған» қатарлы қазақтың дәстүр-салтын, тұрмыс-тіршілігін, тіл-тінін, дін-ділін, бітім-болмысын, әдет-ғұрпын жақсы меңгерген, бойына сіңірген, қазақшыл, қазақ десе жанын беретін, соны қорғап-қолпаштап жүретін, қазақтың ортасында өсіп-өнген, мысалы әзірбайжан қызы Асылы Осман сияқты жат жұрттық, ұлты басқа адамдарды айтамыз. Олай болса, «қазақтану» деген сөздің  мағынасы, «қазақылану» деген сөздің беретін ұғымына сәйкес, жақын, қазақтың ішінде жүріп қазақ болып, қазақтанып кеткен ұлты қазақ емес кісі. Демек, «қазақтану» қазақты танитын, қазақ ұлтын зерттейтін ғылым емес,  ұлты басқа қазақтанған адам болса керек.

Бурылалтай Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар